Қазақ жерінде алғаш пайда болған жазу өнері және оның ең алғашқы нұсқалары мерзімдік кезеңделуі жағынан тас дәуірінен бастау алады. Оның нақты дәлелі еңбек құралдарындағы мақсатты түрде ойылған ойықтан бастап, өрнек түрінде түсірілген таңба, белгілерді де айтуға болады. Адам баласының саналы түрде нобайлап сызу, кейіптік пішіндерді тегістік бетіне таңба етіп түсіру еңбегінің жарқын үлгісі ретінде Каспий теңізі жағалауындағы Қосқұдық ескерткішінен көре аламыз. Уақыт өте келе жалғасын тапқан бейнелеу өнері арқылы таңба түсіру, шеку, бейнелерді қашау, бояуларды пайдаланып сурет пен таңба жазу үлгілерін қалдыру ісінің жалғасын қазақ жерінде пайда болған жазу өнері және оның ең алғашқы нұсқалары мерзімдік кезеңделуі жағынан тас дәуірінен бастау алады. Оның нақты дәлелі еңбек құралдарындағы мақсатты түрде ойылған ойықтан бастап, өрнек түрінде түсірілген таңба, белгілерді де айтуға болады. Адам баласының саналы түрде нобайлап сызу, кейіптік пішіндерді тегістік бетіне таңба етіп түсіру еңбегінің жарқын үлгісі ретінде Каспий теңізі жағалауындағы Қосқұдық ескерткішінен көре аламыз. Уақыт өте келе жалғасын тапқан бейнелеу өнері арқылы таңба түсіру, шеку, бейнелерді қашау, бояуларды пайдаланып сурет пен таңба жазу үлгілерін қалдыру ісінің келесі кезеңі көне түрік таңбалары мен белгілерінің үлгілерімен алмасады. Олардың этномәдени жөн-жосығын талдау, болмысын айқындау ісі дүниежүзі ғалымдарының басты мақсаттағы зерттеу нысаны болып келеді. Байырғы түрік халқының билеушілері құрған еуразиялық ауқымдағы құдыретті империясының мәдени жетістіктерінің айқын айғағы – таңба жазулы үнсіз мәдени куәгерлері еліміздің шығысынан бастап Алтай, Тарбағатай, Ұлытау және Алатау, Мерке қатарлы киелі де қасиетті тауларда, Ертіс, Сырдария, Талас, Жем сынды өзендердің бойында кездеседі. Алуан түрлі таңба мен белгілер безендірілген ескерткіштерде иелік меншікті білдіретін әйгілі «қаған» таңбасынан бастап қарапайым белгілердің Қазақстанмен шекаралас қазіргі Моңғолия жерінің Арханғай, Бұлғын, Төв, Баян-Өлгий және тағы басқа аймақтарында (Хошо-Цайдам, Могойн шинэ ус, Бөмбөгөр, Шивээт-улаан, Бичигт улаан хад, Хөл Асгат сынды ғұрыптық кешендерінде) кең таралған [1].
Ғасырлар жалғастығындағы адамзаттың жазу мен бейнелеу өнері қалыптасқан шақта, әр ғасырдың тарихи оқиғалармен тығыз байланыста пайда болған сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалық бірлестіктерінен қалған тарихи-мәдени мұралар, өзімен көршілес өмір сүрген мәдениеттермен қатар дамыды.
Мәселен, Ертіс өзенінің оң жағалауынан 1960 жылы сақ дәуірінің б.з.д. V-IV ғасырларға жататын ескерткішінен марал сүйегінен жасалған тұмардан жазу табылған. Оны танымал түрколог ғалым А. Аманжолов оңнан солға қарай “Ақ сықын” — “Ақ марал” деп оқыған [2].
Осы сияқты Есік қаласы маңындағы “Алтын адам” қабірінен шыққан күміс тостағанның сыртында екі жолға жазылған 26 таңбалы жазу табылды. Бұл жазулар байырғы түркі руно жазбаларына, екіншіден, Жерорта теңізі жағалауындағы елдерде таралған көне алфавиттік таңбаларға, әсіресе, грек, арамей әріптеріне ұқсас. Оны да А. Аманжолов көне түрк тілі сияқты оңнан солға қарай оқыған. Есік жазуының мазмұнында: “Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!)!” деген мағынаға ие. Зерттеуші пікірінше, бұл сақ дәуірі ескерткішіндегі жазу түрк тілінде жазылған, яғни бұдан 2500 жылдан астам уақыт бұрын түрк тілдес сақ тайпалары таңбалап жазуды білген деген тұжырым жасаған [1].
Жазу өнері жалпыадамзаттың дүниежүзілік мәдениетке қосқан бірден бір үлкен үлесі. Байырғы түрктер де таңбалы жазудың бірі — руна жазуын ойлап тауып, қажетіне сай пайдаланған. Соңғы екі жүз жылда байырғы түрік руникалық жазуларының таралу ауқымы айтарлықтай кеңейді. Эпитафиялық жазбалар Қазақстанмен қатар Орталық Азиядағы сақ обаларымен жартас беттерінен руна тәрізді жазулар түрінде табылуда. Сонымен қатар аталған ескерткіштердің таралу аймағының кеңеюімен «орхондық», «таластық» немесе «орхон-енисейлік» руналар деген атаулар пайда болды. Руна жазбаларының түп-нұсқасы негізінен әлемнің үш елінде: Ресей (Саян-Алтай), Моңғолия және Қытайда (Шыңжаң аймағы) шоғырланған [3]. Біздің елімізде руна жазуларын зерттеуді жалғастырушы Н.Ф. Катановтың шәкірті С.Е. Малов болды. Мессершмидт әлемге енисей жазуларын паш етсе, Н.М. Ядринцев олардың сырын ашуға жағдай жасап, В. Томсен ол жазудың тілімен әріптерін анықтап, В.В. Радлов мәтіндердің мазмұнын ұғынуға қол жеткізді. Ал, С.Е. Малов кеңес түркологтары мектебінің негізін қалап, Л.Р. Қызыласов байырғы енисей жазба мәтіндері мен руникалық палеография жөніндегі тарихи сананың негізін қалыптастырды.
Біздің заманымызға ұласып жеткен байырғы жазу таңбалары ғұрыптық кешендердің құрылымдық кейбір бөліктерінде, ортағасырлық тас мүсін, бітіктастарда, сандықтас (барықтарда), атақты бекзат тұлғаларға арналған кешенді ескерткіштерде, ескерткіш құрылысына пайдаланылған шикі, қам кесектерде, зооморфтық мүсіндерде, балбал-меңгірлердің тегістікті жерлеріне шекіп те, қашап та салынған. Бұл айтылған жайтқа мысал, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына қарасты Манат ауылы маңында орналасқан, Аюлы демалыс орнынан 12 шақырым жердегі, Манат таңба жазуынан. Екінші бір үлгісі, осы өлкедегі келесі таңба жазулы ескерткіші – Ақбауырда. Бұл ескерткіштің екеуі де ғалымдар тарапынан зерттеліп, әлі де құпия сыры беймағлұм екендігімен ерекшеленіп отыр. Ал, тасқа таңбаны қашау үлгісі баршаға таныс «Таңбалы тас» атанған кешенді және соңғы жылдары Үлкен Қаратау сілемдерін зерттеу нәтижесінде табылған «тас бағандағы» таңбалар (ОҚО, Түркістан ауданындағы Шалқұлаған өзенінің сол жағалаулық шоқыда орнатылған тас баған), қыш кесектерге басылған (Шірік-Рабат ғұрыптық ескерткіштерінің құрлысына пайдаланылған қам кесектердегі таңбалар, Қызылорда облысы) таңбалық белгілер, мұның барлығы аталмыш жәдігерлердің сакральдық әрі семиотикалық болмысын айқындайды [4]. Сонымен қатар, қадым заманнан және одан бергі түрік заманының бірсыпыра таңбалары жартастарда, заттық бұйымдарда, қару жарақтарда да көркем етіп көрсетер әсемдік элемент түрінде нақышталынған.
Байырғы түрік таңбалары мен символикалық белгілері біртұтас байырғы түрік мәдени кешенінің ажырамас бөлшегі болғандықтан, өткен екі ғасыр уақыттан бері зерттеушілердің назарын әлі де өзіне аударып келеді. Алайда, Еуразияның далалы аймақтарында жасаған халықтардың жазу таңба-белгілері, олардың шығу-тегі мен даму кезеңі, барысы мен трансформациясын қамтыған тұщымды іргелі ғылыми зерттеу ісі қолға алынбаған, қолда бар ізденістердің де нәтижелері ғылыммен айналысушылар үшін қол жетімсіз, қат дүние болып отыр.
Тарихи диахрондық тұрғыдан қарағанда, жазу таңбасының қолданысы қоғамдық құбылыс ретінде бірнеше даму сатыларын өткерді. Осы орайда, тас дәуірінің әртүрлі кезеңдерінде пайдаланылған және қалыптасқан белгілер мен символдар белгілі бір өлкеде, киелі жерді, қару-жарақ пен әр алуан заттардың нақтылы қызметінің айқындаушы индикаторы болып келді. Дегенмен, тас дәуірінің палеолит-неолит кезеңдерінде қоғамдық институттардың әлі де дамып жетілмегендігіне, этноәлеуметтік қатынастардың реттелмегені, олардың өзара айырмашылықтары мен өзге де факторларға байланысты қарым-қатынас құралында «таңба қолданысы» болды деп айту, тас дәуірінде жазу таңбасының кең таралып қолданылуы болды- деп қарастыру әлі де болса, жан-жақты және терең талдауды қажет етеді.
Қола дәуірі кезеңінде символдар мен таңба тектес белгілердің бірізді күрделі жүйесі қалыптасқаны айқын. Таңба ең алдымен жылжитын және қозғалмайтын дүние-мүліктің иесінің бар екендігінің айқындаушы индикаторы әрі, күнтізбелік жүйенің мифтік-салттық кешендерінде де кеңінен қолданылған. Тіпті, табиғат құбылыстарын, қоршаған ортаның рәміздік нышанын бейнеледі. Бұл кезеңдердегі қоғам өмірінің рухани саласында символ мен белгінің сакральдық-магиялық қызметі басымдық ала бастады. Қола дәуірінде Еуразия даласының иесі болып танылушылардың «таңба қолданысы» нақты іске асып, айналымға ене бастады.
Ерте темір дәуірінде мемлекеттің экономикалық қатынастарында өндірістің көшпелі шаруашылық тәсілдері кеңінен өрістеп, қоғамдық қатынастарда мүліктік және дәреже деңгейлік айырмашылықтар да айқындалды. Бұл мүліктік-дәрежелік айырмашылықтың күшеюі, қоғамдық әлеуметтік құрылыста жайылымдық жерлерді кеңейту, қайта бөлшектеу, байлықты молайтуды көздеген тұрақты әскери, тайпалық одақтардың құрылуыменен қоғамда одақ ақсүйектерінің басты қызмет атқарғаны анық байқалады. Егер, Ордостан Карпат, солтүстік Қара теңіз жағалауына дейінгі Еуразияның байтақ далалы аймағындағы көшпелі мемлекеттердің саяси-әлеуметтік, экономикалық және этномәдени өзара ұқсастығы мен аз-кем айырмашылықтары да болды. Б.з.д. 1-ші мыңжылдық бойы қарым-қатынастың (хұн/ғұн-сармат деп кезеңделетін дәуірді қамтып) өз даму кезеңдеріндегі, әртүрлі сатыларындағы өзгерістер мен жаңаруларының орын алуымен алуан таңба, символдар кеңінен қолданыста болды деуге толық негіз бар.
Таңба қолданысының бастапқы сатысы жануарлардың тұяқ-табаны, солярлық аспан денелері сияқты пішін түрлері басым болды. Уақыт өте, одан әрі күрделеніп, кей таңбалар абстракциялық символдарға айналған.
Ерте ортағасырлық ру-тайпалар мен этносаяси бірлестіктерден құрылған қағандық түрік мемлекеттерінде де таңба қолданысының қызметі, оның қолдану аясы мен мағынасы ерекше мәртебеге дейін көтерілді. Таңбалар әсіресе, әкімшілік басқару жүйесінде, сыртқы саяси және басқа да мемлекет істерінде қолданыста болғандықтан, бірегей қызмет атқарды.
Өткен ғасырдан бастап, ғылыми ортада «Сарматтық» мәдениет өкілдерінің таңба-белгілер жүйесі туралы әсіресе, Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы ғылымда танымал ескерткіштердегі таңба, белгілерді жүйелей топтастырып талдаған еңбектер жарық көрді. Онда таңбалардың шығу-тегі, қызметі және мән-мағынасы туралы әртүрлі ұсыныстар болды [5].
Байырғы түрік халқының таңбаларына толыққанды талдау жасау үшін, осыған дейін танылған барлық деректерді топтастыру және оларды жүйелеу арқылы жаңа ізденістер жасау қажет. Бұл бастама ғылымда өзге де мүмкіндіктерді барынша пайдалану арқылы ұзақ уақытты қажет ететін зерттеу екендігі түсінікті.
Байырғы түріктердің және қазіргі түрік тілді халықтардың ен-таңбаларының бір ерекшелігі – олардың нақты заттық – бейнелік атауы қатарында (аспан денесі атаулары- күн, ай, жұлдыз және т.б., мал шараушылық атаулары- мүйіз, тұяқ, табан, жүген, ер-тұрман және т.б., жарақтық зат атаулары- қару, үй бұйымы, әшекейлерде – садақ (жақ), оқ (жебе), балта, тарақ, айна, сырға және т.б.) бар. Таңбалаудың семантикалық кеңістігі зор әрі, мағынасы да күрделі [6].
Сыртқы пішіні қарапайым байырғы түрік таңбаларының терең мағыналық ішкі құпиясын анықтау үшін (әсіресе, ортағасырлық түрік халықтарының қолданыс жүйесіндегі таңбаны семиотикалық тұрғыдан талдауда) барлығына ортақ әрі, әлдеқайда оңтайлы әмбебап тәсілдерді қолдану әдісін қарастыру қажет. Сонда ғана бүгінгі методологиялық жетістіктермен қатар, таңбаның ішкі сыры мен мағынасын нақты да анық және кейбір кемшін тұстарын ескере отырып, жан-жақты сарапталған жолдарын қарастыру қажет [7].
Тарихи деректердің бір бөлігі, атап айтқанда байырғы таңба жазулар мен ен- белгілерді зерделеу тәжірибеміз Қазақстандағы жартас бетіне түскен өнер туындылары ескерткіштерін зерттеу барысында қалыптасты. Аталған ескерткіштер қатарында әр заманның өзіне тән таңба іспетті белгі, символдары да өте жиі кездеседі. Бастауын тас дәуірінен бастау алған суреттерді қашап салу, таңбалау сияқты жоғарғы информативтік бейнелеу ескерткіштерінің үлгілері қола дәуірінде де, ерте темір дәуірі және ортағасырмен де өз жалғасын тапқан. Бейнені кескіндеп салу, шекіме өрнектер мен соғылған таңбалар ең алдымен күнделікті пайдаланылатын тұрмыстық және ғұрыптық жоралғыларды атқаратын қолданыстағы тұтыну заттары мен тұрмыстық түрлі бұйым, құралдарында да болды.
Отандық тарихта байырғы түрік тарихын зерттеуші, түрколог ғалым Н. Базылхан (Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туып өскен азамат) осы орайдағы, көне түрік бітігінің шығу-тегін, оның зерттеуінде көне түрік бітік пен оны жасаушы түрік тілді этнос таңбаларының шығу-тегі мен даму сатыларын, трансформация мәселелерін қарастырып жүр. Осы таңбалар жүйесін қазақ таңбаларымен байланысын тарихи деректанулық тұрғыдан зерттеушілер сапынан Самат Самашевты атауға болады. Осы орайда, көрермендер назарына ұсынар экспозициямызда байырғы жазу таңбалары және түрік таңбалары бойынша Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіш құндылықтарымен сабақтастырып, таңба жазуларды мүмкіндігінше жүйелеп топтастыруды көздедік. Болашақта толыққанды зерттеулер жүргізілетін болса, көпшілік назарына бұл экспозициямызды бізде жаңғыртып ұсынбақпыз.
Экспозицияны дайындау барысында бізге көмегін беріп, ғылыми кеңесші болып жөн сілтеген көптеген азаматтар, атап айтсақ Зайнолла Самашев, Нәпіл Базылхан, Ораз Сапашев және Самат Самашев сынды азаматтарға ризашылғымызды білдіреміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Аманжолов А. К генезису тюркских рун // Вопросы языкознания. 1978. №2
2. Аманжолов А. К интерпретации Чуйских рунических надписей // Байыркы кыргыз тарихынын актуалдуу проблемалары: Эл аралык илимий конгресстин билдирлеринин тезистери. 27-29 август. Бишкек, 2001.
3. Базылхан Н. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас). Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 2-ші том. Алматы, 2005.
4. Гертман А.Н. Знаки на кирпичах и некоторые вопросы организации древневосточного строительства (по материалам древнего Хорезма) // Приаралье в древности и средневековье. М., 1998.
5. Драчук В.С. Системы знаков Северного Причерноморья. Киев, 1975 ; Соломоник Э.И. Сарматские знаки Северного Причерноморья. Киев, 1959; Яценко С.Я Знаки-тамги ираноязычных народов древности и раннего средневековья. Москва, 2001.
6. Ольховский В.С. Тамга (к функции знака) // Историко-археологический альманах. Москва, «Армавир», 2001.
7. Самашев З., Базылхан Н. Көне түрік таңбалары. – «Алаш» тарихи-этнографиялық ғылыми журнал. №6 (21), Алматы, 2008. Самашев С. Таңбаларды зерттеу жөнінде // Қаз ҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. 2004. №2 (33).
Әбу Алпамыс Жалғасұлы
Ғылым ордасы РМК Сирек кездесетін кітаптар
мұражайының кіші ғылыми қызметкері.
http://gylymordasy.kz