Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халқы үшін жанын қиғандар

3148
Халқы үшін жанын қиғандар - e-history.kz
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Отан тарихында әлі де болса толықтай ашылмаған беттер көп

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Отан тарихында әлі де болса толықтай ашылмаған беттер көп. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысында жұмыс атқарып, репрессияға ұшыраған жас азаматтар. Олар «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» (басшысы Ғұбайдолла Әнесов) атты ұйым құрған болатын. Одақ мүшелері қазақ елін дербес, егемен ел ретінде болуын армандаған. Ол қағида КСРО Конституциясында айтылған еді. Бірақ сталиншіл жүйе ел бостандығын аяғымен таптады. 1941 жылы күзде ұсталған азаматтар ауыр жазаланды.

Кезінде осы мәселені оралдық журналист Аманкелді Шахин және тарихшы Жаңабек Жақсығалиев жазған еді.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай белгілі ғалым, профессор Тұяқбай Рысбековтің осы тақырыпқа байланысты зерттеу жүргізген «Халқы үшін жанын қиғандар» атты ғылыми мақаласын беріп отырмыз.

Бүркітбай Ғелманұлы АЯҒАН, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі

Азаттық жолында күресушілер қатарында 1940-1941 жылдары Батыс Қазақстан облысында астыртын жұмыс жасап, әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы күрес жүргізіп, Қазақстанды одақ құрамынан шығаруға бағытталған жасырын әрекеттер жасаған. «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» туралы көпшілік әлі толық біле бермейді. Бұл ұйымның болғандығы, оның жасаған іс-әрекеттері, қатысушылар, олардың тағдырлары жөніндегі мәліметтер ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағатында сақталған деректер (ҰҚК БҚОМ, №П 3545, іс 3789, Т. 1, 2) арқылы расталады. Осы деректердің негізінде белгілі журналистер Аманкелді Шахиннің «Сол бір сүргін» және Мұнайдар Балмолданың «14» атты кітаптары, Жаңабек Жақсығалиевтің «Олар қазақ халқын қорғаушылар еді» атты мақаласы мен 2012 жылдан бастап жарық көре бастаған «Дана.kaz» журналының бірінші санының басым бөлігі осы жасырын ұйымның басшысы болған Ғұбайдолла Әнесов пен оның серіктері болған 13 оғланға арналды. Антисоветтік мақсатта құрылған «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» саны 14 еді. Олар: жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов (1923 ж. туған), мүшелері: Ахметов Мәннап (1921 ж.т.), Аманов Өтеген (1923 ж.т.), Әлиев Мәззап (1923 ж.т.), Бажекенов Сейітқали (1923 ж.т.), Қаражанов Сүндетқали (1922 ж.т.), Молдағалиев Сатқали (1922 ж.т.), Мұхамбетқалиев Иғали (1922 ж.т.), Мақұлбаев Қамал (1922 ж.т.), Нұралин Мұхамбетжан (1914 ж.т.), Насыров Иманғали (1922 ж.т.), Сапаралин Қайырғали (1922 ж.т.), Тұрымов Ғұмар (1921 ж.т.), Шарабаев Сейдолла (1917 ж.т.).

Одақ мүшелерін жауаптау хаттамасына талдау жасай отырып, Орал студенттерінің арасында бұл одаққа дейін де антисоветтік ұйымның өмір сүргенін байқаймыз. Жауаптау хаттамасында Орал мұғалімдер институтында студенттерден құралған «Сұрпақбайлар» атты антисоветтік топтың болғандығы аталады. Сонымен, «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы мүшелерінің басты мақсаты – Қазақстанды ССРО құрамынан бөліп алу болды. Осы мақсатты орындау жолында өзінің осы бағыттағы көзқарасын қолдайтындарды Ғұбайдолла (Ғұбаш) Әнесов астыртын түрде топтастыра бастады. Кейін жауап алу кезінде Ғұбаш бар ауыртпалықты өз мойнына алып, «ұйымға мен ешкімді де тартқан жоқпын, ұйымның ұйымдастырушысы да, басшысы да өзім – Әнесов Ғұбашпын» деген.

1940 жылға дейін марксизм-ленинизм ілімін қазақ халқы білуі керек деген көзқарасты ұстаған Ғұбаш 1940 жылдың орта тұсынан бастап өз көзқарасын өзгерткен Әнесов одақ құрамынан бөлініп, Түркия, Иран, Ауғанстан сияқты дербес мемлекет болу жолында күрес жүргізу ойлары қалыптаса бастайды. Осы ойларымен Сейітқали Бажекенов және Иманғали Насыровтармен бөлісті. Кейін ол қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің нашарлығы, жұмыссыздығы, салықты көп төлейтіндігі, баспаналарының нашарлығы жөнінде антисоветтік көзқарастарын Сейдолла Шорабаев пен Сатқали Молдағалиевке де айтқан. 1941 жылғы 31 желтоқсандағы жауабында Ғұбаш Мұхамбетқалиев Иғали, Ахметов Мәннап, Қаражанов Сүндетқали, Аманов Өтеген, Сапаралин Қайырғалидің есімдерін де атаған. Өзінің пікірлестерімен алдағы жасалатын іс-әрекеттерді айқындай бастады. Олар: ұйымға жаңа мүшелер табу, жасырын жиындар өткізу, қарулы көтерілісті қалай ұйымдастыру жайы, қазақ халқына үндеу жасайтын контрреволюциялық үнпарақ шығару, тәртіп мәселесі, мүшелік билеттерді басу, ұйымның мүшелік жарнасы, жасырын баспахана, үкімет басшыларына арнайы хат жазу, ұйым мүшелерін жұмыс жүргізу мақсатында жекелеген аудандарға бөлу (мәселен, Әнесов – Фурманов ауданына, Бажекенов – Жәнібек, Құлбасов – Жымпиты, Нұралин – Жаңақала, Мақұлбаев – Казталовка). Ұйымды қаржыландыру жолы ретінде банкті тонау да ойластырылды.

Сонымен, мұрағат деректеріне қарайтын болсақ, ұйым 1941 жылы қыркүйек айының соңына қарай Фурманов елді мекенінде құрылған. Ұйымға «Қазақ халқын қорғау одағы» атауы берілді. Алғашқы бас қосуда (1941 ж. қыркүйектің екінші жартысы) үнпарақ жазу мәселесі талқыланды. Бұл жиынға Ғұбаш, Молдағалиев, Бажекенов пен Тұрымов қатысты. Екінші жиналыс (1941 ж. қараша айы) Әнесов, Бажекенов, Молдағалиев, Әлиев және Оралдан келген Құлбаев Ғұбайдолланың (кейін жалған атпен жүрген НКВД жансызы болып шықты) қатысуымен өтті. Бұл жиында тәртіп мәселесі, мүшелік билеттерді басу, ұйымның мүшелік жарнасы және Молдағалиевті қазынашы (казначей) етіп сайлау мәселелері қаралды.

Шамамен 1941 жылдың 9-10 қарашаларында Молдағалиев, Сатқалиев және Ғұбаш Әнесұлы өзара ақылдаса отырып, партия және үкімет басшыларына (Сталин, Калинин, Қазақбаев) хат жазуды қолға алады. ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы М.И. Калининге жазған хаттың соңына «ГАКСИМ» деп қол қояды, ал қалған екі хатқа есімдерін түсініксіз етіп жазады. ГАКСИМ – Губаш Әнесұлы Көшеков, Сатқали Иманғалиұлы Молдабеков деген ұғымдар еді. Осы хаттардан кейін-ақ ұйым мүшелерін іздеу басталады. Ең бірінші болып С. Молдағалиев тұтқындалады (1941 жылы 14 желтоқсан). 21 желтоқсанда ұйым мүшелерінің барлығы дерлік қолға түскен. Ұйым жетекшісі Ғұбайдолла Әнесұлы 22 желтоқсан күні таңғы сағат 5-те ұсталды.

Тергеу процесінде ұйым мүшелерінің барлығы да жасырын ұйымға мүше болғанын ашық айтудан тайсалмады.

14-тің үстінен жүргізілген сот процесінің нәтижесі бойынша Ғұбаш Әнесов ССРО НКВД-сы жанындағы айрықша кеңістің шешімі бойынша ату жазасына кесілді (1943 жылдың қаңтарында). РСФСР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша ұйым мүшелері Сатқали Молдағалиев (2003 жылы 24 сәуірде қайтыс болды), Сейтқали Бажекенов (1999 жылы 3 қыркүйекте қайтыс болды), Ғұмар Тұрымовтар 10 жылға, Сайдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиевтер 8 жылға, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Иманғали Насыров, Өтеген Аманов, Мәннап Ахметов (Ақтөбе лагерінде 1945 жылы дүние салған деп есептейді), Мәззап Әлиевтер 5 жылға сотталды. Қайырғали Сапаралин 1942 жылы тергеу кезінде түрмеде соққыдан қаза табуына байланысты ісі тоқтатылды.

Сотталған ұйым мүшелерінің тек өздеріне ғана емес, олардың тума-туыстарына да «халық жаулары» деген айдар тағылып, көп азап шекті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының 1993 жылдың 26 ақпанындағы шешіміне сәйкес «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» барлық мүшелері толық ақталды.

Елінің тәуелсіздігі мен дербестігін аңсап, ұлт мүддесін жоғары қоя білген балғын боздақтардың есімі мен олардың ерлігі ұлт мақтанышы ретінде жас ұрпаққа үлгі болуға тиісті.

 

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор, ҰҒА құрметті академигі

Әдебиеттер:

  1. Шахин А. Сол бір сүргін. – Орал: Дастан, 2002. 106 б.
  2. Жақсығалиев Ж. Олар қазақ халқын қорғаушылар еді // Дана.kaz. -10.11.2012. - №1. 11-20-бб.
  3. Көшеков Н. Ағам қолына кісен салғызбады... // Сонда. –21-22-бб.
  4. Сейткереев Т. Жалпақталдың жалын жастары. // Сонда. – 33-34-бб.
  5. Сатқалиқызы Н. Тәуелсіздік келгенде «Арманым орындалды» деп еді... // Сонда. – 35-36-бб.
  6. Балмолда М. Он төрт. – Орал, 2017. – 343 б.
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?