Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
4462
Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысы - e-history.kz

Ал жүздер арасында татулық пен саяси байланыс нашар болды. Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы тіптен ауыр еді. Батыс жақтан Еділ қалмақтары мен Жайық казактары шапқыншылық жасаса, солтүстіктен Сібір казактары, Жайықтың ар жағынан башқұрттар, оңтүстіктен Бұхар мен Хиуа хандықтары үнемі қысым көрсетіп отырды. Ал басты қауіп шығыстан, яғни Жоңғар хандығынан төніп тұрды.

Жоңғарлар - тарихи деректерде қалмақ немесе ойрат деген атаумен белгілі болған тайпалар. Жоңғарлар чорос, дөрбент, хошоут, торғауыт сияқты батыс моңғол тайпаларының XVI ғасырдың II жартысында құрылған одағы болатын. Ал XVII ғасырдан бастап Жоңғар хандығы ретінде Орталық Азияның тарих сахнасына шыққан еді.

Қазақтар мен жоңғарлар арасындағы байланыстардың тарихы тереңде жатыр. Екі ел де көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан олардың арасында қақтығыстар да жиі болып тұрған. Соның ішінде қалмақтардың Қазақ хандығына бағынған кездері де болған. Өйткені, Тәуекел хан «қазақ және қалмақ ханы» ретінде мойындалғаны белгілі. Дегенмен, Қазақ хандығы мен жоңғарлар арасындағы күштің ара салмағы тең болғандықтан өзара қырқыстардан ары аса қоймаған еді. Алғашқы кездерде қақтығыстар бейбіт жолмен шешіліп отырды.

Жоңғар хандығы құрылар қарсаңында 1627 жылы ойрат одағы құлап, Хоңырлық бастаған 50 мың шаңырақ пен 250 мың адамды құрайтын торғауыт тайпалары Солтүстік Қазақстан арқылы төменгі Едіп бойына қоныс аударған болатын. Сөйтіп, олар қалмақ деген атауға ие болады және XVII ғасырдың 30-жылдарында Еділ бойында Қалмақ хандығын құрған еді. Ал Оңтүстік пен Батыс Сібір жерінде қалып қойған ойраттар мен чоростар  Батыр қоңтайшының (1635-1653) басшылығымен Ертіс жағалауында 1635 жылы Жоңғар хандығын құрды. 1640 жылы Батыр қонтайшының бастамасымен жоңғар ақсүйектерінің құрылтайы өткізіліп, онда «Дала жинағы» деген атауға ие болған заңдар жинағы қабылданады. Бұл жинақта Жоңғар хандығының күші мен ұлылығы паш етілді. Батыр қоңтайшы кезінде жоңғарлар мен қазақ хандығы арасында қақтығыстар шиеленісіп, үздіксіз соғыстарға ұласа бастады. Батыр қоңтайшы қазақтарға қарсы бірнеше рет басқыншылық жорықтар ұйымдастырды. Бірақ Қазақ хандығын Салқам Жәңгір хан билеген кезде, 1643 жылы Орбұлақ шайқасында жоңғарлар ойсырай жеңілгені белгілі. Батыр қоңтайшы өлгеннен кейін қазақ - жоңғар соғыстарында үзіліс болған еді. Өйткені, билікке талас кезінде Жоңғар хандығы саяси бірлігінен айырылып қалған болатын. Алайда, билік басына Ғалдан Бошақты қоңтайшының келуіне байланысты (1670-1697) қазақ жеріне  шапқыншылық жасау қайтадан жанданды. Ал Жоңғар хандығын Цеван Рабтан билеген кезде (1697-1727) қанды жорықтар өзінің шарықтау шегіне жетті.

Цеван Рабтан қоңтайшы өзін шебер дипломат әрі мықты қолбасшы ретінде танытты. Ол Қытаймен тікелей қақтығыстардан құтылып кетіп отырды. Цеван Рабтан Жоңғар хандығының қол астына миллионға жуық жоңғарлар мен жарты миллионға жуық әр түрлі халықтарды біріктіріп, елінің әскери әлеуетін біршама нығайтып алады. Оның Қазақ хандығына шапқыншылығы 1698-1699 жылдары Ертіс, Есіл өзендері мен Жетісу аймағына жүргізіпді. Ал 1702-1703 жылдары Ертіс бойында қазақтар нәтижелі соғыстар жүргізді. Біраз үзілістен кейін, 1708 жылы жоңғарлар шапқыншылығы қайта жалғасты. Олар-дың Қазақ хандығына жасаған қанды жорығы 1710 жылы болды. Бұл жорық қазақ халқын үлкен шығындарға ұшыратты. Ол қазақ билеушілерін 1710 жылы Қарақұм маңында үш жүздің құрылтайын шақыруға мәжбүр етті. Құрылтайға сұлтандар мен билер, ру басшылары және үш жүздің белгілі батырлары қатысты. Онда қаралған ең негізгі мәселе үш жүздің біріккен әскерін жоңғар шапқыншылығына қарсы жасақтау болды. Тәуке хан бір орталыққа біріккен мемлекет құру және оны нығайту үшін сұлтандардың билігін шектеп, жүздерді басқаруда билердің саяси ықпалын арттырды. Жоңғарларға қарсы соғыста алдыңғы қатарға қазақ батырлары шықты. Олардың қатарында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Райымбек, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет сынды батырлар бар еді. Олардың ішінен ерек­ше көзге түскені Бөгенбай батыр болды. Ол шешуші шайқас алдында қазақ сарбаздарының жауынгерлік рухын мына сөздерін арнау арқылы көтерген: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның, бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?.. Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман!? Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!» 

Құрылтайға қатысушы барлық батырлар мен халық Бөгенбай батырдың сөзіне тоқтады. Ол қазақтың біріккен әскерінің қолбасшысы болып сайланады. Қазақ жүздерінің бірігуі өз нәтижесін бере бастады. Біріккен халық жасақтары жоңғарларға тойтарыс беріп, оларды шығысқа шегіндіріп тастады. Жау қолында болған жайылым мен қыстақтарды қайтарып алды. Сонда да жүздер арасындағы дау тоқтамады. Бұл жағдай жорыққа шығар алдында көліспеушіліктер мен өзара бәсеке туғызып, алауыздыққа ұшыратты.

Қазақтар арасындағы алауыздықтарды жақсы пайдаланып отырған жоңғарлар 1713 жылы Қазақ хандығына тағы да басып кірді. Ондай жорық 1716 жылы да қайталанды. Ал, 1717 жылы Аягөз өзені бойында үш күндік шайқас ауызбірліктің жоқтығынан қазақ жасағының жеңілуімен аяқталды. 1718 жылы жоңғарлар Жетісуға баса көктеп кіріп, одан әрі оңтүстіктегі Арыс, Бөген, Шаян өзендері бойында жойқын соғыстар жүргізді. Олардың негізгі мақсаты Қазақ хандығының ордасы - Түркістанды басып алу еді.

1723 жылы қазақ-жоңғар қатынасында қазақтар үшін аса қиын кезең басталды. Өйткені Қытай императоры Кансидің қайтыс болуын пайдаланып, жоңғарлар Қытаймен бітім жасайды. Осылайша жоңғарлар өздеріне Қытай тарапынан жасалып отырған қысым мен қауіпті тоқтатып, бытыраңқы қазақтарға қарсы барлық күштерін жұмылдыруға мүмкіндік алды. Бұл қазақ халқының тағдырындағы ең қасіретті кезең - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (1723-1728) нәубетіне алып келген еді. Қазақ жұртының басына түскен нәубет жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді: «... 1723 жылы қазақ, қалмақ болып жиылып соғысқанда, қалмақтың бастығы Цеван Рабдан қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген. Сонда қазақтар аш-жалаңаш, жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақсақал кісі айтыпты: балалар, адам бастан кешкен жақсылықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін де сондай ұмытпау керек, біздің бұл көрген бейнетіміздің аты Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама болсын»,- дейді, мағынасы «табанымыэ ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн» дегені және сол жолда айтылған қазақтың ескі өлеңі мынау:

 

 

Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған қиын екен,

Қара көзден мөлдіреп жас келеді.

Мына заман қай заман, қысқан заман,

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

Мына заман қай заман, бағы заман,

Баяғыдай бола ма тағы заман.

Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын. 

Көктемде тұтқиылдан басталған жоңғар шапқыншылығынан қазақтар есін жинай алмай, еріксіз Ходжентке, Самарқанға, Хиуа мен Бұқараға қарай үдере көшуге мәжбүр болды. Олар үйлерін, мал-мүліктерін тастап қашты. Жоңғарлар Ташкент пен Түркістанды басып алып, талқандады. Бұл нәубеттен қазақ халқының үштен екі бөлігі қырылды.

Бірақ 1723 жылғы жеңіліс қазақ халқының еңсесін түсіре алмады. Ел билеушілері мен батырлар азаттық күреске жұмыла бастады. Қазақ халқының бірлігін нығайтуда елге беделді үш жүздің билері - Төле би (Төле Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек би (Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764), Әйтеке би (Айтық Байбекұлы (1644-1700) белсенді қызмет атқарды. Олар бір орталықтан басқарылатын Қазақ хандығын қалыптастыру жолында табанды күрес жүргізген мемлекет қайраткерлері болатын. Олардың ең басты мүддесі -  қазақ халқы мен жерінің тәуелсіздігін сақтау еді.

Сол тарихи сын сағатта Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1693-1748) ерекше көзге түсті. 1724 жылы Әбілқайырдың қолбасшылығымен қазақтар алғашқы жеңіске жетті. Сондай-ақ, оның 1725 жылғы жоңғарларға қарсы жорығы да нәтижелі болды. Ол кезде жоңғарлардан Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам қалалары азат етілген болатын.

1726 жылы күзде жоңғарларға қарсы азаттық күресті ұйымдастыру мәселесін талқылауға жалпы қазақ құрылтайы шақырылды. Құрылтай Ордабасы тауында еткізілді. Оған хан, сұлтандар мен билер, үш жүздің батырлары, ру басылары қатысты. Құрылтай жалпы қазақ әскерінің қолбасшысы етіп Әбілқайыр ханды сайлады.

Құрылтайдан кейін күтілген аса маңызды жеңіске қазақ әскері 1728 жылы көктемде жетті. Ұлытаудың етегіндегі Бұланты өзені маңындағы "Қара сиыр" деген жерде қазақ әскері жоңғарларға ойсырата соққы берді. Бұл шайқас халық жадында «Бұланты шайқасы», ал соғыс даласы «қалмақ қырылған» деген атпен қалған еді. Осынау маңызды жеңіске қол жеткізуге қолбасшы Әбілқайырмен бірге Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Бөгенбай, Есет, Малайсары сынды т.б. көптеген халық батырлары зор үлес қосты.

Қазақ халқы жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күрестен екінші тарихи жеңіске 1730 жылдың көктемінде жетті. Бұл оқиға Балқаш көлінен 120 шақырым оңтүстік-шығысқа қарай жатқан Алакөл маңында өткен Аңырақай шайқасында болған еді. Шайқаста Әбілқайыр хан қолбасшылық етті. Ұрыс батырлар жекпе-жегімен басталды. Шәкәрім Құдайбердіұлы оны былайша суреттейді: «...қазақ пен қалмақ екі төбеге жиылып, ортасында қалмақтың Қалдан-Церен ханының күйеу баласы Хоңтажы деген әскербасының баласы Шарыш деген батыр, қазақтан жекпе-жекке батыр сұрап жүр екен. Әбілмансұр Әбілмәмбет ханға барып: «Тақсыр, бата берсеңіз мынаған мен барайын» дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қарай «Абылай, Абылай» деп ұран салып барып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, жау қашты деп айғай салған соң, қалмақтар қашыпты. Бір мезгілде Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып. «Шырағым, сен кімсің, Абылайлап шапқаның қалай?»,- десе: «Мен қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым»,- дейді. Шарышпен болған жекпе-жектегі жеңістің құрметіне халық оны Абылай атап кетті.

Аңырақай шайқасында майдан даласы 200 шақырымға дейін жетіп, қазақтар ұлы жеңіске жетті. Алайда, осы жеңістерді қазақ халқы одан әрі жалғастыра алмады. Оған қазақ қоғамының саяси элитасы арасындағы бақталастық кедергі жасады. Оған Болат хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығында ұлы хан болу үшін саяси күрестің басталуы себеп болды. Ұлы хан болуға бірден-бір үміткер қазақтың біріккен әскерінің бас қолбасшысы, Кіші жүз ханы Әбілқайыр болатын. Бұланты мен Аңырақай шайқасындағы тарихи жеңістерден кейін Әбілқайыр ханның беделі мен саяси салмағы да арта бастаған-ды. Бірақ ұлы хан бола алмайтынын білгеннен кейін ол өз әскерімен Кіші жүздеп ордасына көшіп кетті.

Жалғасы: Қазақ-Жоңғар соғысы