Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жидебай батыр: жалған мен шындық

3321
Жидебай батыр: жалған мен шындық - e-history.kz
Шоқан Уәлиханов «қазақтың ерлік жүзжылдығы» (век казахского рыцарства) атаған XVІІІ ғасырда өз қатарынан оза шапқан ұлы тұлғаның бірі – Жидебай батыр

Біз М.Ж. Көпейұлы шежіресінен ойып орын алған тұлғалардың бәрі де қазақ тарихына еңбегі сіңген, қазақ тәуелсіздігінің тарихына аттары алтын әріппен жазылатын қаһармандар деп есептейміз. Дегенмен ерлік дәуірінің кейбір тұлғалары бұл шежіреде де, елдің аузында да  шынайы, сенімді түрде сипатталса, кейбіреулеріне қатысты әңгіме ертегіге жақын. Заманында қазақ ауыз әдебиеті үшін ерен еңбек еткен, қазақ халқының жанашыры Г.Н. Потанин жазбаларын оқысақ Жидебай батыр бейнесі тіпті керемет. Біз  М.Ж. Көпейұлы мен Г.Н. Потанин жазбаларын салыстыра отырып аты аңызға айналған батыр туралы осы мақаланы  жазуға ден қойдық.

Біріншіден, ел арасында «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?!» деген сөз бар екені мәлім. Шындығы керек, мен осы сөзді бертінгі айтқыштар мен жазғыштар шығарды-ау деп жүрдім. Себебі М.Ж. Көпейұлы шежіресінде бұл сөз жоқ. Ал енді Г.Н. Потанинді қарасам, оның «Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки» кітабында «К Джийды-баю относится двустишье: Сары-аркадай джер кайда, Джийдыбайдай эрь кайда?» деген жолдар кездеседі, яғни бұл сөз ерте уақыттан бері бар, ерлік дәуірінде әбден жатталған сөз болды.  Бұдан шығатын қорытынды: Жидебай батырдың өз заманында тиісті бағасын алған, айтулы тұлға болғандығы.

Екіншіден, М.Ж. Көпейұлы мен Г.Н. Потанин жазбаларына қарасақ, Жидебай – батырлар әулетінің өкілі.  Г.Н. Потанин «Джийды-бай был один из самых приближенных богартырей Аблай хана» дейді, ал  М.Ж. Көпейұлы Жидебайдың атасы Дос батырдың баласы Қожаназармен бірге қалмақ қолына түскенін баяндау барысында бұл әулеттің батырлық дәстүріне тоқталып, «Дос батыр болған, қалмаққа таң атырып, күн шығармаған» дейді. Біздің ел аузынан жинаған деректеріміздің ішінде Дос батырдың әкесі Әлтекенің де жаугершіліктің ортасында жүргені, болашақты болжаған жауырыншы, қиядағыны көретін қарауылшы болғаны айтылады.

Қалмақтың Дос батырды қолға түсіруі де, өлтіруі де осы әулеттің жауынгерлігіне байланысты деген пікірдеміз. Кезекті М.Ж. Көпейұлына берсек: «Дос батыр жетпіс сегіз жасында жалғыз баласы Қожаназармен екеуі қалмаққа қолға түскен. Сонда қалмақ:

– Қазақты өлтіріп тастайық, – дегенде, кейбіреулері:

– Әкелі-балалы екеуін бірдей өлтірмейік, тұқым құртпайық. Ежелден қалмақ, қазақ арасында соғыста бірін-бірі өлтіргені болмаса, қолға түскенді өлтіру жоқ еді ғой, деседі.

Қалмақтың сыбыр-сыбырынан сескеніп, жаны шошып Дос батыр жылайды дейді:

         Сыбыр-сыбыр етеді,

         Сыбыр құлақтан өтеді.

         Сырласпаған жат шіркін

         Әлдене деп кетеді.

         Өзім өлсем боғым-ай,

         Қожаназар құлыным-ай! деп жылай беретін болыпты.

Қалмақ мұнысын көрген соң:

– Әкелі-балалы өзді-өзі кеңессін, бірін бізге олжаға қалдырсын, бірін еліне баруға босатайық, – депті.

Сонда бала ұшып тұра келіпті:

– Әкетай, мен көк лағың болайын, мені Құдай жолына құрмалдық қылып, ел-жұртыңды тапсаң! – деп, жылап қоя бергенде Дос батыр айтыпты: – Қалмаққа шал зәру емес, жас ұлан зәру. Жас ұланды өлтірмейді өздеріне тәне қылып, ел-жұрт қылып алады. Мен елге тірі барып, не бітіремін? Қаздың етін асадым, жетпіс сегіз жасадым. Сені қалдырып, мен елге барсам, екінің бірі «егіздің сыңары» айтады: алысым тұрсын, жақыным айтады, дұшпаным былай тұрсын, досым айтады: «Мына жалмауыз талайдың басын жалмаған жалмауыз емес пе, жалғыз баласы Назарды жалмап қойып, ұялмай жылатып келуін қарашы!» дейді. «Сен барсаң, Дос өлген жоқ, міне, тірі!» деп, қуанады. Және қатын алып, балалы болсаң, сенен туған бала менің кегімді қалмақтан сол алады!» деп, батасын беріп, баласын қайырып, өзі қалмақ қолында қала береді».

Рыцарлық дәуірдің ережелері осындай, оны өзін өлімге қиып отырған Дос батыр да, оның жас баласын босатып, батырдың  өзін өлтіргелі отырған қалмақ та ұстанып отыр.

Сонымен бұл әңгімеден шығатын қорытынды: Жидебай – жеті атасынан бері атағы шыққан батырлар әулетінің өкілі, яғни батырлық та әркімге қона беретін бақ емес, ол текпен,  тәрбиемен келетін қасиет екені.

Үшіншіден, Жидебай ерлік дәуірінде Богенбай, Қабанбай сияқты «Ақтабан шұбырынды» уақытында ел қорғаған атақты батырлардан кейін  атқа қонған екінші лектегі батыр. Оны  М.Ж. Көпейұлы шежіресіндегі мына бір әңгіме де дәлелдейді: «Жеті, сегізге жеткенде Жидебайдың құлағы естиді: «Қаракерей Қабанбай батыр бүгін түнде Дос батырдың інісі Әлмұрат байдікінде қонып жатыр» дегенді «барсам, көрсем-ау!» деп Жидебайдың түн бойы көзі ілінбей, алас ұрды. Таң жаңа атуға сәуле беріп келе жатқан алагеуім қарсаңда көзі ілініп кетіп еді, Жидебайды аруақ түртеді, бабасы Дос батыр түсіне кіріп, аян беріп, оятады: «Балам, Қаракерей Қабанбайдан бата алып қал!» деп. Шошып тұра келіп, үстінде жаға-жеңі далба-далба боз көйлек Қабанбай батырды іздеп, жаяу құстай ұшады. Қабанбай батыр аттанып кетіп бара жатыр екен. Көп кісімен алаң-қарақта  жорыққа аттанып барады екен. Алыстан немене екенін айырып, тани алмайды. Құстай ұшып келе жатқан бала екенін таныған соң, тосып тұра қалады. Бала жетіп келіп:

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалайкумассалам! Жолың болсын, сәлемші балам, қайда барасың! – дейді.

– Атың шыққан әз атамыз едің, бата алып қалайын деп едім, – дейді.

Түнде түсімде Дос батыр айтып еді. Жарайсың! Жарайсың! Бата-сата не береді дейсің, төрт алмажайым бар еді, саған біреуін бердім, ал, балам! – деп, жүре береді.Сөйтсе, төрт алмажайының бірі «Қызыл түлкі» деген болады екен, сонысын беріп кеткен екен». 

Бұдан шығатын қорытынды: Қабанбай батыр – Жидебайдың атасы Дос батырмен замандас болған адам. Сол себепті Жидебай батырдың атын шығарам деп оны «Бұланты», «Аңырақай» шайқастарына алып бармай-ақ, одан бертінгі қалмақ, қырғыз, Қоқанд жаугершілігімен байланыстырған жөн. Қасиет қонған батыр екені жоғарыдағы әңгімеден-ақ белгілі болып отыр.

Төртіншіден, Жидебайдың Абылай қолын не бір қиын жолдарда бастауы. М.Ж. Көпейұлы батырдың бұл ерліктерін былай суреттейді:  «Абылай үш жүздің баласы қазаққа хан болған күнінде Әлтеке-Сарым: Жидебай батыр атақты батырдың бірі болып, Абылай ханға қолбасы болған екен. Бір жаққа аттанарда, қосын жүргізерде Үйсіннен Ақшабдар атты алғызып Әлтеке-Сарым Жидебайға мінгізеді екен. Бұған айсыз қараңғы түн тал түстей, боран-соран ашық күндей, жан таба алмаған жерді көріп қойғандай табады. Біреудің пышақ-шақпағы бара жатқанда, бір жерде қалған болса, айсыз қараңғы түнде болса, жауын-шашын, боран болған күнде болса, жүріп келе жатып, найзасын тіреп, тұра қалып, «ал, осы жерден қарай ғой» дегенде, қалған-құтқан нәрселерін тауып алады екен».

Ең қызығы, Г.Н.Потанин жазбасынан осы әңгіменің тіпті басқа суреттемесін кездестіреміз. «Бірде Жидебай батыр Абылай ханның әскерін бастапты, – дейді Г.Н. Потанин. – Қалың қол Балқаш көлінен өту керек. Жидебай осы көлден өтетін жалғыз өткелді біледі екен. Ертедегі адамдардың айтуына қарағанда көлдің астында  жатқан көлденең жота бар, егер оның қырын дәл тауып жүріп отырсаңыз, көлден туралап өте шығасыз, су көп болса тізеден ғана келеді. Сарбаздар Балқашты түнде кешіп өткен екен, күн бұлыңғыр және жауын-шашынды  болыпты. Көлдің ортасына келгенде Жидебай  тоқтап, найзасының сабын көлдің түбіне тіреп, жанындағы нөкер жігіттен найзаны бойлай суға қолыңды батырып, көлдің түбін қарашы, бірдеме жатқан жоқ па екен дейді. Ол жігіт суға қолын салып жіберіп, көлдің түбін қараса шағын кездік жатыр екен дейді».

Балқаш маңының қазақтары ерте заманда Балқаштан көлденең атпен өтеді екен деген әңгімені ертегі сияқты айтады, бірақ оның XVІІІ ғасырдың ерен ері  Жидебайға қатысты екенін біле қоймайды. Бұл дегенің күні кеше болған, зерттейтін-ақ тарих! Балқаштың астында көлденең өткел бар дегенге мен сенемін.

Осыған байланысты Мырза Хайдар жазатын «Өзбектер Балқаш көлінен мұз үстімен Жетісуға қарай қыс қыстауға өтуші еді, кейде көктем уақытында Арқаға қайтарда, мұз еріп адамдар жүздеп суға кетіп қалатын»  деген әңгімесі де еске түседі.

Бесіншіден, Жидебай батырдың қызыл түлкісі туралы. М.Ж. Көпейұлы бұл туралы: «Жидебай батыр «Сен осыны қалай табасың?» дегенде, жанға сырын айтпайды екен, ханға да айтпаған екен. Жалғыз-ақ Абылай хан айта береді екен: «Осының қызыл түлкісі бар» деп.

Бір жорықта жүргенде Абылай хан  біреуді қадағалап, тапсырып қойды дейді: – Ұйықтап жатқанда, осының қойнын ашып, қарашы, – деп.

Сол адам аңдып жүріп, қарауылда жүрген жерінде ұйықтап жатқанда, ақырын басып барып қараса, өңірінің астында, төсінің үстінде жатқан қызыл түлкіні көріп, түлкі жалт қарағанда, үрейі ұшып, қаша жөнеліпті. Ханға келіп, көргенін айтыпты. Көргені бар болсын, көзінен айырылыпты» дегенді жазады. Ертегі десек те болар еді, бірақ Жидебайда бір қасиеттің болғаны анық. Дәстүрлі қоғамның бәріне де тән дүниенің бірі – тотемдік сенімдер, анимизм мен магия  қазақта да болған, тек жан-жақты зерттеу керек-ақ.

Алтыншыдан, Жидебайға қатысты қызыл түлкі мен қара бүркіт әңгімесін Балқаш маңындағы жергілікті ел сан-саққа жүгіртіп айтады. Г.Н. Потаниннің Жадебай батыр туралы жазбасында бұл әңгіменің мазмұны Абылаймен байланысты. «Жидебайдың алдында қашанда қызыл түлкі жүреді екен, ол оның аруағы болған. Бірде Абылай «Маған аруағыңды көрсетші!»  дейді. Жидебай хан өтінішмен келісіп, тау басына  шығайық, содан кейін көрсетейін дейді. Абылайды тау басына шығарып, өзі төменге түсіпті. Абылай қараса, далада қызыл түлкі кетіп барады екен. Дәл сол уақытта аспаннан сары бүркіт көрініп, түлкіге тап беріп, жерге алып соғыпты. Содан кейін Жидебай батыр тау басына қайта көтеріліп Абылайдан «не көрдіңіз?» дейді екен. Хан жаңағы көргенін айтыпты. Жидебай сонда «Қызыл түлкі менің, ал сары бүркіт сіздің  аруағыңыз. Сіздің аруағыңыздың менің аруағымнан күшті екенін  көрдіңіз» дейді.

Жетіншіден, осыншама қызықты және танымдық әңгімеге арқау болған Жидебай батырды қаншалықты құрметтеп жатырмыз? Біз «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасын қабылдадық, себебі біздің бұдан әрі дамуымыз белгілі дәрежеде аруақтардың да қолдауына байланысты болмақ. Табиғаттың да, тарихтың да тылсым сырлары көп, бағдарламаны қабылдағанмен, соны сезіне алдық па ? Сезінсек Жидебай сияқты қасиетті ерлер қызыл түлкісімен бірге  біздің жанымызда жүрмес пе, жол бастамас па?!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?