Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ж. Жақсығалиев. Ініге ізет (тарихи-публицистикалық көзқарас)

2394
Ж. Жақсығалиев. Ініге ізет (тарихи-публицистикалық көзқарас) - e-history.kz
Саясы жоқ бәйтерек Саздауға біткен талмен тең, Жақсы, ағаңыз бар болса, Алдыңда сары белмен тең… (Шалақын, 1748–1819)

Сөзбасы

26.01.15

Ұлт руханиятының жұлын тұтасынқұрап, біріктіріп ұстап тұрушы негізгі күш — қазақ халқының бойындағықадімзаманнан бергі кеңпейілділік-мейірімділікпен жарастық-жанашырлық сияқтықасиеттер. Атам қазақ«алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бірліктің, татулықтың, сыйластықтың қадір-қасиетін бәрінен жоғары қойған. Ынтымағы іріген қоғамнан ырыс қашатынын бек түсінген. Сондықтан да ұрпағының бойында бауырмалдық пен қайырымдылыққа бастайтын ізгіқасиеттерді қалыптастыруды басты мұрат тұтқан. Тегіндежаратылысынан «кең пішілген"халық үлкенді жасына қарай үлкенше, кішіні еркелетіп кішіше сыйлаған. Көшпелі қоғамның табиғатымен біте қайнасқан әлеуметтік құбылыс»үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету атадан-балаға тамыр тартып, халқымыздың бұлжымас қағидасына айналған.
Алайда, соңғы жылдары кейбір қазақ зиялылары дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы сақталғанүлкен мен кіші арасындағы жарасымды сыйластықтың үндестігі бұзылып,ұрпақтар арасындағы табиғи сабақтастықтың бірте-біртеүзіліп бара жатқанына алаңдаушылық білдіре бастады.«Баяғыда қазақтың ғалымдары, болар баланы балапанынан баулып, оған қамқорлық көрсетіп, талантты, талапты жастарды өздерінің үйлеріне жатқызып, қолынан келген қамқорлығын аямаған. Қазір ондай адамдарды көріп отырған жоқпын, өкініштісі осы, — деп жазды белгілі саясаттанушы Дос Көшім, — бір кездегі қазақ зиялылары арасындағы алдыңғы, аға өкшені басып келе жатқан кейінгі ініге қамқорлық көрсетіп, білгенін үйрету дейтін жақсы бір үрдіс, мақсат мүдделестігі үзіліп қалған сияқты».Ұлтымызға тәносынау кісілік қымбат қасиетті бүгінде, ақсақал жасқа жеткен абыз, ағалар бұрынғы, аға мен іні арасындағы қарым-қатынас қандай ғажап еді деп сағына еске алатын болды! Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Зиялының да зиялысы бар. Десек те нарықтық қатынастар зиялы қауымның әлеуметтік жағдайы мен өмірлік ұстанымына, олардың өзіндік көзқарастарына да өз салқынын тигізгені рас. Басқаша айтқанда,ұлтымыздың рухани көшін сүйрейтін ұстаз-ғалымдар мен, ақын-жазушылардың қоғамдағы тұлғалық орны жоғалып барады.
…Әлқисса
Иә, жоғарыдағы ойды нықтай түсетінтөмендегі деректер сөзімізге тұздық.Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің деректеріне сенсек, Қызылорда қаласынан 20–30 шақырым жерде Сұлутөбе деген жер бар. Сол стансының жанындағы"1-май» деген ауылдаМ.Шоқайдың(1890–1941) туыстары осы уақытқа дейін тұрады екен. Сол, ағайындары тарихшы-ғалымға біраз қызық әңгімелерді айтыпты. Кімде-кім ауылдан Ташкентке бара қалса, сонда білім алып жүрген шәкірт Мұстафаға соқпай өтпей, жолықпай қайтпаған. Таңданарлығы сол, ағайындары жылда Ташкентте орыс гимназиясында өте жақсы оқып жатқан Мұстафаның оқуына сүйсініп, бәрі бір-бір қара малдан береді екен. Сол ауылда жиналған малды бір кісі Ташкентке базарға айдап апарып сатып, соның ақшасын Мұстафаға жеткізіп отырған. Оқуы сәтті, жақсы жүрсін деп, ағайындары осылай қолдау жасаған. Ол кезде жалпы оқу деген өте қиын болған. Мысалы, шәкірт ауылдан кеткеннен кейін, қайтадан ауылға жылдап келе алмаған, қатынас өте қиын, сондай жағдайда қаржылай көмек берудің мәні өте үлкен екендігі өзінен-өзі түсінікті(Қойгелдиев М. Студент Мұстафа Шоқай.// Құсанбек Б. Бір сәт және бүкіл ғұмыр. — Алматы, 2012,13-14-бб.). Осы ретте тағы да бір мысал еске түседі. Академик Серік Қирабаевтың деректеріне сүйенсек, 1922 жылы ауылдың баласы, білім іздеген, жан-жаққа ұмтылып ізденіп жүрген Сәбит Мұқанов(1900–1973) * Орынборға кеңестердің ІІІ сьезіне келіп, сол жолы Сәкенмен танысқан екен-де, содан Сәкен ұсталып кеткенше, екеуінің арасындағы қарым-қатынас үзілмеген. Сәкеннің көмегімен Сәбит Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланған. Ол бүгінгі депутат сияқты. Содан кейін Сәкен оны алып қалып, оқуға түсірген, өзінің үйіне пәтерге тұрғызған. Сәкен Сейфуллиннің (1894–1938) Орынборда Деев көшесінде 8 бөлмелі пәтері болған екен, соның 2 бөлмесінде өзі тұрғанда, қалғанына ауылдан келген, оқу іздеген балаларды жатқызады екен. Келер жылы Сәбит елге барғанда Ғабитті алып келіп, Ғабит екеуі Сәкеннің үйінде тұрған. Бұл жөнінде Сәбит те, Сәкен-де жазған(Қирабаев С. Сәкен мен Сәбит. // Құсанбек Б. Бір сәт және бүкіл ғұмыр. — Алматы, 2012, 141-б.).
*Ескерту: оқырманға тарихи тұлғалардың жас айырмашылығы түсінікті болу үшін олардың өмір сүрген жылдарын арнайы көрсетеміз.
Сонымен, нарықтық қатынастар өмірімізге енген соңғы жиырма жылдан астам уақыт жарықтық К.Маркстің «сананы тұрмыс билейді» деген мәңгілік аксиомасынодан әрі айшықтай түскендей. Нарықтық даму — капиталистік даму. Адам мінезі, соған сәйкес ұлт мінезі оның өндірістік қатынастарына һәм кәсібіне байланысты өзгеріп(деформацияланып) отыратындығы ғылыми тұрғыда дәлелденген, ақиқат. Ашып айтсақ,экономикалық қатынастардың өзгеруімен бірге ұлт болмысындағы рухани және материалдық құндылықтар аясындағы қарама — қайшылықтар барған сайын тым күрделеніп бара жатыр. Задында «ақылды жастан, ақылы қызметті"артық санап, аяушылық сезімді аттап жүре беретін кербез-де қатыгез капитализм өмірімізге дендеп енген сайын материалдық игіліктерсуырылып алға шығып, қоғамда байлыққа құмартып елітудің жаппай сипат ала бастағаны сондай, бағзы замандардан мызғымайбүгінге жеткенқазақтың игі дәстүрлерінің бағасы кеміп, рухани құндылықтар кейінге шегеріле бастағандай.
Сайып келгенде жаңа жүйе, жаңа формация, нарықтық экономикаға негізделген капиталистік даму табиғатынан бауырмал, көпшіл, дарқан қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, психологиясын, мінез-құлқынөзгертуде. Қалай десек те, заманауи, ақпараттар, ағымында батыстық экспансияның қарқыны қатты һәм ғаламдану үдерістері өзге халықтардың тәрбие менталитеттерін әкеліп жатқаны сол, күн өткен сайынұлт өзінің қалыбын өзгертіп келеді. Көрнектімемлекет және қоғам қайраткерлері мұныңұлттық, елдік, мемлекетшілдік санаға қауіп төндіретін жағдай екенін айтып, дабыл қағуда. Бұл ретте зерттеуші А.Сейдімбектің мынадай батыл болжамы тарих шындығымен үйлесімді тәрізді: „Ұлт үшін қасіреттің зоры — белгілі бір кезеңде ғұмыр кешкен ұрпақтың тоқмейілсуі, өзі өсіп-өнген тамырдан кіндігін үзуі, ғасырлар бойы тірнектеп жиған рухани тәжірибеге сырт беруі. Тек қана сыртқы дүлей күштің экспансиясы арқылы пайда болатын мұндай нәубеттің ақыры тексіздікке, талғамсыздыққа ұрындырып, ұлттық сезімнің сөнуіне себепші болады. Мұндайда халық адамдардың жиынтығына, яғни тобырға айналады. Сол кезде адамдардың нағыз жетімдігі басталады. Жаппай жетімдік, жалғыздық жайлағанда зұлымдық пен қорқаулық бел алады. Ал, Отан дегенің кие-қасиеті жоқ мекен ғана болып қалады. Көпшілік тобыр өмірдің барлық саласында „бостандық“, „демократия“ дегенді әуезе көреді“.Қысқа айтқанда, алаш баласына тән мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық,жомарттық, мәрттік, адалдық,тазалық, т.б. асыл қасиеттер бірте-бірте көмескіленіп, керісінше осы қасиеттерге қарсы халқымызға мүлде жат мінездер пайдакүнемдік, безбүйректік, тасбауырлық,жымысқылық, пасықтық, алаяқтық, аярлық, дөрекілік, жемқорлық, т.б. капитализммен бірге ұлт бойына ұя салуда. Мұны мойындамау — ақиқатқа қиянат. Сөзімізді түйсек, уақыт өткен сайын адамдардың жан жомарттығы жұқарып, кең пейілділіктің өрісі тарылуда. Қазақтың қанында бар, ұлтымызға тән баға жетпес рухани асыл қасиеттерІзгілік, Кісілік, Адамгершілікхақында сөз қозғай қалсаң кей, ағайын мысқылдап, миығынан күлетін дәрежеге жеттік.

Тарих не дейді?
„Дүние — үлкен көл,
Заман — соққан жел,
Алдыңғы толқын — ағалар,
Артқы толқын — інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер“
(Абай Құнанбаев)

Қай заманда да,қай қоғамда да ізгілікке бастайтын ең төте жол — мемлекеттік билік буындарындағы билікшілердің, тізгін ұстарлардың, әкімгерлердің парасаты мен кәсібилігінде. Көне тарихқа зер салсақ ежелгі ғұн қоғамындағы әкімшілік пен ізгіліктің үйлесімді жүйесі көршілес қытайлықтарды ерекше қызықтырған. Кейін Түркі дәуірінде Қытай империясы өз мүддесі үшін, ағайынның арасына от тастап, „бөліп ал да, билей бер“ саясатына ұрынғанын түсінген бабалар:
Табғаш халқының алдауына сенгендіктен,
Арбауына көнгендіктен,
Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан,
Түркі халқы елдігін жойды…
деуінде көне түркілердің белден шалдырған қайғылы тағдыры айтылған. Мұны жоюдың жолын іздеген Түркі дәуірінің көк сауыт киген қаһарманы Құтылығ қаған Екінші Шығыс Түрік қағанатының іргесін қалап, шаңырағын көтерсе, артында қалған екі баласы: үлкені — Білге қағаны ел бастап, кішісі — Күлтегіні қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытыпты. Ағайынды екі ұлан, ақыл қосып бірге қимылдап, елінің бірі — алтын тұтқасына, бірі — айбарлы асыл тірегіне айналыпты(М.Жолдасбекұлы, Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбек. Елтұтқа. — Астана, 2001, 42-б.).
Осы орайда айрықша көңіл бөлетін нәрсе,Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, хан тағын мұралану дәстүрі өзгеріп, ол әкеден ініге не немере бауырға өте бастады. Ал оған дейін монғолдық дәстүр бойынша тақ әкеден балаға тиесілі еді. Қазақ қоғамында мұрагерлік жолмен хандық билік әкеден балаға емес, ағадан ініге қалып отырған. Қазақ хандығы құрылуының көшбасында бел немере Керей мен Жәнібек есімдерінің қатар тұруы осы сөзімізді тиянақтай түскендей. Егер хан болуға лайықты іні болмағанда ғана хандық тақ балаға ауысқан. Ініге көрсетілетін ізеттің мұнан асқан жарқын үлгісін көрсету қиын. Басқасын айтпағандатұтас мемлекеттің тағдырын, белінен жаратылған бауыр еті — баласынан дабұрын інісіне сеніп тапсыратын өрелісалт тек қазаққа ғана жарасатындай. Ініге деген үміт пен сенімнің мемлекеттік-деңгейге дейін көтерілуінің астарында қазақы қалып жатыр. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан, ағаның ініге деген ізеті тек күнделікті некелік-отбасылық, әлеуметтік-тұрмыстық деңгеймен шектеліп қалмай, ел билеудіңқоғамдық-саясижүйесіне дейін енуі шындығында да назар аударарлық құбылыс. Дұрысында бұл ініге көрсетілер ізеттің адамибауырмалдық, ағайындық, жанұялық-туыстық қарым-қатынастардың шеңберінен шығып, мемлекетшілдік һәм елжандылық сияқты мәртебесі биік қоғамдық санаға дейін қарқын алғанын, аңғартады.

„Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіттіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді жолына қарап сыйлайсың. Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім-де өкпелемейді, ешкім-де тарынбайды. Әсіресе қазақ баласы „кіші“ деген сөзге өкпелемеген — деп жазды Ә.Кекілбаев, — Өйткені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен, ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда минорат үрдісі деп аталатын бұл қағида көшпелілердің тек ошақ басы қарым-қатынасында ғана емес, саяси-мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған“(Кекілбайұлы Ә. Азаттықтың ақ таңы. — Алматы: Қазақстан, 1998, 175-б.).
Ізгілік ғасырлар қойнауынан бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы қасиет:„Өмір — теңіз, жүзіп өтем демеңіз, Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз“ (Ж.Баласағұн); „Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет“ (Қ.А.Ясауи)! Тарихи деректерден ұққанымыз, қазақ — табиғатынан бауырмал халық. Ізінен ілескен інілеріне ізет пен ілтипат көрсетіп, демеп, сүйемелдеп жіберу қазақтың кеңдігін әрі оның дарқан мінезінкөрсетеді. Аға болмысына тән мейірімнің астарында ұлтымыздың тектілігі жатыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған"ат жауырға шыдамайды, ер бауырға шыдамайды», «аға бордан, іні зордан», «бір тонның жағасы болма, баршаның ағасы бол»,«өз, ағасын, ағалай алмаған, кісі, ағасын жағалай алмайды», «адамды алдау — арыңның алдында қылмыс, ағаны алдау — анаңның алдында қылмыс», «үлкен бастар, кіші қостар», «тату болса — ағайын жақын, ақылды болса — інің жақын», «жақсы, аға үлкендік қылмайды», «ағаның үйі — ақ жайлау», «аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «аға адасса іні із кеседі», «аға болсаң ақыл айт, ақыл айтсаң мақұл айт», «ағасы, ақылдының ауылы азбайды», «ағасы ұрар болар, інісі тұтар болар», «аға ішкен бұлақтан інісі-де су ішеді», «арттағыны қозғау — ағалық, алдағыны болжау — даналық», «жаман, аға міншіл, жаман іні күншіл», «інің — ағаңдай болмас, ағаң-атаңдай болмас», «ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңлі өсер», «аға әдепті болса іні әдепті, апа әдепті болса сіңлі әдепті», «ағадан қалғанды іні киіп өседі, ападан қалғанды сіңлі киіп өседі — көргендерін бойына түйіп өседі», «ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңлісі», «аға ініге ұстаз, апа сіңліге ұстаз», «ағаныкі ортада, інінікі қалтада», «ағаныкі кешіру, інінікі есіру»,т.б.деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер-де дәлел бола алады.

Оқырман байқап отырғандай бұләңгімені бір демде түгесу оңайемес және бауырмалдық тақырыбы болашақтағы арнайы зерттеудің жүгі. Сондықтан біз бұл жолы «бір қап, бір саптан шыққан» қандас, ұялас бауырлардың арасындағы туысқандық-жақындық байланыстың шеңберінен анағұрлым ауқымырақ һәмұлттық, мемлекеттік-деңгейге дейін көтерілген, аға мен іні арасындағы қымбат сезімдітарихи деректер негізінде тарқатып, мұқым қазақтыңсүйіктісіне айналған арыстардың халыққа беймәлім, адамгершілік қырларын сөз етсек дейміз. Себебі тарих — бүгінгі жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтін киелі ғылым және мақала барысында ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларын алаштық не кеңестік депбөліп-жармай, олардың ұрпаққа үлгі боларлық бірегей қасиеттерін бірыңғай ұлттық мүдде тұрғысындазерделеуді жөн санадық.Өйткені, бұлардың қай-қайсысы да ұлтқа, ұлттық намысқа, ұлттық мұратқа қызмет жасауды сол заманда өзінше түсінген тұлғалар-тұғын. Тарихшы Х.М.Әбжановтың «…Ұлт құрып біткенше оның бауырынан ел қамын ойлайтын адал перзенттер дүниеге келуін тоқтатпайды. Олар замана талқысына орай әр түрлі жолды таңдағанымен, ұлы мақсаттары біреу болады. Ол — ел-жұртының бақыты, азаттығы. Яғни, „алаш“ Әлихан, Ахметтер жақсы, „қызыл“ Тұрар, Сәкендер жаман еді, шетке „қашқан“ Мұстафа жаман, қашпай құрбан болған Міржақып жақсы еді, бай-молланың тұқымы Мұхтар текті еді, жеті атасынан бері қара сирақ болған Сәбит тексіз еді деп бағалайтын болсақ, онда тарихи тұлғалардың рухына қиянат жасау өз алдына, ең зор қателік ұлттың мәдени-рухани әлемін объективті талғаммен парықтай алмайтын боламыз», — деп анықтауы (Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих тұлға теория. — Алматы: — 2004 — 164-165-бб.) бүгінгі Отан тарихының әлеуметтік табиғатына сай деп есептейміз.

 

Деректер не дейді?
«Жаны жақсы, ағаның
Етегін баспа, жолын қу.
Болайын деген баланың,
Бетін қақпа, белін бу»
Халық даналығы

Қазақтың ХХ ғасырдың басындағы тарихын Бақытжан Қаратаев (1860–1934), Әлихан Бөкейхановтарсыз (1866–1937)елестету мүмкін емес. Олар екеуі-де кезінде ата-бабасы ел билегенақсүйек текті тұқымнан. Бақытжан әйгілі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың, ал Әлихан Орта жүздің айтулы сұлтаны Барақтың тұқымы. КөкжалБарақтың Әбілқайырды қапыда өлтіргені тарихтан белгілі.
1913 жылы Ж.Сейдалин:«қазақ зиялыларының тарландары — Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов және Бақыш Құлманов, бұл үшеуі өзі үш рулы ел болса да, Алаш дегенде басы бір жерге қосылса керек» — деп, өз пікірін білдірген болатын («Қазақ" газеті. — Алматы:„Қазақ энциклопедиясы“,1998. — 53б.).Ұлт зиялысы Ж.Сейдалиннің өз заманында айтқан бұл пікірі көп нәрсені, аңғартады.
Б.Қаратаев 1890жылы Ресейдегі беделді оқу орныС-Петербор университетінің заң факультетін алтын медальмен үздік бітіріп шыққан алғашқы қазақ заңгері, ІІ Мемлекеттік думаның депутаты. Жасы Әлиханнан жарты мүшелдей үлкен. Зерттеуші Ү.Х.Идресованың мәліметінше, империя орталығында қызметте жүрген Б.Қаратаев қазақ студент жастарымен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың білікті маман, саяси шыңдалған азамат ретінде қалыптасуына қолдан келгенінше көмек көрсетуден аянып қалмады. Сол кездегі Б.Қаратаевтың С-Петербордағы пәтері студент жастардың бас қосатын орнына айналды. Ол Ә.Бөкейханов бастаған бір топ студенттерге барынша қамқорлық көрсетуге талпынды. Қазақ студент жастарының арасында Ә.Бөкейхановтың дарынды болмысын ерекше бағалайтын(Идресова Ү.Х. Бақытжан Қаратаевтың қоғамдық-саяси қызметі (1860–1934жж.) // Тарих ғылымдарының кандидаты… авторефераты. — Орал, 2007,13-б.). Кейін Б.Қаратаев туған халқының мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етіп, ұлт жанашырына айналған Ә.Бөкейхановқа жазған хатында: „Мен сені студент болған кезіңнен-ақ өз пікірің мен сеніміңнің беріктігіне тәнті болып, құрметтейтінмін“,- деген. Осы хатта көп нәрселер айтылған. Әрі қарай хатында Бақытжан былай дейді: „Әлихан, арамыздағы жалпы ұлт мойындаған сенсің. Сен өзіңнің еңбегіңмен, қызметіңмен ұлттың көшін бастайтындай-деңгейге жеттің. Оны бәріміз мойындауымыз керек“(Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы — Алматы: Алаш, 2004.-1-т.-552б.86-91бб.). Бақытжан бұл сөзді 1911 жылы айтып отыр. Тарихшы М.Қойгелдиевтің айтуынша, Б.Қаратаев — өмірінің соңына дейін Ә.Бөкейхановтың оппоненті болған адам („Жас қазақ“, № 48, 8желтоқсан, 2006жыл).Олай болса, саяси көзқарастарының алшақтығы һәм жасының үлкендігіне қарамастан ұлт бірлігі, ұлт мұраты жолында кішілік пен кісіліктің үлгісін көрсеткен Б.Қаратаев қандай құрметкеде лайық?! ХХ ғасырдың басындағыұлт серкелерінің ұлы бабалары арасындағы пендешіліктен болған қасірет пен өкпе-ренішті ұлттық мүдде жолында ұмытып, сын сағаттабір-бірін мойындап, бағалай білуі — бүгінгі жас өскінге үлгі-өнеге ғана емес, қалың қазақ сүйсінерлік құбылыс. Осы реттеұлы бабамыз Төле би айтқан»Қой асығы демеңдер, қолға жақсақа ғой, жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой» деген даналық сөз еске түседі.
Ой орамында келесі мысалға кезек берейік. Сөз жоқ, Ә.Бөкейханов — ұлттық көшбасшы. Соңғы кезге дейін Алаш» автономиясын құрған Ә.Бөкейханов(1866–1937) пен Қоқанда «Түркістан» автономиясын құрған М.Шоқайдың(1890–1941) саяси көзқарастары жараспай, жолдары екіге айырылған деген түсініктердің болғаны рас. С-Петербор мұрағаттары мен кітапханаларынан Алаштың ардагер ұлы М.Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты соңғы жылдары табылған тың құжаттар бұрынғы қасаң түсінікті қайта қарауға себеп болып отыр. Бұл деректер Мұстафаның «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының саяси көсемі Ә.Бөкейхановпен құпия байланыста болғанын айғақтай түседі.
Белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтан Хан, Аққұлұлының деректеріне сенсек, жас М.Шоқайдың Ә.Бөкейхановпен кездесуі шамамен 1914–1915 жылдары болған. Өйткені 1916 жылы Ә.Бөкейханов І жалпыұлттық «Қазақ" газетінің бетінде Мұстафаны Ресейдің ІҮ Мемлекеттік Думасының Мұсылман фракциясының бюросына хатшылыққа ұсынған.Ұлт көсемінің жас талантты қаршадайынан байқаған қырағылығынажаның сүйсінеді әрі оның ұлттық идеяға адал азаматтық тұлғасы исі қазаққа өнеге. Бұл кезде Мұстафа әлі 26 жасқа да тола қоймаса, ал Ә.Бөкейханов қылшылдаған 40-тар шамасында.Ә.Бөкейхановтың бұл бастамасы сол жылдары Санкт-Петерборда тұрған қазақ зиялыларының шағын шоғырының наразылығын туғызған. Олар М.Шоқайды „саясат үшін әлі піспеген жасжәне тәжірибесі жоқ" деп есептеген. Ал осы „саясат үшін дүмбілез“ саналған жас Мұстафаның 1917 жылы, ақпан төңкерісінен кейін Қоқанда Түркістан автономиясын жариялағанын қазір мектеп оқушысы да біледі.
Зерттеуші С.Аққұлұлы „Әлихан мен Мұстафаның масон ложасы арқылы байланыстары болды ма?“ деген мәселені-де анықтай кетеді. Мәселен, Ә.Бөкейханов Парижде тұрып жатқан өзінің дарынды саяси шәкірті әрі ізбасары Мұстафаға арнаған хатын жол жүріп бара жатқан әйгілі әнші Ә.Қашаубаевтың ұлтарағының астына салып жібергені және жауапты да осы жолмен алғаны, кейін бұл оқиғаның Әмірені қайғылы өлімге соқтырғаны тарихтан белгілі(Төре Ғали. „Айқын“ газеті, № 228. 05. 12. 2009. // Қазақ тарихы, № 1(100), 2010.).Әміренің жастай бақилық болуының осындай өзіндік құпия сыры бар. Сол, 1925 жылы Францияға барған сапарында, ақкөңіл әнші Мұстафа Шоқаймен бір айдай уақыт сырлас-мұңдас болып бірге жүрген. Өкініштісі, бұл сапардың ақыры саясаттан алыс жатқан, аңқылдақ мінезӘміреге сор болып жабысты. 1934 жылы 7 қараша күні қазақтың тұңғыш операсы „Қыз Жібек“ сахнаға қойылды. Әміре сол операға қатысуы тиіс еді, бірақ 6 қараша күні түнде Алматының көшесінде, қазақ халқының дүлдүл әншісі жұмбақ жағдайда көз жұмды.Қайран, Әміре!
Ә.Қашаубайұлы(1888–1934) — тума дарын, таңданарлық қабілет иесі, сирек кездесетін музыкалық құбылыс. Әңгіме барысында ойдан ой, сөзден сөз туатыны қалыпты нәрсе. Әдетте бір дерек екіншісін еске түсіреді. 1924 жылы, ақпан айында Семейде өткен әншілер байқауының қалай өткені туралы халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (Қаллеки) Қалибек Қуанышбаев өз естелігінде былай деп жазыпты:
— Қарқаралы, Өскемен, Павлодар, Баян бәрі бір облыс екен. Павлодардан — Майра, Семейден — Әміре, Қарқаралыдан — Қали Байжанов(1877–1966) болды. Басқа әншілер жарысқа түсіп, кезектесіп ән орындағаннан кейін, топталып келе жатып, қарақшыға жақындағанда шұбатылып, біртіндеп шыға бастайтын бәйге аттарындай, аяғында Қали мен Әміре қалады. Бұлар баста әрқайсысы әртүрлі ән айтып, біресе домбырамен, біресе гармонмен сүйемелдеп, қыза-қыза екеуі сахнадан шықпай қояды. Әсіресе, екеуінің бір әнді кезектесіп қайталап орындауы керемет әсер береді. Қазақтың ескі әдеті қала ма, Қали айтқанда Қарағанды, Павлодар, баяндықтар қошеметтеп, Әміре ән айтқанда семейліктер шулап, айғайлап қостайды. „Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды“ дегендей, комиссия мүшелері не істерін білмей дал болып отырғанда Қали: „Біріншіні Әміре алсын, өйткені, талабы зор. Менен артық екені рас, аспанға өрлеп тұрғанда, беті қайтып қалады. Менің жасыма жеткенше өрлей берсін!“, дейді.
„Ағаға құрмет“ көрсетудің жөн-жосығын жақсы білетінӘміреде қалыспай: „Екі бәйгені қосып, бөліп берулеріңізді сұраймын“,деген соң, комиссия екі бәйгені қосып, екеуіне қақ бөліп береді. Осы кішіпейілділігінен-ақ Әміренің қандай жаны таза азамат екендігін тануға болады. Осыдан кейін Әміре мен Қали есімдері бүкіл Қазақстанды шарлап кетеді(Серік Оспан. Ән атасы Әміре // Егемен Қазақстан. 1 мамыр, 2013 жыл).Түйіп айтқанда, бодау замандағы алаш арыстары мен өнер майталмандарының өзара силастығы ғажап құбылыс. Қазақтың рухани байлығы, төл мәдениетінің өзегі Кісілікте жатыр. Ізгілік ұлт саңлақтарының тағдырымен бірге өрілген өте қымбат қасиет һәм ұрпақтарды сабақтастырып жатқан алтын шынжыр.

„Ағасы бардың жағасы бар,
Інісі бардың тынысы бар“
„Аға алдында пейіліңді көрсет,
Іні алдында мейіріңді көрсет“,
Халық даналығы

Сонымен қазақ халқында жеке тұлғалардың бір-біріне ізет көрсетіп, жақсылық жасауы ұлттық қағида (кредо) ретінде қалыптасқан. Көтерілген мәселені одан әрі аша түсетін, сөз орайында айрықша атап өтуді қажет ететін тағы бір мысал. Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің деректері бойынша, кәмелет жастағы Қаныш Имантайұлы(1899–1964) атақты халық сазгері Жаяу Мұсаға(1835–1929) сәлем бере барғанында, әнші төсек тартып жатыр екен. Жаяу Мұсаның „Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?“,- дегеніне, Қанекең: „ой да қосылады ғой, аға“,- деп жауап береді.
Сол сапарда Жаяу Мұса Қанышқа көк қаршығасын байлайды. Қанекең қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: „Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық“,-деп құсты алмай кетеді. Мұны кейін естіген Имантай, Қаныштың әкесі: „Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің“,- деп риза болыпты.
Аяулысын ардақтай алатын қазақтың кең мінезі қандай шіркін!Қыранды қыран қиядан таниды деген бар емес пе?!Әйгілі әншінің болыстың баласына бермеген қаршығасын, немересі жасты Қанышқа сыйлауы — жас талантқа көрсетілген ерекше сый-құрмет екені даусыз.Ізгіліктің астарында сол мәртебе-дәрежегеәбден лайықты, халық болашағына зор үміт артқан болар баланың болмысы жатыр. Зерделесек, ұлыдан ұлағат дегеніміздің өзі — осы.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарын ұлтына жасаған қызметіне сай жан-жақты ұлықтау парызымыз. Алаш арыстары менмен, өзімшіл емес, көпшіл, шетінен мемлекетшіл тұғын. Ұлт ұтылмаған, ұлттық мүддеге қызмет қылған,ұлт жұмысына жегілген жердегі нәрсенің бәрі-де ұлы. Бүгінгі сөз болып отырған тақырыптың өзегін аша түсу мақсатында, озық ойлы қазақ зиялыларының ірілігінайшықтайтын тағы бір деректі саралайық.
Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері М.Тынышбаевты(1879–1938) оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Ол 1900 жылы Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен тәмамдаса, сол жылыС- Петербордағы Жол қатынасы институтына түсіп, оны 1906 жылы бітірген.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ Ресей империясы бүкіл Орта Азияны жаулап, отарлау саясатын іске асыру үшін Орынбор-Ташкент темір жолын сала бастады. Бізге жеткен деректерге қарағанда 1915 жылы М.Тынышбаев Түлкібас стансасында темір жол салып жүреді. Сол жерде Т.Рысқұловтың (1894–1938) жүргенін естіп, оны іздеп тауып алады. Тұрарға болашағының зор екенін айтады. Тұрартанушы О.Қоңыратбаевтың дерегінше, „Рысқұл-Саймасай“ оқиғасын бүкіл ел естіген, қарапайым жылқышының патшаның болысын атып тастауы әр қазақты ойда қалдырып, қатты әсер еткен. Жетісулық Мұхамеджан Тынышбаев та сол оқиғаны жақсы білген. Тұрар Мұхамеджан, ағасына бірден ұнаған. М.Тынышпаев оған 150 сом, ақша ұстатқан.„Жақсыдан — шарапат“, деген осы емес пе! Сөзімізді тұжырсақ, Т.Рысқұловтың талантты екенін, болашағы бар екенін бірінші болып сезіп, оған дем берген — М.Тынышбаев. Кез келген тарихи тұлға — алдымен пенде. Көктен ешкім салбырап түсе салмайды. Өмірдің бұралаң жолдарынан өтеді. Бұл — заңдылық. Ата қазақта „тектіні текті таниды“, „жақсыны жақсы іздей жүреді“ деген қанатты сөз бар. Демек, жақсыны тану үшін-де парасат керек. Мұны ұлы Абай"Ит маржанды не қылсын“,-дейді.
Асыл, аға мен алғыр іні арасыдағы осы бір тартымды кездесуді тергеудегі М.Тынышбаевтың өз аузымен айтқан жауабырастай түседі:„Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом (әдейі кемітіп көрсеткен сияқты, басқа деректерде 150 сом -Ж.Ж.) бердім. Егер-де оқу үшін, ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитетте істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы, ол 30 жасқа толғанда, Ташкентте кездестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік“ (Жұртбай Т. „Ұраным — Алаш!.." Тез. 2 том. — Алматы: „Ел-шежіре“, 2011.79-б.).

Өмір осынысыменқызық.„Жазмыштан озмыш жоқ“!Қазақтың екі айбоз ұлын тағдыросылай екінші мәрте тоғыстырған. 1926 жылы Кеңес Одағы министрлер кеңесінің төрағасы Алексей Рыков пен оның орынбасары Тұрар Рысқұлов бас болып, Түрксіб темір жолын салуды жоспарлайды. Темір жолды салу үшін білікті мамандарды жинау керек болады. Қоқан автономиясы құлағаннан кейін М.Тынышбаев жұмыссыз қалады. Аға жақсылығының қадірін ұмытпаған Тұрардай іні „жақсылыққа жақсылық, әр адамның ісі“ екенін дәлелдеп, Ф. И. Голощекиннің қарсылығына қарамастан М.Тынышбаевты бекітіп жіберген. Сөйтіп, заңғар тұлғалардың сыйластығы өле-өлгенше жалғасқан. Бұдан абзал, аға мен дарынды іні арасындағыүрзада үміт пенерекше сый-құрметтің нәзира үлгісін көруге болады. Өкініштісі, қазақтың біртуар азаматтарының екеуіде 1938 жылы атылып кетті.

Тұрартану ғылымының жанашыры Молдияр Серікбаев деректеріне сенсек, Тұрардың өз замандастарына да жасаған қамқорлығы аз болмаған. Түркістан мемлекетінде істеп жүргенінде Санжар Асфендиаровты денсаулық сақтау министрі етіп тағайындайды. Түркітанушы ғалым Әбубәкір Диваевқа үй беріп, зейнетақысын көбейтеді. Ал Димаш Ахметұлы жоғары оқу орнында оқып жүргенде үстінен Бекболат деген біреу арыз жазып, оқудан шығып қалады. Арызы „Шіріген саудагердің баласы кеңестің оқуын оқып жүр“ деген мағынада. Оқудан шығып қалған Димаш Ахметұлы маңайындағылардың кеңесімен көмек сұрап, Тұрарға барады. Тұрар оны үш-ақ сағаттың ішінде қайтадан оқуға алғызады. Қолында билік бар кезде басқа да қаншама балаға көмек қолын созды. Бауыржан Момышұлы да қаржы академиясына Тұрар арқылы оқуға түскен. Қаныш Сәтбаевты Жезқазғанға бағыттаған да Тұрар еді. Ал Мұхтар Әуезовке Орта Азия мемлекеттік институтына аспирантураға түсуге жәрдемдеседі. Мұхаң 1932 жылы түрмеден шыққаннан кейін Тұрардың үйіне барады және оның өмірінен үш томдық трилогия жазатын ойы бар екенін айтыпты. Бірақ Тұрар „халық жауы“ атанып кеткеннен кейін трилогиясын жаза алмай, тек „Қараш-қараш оқиғасымен“ шектелсе керек. Сол жолы Тұрар Мұхтарға костюм кигізіп, жолына, ақша беріп, Қазан вокзалына дейін шығарып салған екен деседі.(Серікбаев М. Түріктік идея Тұрардың ойынан ешуақытта шықпаған. // „Аңыз адам“,2011, № 10(22), 27-28бб.).
Аға буынның қамқорлығын көріп өскен кейінгі жас толқын бұл игі дәстүрді үзіп алмай, әрі қарай жалғастыруға тырысқан, бұған мысалдар жетерлік. Қазақ дүниетанымындағы ініге ізеттің астарында зерек, дарынды жасқа дегеншынайы қамқорлық, ағалық мейірімнің ұлттық, елдік мүддемен ұштасуы,қоғамға қажетті маман әзірлеудегі ұлттық ұстаным меншәкірт тәрбиелеудегіұрпақтар сабақтастығы, ұрпақ қамы жатыр…
Күнінде Кеңестер Одағы"күндей күркіреп“ тұрған тұста Қазақстан мен Түркістандағы дарынды комсомол ұйымдастырушысы, Түркістан комсомолы Орталық Комитеті Қырғыз (Қазақ) бюросының тұңғыш төрағасы болып сайланған Ғани Мұратбаевтың(1902–1924)атағы жер жарып, даңқы дүркіреп тұрды. Мұны бүгінгі орта және, аға буын өкілдері жақсы біледі.Түркістан жастарының көсемі болып, жұлдыздайағып өткенаяулы азаматтыңғұмыры ғибратқа толы. Қамшының сабындай ғұмырында, жастар қозғалысының жалындаған жас жетекшісі Ғани асқан дарындылығы мен ұйымдастырушылық қабілетін жарқыратакөрсетіп,қиын-қыстау шақта талай жастың болашағына жарқын жол сілтеді.
Оған ҚРОММ қорларындағы құнды құжаттарды ғылыми айналымға қосқан Р.Сариеваның „Шығыс жастарының таңшолпаны“ деген мақаласында келтірілген төмендегі деректер дәлел бола алады. Оның айтуынша,Ғ.Мұратбаев 1919–1920 жылдары Түркістан республикасындағы өзбек, қырғыз, қазақ, тәжік, орыс, дұнған, т.б. ұлт өкілдерінен тұратынқаңғып жүрген 3000 баланы Ташкент қаласының көшелері мен вокзал, базарларынан күндіз-түніерінбей, аяқтай жүріп іздеп тауып, бастарын қосып топтастырып интернаттарға орналастырған. Білімсіз, қараңғы жастардысауат ашу, кәсіптік білім беретін мектептерге, орта, жоғары оқу орындарына қабылдатып, өмірден өз орындарын табуына мүмкіндік жасайды. Шындығында, олардың ішінен кейін мемлекет, қоғам, партия, комсомол қайраткері, ғалым, ақын, жазушы, елге танымал азамат болып өскендері аз емес. Солардың қатарында, филология ғылымының докторы Бейсенбай Кенжебаевты, ақын Асқар Тоқмағанбетовты, жазушы Өтебай Тұрманжановты, т.б. белгілі тұлғаларды ерекше айтуға болады. Сол кезде Ташкентте оқыған, не интернатта тәрбиеленгендердің бәрі-де Ғани Мұратбаевтың қамқорлығын өмір бойы естен шығармай, „Біздің Ғани“ деп мақтан тұтқан.
Белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев өз естелігінде: „Менің тағдырымда Ғани Мұратбаев шешуші рөл атқарды. 1920 жылы жазды күні мені, тағы басқа бірнеше балаларды көшеден ұстап алып, 14-ші нөмірлі балалар үйіне апарып тапсырды. Мені комсомолға қабылдады. Мен партия, кеңес мектебі жанындағы комсомол ұйымында хатшы болып жұмыс жасағанымда үнемі, ақыл-кеңес беріп отырды. 1922 жылы мені Мәскеудегі Шығыс халықтары коммунистік университетіне жіберді. Ғани мейлінше қарапайым, жайдары, адал еді. Қамқоршы, аға, талантты басшы, ұйымдастырушы еді“ деп жазды.
Ал, А.Анисимова „Оны Ғани деп атады“ дейтін естелігінде 1920 жылы Ташкент базарында Бейсенбай Кенжебаев басқарған алты баланы базардағы сатушылардан жымқырған нандары мен жемістерін өзара бөлісіп жатқанда, Ғанидың қалай ұстап алғанын, балалар үйіне қалай орналастырғанын әсерлі суреттейді.
Ғанидың қамқорлығын, аялы алақанын көрген, ақын Асқар Тоқмағанбетов Ғани туралы былай сыр шертеді: „…Біз оның шағын кабинетіне түгел сыймадық. Қырыққа жақын орыс, қазақ, қырғыз, өзбек балалары оны қаумалап тұрып алдық… Бізді Пушкин көшесімен профшкол дейтін су мұрабтарын даярлайтын мектепке әкелді. Ғани күні бойы жүріп, бәрімізді осы мектепке орналастырды“.
Ал қырғыздың халық ақыны Аалы Тоқамбаев: „… Ғани бүкіл ел сүйетін, жетімдердің қамқоры еді“, — дейді.
1922 жылы халық ашаршылыққа, босқыншылыққа ұшырап жатқан кезде Ташкендегі интернатта оқып жатқан студенттерде не оңған қаржы болсын. Аз қаржыларын тамаққа жұмсаған. Еліне қайтуғақшалары жоқ. Ақшасызды поезға кім отырғызсын. Оның үстіне поездан орын да таба алмаған. Сондықтан, өздерінің бұрыннан қамқоршысы санап жүрген студенттер Ғаниға барған.
— Сонда бізді тыңдап болып, — дейді Шақпақ Артықбаев,- Орталық Комитетінің Маев деген бөлім меңгерушісін шақырып алды да:
— Менің мамыр айына тиесілі айлық ақшамды әкеп бер, — деді.
Маев айтқанын орындады.
Ғани, ақшаны бізге беріп жатып: „Өзара бөлісіп, тамақ сатып алыңдар. Ал поезға отыру жөнінде өзім сөйлесемін“, деді. Ертеңіне жолаушы поезының соңына арнаулы вагон тіркелген екен. 250-ге тарта студенттер сол вагонмен елге жүріп кеттік.
Ашаршылық күндері бір ай күн көретін еңбек, ақысын беріп, өзін жастар үшін құрбандыққа шалған қандай үлкен жүрек! Адамгершілік. Қайырымдылық. Мұндай қамқорлықты ашаршылық емес, ит басына іркіт төгілген заманда да екінің бірі жасай алмайтындығы шындық. Бұл қамқорлықты кім ұмыта алады. „Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді“ дегендей, таршылықта, қысылтаяңда біреу-екеу емес, 250 студентке тегін вагон алып беріп еліне жеткізіп салуға көрсетілген мұндай қамқорлықты ұмытуға, естен шығаруға бола ма(Сариева Р.Х. Мұрағат және тарих:(мақалалар, баяндамалар). — Алматы: „Арыс“ баспасы, 2004.178-181бб.).Уақыт қашан да өз асылдарын тереңде жатқан тұңғиықтан шығарып, шындықтың бетін осылай аша білген.

„Ағаның бары білінбейді, жоғы білінеді“
„Ардагер, аға алдында тұрсын,
Әдепті іні артында тұрсын“,
Халық даналығы
Ізгілік ұлы дүние. Оның үлкен-кішісі болмайды және ол сатылмайды. Бір ғажабы ол ешқашан сатып алынбайды да.
Қазақ қайраткерлерінің рухын тірілту, еңбегін жаңғырту, үлгісін айту — тарихшы қауымның парызы. Жүсіпбек Аймауытов(1889–1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі һәм бірегейі.Ақиқатын айтсақ, Жүсіпбек осал тұлға емес. Қай жағынан алсаң да мықты. Ерте атылып кеткен ерлердің бірі.1927–1929 жылдары жазған хаттарының бірінде: „Былтыр ойын кітабын жазуға бәйге жарияланғанда, „Шернияз“ деген кітап жазып қосып едім. Соған бірінші бәйге беріліпті. Мен оны алғам жоқ, екінші бәйге алған Мұхтар Әуезовтің (1897–1961) „Қарагөзіне“ беріңдер дедім, өйткені ол шетте оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керегірек қой“,- деп жазыпты(Х. Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев. Қазақ әдебиеті. 11 класс. А., Мектеп баспасы. 2002 жыл. 75-бет).Біздіңше, осы бір елеусіздеу ғана көрінетін әрекеттің артында — аламан бәйгеде топты жарып, суырылып алға шығып келе жатқаншын жүйрікті, жарқырап жанып келе жатқан"жас жұлдызды"жігерлендіру, шабыттандыру,қанаттандыру сияқты аса қымбат көңілтолқынының ізі сайрап жатқаны айдан анық.
Біздің мақсат деректерді іріктеп, тізіп шығу емес, келтірілген мысалдарға иек артып, мәселенің мәйегін ашу. Өздерінің ізінен ерген, өкшесін басқан кейінгі жас толқынды тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып кетуге уақыттары тар болып, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан алаш зиялылары ұлт оғландарының бойына Алаш идеясының нәрін сіңіріп үлгерді.„Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын“ деп тереңнен толғанған Ахаңдардың 30-жылдардағы үркіндіде М.Әуезовке қалай қолдау жасағанын ел — жұрты әлі ұмыта қойған жоқ. Өзі тар қапаста жатып, тас қабырғаның ар жағынан сырттағыларға „Мұхтарды сақтаңдар, Мұхтарды“ деп хат жазатын А.Байтұрсыновтың (1873–1937) ірілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?!. Бақи дүниенің сират көпірінен бір кемі жоқ фәни дүниедегі абақты азабын көрудей-ақ көріп, түрме тауқыметін тартудай-ақтартқан аяулы азаматтың қарақан басының қайғысынан бұрын, болашағы боқташағынан белгілі болып қалған „жас бөрінің" тағдырын биік қоюы — қалай ойласаң да санаға сыя бермейтін ерлік, тек сайыпқыран саңлақтардың ғана қолынан келетін нағыз рухани мәрттік. Бұл жәйтті белгілі қаламгер Ә.Кекілбаев: „Осының бәрін терең түсінген, заман мен қоғамға әріден қарай білген, ойлы да зерделі Әуезов 1932 жылы баспасөз бетінде өзінің райынан қайтқанын айтып, кешірім сұраған хат жариялауға мәжбүр болады. Соның арқасында алыптар тобының қиямет заманға қалдырып кеткен жалғыз аманатындай болып, түрмеден босап, тірі қалды. Ел арасында бұны жазушы бұрынғы әріптестерінің айтуымен істеді деген-де әңгіме бар“(Кекілбаев Ә. Көрсетілген еңбек.667–668 бб.),-деп қорытады. Ал, зерттеуші Т.Жұртбайдың дерегінше, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековке „ниетімнен қайттым“ деп ашық хат жазуға ұсыныс берген-де Әлихан мен Ахмет дегдарлар еді. Соның нәтижесінде, қазақтың екі ғұламасы тіршіліктің дәмін тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет етті (Жұртбай Т. Ұраным Алаш. — Алматы: „Ел-шежіре“, 2008.178-б.).
Отты жырларымен Алаш рухын аспандатқанМағжан Жұмабайұлы (1893–1938) НКВД тергеушісінің „Әлкей Марғұлан (1904–1985) есімді студент жігітпен араласқан екенсіз, қазір ол қайда?“ деген сұрағына әдейі „Ол ауырып қайтыс болған“ деп жауап беріпті.Қазақ археологиясының атасы Ә.Марғұланның қызы Дәнел Марғұлан былай дейді: „Мағжан алғаш тұтқындалғанда әкем еш қорықпастан, ақынның үйіне барған. Ал Мағжан әкемнің болашағын ойлап, тергеушіге әлгіндей жауап берген. Өтірігі ашылған жағдайда өз басына қауіп төнетінін біле тұра солай жасаған. Ақын, ағаның мұнысын ерлік деп бағалаймын“.Мағжанның жесірі Зылиха Жұмабаеваның естелігіне жүгінсек: „Мағжан жырлары жарты ғасыр бойы жабулы жатпағанда бізде Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды мықты, ақындар әлдеқайда көп болар еді. Бұларды атап отырғаным, екеуі де Мағжан өлеңдерінен ерте сусындап, ақын жинақтары олардың қолдарына жұрттан бұрын тиді“.
Осы мысалдардан-ақ ұлтымыздың тектілік-деңгейін анық аңғаруға болады. Ініге ізеттің төркінінде ұлттың ұйысуы, ұлттың бірлігі, ұлттың рухы жатыр. Олардың ұлт мүддесі, ұлт намысы, ұлт мұраты дегендегі ішкі бірлігін, жанкешті қимылын сөзбен айтып жеткізу қиын. Алаш арыстарының тағдыры қуғын-сүргін мен азапқа толы болды, сонда да олар мойыған жоқ, басына түскен ауыр сынақты көтере білді, өмірлік ұстанымы мен адами қасиеттерін сақтай алды. Алаш арыстары — бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

Алаштанушы Мақсат Тәж-Мұратша айтсақ, Алаш қайраткерлері 37-нің зұлматында түгел-толайым орылса да, соңдарына өз рухтарының мұрагері, мирасқоры ретінде идеяларын, шығармашылық энергияларын тастап кетті. Алаш арыстарының сынығындай көрінетін талантты тарихшы Е.Бекмахановтың(1915–1966)талайлы тағдыры алаш ардақтыларының азаматтығын айшықтайтын тарихтың тағы бір толайым беттері. Бозбала Бекмаханов 1933 жылы Қазақ АКСР оқу-ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қабылданып, 1937 жылы соның тарих факультетін тәмамдайды. Осы оқу орнында оқып жүргенінде Бекмахановтың қазақтың соңғы ханы Кенесарыны зерттеуге түрткі боларлық бір оқиға болады. Бұл жөнінде ғалымның жұбайы Халима Бекмахановабылай дейді:
— „Воронежде жүргенімде үнемі бір қазақ кісіні көретінмін“ дейтін Ерекең. „Осы кісі шынында да қазақ болса ғой шіркін“ дейді екен. Шет жерде қандасыңды ұшырату қандай керемет! Көпке дейін бата алмай жүріпті-де, бір күні, ақыры жанына барып, „аға, сіз қазақсыз ба?“ деп сұрапты. Ана кісі „иә, балам, мен қазақпын“ депті. Сөйтсе, ол Воронежге жер аударылған алаш көшбасшыларының бірі — Халел Досмұхаммедов(1883–1937)екен. Солайша екеуі үнемі кездесіп, әңгімелесіп тұрады. Халел Досмұхаммедов өзі дәрігер болса да, тарихты жақсы білген зиялы адам ғой. Ал Ерекең — ол кезде ауылдан енді ғана шыққан, өзі орысша оқыған студент. Сондықтан Ерекеңе Кенесары ханды зерттеуге бағыт берген-де сол Халел, аға шығар деймін кейде“.Ғылым жолына шындап берілген жас талант Е.Бекмаханов 1946 жылы „Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында“ деген тақырыпта докторлық диссертациясын Мәскеуде сәтті қорғайды. Сол кезде,қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Е.Бекмахановбар болғаны 31 жаста екен.„Ерекеңнің осындай сәтін көзбен көріп, қасында болу үшін Мәскеуге мен-де бардым, — деп әңгімелейді,әйгілі ғалымның ай қабақ асыл жары Халима Адамқызы сұхбатында — Сол жерде тұңғыш рет Мәлік Ғабдуллин, ағамызды көрдім, Батыр, ағамыз Бауыржан Момышұлы да қатысуға арнайы барды. Диссертация қорғалатын залға Қазақ Ғылым Академиясының негізін қалауға күш салып жүрген атақты ғалым Қаныш Сәтпаев кіріп келгенде, орыс ғалымдары орындарынан атып тұрып сәлем берді. Сондай беделі биік тұлғаның өзі Ерекеңнің қорғауына қатысып, біткеннен соң: „Біздің қазақ салтында мұндай жағдайда міндетті түрде дастархан жайып, той жасайды. Сен-де сол салттан аттағандай болма“,- деп, ақша бергені бар. Ерекеңнің үш ай Мәскеуде жүріп, қаражаттан тарыққанын айтпай-ақ біліп, өзгелердің алдында еңсесі түсіп қалмауын ойлаған Қанекеңнің көрегендігі әрі ұлт намысын ойлағандығы ғой“.
Сөйтіп, сөзі-де,өзі деірі Қ.Сәтбаевтай ғұлама, аға, сан мыңдаған саналарда Кенесары көтерілісінен кем түспейтін сілкініс тудырған дарынды іні Ермұқанды үлкен ризашылықпен құттықтап, банкет жасауғақша берген. Түсінген жанға мұның астарында ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету,ұлт абыройын асқақтату сезімі жасырынып жатыр. Ең бір өкініштісі, тарланбоз тарихшының кейінгі тағдыры кеңестік-коммунистік жүйенің диірменіне түсті.
Осының салдарынан қайсар талант Е.Бекмаханов 1966 жылы небары 51 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Оның Бауыржан Момышұлымен қоштасарда айтқан сөзі — „Үлгере алмай кетіп барам, кешіріңіз!“ болса керек. Ал осыған кешірім сұрап жауап бергендей Баукең былай деп жазыпты: „Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде“. Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға арнап жазып едім. Інім едің — сенімен қоштасып, басыңа қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқаша да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б.Момышұлы» (Қазақ тарихының Геродоты. //Жас қазақ.№ 14 (170), 11 сәуір 2008 жыл; Бекмаханова Х. «Мехнат бізді мойындата алмады».// Егемен Қазақстан. 15, ақпан 2013 жыл).Қазақтың хас батырыБ.Момышұлының оны Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды ұлылардың қатарына қоюы, шын мәнінде Е.Бекмахановтың текті тұлға болғанын айшықтайды.
Ініге ізет жайлы толғанысымызды осы тұстан іріккенді жөн көрдік. Мысалдарды тізіп, сөзді көпірте бергеннен ендігі жерде көп пайда жоқ. Шын мәнінде бұл бірнеше мәрте қайта оралып соғатынөзекті тақырып. Сөздің қысқасы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлтының тірек тұлғалары қандай еді: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Аймауыт, Мұстафа Шоқай, Бақытжан Қаратаев, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек Қожанов, Халел Досмұхамедов, — тағы басқалар толып жатыр. Аттары аталмағаған арыстар қаншама. Бұлардың бәрі қазақша-орысша, арабша-парсыша өте сауатты кісілер еді. Әрқайсысы бір-бір мемлекет, бір-бір үкімет басшысы-деңгей-дәрежесінде емес пе?!.(Жүсіп Н. Біз кімнен кембіз?. (публицистикалық пайым). Алматы: Шартарап, 2001. — 134б.).
Иә, ұрпақ ұлтын сүю үшін ұлттан шыққан ұлы тұлғалар, ұлтымыздың ұлы қасиеттері, ұлт тарихындағы ұлы дүниелердің қай-қайсысы даназардан тыс қалмай үздіксіз насихатталуы керек. Ата-бабасының жасампаз істеріне, ұлттық мүдде үшін күрестеріне, даналықтары мен қателіктеріне қаршадайынан қанық болып өскен жас нағыз азамат, нағыз қазақ болып өседі.

Тобықтай түйін
Оқырман мына нәрсені дұрыс түсінгені жөн. Бұл тарихи-танымдық бағытта жазылған сараптамалық пайым және көтерілген тақырыптың ауқымы өте кең. «Ініге ізет» деп айдарланған бұл ізденістедәстүрлі қазақ қоғамының қатпарларын аша түсетінтарихи-этнографиялық деректерге барынша қысқаша талдау жасалып, негізінен өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялыларының кейінгі буынға көрсеткен, ағалық қамқорлығы, үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі нақты тарихи деректер негізінде сараланды.
Ғылыми айналымда жүргенбар мәліметтерді жүйелей келе, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлттық элитаның өмір өткелдерінің өн бойында — қазіргі азат еліміздің өндірдей жас ұрпағы қызыға қарап, үлгі аларлықтай қазақы қалып жатқанына сүйсінесің. Біз көп жағдайда қазақ қайраткерлерініңқоғамдық-саяси қызметін негізінен ғылыми тұрғыдан талдап-тарқатып, олардыңбойындағы ізгілік, кішіпейілділік, мейірімділік т.б. адами қасиеттерінеайрықша мән беріп, онша терең үңіліп жатпаймыз.Өйткені дана қазақ ешқашан «жаман бергенін, жақсы көргенін айтады» деп, жасаған жақсылығын жарнамаламаған.
Байыппен қараған жанға, ініге ізеттің астарында ұлттық, елдік, мемлекеттік мүдде жатқаны байқалмау мүмкін емес. Сын сағаттағы ұлт зиялыларының бас біріктіріп, бірін-бірі бауырындай көруінің негізгі сыры — алаштың ертеңі мен қазақтың болашағы.
Олар ұсақ пенделерге тән қызғаныш пен іштарлықты аттап өтіп, хас тектіге тән әділдік пен адалдыққа құштарлықты алға салды.
Олар тасқа салса да мұқалмайтын қайсар нағыз мемлекетшіл тұлғалар екенін тағдырларымен дәлелдеп, тарихқа есімдерін алтын әріптермен қашап кетті.
Олар, ақыл-парасаты мен кемел білімі, іс-әрекеттері мен соны зерттеулері һәм сөз саптауы, ең жеңілі жүріс-тұрысы мен киім киісінің өзімен исі қазақ баласына үлгі бола білді.
«Қажымас қара нардай» болған атпал, ағаларының аялы алақанын көріп үлгерген жас толқынсоларға еліктеп өсті!

 

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты,
Орал қаласы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?