«Алтын Орда – біздің бүгініміз бен болашағымыздың бір бөлігі» - ЮНЕСКО өкілі

314
«Алтын Орда – біздің бүгініміз бен болашағымыздың бір бөлігі» - ЮНЕСКО өкілі - e-history.kz

Астанада Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум басталды. 

Жиынның ашылуында алғашқы сөз ЮНЕСКО Бас директорының көмекшісі әрі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Лазаре Элунду Ассомоға берілді. Ол өз сөзінде Алтын Орданың Еуразия тарихындағы орнына тоқталып, бұл мұраның бүгінгі мәдени диалог үшін де маңызды екенін айтты.

 

«Алтын Орда – тек өткеннің мұрасы емес, ол біздің бүгініміз бен болашағымыздың да бір бөлігі. Алтын Орда Еуразия кеңістігіндегі қозғалыс, сауда, мәдени алмасу мен ынтымақтастықтың маңызды орталығы болды. Бұл – діндер, тілдер, өнер мен технологиялар тоғысқан кеңістік еді. Сондықтан Алтын Орда бүгінгі күні мәдениетаралық диалог пен мәдени әртүрліліктің тарихи үлгісі ретінде маңызды», – деді ЮНЕСКО өкілі. 

 

Ол сондай-ақ Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығына ерекше тоқталды.

 

«Қазақстан ұзақ жылдар бойы ЮНЕСКО-ның белсенді әрі маңызды серіктестерінің бірі болып келеді. Елдің мәдени және табиғи мұрасы әлемдік деңгейде мойындалған. Қазақстан мәдениетаралық диалогты дамыту, ортақ мұраны қорғау және мәдени әртүрлілікті біріктіруші күш ретінде дәріптеу бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді», – деді Лазаре Элунду Ассомо.

 

ЮНЕСКО өкілінің айтуынша, Алтын Орда мұрасын зерттеу тек тарихты тану үшін ғана емес, қазіргі қоғамды түсініп, болашақты дұрыс қалыптастыру үшін де қажет.

 

«Тарихты зерттеудің мақсаты – тек өткенді еске алу емес. Ол бүгінді терең түсініп, болашақты дұрыс құруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әлемде сенімсіздік пен бөліну күшейіп тұрған уақытта, Алтын Орда мен Ұлы Жібек жолының тарихы бізге мәдениеттердің оқшаулану арқылы емес, өзара байланыс арқылы күшейетінін көрсетеді», – деді ол. 

 

Сөз соңында ЮНЕСКО өкілі халықаралық симпозиум жаңа ғылыми ынтымақтастықтарға жол ашып, ортақ тарихи мұраны зерттеу мен сақтауға серпін береді деген сенім білдірді.

 

«Бұл симпозиум мәдениеттер, мемлекеттер және ұрпақтар арасындағы көпірді нығайтып, Алтын Орда мұрасын қорғау мен насихаттауға жаңа мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Лазаре Элунду Ассомо.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз