Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сыпайшылық. Сауға. Серт

2695
Сыпайшылық. Сауға. Серт - e-history.kz

Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған сақ, ғұн секілді түрік тайпаларының батыс еуропалық риттер, рыцарь немесе жапон самурайларының кодекстері секілді өздеріне тән әскери тәртібі, бұлшымас серт-заңдары болған.

Берісін айтқанда Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағында  қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу,  бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген мызғымас әскери иерархиясы – осы сөзіміздің дәлелі.

Расы керек, ұзақ уақыт бойы тұран түріктерінің соның ішінде қазақ халқының әскери тарихы мен әскери өнеріне қатысты зерттеу жұмыстары жасалған жоқ. Осының салдарынан Қазақтың әскери мәдениеті болды ма деген сауалдар төңірегінде біраз мәселенің басы ашылмай келді. Оның үстіне жазба деректердің жоқтығы да біраз қол байлау болды. Зерттеушілердің айтуынша, қазақтың жеке өзіне қатысты, яғни XV ғасырдан бергі уақыттардағы әскери тарихы мен әскери мәдениеті туралы мәліметтер ортаазиялық, қытайлық және орыс құжаттарында ғана сақталған. Оның өзі тек XVIII-XIX ғасырдағы деректер болып отыр.

Аталмыш мәселе аясында зерттеу жасаған ғалымдардың бірі – Қалиолла Ахметжанұлы. Отандық басылымдардың бірінде жарияланған «Ел ерсіз, ер киесіз болмас» атты шолу мақаласында халқымыздың батырлық эпос деректеріне негіз ете отырып ерте және ортағасырлық түрік тілдес көшпелілер қоғамына тән жауынгерлік сословиесі мен жауынгерлік кодексінің болғанын дәлелдеп шықты.

Кейін бұл саланы белгілі ғалым, таланты зерттеуші Серікбол Қондыбай жалғастырды. Нәтижесінде «Жауынгерлік рух кітабы» атты асы құнды зерттеу кітабы дүниеге келді. С. Қондыбай бұл еңбегінде қазақтың әскери тарихы мен әскери мәдениетінің, оған қоса терминологиясының тарихын мынадай шартты кезеңдерге бөліп қарастырады:

Бірінші – ежелгі заман (б.з. V ғасырға дейінгі ғасырлар мен мыңжылдықтар);

Екінші – түрік заманы (б.з. VI-XV ғасырлар);

Үшінші – қазақ заманы (XV-X ғасырлар).

Сонымен қатар аталмыш еңбекте қазақ даласында жазылмаған жауынгерлік заңы, әскери кодекісіне қатысты тың деректер өте мол қамтылған. Автордың айтуынша, қазақ әскерінің кодексі болған әрі оны «Сыпайшылық» аталғанын айтады. «Қазақ тілінде «сыпайшылық» деген де сөз бар. Сыпай – «жауынгер», «солдат» болса, «сыпайшылықтың» төте мағынасы – «жауынгерлік, әскери өмір салты деген сөз» дейді де дәлел ретінде ескі жырлардан үзінді келтіреді.

Алдаспан ауыр қылыш байлаған

Сыпайшылық бұды деп

Ала білген...  (Ер Шобан жырынан).

Күлікке тастай болып тимесе,

Үстіме көбе кимен-ді.

Күмістен екі қолтық жоқ болса

Сыпайшылық сүрмен-ді.

Алдыма алып сүймен-ді.

Туған айдай болмаса

Батыршылық сүрмен-ді  (Шалкиіз жыраудан).

«Бұл екі шумақтағы кездескен «сыпайшылық» деген сөздің мағынасының бүгінгі қазақтағы «сыпайылықтан» едәуір өзгешелігі бар. Бастапқы сыпайшылық – ортағасырлық дала жауынгерлерінің адамгершілік-моральдық, этикалық кодексі дегенді білдірген. Яғни жауынгерлердің сертіне адалдығы, достарына көмектесу, әскери батырлық салт-дәстүр мен ғұрыптарды дұрыс ұстану сияқты жауынгердің өмір салтын анықтап беруші, жазылмаған этикалық кодекс болып табылады. Энциклопедиялық сөздіктен европалық рыцарьлық туралы мақаладағы «К европейскому рыцарству в известном смысле близки сипахи в Османской империи, самураи в Японии» деген жолдарды алғаш оқығанда мән бермегенімізбен, «сипах > рыцарьлық» сәйкестендірудің дұрыстығына және осындай түсініктердің ортағасырлық қазақтарда да болғандығына қазақтағы «сыбай», «сыпайы», «сыпайшылық» деген сөздердің мағынасын білгеннен кейін ғана көз жеткіздік» дейді автордың өзі.

Енді автордың ата-бабаларымыз ұстанған төл әскери кодексіне қатысты зерттеулеріне кезек берейік:

Салтық

Бүгінгі орыс, украин әулет есімдері арасында «Салтыков» деген фамилия жиі кездеседі. Мұндағы «салтык» сөзі орыс-украин тілі мен есім беру дәстүріне ноғайлы дәуірінде қыпшақ тілінен (татар, ноғай) енген сөз. Ол «тәйтік, сәнқой, әдемі киінгенді жақсы көретін жігіт» дегенді білдіреді. Міне, осы «салтык» сөзі нақты қыпшақ тілді және қыпшақ тіліне әуес орыс ақсүйектері ортасында белгілі бір қалыптасқан дәстүр мен әдет-ғұрыпты, сондай-ақ осылармен байланысты киім-кешек, керек-жарақтар жиынтығы дегенді білдіретін болған сыңайлы. Біздің шамалауымызша, салтық адам «о баста қалай киініп жүруді, қалай сөйлеуді, яғни жөн-жосық пен ретті жақсы меңгерген адам» болған. Сондай-ақ салтық – «этикет, кодекс» дегенді де білдіреді.

Ер қаруы – бес қару

Қазақ батырлары тек әскери кәсіппен айналысқан. Әскери қызмет – олардың қоғамдық функциясы, солардың монополиясы еді. Басқа іспен шұғылдануды олар өздеріне ар санаған. Сондықтан олардың бар өмірі соғыста өтетін. Осыған байланысты қоғамдық ерекше тап ретінде мойындалған батырлардың өздеріне тән моральдық этикасы, жазылмаған намыс кодексі, өзіндік ырым, салттары қалыптасты.

Батырға жеке соғылып, оны жасағанда әртүрлі магиялық ырымдар қатаң сақталған. Мысалы, уақыт, зат мөлшерін анықтағанда, киелі санды қолдану (қырық ай кептіру, қырық нар майына суару, т.т.) қаруға жеке ат қою, айқасқа кірерде серттесу, қаруға мадақ айту да осындай магиялық ырымдарға жатады. Қарудағы өрнектерге де аса мән берілді. Яғни қару асыну айрықша сословиелік белгі болды. Тәуке хан тұсында хан кеңесіне, құрылтайларға тек қару асынған адам қатыса алған. Міне, осындай заттар атадан балаға мұра болып қалатын.

Майдан даласында қаза тапқан батырдың серіктері оның денесін, сондай-ақ қару-жарағы мен сауыт-сайманын, атын жау қолында қалдырмауға да барын салатын.

Майданда өлуді мұраты

Батырлардың үй тірлігіне араластыру үлкен ар саналды. Батырлар төсекте емес, соғыста өлуді өздері үшін қасиетті өлім деп есептеген.

Екі арыстап жау шапса,

Оқ қалқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес (Доспамбет жырау).

Жекпе-жек

Батырлардың қалыптасқан «әскери этикасы болатын және оны батырлар қатаң ұстанған. Ұйықтап жатқан дұшпанын өлтіру, қапыда бас салу батырға лайық іс емес деп саналды. Халық ауыз әдебиетіне сүйенсек, жекпе-жек өткізудің өзіндік жолы, регламенті болғанын көреміз. Айқас алдында жеңсе кімді жеңгенін, жеңілсе кімнен жеңілгенін біліп жүру үшін бір-бірінің аты-жөнін сұрау, өзін таныстыру дәстүрі болды.

Жырлардан «Атыспақ керек пе, шабыспақ керек пе?» деп келетін тіркестерді жиі кездестіреміз. Яғни бес қару түрін түгел меңгерген, өзіне сенімді батырлар жекпе-жекте қарсыласына қару таңдауға рұқсат берген (Еуропада дворяндардың дуэльде қарсыласына қару таңдау құқымен салыстырыңыз). Жекпе-жекте кәріге, жасы үлкенге кезек беру, қарусыз адамды, ұйқыдағы адамды өлтірмеу батырлардың жоғарғы адамгершілік қасиетін көрсетеді.

Сол секілді жорықта жауды қапыда шаппаған. Оған хабар беріп, айқасқа бірнеше күн дайындалуға мұрсат берген, кездесетін уақытын, жерін белгілеген.

Жауынгерлік кодекстің тағы бір көрсеткіші – алдын ала хабар беру, келісу. Мұнда соғысқалы келген жақтың біреуі екіншісіне «осындай жерде, осындай уақытта соғысамыз» деп алдын ала хабар жібереді немесе жүзбе-жүз кездескенде айтады.

Сауға сұрау

Жекпе-жекте қарсыласын өлтіру – мақсат емес, мақсат – күшін мойындату, ерлігін таныту. Жеңгеннен соң жауына өмірін сауғаға беріп, кейін батырлар өмірлік дос та болып кететін.

Кек алу

Кек алу батырдың, еркектің ісі болып саналған. Қазақ тіліндегі әлі күнге шейін қолданылып жүрген «қанға – қан, жанға – жан» тіркесі бір кездері өмірлік маңызды сөздердің бірі болған еді. Ата кегін алу – батырдың басты парызы. Кек қумау – батыр үшін масқаралық. Ата кегін қуар ұл бала жоқ болса, бұл батырдың қызына да міндет болуы мүмкін. Бір-бірінің намысын сыйлай білген батырлар айқастағы қарсыласының артында кегін қуар мұрагері болуын да қатты ескеріп отырған.

XVI-XVII ғасырлардан бастап бұл дәстүрдің мәні өзгеріп өлген кісінің, төгілген абыройдың құнын материалдық игіліктермен (малмен) өтеу салты пайда болды. Әдетте іс кек алу ниетінен басталады, екі адам арасындағы жауласу тез арада екі ауыл, екі ру, екі тайпа арасындағы жаугершілікке айналып шыға келген, сондықтан жай ғана намыс қуу мен кек алудан басталған қақтығыстың соңы тұтас рулар, тайпалар арасындағы қырғынға ұласатын болған.

Серт пен уәде

Жауынгерлік серт – арнайы серілік ар-ождан кодексінің күретамыры болып табылатын ұғым, принцип. Берілген жауынгерлік серт қалай болған күнде де орындалуы тиіс болды.

Ант – дей – түрік мифологиясындағы «о дүние әміршісі, өлілер елінің қожайыны», яғни «о дүниедегі ата-баба рухы» деген мағына берген. Яғни дей - түрік жауынгерлері Ант тәңіриенің есімін атап, соған ант берген, қажетті ғұрыптарын жасаған.

Міне, осы тұста түрік-моңғол тілдерінде сақталған «анда», «адас» деген ұғым туралы да айта кетуге болады. Бұл – жауынгерлік ғұрыптың атауы, оның сипаты мынадай: Екі адам, екі жауынгер, мейлің екеуі екі жақтың жауынгері болсын, өздерінің білектерін пышақпен тіліп, тілінген жерден қан шыға бастағанда қан шыққан білектерін бір-біріне түйістіретін болған. Содан кейін екі жауынгер бір-біріне «андас» деп саналып, өліп кеткенше дос болып, бір-біріне көмек беріп, сатқындық жасамайтын болған.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?