Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұжымдастыру науқанының Семей губерниясындағы көрінісі

2181
1920 жылдардың соңынан етек алған ұжымдастыру үрдісі мемлекетке жоспарплы түрде ет дайындау науқандарымен тікелей байланыста болды.

Бүкілодақтық коммунистік большевиктер партиясының Орталық комитеті қабылдаған «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» қаулысы Шығыс Қазақстан аймағының  қазақ шаруаларының әлеуметтік жағдайына өз әсерін тигізбей қоймады.

Семей округі бұл кезеңде орталыққа ет өнімдері мен мал шикізаттарын өткізетін ірі база болып есептелінген. Шаруашылық түрі мен тауар өнімдері бойынша  округтің барлық аудандарын 4 топқа бөлуге болады.Соның ішінде ауылшаруашылығының негізгі саласы болатын аудандарға: Зайсан, Шұбартау, Қызылтас, Аякөз, Қызылтаң, Күршім, Мақаншы, Марқакөл, Тарбағатай, Ұлан жатады.Бұл аудандар бойынша  мал өнімдерін дайындау, шамамен  85-95 пайызды құраған [1, 76 б.].

Жоғарыда аталған қаулыда  «Ет проблемасын  шешпейінше партия мен кеңес өкіметінің маңызды экономикалық міндеті  болып табылатын жұмысшы табын азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіндегі қиыншылықтар жойылмайды» деп көрсетілген болатын. Ет дайындау науқандарында Мәскеу, Ленинград, Иваново-Вознесенск, Нижний Новгород қалаларына ет өнімдері жоспарлы түрде жөнелтіліп отырылды. Осы науқанда Семей ет комбинатынан 132253,3 тонна, Аякөзден 3254,1 тонна, Павлодардан  2733,1 тонна ет жөнелтілген[2, 56 б.]. Әр комбинатқа белгіленген жоспар 78,2 пайызға орындалған. Нақты осы жылы жоспарды орындау  шынында да таң қаларлық жағдай.Себебі, осы уақытта ашаршылық белең алып, ауылдың әлеуметтік жағдайы нашарлап отырған кезең еді.Осыған қарамастан, жоспарды орындауға өкіметтің қысымы мен талабы әсер етті. Қысым  көрсету шараларын жүзеге асыруды жоғарғы басшылар жергілікті шолақ белсенділерден талап етіп, бұл науқандардың «саяси» мәнін айқындап отырды.

Халықтың жағдайын  көзбен көріп отырған, сондықтан күштеуге дәті бармаған басшылар жоспарды орындамағаны үшін  қызметінен алынып отырғаны бізге белгілі.

Ет дайындау саласында тиімді жолдарды саралауды негізге ала отырып, өкімет енді етті жедел дайындау мен шарт жасасу арқылы бұл мәселені шешуге тырысты.Шарт жасасудың заңдық негізі КСРО ХКК 1929 жылғы 7 қазанындағы  «Ауыл шаруашылығы өнімдерін контрактациялау» туралы қаулысында қаланды.  Шарттасу ет өнімін өткізуде колхоз, бірлестік немесе шаруаны мемлекет алдында тәуелді және толық  түрде міндетті етті.Себебі, шарт бойынша олар мерзімі келгенде малды өткізуі тиіс, ал егер ол жоғалып, өліп немесе айырбасталып кетсе, онда шарттасушы қылмыскер ретінде жауапқа тартылды.Сондықтан, шартқа түскен мал мемлекет меншігі ретінде уақытында өткізілуі тиіс.

Ет өнімдерін мемлекетке өткізу шаралары және қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығы құрылымының бұзылуына байланысты 1929-1931 жылдары аралығында Шығыс Қазақстан өлкесінде мал саны азайып кетті.Деректерді саралай отырып, мал санының  кемуі  Семей округінің барлық аудандарында болғандығын байқаймыз. Соның ішінде ерекше азаю Зайсан, Ұлан,Ұржар, Абыралы, Қарқаралы, Аякөз, Тарбағатай, Бесқарағай, Көкпекті сияқты қазақ ауылдарында болды.

1929 жылы Шығыс Қазақстан өлкесінде 1062895 ірі  қара болса, 1931 жылы 598783 ірі қара қалған.Жылқы малы бойынша 1929 жылы-694333 болса, 1931 жылы-50791 бас қалған. Ұсақ  малдың азаю мөлшері тым ерекше болды. Өлкеде 1929 жылы 3384013 ұсақ мал болса, 1931 жылы- 804158 мал басы қалған. Мал басының кему көрсеткіштерін төмендегі кестелерден айқын аңғаруға болады.

Кесте 5-1929-1931 жылдар аралығындағы мал басының кемуі (1929 жылмен салыстырғанда) [3,14б.].

1929 жыл

1931 жыл

Кему пайызы

Барлық мал саны

Барлық мал саны

5 288 614

1 961 783

63


Мал түрлері

Уақыты

Саны

Уақыты

Саны

%

көрсеткіші

Жылқы

Ірі қара

Қой-ешкі

Шошқа

Барлығы

1.06.1929 ж

1.06.1929 ж

1.06.1929 ж

1.06.1929 ж

19397

22924

33280

3584

79185

4.03.1930ж

4.03.1930ж

4.03.1930ж

4.03.1930ж

15327

15449

156870

615

47261

24,7

32,1

52,3

85,8

Кесте 6 - 1929 жылдың маусымынан 1930 жылдың наурызындағы Өскемен ауданындағы мал басының төмендеуінің апаттық жағдайы [3,14б.].

Бұл мәліметтерден  өкіметке ет даярлау науқанының өлкенің  экономикалық жағдайына кері әсер еткенін байқаймыз.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау шаруаларға төнген қатер болып көрінді. Бұл науқанның кезінде қысым көрсетудің алғашқы нышандары  қылаң берді. Оның ауқымын мына фактіден аңғаруға болады. Астық жинау науқанының екі жылы ішінде (1928-29 және 1929-30 жж.) тек үш ауданда ғана (Ақмола, Петропавл, Семей) РСФСР Қылмыстық Кодексінің 62-ші және 107-інші баптары бойынша 34120 адам айыпқа кесіліп, 22307 шаруашылық әкімшілік жазаға ұшырады. Сонымен қатар 23 миллион сом мөлшерінде айып кесіліп, дүние-мүліктер, 53,4 мың бас мал, 631 мың пұт астық, 258 алуан түрлі ғимараттар мен үй құрылыстары тартып алынды немесе кәмпескеленді. Тіпті, ресми деректердің өзінде сотқа тартылғандардың арасында нағыз бай-кулактардың шаруашылықтары 50 проценттен сәл ғана асады.

Қазақ АКСР-інің үлес салмағы Одақ бойынша етке даярланатын бар малдың 7-16 процентін құрайтын. Ал 1 республика ішінде бұл жоспардың негізгі салмағы өздері ашаршылыққа ұшырап жатқан көшпелі және жартылай көшпелі аудандарға түсті. Шет ауданында үй басы 150-250-ге дейін мал беретіндей салық салынды. Шұбартау ауданы 1931-1932 жылдары етке бар малының80 процентін берді. Балқаш ауданында 1930 жылы 173-186 басмал қалған-ды. Ал етке тапсырар малдың жоспар бойынша 279 мың басқа жетті. Бұл жоспар қолда бар малдан 71 процент артық деген сөз. Қу ауданы (Қарағанды облысы) 1930-1932 жылы қолда бар малдың 28 процентінетке өткізді.

Осымен қатар егін екпейтін қазақ шаруаларына астық салығы тағы салынды. «Қайдан тапсаң одан тап, қаптың түбін қақ!» – деген айғайшыл ұран сол күндерден қалған белгінің бірі. Қолда бар малын астық айыр-басына салған кедей және орта шаруалар малсыз қалды. Тапа-тал түсте малы таланған кедей, орта шаруа бай мен кулактардың және солардың итаршылары мен жандайшаптарының сөзіне алданып, қолда бар малды қырып, талан-таражға салды. Алайда, Ф.Голощекиннің өзінің мойындауынша қырылған малдың 10-15 проценті ғана бай мен кулактардың жасаған зиянкестігінен болды. 1926 жылғы санақ бойынша 1950 ауқатты қазақ шаруалары қожалығы бар қазақ шаруаларының 2,6 процентін, 12100 ауқатты орыс шаруаларының шаруашылығы (крестьяндардың 7,1 проценті) кісі еңбегін қанайтын. Орта есеппен бұлар республикадағы 1, 150 мың шаруа қожалығының 3,8 проценті болатын Ал Қазақ өлкелік партия комитеті коллективтендіру кезінде бай мен жартылай феодалдар 5-7 процент деген бақылау цифрді басшылыққа алды. Басқаша айтқанда, бұл қосымша тағы да 10 мыңнан астам орта шаруа шаруашылығы бай мен жартылай феодалдың қатарына қосылды деген сөз еді.

Орташа шаруаларға әкімшілер тарапынан зәбір көрсетілді. Тек 1929 жылы коллективтендірудің алғашқы сәтінде ғана 56498 шаруа жауапқа тартылып, оның 34 мыңнан астамы сотталды. Сотталғандардың 58 проценті ғана кулактар еді.

Кеңес мемлекетінің аграрлық саясатында көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды жалпы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде отырықшыландыру көзделген еді. Жалпы отырықшыландыру науқанын іске асыруда арнайы басқару және үйлестіру құрылымдары болғанын айту қажет. Олар алдын ала әр аймақтағы шаруашылық сипатын анықтады. Мысалы 1928 ж. Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының Қазақстанды аудандастыру материалдары бойынша көшпелі шаруашылықты аймаққа мына жерлер жатқызылды: Орал губерниясының оңтүстік шығысындағы Бөкей губерниясының шығыс жағымен теңіз жағалауы, Гурьев уезінің орталық және солтүстік бөліктері, Темір ауданы,  Адай округі, Торғай және Ырғыз аудандары, Қарақұм,  Қазалы және Қызылорда уездері, Бетпақдала, Балқаш ауданы, Ақмола  және  Атбасар уездерінің орталық және оңтүстік бөліктері, Қарқаралы уезі, Павлодар уезінің шығыс бөлігі.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің бюросы 1929 ж. 6 қарашада қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшіру туралы арнайы қаулы қабылдады. “Қазақ шаруашылығының артта қалған жартылай көшпелі, ішінара тұтас көшпелі шаруашылық түрлері ауыл шаруашылығын өркендетуге үлкен бөгет болуда” деп көрсетілді қаулыда. Ал мұның өзі шындыққа сай келмейтін еді. Себебі экономикалық негізі жоқ күштеп ұжымдастыру қарсаңында қазақ шаруаларын бір мезгілде отырықшыландыруды қоса жүргізудің сылтауы болатын. Отырықшыландыру жоспары бойынша (мұны ұжымдастыру жоспары деп қарау керек) 1933 ж. дейін Қазақстандағы барлық шаруа қожалықтарының 81,3 пайызын ұжымға біріктіру белгіленді. Шаруалар қоныстанатын жерлерді суландыру мен мелиорациялық жұмыстар негізінде 380 мың шаруашылықты отырықшыландыру көзделді [4, 17б.]. Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы көлемі 2 миллиард сом болып белгіленді. Кеңес өкіметі отырықшыланатын ұжымдарға несие берді.

Ұжымдастыру аудандарында машина-трактор станцияларын (МТС), машина-шөп шабу станцияларын (МСС) құру көзделді. Бұлар шын мәнінде отырықшыландыру аймақтарындағы техникалық көмек көрсету мекемелері болды. Әрине, олардың материалдық-техникалық базасы әлсіз болатын. Оларға үкімет ерекше үміт артты. Мысалы, 1930 ж. 36 ауданда отырықшыландыру шаралары жүргізіліп, оның 5-де машина-шөп шабатын станциялар ұйымдастырлды, ал 1931 ж. 30 ауданда осындай 20 машина-шөп шабу станциялары  жұмыс  істеді [5, 12б.].

1930 ж. 2 қаңтарда Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің екінші сессиясы “Қазақ елін отырықшылыққа айналдыру жолдары туралы” қаулы алды. Қаулыда былай делінген: “Қазақ шаруашылығын социалдық негізге қайта құру дәуірі Қазақстан шаруасының қарқынды түрде ілгері басуы, қазақ елінің ауыл шаруашылығы коллектив жолымен қоныстандырылып және отырықшылыққа айналдырылып, оның өсуі екпінді түрде жүргізілуді керек етіп отыр”. Осы міндеттерге сәйкес сессия “Бес жылдың ішінде Қазақстанның солтүстік және оңтүстік аудандары қоныстандырылып болуы керек. Бес жылдың аяғында 808 мың үй қоныстандырылып 567 мың үй агрономдық жолдармен отырықшылыққа айналдырылсын”, - деп көрсетті. Осы сессияның қаулысы жоспарлы түрде жаппай отырықшылыққа айналдырудың басы болды.  Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің жанындағы отырықшылық комитетіне көшпелі, жартылай көшпелі қазақ халқын қоныстандыру ісіне жалпы басшылық ету тапсырылды.

Отырықшылық комитетіне үкімет аясында құрылғандықтан заң бойынша өкілеттік құқық берілді. Осы Комитеттің қабылдаған шешімдері мен ұсыныстарын орындау республиканың барлық мекемелеріне тікелей міндетті болды. Барлық өлкелік ұйымдармен округтік кеңес комитеттері отырықшылық ісін басқаратын республикалық комитетке отырықшылық жөніндегі жұмыстарынан он күнде бір мәлімет тапсырып отыруды Қазақстан Комиссарлар Кеңесі өзінің 1930 ж. 30 наурызда қабылдаған қаулысында міндеттеді [6,100б.]. 

Алайда отырықшыландыру комитетінің жұмысы көп жағдайда ұжымдастыру шараларының көлеңкесінде қалып, қосалқы құрылым дәрежесінен шыға алған жоқ. Себебі ұжымдарды құру, оларға жер бөліп, орталық елді мекенін айқындау және басқа да шаралар жергілікті органдар тарапынан жоғарыдан берілетін нұсқауларды орындау аясында іске асырылды. Басқару мекемелері үшін ең алдымен саяси шаруашылық науқандарды – жедел жаппай ұжымдастыруды, өкіметке мал және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін тапсыру жоспарын іске асыру маңызды болды. Ал отырықшыланған халықты орналастыру, олардың әлеуметтік құрылымдарын жасау екінші кезектегі мәселе болатын. Сондықтан Өлкелік партия комитетінің және Қазақ АКСР Жұмысшы-шаруа инспекциясы Халық Комиссариатының 1930 ж. 5 тамыздағы және Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1930 ж. 6 және 15 тамыздағы қаулыларына сәйкес Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы отырықшыландыру комитеті өзгертіліп қайта құрылды. Халық Комиссарлары Кеңесінің 1930 жылғы 15 тамыздағы мәжіліс хаттамасы бойынша және қосымша бірнеше инспекторы тағайындалатын болды. Осы қаулыға сәйкес отырықшыландыру шараларын іске асыратын мекемелерге негізгі басшылық нұсқаулардың бәрін Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы республикалық Отырықшыландыру комитеті беретін болды. Сонымен қатар өндіріске қатысты келелі жоспарларды белгілеу, отырықшыландыру барысы туралы есеп беріп отыру жұмысы Жер- Су Комиссариатына жүктелді. Осыған байланысты Жер-Су Комиссариатының аппаратында отырықшыландыру жұмысын басқаратын арнайы сектор құрылды. Ол өз кезегінде аудандық (округтік) басқару органдары арқылы науқан барысын  үйлестіріп  отырды. 

Отырықшылыққа көшіру науқаны ұжымдастыру аясында өткендігі айтылды. Жаппай ұжымдастыру, байлар мен кулактарды тәркілеу, тап ретінде жою, орта шаруаларды қуғындау барысындағы зорлық-зомбылық отырықшылану ісіне шаруаларды өз еркі бойынша тартуға мүмкіндік бермеді. Тез арада жаппай ұжымдастыру қарқынын іске асырған белсенділер бір ұжымға 500 шаруа қожалықтарына дейін жинап топтастырған фактілер болды [5, 8б.]. 

Отырықшыландыру шараларының нәтижесінде Қазақстанда шаруар қожалықтарының 97,5 % ұжымдық өндіріске тартылды. Осы жылдардың ішінде негізінен ТОЗ-дардың, мал серіктіктерінің ауылшаруашылық артелінің уставына өтуі де аяқталды. Республикада ұжымшарлардың саны 7 653-ке жетті. Оларда 18 529 трактор, 6 443 комбайн, 3 293 жүк таситын автомашина, 287 МТС жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы кадрларының қатарында индустриалдық еңбекке бейімделген мамандар қалыптасты. Мысалы, республикада 46 мың трактористер мен комбайнерлардың 30 проценттен астамы қазақтар еді [5, 10б.].

Қазақ  қоғамын  күштеп ұжымдастыру науқаны  кезінде отырықшылыққа көшіру науқаны өлкеде қалай жүзеге асты? 1929 жылы Бүкілодақтық комунистік партия комитетінің бюросында көшпелі және жартылай көшпелі шаруалар қожалықтарын отырықшыландыру жөнінде арнайы шешім қабылданып, бұл мәселе 1930 жылдың қаңтарында болған Қазақ Орталық Атқару комитетінің  2 сессиясында қаралды. Сессия бірінші бес жылдықтың соңында отырықшылыққа  544 мың шаруашылықты ауыстыру жөнінде шешім қабылдады.

Бүкіл Одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтардың 80 пайызы Қазақстанда болғандықтан, жаңадан ұйымдастырылатын ірі колхоздар көшпелі немесе жартылай көшпелі бола алмайтын еді.1930 жылы қаңтарда  Халық комиссариаты  Кеңесі маңында отырықшыландыру  бойынша Республикалық комитет құрылды. Қазақстан бойынша көшпенділердің жаппай отырықшыландыруы әртүрлі жолдармен жүргізілді :

-жеке топтар үшін жер учаскелері берілді;

-жеке топтар үшін тұрғын үйлер салынып, өз бетінше колхоздар 

 құрылды; 

-көшпенділердің жеке топтары ірі колхоздарда таратылып, 

орналастырылды.

1928 жылы аймақта 3148 қазақ шаруашылығы 177 колхозға біріктірілді.Келесі жылы коммуна, артель, мал өсіретін серіктестіктер- 272, ондағы үйлер саны 4922-ге жеткен.

1930 жылы Өскемен ауданының 10 колхозына 356 көшпелі шаруашылықтар орналастырылды. Өскемен ауданының Атқару комитетінің  жұмысына көшпенділерді орналастыру қорынан 20 мың сом аударылды.Олардың барлығы тұрғын үйлермен, мүлікпен және тағы басқа заттармен толық қамтамасыз етілді десе де, Шығыс Қазақстан облысының өлкетану мұражайынан Өскемен ауданының  «Трактор» коммунасының тек 10 отбасына тұрғын үй дайындап, қалған 15 отбасына матералдардың жетіспеушілігінен үй дайындалмағандығы туралы хабарлама жасаған коммуна төрағасының хаты мысал бола алады. Көшіп келушілерді колхоздарды өздерінің жағдайларының нашарлығынан толық қамтамасыз ете алмағанын көреміз[6, 110б.].

Қазақстандағы отырықшыландыруға іс жүзінде басшылық еткен Ф.И. Голощекин 1930 ж. 9-10 қарашада І Өлкелік кеңесте сөйлеген сөзінде: «Отырықшыландыру бәрінен бұрын таптық мәселе. Мұны Сіздер естеріңізде қатты ұстауларыңыз керек... Отырықшыландыру – бұл ұлттық мәселе. Отырықшыландыру арқылы біз нені шешкіміз келді? Біз қазақ ауылының экономикасын көтеруді қалаймыз. Біз отырықшыландыру жолымен астық мәселесін, қазақтар қожалығында мал шаруашылығын жөндесек дейміз.
Бұл дегенің ұлттық экономикалық теңсіздікті жою болып шығады» - деп мәлімдеді. Сөйтіп ол отырықшыландырудың таза экономикалық, шаруашылық шара екенін мойындай отырып, оны ауқатты шаруаларды жою ұранымен жүргізуді ұсынды.  Міне, бұл кеңестік аграрлық саясаттың  шынайы ақиқаты болатын. 

Отырықшыландыратын қазақтардың санын жыл сайын күштеп арттыра түсті. Отырықшыландыру нашар жүріп жатқан аудандардағы басшылар егерде басқа ұлт өкілдері болса, әдетте ұлыдержавалық шовинизм, ал олар қазақтар болса, онда жергілікті буржуазиялық ұлтшылдық ретінде айыпталатын. Қазақстан үкіметінің отырықшыландырудың алғашқы жылының қорытындысын шығарған тезистері шовинизмге немесе ұлтшылдыққа ғана емес, сондай-ақ оңшыл ағымға да, солшыл бұрмалауға да қысқаша сипаттама берді. Қазақстандағы отырықшыландыру үрдісіне Одақтық үкімет онша мән берген жоқ. Орталық үшін бұл жылдары шаруаларды ұжымдастыру маңызды нәрсе болды. Ал отырықшыландыру болса ұжымдастырудың көлеңкесінде қалды және екінші қатардағы міндет деп есептелді. Қазақстан басшылары көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай отырықшыландырмайынша жедел ұжымдастыруды қамтамасыз ете алмайтынын жақсы білді. Сондықтан орталықтың назарын аударуға күш салды. Отырықшыландыру кезінде бұқара арасында жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Ол жоғарыдан түскен мекемелік тар жолмен жүрді.

Отырықшыландыру науқанын іске асыруда ашаршылық қиындықтарымен қатар әсіре зорлық-зомбылық, басқарудың әміршілдік-әкімшілдік стилі де көп зиян келтірді, Отырықшыландыру комитеті бұл іске тікелей ықпал етіп, өз міндетін орындады деуге болмайды. Оған комитеттің қосалқы басқару қызметі ретіндегі дәрежесі, Егіншілік комиссариатының, партия-кеңес органдарының аясында қалып қоюы себеп болды [6, 47б.].

Отырықшыландыру  процесі қазақ халқының тағдырында айрықша роль атқарды. Бірақ бұл процесте волюнтаризмнің бір күнгі табыс үшін бәрін де мансұқ еткен жауапкершілік сезімінен ада, ағаттықтарымен тежелді. Алдын ала дайындық шаралары науқанның жоспарланған қарқынын қамтамасыз ете алмады. Жоспар тек отырықшыға айналған шаруашылықтың жалпы көлемін белгілеуден аспады. Басқа экономикалық шаралар ат үсті, жүрдім-бардым шешілді, сондықтан, нәтижесі мардымсыз болды. Отырықшылық тұрмысына үйреніп үлгермеген ауылдардың халқы естерін жиып үлгерместен ырықсыз коллективтендіріле бастады. Шындығында, отырықшылықтандыру коллективтендіру науқанына байланысты қолға алынған болатын. Бұл туралы 1928 жылдың желтоқсанында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің Пленумында ашық айтылған болатын. Отырықшыланатын халықтың шаруашылық жұмыстарының нақты жоспарын бұл шаруашылықтардың барлығы түгелдей коллективтендірілетіндей етіп жасау керек. Жарлықшы органдар мал шаруашылықтарын коллективтендіруді астық шаруашылықтары сияқты пәрменді қарқынмен жүргізуді талап етті [7, 122б.].

Мұндай талап қою, әрине, тағы да «асыра сілтеуге» әкеліп соқты. Сөйтіп, колхоздар құру кеңінен өрістеді. Мал шаруашылықтары ауыл шаруашылығы артельдеріне «қойдай тоғытылды». Мысалы, Абыралы ауданында барлық қожалықтың 70 проценті дереу коллективтендірілсе, олардың саны Жамбейтіде — 80, Берқалада —84, Жәнібекте — 95 процентке жетті.

  Төлдеген мал. Павлодар облысы, ХХ-шы ғасырдың 20-30-шы жылдары[9].

Отырықшыландыру барысында қазақ шаруасының дәстүрлі шаруашылығын күйрету, әуелі мал шаруашылығын, одан кейін шаруалардың өзіне орасан зор апат әкелді.Халықтың табиғи-тархи даму заңдықтарындер кезінде ескермеудің қандай қасіретке ұрындыратыны большевиктер жүргізген көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының күштеп ұжымдастыру және сол негізде жаппай отырықшыландыру саясатында нақты көрініс берді.Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын күйрету, ет және астық дайындау науқандарындағы зобалаңдар, байлар қожалықтарын тәркілеу және оларды әлеуметтік топ ретінде жойып жіберу саясаты, күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру қазақ шаруаларын босқыншылыққа ұрындырды.

Ахметова Еркежан Тұрдыбекқызы Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері,  гуманитарлық ғылымдар магистрі

Пайдаланылған деректер тізімі:

1.  Шығыс Қазақстан облыстық Қазіргі заман тарихын  құжаттандыру  Орталығы. -74- қор,1- т.- 376-іс.

2.  Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты. –

5- қор, 13- т., - 376 іс. .

3.  ҚР ОММ.-74-қ.,-66-т.,-11-іс..

4.  Махмұтов С.Қ. «Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты» (ХХ ғ.20-30-шы жж.) Тарих ғыл.канд.диссерт. Автореферат – Алматы, 2008. – 22 б.

5.  Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ вв.-Алма-Ата, 1980. 27 с

6.  Қуандықов Е. Сұрқия саясат. – Алматы: Санат, 2002. - 120 б.

7.  Жириндинова Қ.Р. Шығыс Қазақстан облысында қазақ шаруаларын күштеп отырықшыландыру және оның зардаптары //Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы», № 3, - 2010.

8.  История советского крестьянства.-Москва,1967.-2-том. – 202 с.

9.  Ашаршылықтың ауыр зардабы. [Ерлан Қариннің жеке блогы]. URL:http://yvision.kz/post/251359 ( қаралған күні: 06.03. 2014)

Мәлімет БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?