Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Депортация дүрбелеңі. Гректер

2367
Депортация дүрбелеңі. Гректер   - e-history.kz
1937 жылға қарай өздерін ромеилер деп атаған понтийлық гректер ССРО-дағы барлық шетелдік азаматтардың 95%-ын құраған. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде 15 мың грек тұтқындалды, олардың 85%-ы атылды

Грек операциясы ССРО халықтарын күштеп депортациялау тізбегінің жалғасы болды. Понтийлық гректердің құқықтарына шек қою 1932 жылдың 7 тамызында И.Сталиннің бастамасы бойынша қабылданған «Социалистік меншікті қорғау туралы» заңнан басталды. Бұл заң бойынша колхоз және кооператив мүлкін, теміржол мен су көлігіндегі жүкті ұрлаған тұлғалар үшін мүлкін тәркілеу арқылы ату жазасы (сирек жағдайда – мүлкін тәркілеу арқылы он жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру) қарастырылды.

Кейінірек ССРО Саяси бюросы осы заң бойынша 7 тамыздан бастап 1935 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта сотталғандардың ісін қайта қарау туралы шешім қабылдайды. ССРО-ның бас прокуроры ВышинскийСталинге жасаған баяндамасында 115 мың істің қаралғанын, оның ішінде 91 мыңы қайта қарауды қажет ететінін және 37 425 адамның түрмеден босауына себеп болғанын баяндаған. «Социалистік меншікті қорғау туралы» Заң бір жылдан кейін, 1936 жылы, ССРО Ішкі істер халық комиссары Ягоданың орнына Николай Ежов келеді. Зерттеушілер жаппай амнистияларды НКВД-ның бұрынғы басшысымен байланыстырады, кейін оны троцкизмге және Сталиннің өміріне қастандық жасамақшы болды деп айыптап, атып тастайды.

Ежов келісімен репрессиялар қыза түсті. Жаппай репрессиялардың басталуына себеп болған 1937 жылғы 11 желтоқсандағы № 50215 директивада дәл осы Ежовтың қолы тұрды. Бұл директива түбінде фашистік типтегі буржуазиялық мемлекет құруды көздеген, зиянкестік ұйымдардың кең жүйесін құрды деп грек ұлтшылдарын тікелей айыптайды. Бұл директиваның жасалуына Ұлы идея тұжырымдамасын ұстанған Греция премьер-министрі Иоаннис Метаксастың пробритандық саясаты себепші болды. Сонымен қоса, ССРО-ның саяси элитасы діннен бас тартып, аз ұлттардың туған тілін біртіндеп оқшаулап, жойып жіберуді қарастырған ССРО халықтарының өмір сүруінің жаңа моделін басшылыққа алды.

«Грек барлау ісі ағылшын, герман және жапон барлауының тапсырмасын орындай отырып, ССРО-да тыңшылық-диверсиялық және көтерілісшілік жұмыстарды белсенді жүргізіп отырғаны тергеу материалдарымен белгілі болды. Солтүстік Кавказдың Дондағы Ростов пен Краснодар облыстарындағы, Украинаның Донецк, Одесса және басқа да облыстарындағы, Закавказьенің Абхазия мен басқа да облыстарындағы, Қырымдағы гректердің колониялары, сонымен бірге Одақтың түрлі қалалары мен елді-мекендеріндегі грек топтары осы жұмыс үшін база қызметін атқарады. Немістер мен жапондардың мүддесін көздеген тыңшылық-диверсиялық жұмыспен қатар грек барлауы ССРО-дағы грек халқының арасындағы советтерге қарсы топқа сүйене отырып, советтерге қарсы ұлтшылдық қызметті белсенді дамытып отыр. ССРО аумағындағы грек барлауы қызметінің жолын кесу мақсатында, Бұйырамын: осы жылдың 15 желтоқсанында бір мезетте барлық республикаларда, өлкелер мен облыстарда тыңшылық, диверсиялық, көтерілісшілік және советтерге қарсы ұлтшылдық жұмыстарға күдікті барлық гректер тұтқындалсын.

Келесі санаттардағы барлық гректер тұтқындалуы керек:

а) жедел есептегі және қарастырудағылар;

б) бұрынғы ірі саудагерлер, алып-сатарлар, контрабандашылар мен валюта ауыстырушылар;

в) бірінші кезекте кулак ретінде тәркіленгендер арасынан шыққан, советтерге қарсы ұлтшылдық жұмыс жүргізуші гректер, сонымен қатар кулак ретінде тәркіленуден қашып жүргендер;

г) Грециядан келген саяси эмигранттар, қай елден келгеніне қарамастан ССРО-ға заңсыз келген барлық гректер;

д) ССРО аумағында тұрақтап қалған, былайша айтқанда ИНО НКВД мен ЖШҚА (РККА) барлау басқармаларының шекараның ар жағындағы агенттері. …

5. Әскери және арнайы атақтары бар, ОК номенклатурасына кіретін командалық және басқарушы құрамдағы тұлғаларды тұтқындау қажеттілігі туындаған кезде ССРО НКВД-ның санкциясы сұралсын. …

7. Тұтқындаулар бойынша операция нәтижелері 18 желтоқсанға қарай баяндалсын. ССРО Ішкі істер халық комиссары Мемлекеттік қауіпсіздік Бас комиссары Ежов»  

Бұл директивада тұтқындалатын адамдардың қаншасы атылуы керек, қаншасы жер аударылуы керек бәрінің нақты саны көрсетілді. Директиваны қабылдағаннан кейін келесі күні ССРО Жоғарғы Кеңесіне болашақ ССРО батырлары-грек депутаттары Иван Папанин, Прасковья Ангелина және Владимир Коккинакилердің қабылданғаны қызық.

Тұтқындалуы керек гректерлің тізімін жасауға НКВД тергеушілеріне үш күн берілген. 1937 жылдың 15 желтоқсаны мен 25 желтоқсаны арасында ССРО аумағында (Әзірбайжан, Грузия, Қырым, Краснодар өлкесі, Донецк және Одесса облыстары) сегіз мыңнан астам грек тұтқындалған. Сол күндері тұтқындалғандардың ішінде Екінші Дүниежүзілік соғыста ең кең қолданылған Т-34 танкісі қозғалтқышының конструкторы Константин Челпан да болған.

1938 жылғы 31 қаңтарда БКП (б) ОК Саяси бюросы репрессия өткізу мерзімін 1938 жылғы 15 сәуірге дейін ұзартуды қаулы етті. Понтийлық гректердің сотын НКВД үштіктері емес, НКВД-ның басшысы Н.Ежов пен бас прокурор А.Вышинский жүргізді.

Гректердің репрессиясы бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 30-шы жылдары жүргізілді және репрессияға негізінен зиялы қауым ұшырады. Тірі қалғандары Колымаға жер аударылды (1500-ге жуық грек). Осы жылдары Қазақстанға 200-ге тарта грек аударылды.

ССРО-ның этникалық гректеріне қатысты қуғын-сүргінге жауап ретінде Грецияны қимыл жасауға мәжбүр етуі керек еді. Бірақ Греция басшылығының совет үкіметімен сауда қарым-қатынасы болғандықтан, оны орыс гректеріне бола «бұзуды» жөн деп таппады. Совет Одағы Грецияға өз отандастарын қабылдауды ұсынды, бірақ Греция коммунистік идеологияның жайылуынан қауіптенді.

Дегенмен де Отанына оралуға ниет білдірген 40 мың адамның 10 мыңға жуығына оралуға грек үкіметі рұқсат берді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының аяғындағы репрессия ССРО-дағы Грецияның дипломатиялық өкілдерін де айналып өтпеді. 1938 жылдың наурызында «Правда» газетінде грек елшісі Д.Николопулостың өзіне-өзі өлтіргені туралы хабарланған. Мүрдені  тексеруге тыйым салынғандықтан, бұл өзін-өзі өлтіру – советтік арнайы қызметтердің жұмысы деген ойға итермелейді.

Сталиндік террорға дейін де Қазақстан аумағында гректер өмір сүрген. 1926 жылы Қазақстан аумағында 157 грек тұрған. Халықтар депортациясының бірінші толқынынан кейін, 1939 жылға қарай, олардың саны 1349-ға жеткен. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында олардың саны тек өсе түскен.

Гректен шыққан орыс тарихшысы Иван Джуха өзінің «Спецэшелоны идут на Восток» деген кітабында былай деп жазған:

«Депортацияланған гректер республикаға сегіз жыл бойы жеткізіліп тұрды. 1941 жылы неміс контингентімен қоса алғанда Қазақстанда 15-20 севастопольдік гректер тұрды. 1942 жыл «краснодарлық жыл» болды. Сәуірден қазанға дейін созылған кампания нәтижесінде республикаға төрт мыңға жуық грек көшірілді. 1944 жылы Қазақстан «ереуілдеп» депортацияланғандарды қабылдаудан бас тартты. Дегенмен де 1240 грек Гурьев облысына қоныстандырылды. 1949 жылы Қазақстандағы грек контингенті Грузия, Әзірбайжан, Кубань мен Украинадан көшірілген 37 мың грекпен толыға түсті. 1950 жылға қарай Қазақстандағы 820 165 қоныс аударылғандардың ішінде 43-44 мыңы гректер болды. Олар республикадағы барлық арнайы қоныс аударылғандардың 5% жуығын құрады».

Депортацияның екінші толқыны 1942 жылға тура келді. Совет үкіметі Қырым, Кавказды және Таман түбегін осы аумақта мекен еткен советтерге қарсы элементтерден тазалауды шешеді. Осы өңірлерде 1942 жылдың сәуірі мен қазаны аралығында 168 грек тұтқындалып, 5261 грек депортацияланған. Депортацияның үшінші кезеңі соғыс аяқталған соң басталды.

Бұған 1949 жылғы 7 мамырда РСФСР мен Украинаның Қара теңіз жағалауындағы, Грузия мен Әзірбайжан аумағындағы «саяси сенімсіз элементтерді» Оңтүстік қазақстан мен жамбыл облыстарына депортациялауға қаулы шығарған БКП (б) ОК Саяси бюросының шешімі себеп болады. Депортациялауға Греция азаматтары мен бұрынғы азаматтары да жатты.

Дегенмен де қоныс аударылғандардың көп бөлігін советтік гректер құрады. Севастополь мен Керчь түбегінен арнайы қоныс аударылғандарды 1941 жылы Ақмола мен Қостанай облысына қоныстандырады. 1942 жылы Краснодар өлкесінен, Ростов облысы мен Әзірбайжаннан көшірілген гректерді Қостанай (Қарабұлақ, Федоров, Затобол, Семиозерный, Денисов және Обаған аудандарына), Павлодар (Иртыш ауданына), Солтүстік Қазақстан (Соколов ауданына), Ақтөбе, Ақмола, Көкшетау (Зеренді, Арықбалық, Макин, Атбасар аудандарына), Қарағанды (Теміртау, Осакаровка) және Қызылорда облыстарына қоныстандырады.

1949 жылдың шілдесіне қарай Оңтүстік қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған мен Алматы облыстарына 8 911 отбасы (37 108 адам), оның ішінде 10 975 ер адам, 12 640 әйел және 16 жасқа дейінгі 13 493 бала қоныстандырылады. 1953 жылдың шілдесінде, Сталин өлгеннен кейін, ССРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы Георгий Маленковтың атына  ССРО ІІМ-нен елдегі барлығы 2 819 776 арнайы қоныс аударушы ішінен 1 643 741 адамды есептен алу туралы өтініш жасалған ұсыныс келіп түседі. Ұсыныс 1954 жылы қабылданады, алайда арнайы қоныс аударылушы мәртебесін алу туралы алғашқы жарлықтар тек 1956 жылы ғана шыға бастайды: 17 қаңтарда – поляктар, 17 наурызда – қалмақтар, 27 наурызда – гректер, болгарлар мен армяндар және т.с.с.

1989 жылғы халық санағының дерегі бойынша ССРО-дағы саяси дағдарыс кезінде Қазақстанда 47 мың грек тұрып жатқан. Коммунистік құрылыс құлағаннан кейін Қазақстан гректеріне өздерінің тарихи отандарына оралуға мүмкіндік туды, бірақ та Германия мен Израильмен салыстырғанда Греция советтік отандастарына экономикалық кепілдік ұсына алмады (советтік дипломдардың заңдылығы, зейнетақы, біржолғы қаржылай көмек және т.б.), ал бұл гректердің Қазақстаннан көшуінің шектелуіне басты себеп болды.

Қазақстанға көшірілген гректердің ішінен советтік және тәуелсіз Қазақстан тарихына өлшеусіз үлес қосқан Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген сәулетшісі Спиридон Космеридиді (сол жақта) атап айтуға болады. Алматылық «Қайраттың» советтік футболшысы, Шымкент тумасы Евстафий Пехлеванидиді де айтқан жөн. Белгілі қазақстандық эстрада әншісі Лаки Кесоглу 1939 жылы Грузияда өмірге келіп, 1949 жылы отбасымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына депортацияланған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?