Жанкешті жауынгер
Байбарыс – бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген қазақ тарихындағы аса дарынды қолбасшы.
1242 жылы монғолдар қыпшақ жерін жаулап алғаннан кейін бозбала Байбарыс тұтқындалып, басқа да руластарымен бірге құлдыққа сатылып кеткен болатын. Түркі тілінде сөйлейтін жалдамалы әскерлер мұсылмандық Жерорта теңізі бойындағы елдердің әскерінің қомақты бөлігін құрайтын және олардың құны үлкен ақша тұратын.
Өмірдің әр түрлі тәлкегінен өткен Байбарыс, Египет сұлтаны Ас-Салах Нажім-ад-Диннің қолына түседі. Оны сұлтанның өзге де әскерлерімен бірге, Ніл өзені бойындағы бір аралда ұстайды. Осы жерде ол өзінің қайсарлығы мен қаруды жақсы қолдана алатындығымен көзге түседі. Ол аралдағы әскери өнер мектебін бітіргеннен кейін, шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түседі. Байбарыс соғыстағы ерліктері мен көзсіз батырлығы үшін сұлтанның күзет бастығы етіп тағайындалады.
Белгісіз батыр
Ресейдегі патшалық үкімет құлағаннан кейін тарихқа енген Ақ гвардияшылардың көрнекті өкілі Дутов болатын. Атақты адмирал «Колчактың орынбасары болған Морис Жәнен деген француз генералының жазбаларында Дутов Колчактың қабылдауына қазақ оққағарымен келгені туралы жазылады» дейді тарихшы Берік Әбдіғалиұлы «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
Зерттеуші ғалымның пікірінше, Дутов – қоғам назарын өзіне аудартып жүруді жақсы көрген адам. Сол кезеңдегі газеттерде оны қазақ әскері күзететіні туралы әртүрлі жазбалар бар. Басына бөрік киген оққағардың суреті де баспасөз бетінде басылған.
«Жақында Омбының Азаматтық соғысты зерттеу орталығына бардым. Сол жерден француздар Омбы қаласында 1919 жылы түсірген бейнематериал ішінен атаман Дутовтың қасында оққағар болып жүрген қазақтарды көріп қалдым. Оққағарлар Қостанайдағы Алаш полкінен іріктелініп алынған болуы керек. Дутов шегініп Жетісуға келген кезде де оққағарларын мұсылман жігіттерінен жасақтаған» дейді Б. Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ қазақтарға жиен болып келетін генерал, империяның бірінші қылышы деп саналған тарихи тұлға Корниловтың да оққағарлары түркімен мен қазақтар болған.
Оспанның оң қолы
Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күрестің жетекшісі, атақты батыр Оспан Исламұлының оққағары болған Нұрғожай – жаужүрек ер және мергендігімен танылған тұлға.
1912 жылы Алтайда дүниеге келген бала Нұрғожай өрт алып жалындап жатқан киіз үйге іркілместен кіріп анасы мен қарындасын алып шыққаны үшін батыр атанған. Бұл кездегі жасы 11-де болатын.
Өзі де батыр, Қытай әскерлеріне қарсы жаужүрек ерлігі, мергендігі және үздік соғыс тактикасымен көзге түскен Оспанға оққағар болу үлкен жауапкершілік еді. Батырлар қауымы сөзге жоқ болғанымен, бұл мәселеде Нұржоғай батыр өткен тарихты шебер әңгімелейді. Бір естелігінде ол Оспан батыр қозғалысындағы өз орнын былай сипаттайды:
«Мен ең бірінші рет, Оспан ішінде, құрылған тоғыз комиссардың, яғни тоғыз полковниктің бірі едім. Ең жоғарғы әскери қолбасшы Сұлубай батыр шәйіт болғаннан кейін барлық әскери құқық Кәмел батыр екеуіміздің қолымызда болды. Ал Кәмел батыр шәйіт болғаннан кейін барлық әскери соғыс қимылдарды негізінен мен бастап отырдым».
Нұрғожай батыр 1940 жылы Көктоғайда Ырысхан – Есімхандардың жетекшілігінде көтерілістің де ішінде болады. Осы көтерілістер нәтижесіне Қытай губернаторы Шың Шы Сай қазақтардың талаптарын қабылдағаннан кейін тоқтам жасалып, қарулар табыс етілді. Бірақ Оспан батыр осы тоқтамнын шарттарын залым губернатордың орындалмайтынын сезгендіктен, қаруын тапсырмай тауға шығып кетті. Сонда Оспан батырдың қасынан табылған алғашқылардың бірі Нұрғожай еді.
Нұрғожай батыр 1951 жылы Оспан батыр жау қолына түскенге дейін оның қасында қолбасшылық қызметте жүрді. Түркияның Ыстамбұл қаласында 1986 жылы 29 қазанда 74 жаста дүние салды.
Қонаевтың қорғаны
Қазақ дене шынықтыру институтын, Мәскеу қаласындағы КСРО МҚК Жоғары курстарын бітірген, оқытушы-жаттықтырушы, заңгер мамандықтарының иесі болған бұл азамат өмір жолында 1974 жылдан бастап ССРО Қарулы күштер қызмет еткен. Амангелді Шабдарбаев 1976 жылдан Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке ауысады. Қызметін жедел уәкіл және аға жедел уәкіл лауазымдарында атқарған.
Көп жылдар бойы советтік кезеңдегі Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаевтың оққағары болып қызмет еткен. Аса көрнекті саясаткердің сенімді серігіне де баланды. Амангелді Шабдарбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қызметінен кеткен болатын. Әрине, бұл жағдай Қонаевтың аса сенімді және ықпалды адамы ретінде көрсете алады.
А. Шабдарбаевтың Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары күзет пен қорғаныс саласында қыруар еңбек атқарды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің дербес күзет қызметін құрудың ұйытқысы болса, 1995-1997 жылдары Мемлекеттік Тергеу комитеті төрағасының орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» Қызметіне басшысы болып қызмет атқарды. Ал ел үкіметі Астанаға қоныс аударған шақта Президенттің Күзет қызметі бастығының орынбасары, кейіннен бастығы болып абыройлы еңбек етті.
Құпия қаһарман
Қазақ еліне есімі белгісіз болып келген бұл тұлғаның құпиялылығы әлі де сақталады. Куба елінің басшысы Фидель Кастроның өміріне төнген қастандықта жанынан кешіп, кеудесін тосып қорғап қалған Т. Мұсаханов туралы жаңа деректер пайда болды.
Белгілі жазушы Бейбіт Сапаралы мырза әлеуметтік желіде белгісіз батыр есімін оқырманға алғаш рет паш етті. «Кеңес Одағы мен АҚШ арасы қатты ушығып тұрған сәтте құпия қызметтің орталық штабында басшылық қызмет атқарған Жанат Атаның айтуынша, Тұрсынxан Фиделдің жеке оққағары болып белгіленіп, Куба төңкерісі кездерінде жалынды көсемнің қасынан бір елі де қалмаған.
Сондай қарбалас заманда Фиделге қастандық жасалғанда Тұрсынxан өз кеудесін тосып оны ажалдан аман алып алады. У жебе-ине Тұрсынxанның кеудесіне киген сауытты тесіп өтіп, денесіне болмашы ғана зақым келтіреді. Алайда аса күшті у оққағарды естен тандырып жібереді. Сауытты дереу шешіп үлгерген қатарластары Тұрсынxанның өмірі үшін күресіп жатқанда Фидель өмірі шешпейтін әскери күртешесін дереу шешіп жіберіп, қазақ батырының үстіне жапқан екен» деп баяндайды бұл туралы Б. Сапаралы.
Қазақ жігіттерінің жүректілігі жайындағы әңгімелер мұнымен таусылмайды. Әлемдегі достассаң құшағы ашық, қастассаң қаһармандығымен танылған ұлттың перзенттерінің ерліктері айтып дәріптеуге тұрарлық. Қалай болғанда да тарих көмбесі олар жасаған айрықша қабілеттерді тасада қалдыра алмайды.
Заңғар КӘРІМХАН