Мақсат Тәж-Мұрат: Мәншүк алдымен қазақ үшін соғысқан
Бөлісу:
10.05.20232476
Қазақтың батыр қызы Мәншүк туралы мәліметтер бар секілді көрінгенімен олардың бірін-бірі қайталайтын, көбі анық-қанығы толық зерттелмеген жарытымсыз деректер екенін көзі қарақты жұрт біледі. Біз ғой батыр қыз туралы жалғыз фильмді көріп, ерлігі туралы естіп өстік, кейінгі ұрпақ ше? Олар Мәншүк есімін жанына жақын көре ме? Өйткені, уақыт озған сайын кешегі тарих көмескіленіп, екіншідүниежүзілік соғыс туралы түсініктер өзгеріп жатыр. Міне, осы орайда жазушы-эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың Мәншүк туралы жазған «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы» атты кітабы кез келген қазақтың үйінде, барлық мектеп кітапханасында болуы керек деп ойлаймыз.
Бұған дейін де Шәңгерей ақын туралы, Батыс Алашорда тақырыбында үлкен еңбектер жазған Мақсат Тәж-Мұрат ағамыз бұл кітабына да ұзақ жылғы дайындықпен келіп (зерттеуін Орда топырағынан бастап, Ұрқия Ершориевадан біраз сыр естіп, одан Әмина Мәметовамен қызметтес болған Мариям Хакімжанованың әңгімесін тыңдаған), қазақ қызының бір мезгілде қайсар әрі нәзік, өжеттік пен мейірімділікті қатар тоғыстырған ерекше бітімді табиғатына үңіліп, Мәншүк ерлігін жан-жақты қарастырып, қаһармандықтың түпкі сырын зерттейді, Мәншүктің не үшін атының өзі ызғар шашқан соғысқа барғанына жауап іздейді. Мәншүктің сүйегін елге жеткізу туралы айтып жүрген де осы кісі. «Менің Мәншүк кітабымның негізгі идеясы — Мәншүктің барынша толық ғұмырбаянын жасау және сол арқылы даңқ пен дақпырттың арасында қап кеткен шынайы өмірін, шын бейнесін көрсету», – дейді Мақсат ағамыз.
- Сіз Мәншүк жайлы түсірілген телесериалдың жай кемшіліктерін ғана емес, өрескел қателіктерін тізіп сын айттыңыз. Сол кезде бұны «Түркістаннан» оқыған соң ютубтен тауып көріп шыққан едік, шынымен біртүрлі қатал Мәншүкті көрдік. Әлденеге ашулы, ызалы, соғысқа келгеніне өкініп жүрген сияқты ма... Жалпы бізде егер қыздар соғысқа барса, демек, ер мінезді болғаны, ал ермінезділік еркекшоралық деп түсіндіргісі келетін сияқты. Ал Баян Мақсатқызы сіздің сыныңызға қатысты көзқарасын білдірді. Жалпы осындай нақты дерекке негізделген тарихи дәлелдің өзіне пысқырмайтын, ең әуелі әруақтың назасынан сескенбейтін мінез бізге қайдан келген? Әлде қазақтың дүниесінің бір шеті қисайып тұрса қайтер дейсің, ештеңе етпес дегенге етіміз өліп кеткен бе?
– Бұл сұрағыңызға жауабымды Баянға жауап жазған мақаламда айттым. Менің ойымша, инстаграмындағы жауабына қарағанда, ол өзінің сериалындағы мен айтқан, жалпы жұрт айтып жатқан кемшіліктерді негізінен мойындаған сияқты. Нақты осындай біліммен, дүниетаныммен неге сіз іздестірмегенсіз дей ме... Украинадағы соғысты айтты ма... бірақ қалай болғанда да кемшілікті мойындап тұр. Бар екендігін өзі сезіп тұр. Менің ойымша, бұл сөздің аржағында тиын-тебеннің құлағы көрініп тұр ғой деймін, фильмді ресейлік киношылармен бірігіп субмердігерлік жолмен түсірген сияқты.
– Осы бізде басқа-басқа, тарихи дүниелерді түсіретін кезде Мәдениет министрлігі өзі бас болып ғалымдарды, тарихшыларды, архивистерді бағыт беруге шақырып, ақылдасып, барынша сергек болуға болмай ма? Мысалы, сіз өзіңіз сондай бір кеңеске шақырылып көрдіңіз бе?
– Бұл жерде ең басты мәселе – консультантқа қатысты болып тұр ғой. Осыны шынымен де министрлік қолға алуы керек. Менің мақалам шыққаннан бірнеше күн өткеннен кейін вице-премьер Алтай Көлгінов мәдениет министрлігіне барып, ол кезде министр Дәурен Абаев болу керек, коллегия отырысына қатысты, шығып не түсіріліп жатқан тарихи дүниелерді қарау, көркемдік кеңестерден өткізіп алу, жұртшылықтың пікірімен санасу жөнінде біраз нәрсені айтты. Бұл пікір айтылғаннан кейін Дәурен кетті, мәселе сол күйі тағы да қалған сияқты. Аталған сериалға тапсырыс берген «Хабар» агенттігі Мәдениет министрлігіне тікелей қарамайды. Бұл жыл сайын үкіметтен 18 млрд. теңге ақша алып отырса да өз алдына бөлек акционерлік қоғам, өзінің бюджеті бар, дегенмен, Мәдениет министрлігі сонда да тыс қалмауы керек, әсер етіп отыруы керек. Мүмкін, «Хабар», «Қазақстан» сияқты агенттіктермен бірлесіп, олардың түсіріп жатқан киноларының жалпы тақырыбын бекіту, алдын ала көркемдік кеңес, консультант тағайындау деген сияқты мәселелерді қаперге алып отыру керек шығар. Екіншіден, сол тапсырыс беріп отырған «Хабар» агенттігінің жауапкершілігі жөнінде мақаламда айтқам, бірақ сол жері, дәл Берік Уәлиді айтқан тұсы әлденеге алынып қалыпты. Менің ойымша, ең алдымен фильмнің сапасына «Хабар» акционерлік қоғамы, оның басшысы Берік Уәли жауапты. Осындай өрескел қателіктер орын алмауы үшін сериал түсіріліп, монтаждап болғаннан кейін неге агенттік тарапынан арнайы арнаулы комиссия арқылы қабылданып алмайды. Және бір сұрақ. Осындай тарихи фильмдер түсірген кезде шынайы қосымша сценарист ретінде не болмаса кеңесші ретінде осы тақырыптарды арнайы зерттеп жүрген зерттеушілер, журналистер неге шақырылмайды? Сценарист отырып алып «терезеге қараймын, қарындашты жалаймын, ақырын Феттен ұрлаймын» деп Мағжан айтпақшы, өзінің қиялындағы «қошқар мүйіздің» бәрін салады, оны режиссер өзінше өзгертеді, сонымен екі адамның қойыртпағы болып, тарихи шындық далада қалады. Ондай қате түсінік Ресейде де бар. Көркем шығарма болса, «бұл – көркем дүние, демек мұнда жеткізіп айту, ойдан қосу болуы сыйымды» дейді, яғни, жойдасыз еркіндік берілуі керек. Баян Мақсатқызының айтып отырғаны сол. Бұл жалқаудың жасырынбағы деп есептеймін. Ерінеді. Мәншүк туралы Ұлттық кітапханада 600-ге тарта материал жатыр. Сценарист соны қарап шығуы керек. Орыс тілді сценарист жартысынан көбі қазақша ол материалды қайдан қарап шығады? Ол сценарист Ресейде тұра ма екен, Қазақстанда тұра ма, белгісіз, жатқан құпия. Өзінше 1-2 кітапты қарап шыққан да, сценарийдің «сауырына бір ұрып» қоя берген, Баян алған да қабылдай салған. Әлемдік халықаралық тәжірибеде шығарманы редакциялаған кезде редактордың өзгертуі контенттен 15 пайыздан аспауы керек деген шарт бар. Мен дәл осы принципті тарихи тақырыптағы кинотуындыларды түсіру кезінде қолдану керек деп есептеймін. Көркемдік вымысел яғни ойдан шығару, жеткізіп айту дегендерге 15-20 проценттен артық қажет емес. Мәншүктің өмірінің өзі дайын тұрған сюжет, сценарий. Мәншүк туралы екі тілде жазған кітабымда фильмге негіз болатын талай нәрсе жатыр. Оның алдында ерлі-зайыпты Халимулдиндердің «Мәншүктің жұлдызды сәті» дейтін кітабы да дайын тұрған сценарий. Мені қайран қалдырғаны, кино түсіру тобының осы дайын нәрседен қашуы.
- Жалпы Мәншүк туралы жаңа фильмнің сценарийін жазып шығу ұсынысы түссе батырдың қай қасиетін бірінші планға алып шығар едіңіз?
- Менің кітабымның ең өзекті ойы – Мәншүктің ең алдымен қыз балаға, әйелге тән сезімталдығы, әсем, нәзік жаратылысы. Оның бүкіл тағдырының осындай болып шығуы – оның жүрегінің шыңылтырлығынан. «Хрустальное сердце» дейді ғой орыстар. Бірақ оның соғысқа баруының көптеген себептері бар. Әкесін ақтау – әрине, оның ең басты себебі, сонымен бірге қосымша жанама себептер бар. Комсомол ретінде сол кездің идеологиясымен қалыптандыру, ол да әсер етті. Ең бастысы бұл соғысқа қарсы қыз баланың жан жүрегінен шыққан жан айқайы. Сол себепті менің кітабым бастан-аяқ соғысқа қарсы шығарма ретінде қалыптанды. Әзілхан Нұршайықовтың бізге жеткізген Мәншүк айтты дейтін бір сөз бар: «Мен – Жеңістің анасымын» депті бірде орман ішіндегі кездесу кезінде. Яғни, «мен кетем, менен кейін Жеңісгүлдер, Жеңісбектер туады. Сол кезде мені еске ала ма екен» деген сөздері сол форманың ішінде. Жанна Д’ Арк сияқты тұлғаларға қатысты, басқа халықтардың мифологиясындағы, христиандық ой-санасында кездесетін әпсін ойлар бар, осы тұрғыдан келгенде Мәншүктің де батыр болуында мистикалық бір нәрселер бар, кітабымда шет жағасын ғана басып өттім, болашақта жалғастырамын ба деймін. Ол біз үшін кім? Алдымен ол ерліктің иесі ме? Оның жасағаны ерлік пе, әлде әкесінің жолында өзін құрбандыққа шалу ма? деген мәселе.
– Мәншүктің майдан даласында кездескен, көңілімен жақын болған дейтін адамы Нұркеннің дерегі қызық. Осы туралы айтып беріңізші. Сіз мысалы, сүйгені оққа ұшқаннан кейін қыздың өмірінен мән кетті деп түйін жасайсыз, өз басым бұл қисынға иланам, 21 жас деген адамның тек жүректі тыңдайтын уағы ғой.
- Сүйгені Нұркен деген жігіт туралы әртүрлі пікір бар. Тарихта ондай оқиға болуы әбден мүмкін. Себебі бұл жағдайды Мәншүкпен бір зілмәңкеде тұрған Александра Прокопенко өз кітабында жазады. Біреулер бұған сенбей, «ойдан шығарылған» деп жүр. Өзінің жан құрбысы туралы ойдан шығарып жазды деуге... әруағынан қорықпай ма. Мен сондықтан сенемін.
- Мәншүкке қатысты деректерді оралдық Ахмедияр Батырханов та тапқан екен. Сіздің көзқарасыңыз қалай бұған? Жалпы сіздер тапқан деректеріңізге қатысты пікірлесіп, бір-біріңізді толықтырып отырасыздар ма?
- Ахмедияр Батырхановтың дерегінің жағдайы мынадай. Ол басқарып отырған Оралдағы Мәншүк музейіне Алматыдан бір жігіт келеді. «Менің атамның әңгімесі» деп айтқаны – атасы сол 100-нші бригадада болған екен, «Нұркен маған келді, ол Алматы облысының жігіті. (Біреулер Шығыс Қазақстанның жігіті дейді), Мәншүкті алып келіп таныстырды, «мынау сенің жеңгең» деп айтты» дейді. Бұл екі деректің бір жерден шығуы – Нұркеннің жалпы өмірде болғандығын және Мәншүкпен екеуінің арасында ғашықтық хикаясы орын алғандығын көрсетеді. Сондықтан бұны талқылап қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Нұркеннің Изоча түбінде ақырғы шайқаста Мәншүктің көз алдында оққа ұшуы, оның алдында Мәншүктің Сталинге үш рет хат жазып, «әкемді босатуыңызды сұраймын, қыз да болсам майданға келіп ерлік көрсетуге дайындалып жүрмін» дегені, жаңағы үш хатына жауап ала алмауы, міне осының барлығы қосыла келіп, Мәншүктің өмір сүруге деген қызығын тауысқан сияқты. Үшіншіден, айналасындағылар Мәншүктен ерлік күткен. Көбісі оның ерлікке келе жатқан қалпын байқаған. «Бұл қара қыз ерлік жасамай қоймайды, көр де тұр» деген. Шамасы сол әңгімелерді естіген, сезген. Кейде сондай болады. Адамдардың көңілінен шығу дейтін нәрсе жас адамдарда кездеседі. Осы ойлары «Жеңістің анасымын» деген ұғымға алып келген сияқты. Мәншүктің соңғы хаттарын салыстырып қарайтын болсақ, одан біресе өлгісі келетін адамның, біресе өлгісі келмейтін жас адамның алабұртқан аумалы-төкпелі көңіл-күйін байқаймыз. Бірақ, көз алдында Нұркеннің оққа ұшуы – «кете берсем де енді маған өмір сүрудің ешқандай қызығы қалған жоқ» деген ойға тірелуіне, тоқтамға келуіне әсер етті ме деп жобалаймын.
- Мәншүктің соғысқа аттануын, ерлік жасауын қазақтың генетикалық ерекшелігінен көресіз, мысалы, былайғы уақытта елеусіз, момын көрінетін адамдардың шынайы сапа қасиеттері аса қиын, жауапты сәтте көрінетінін айта келіп, бұның бәрі зәузат қорының қасиетінен дейтін қисыныңыз шынымен күшті. Қалай десек те, бүгінгі ұрпақ үшін «Мәншүк қалайша қорықпай соғысқа барған?» деген сұрақ қызық болуы мүмкін.
- Нобель сыйлығының лауреаты, беларус жазушысы Светлана Алексиевичтің «У войны не женское лицо» дейтін кітабы бар ғой. «Соғыстың сұрқы әйелге жат» деп аламыз ба? Жақында қазақша аудармасы шыққан екен, дұрыс негізі. Соғыс – әйелге жат нәрсе. Соғысқа соғыстағы әйел адамның көзімен, жағдайымен қарауға тырыстым. Жалпы Мәншүк ең алдымен екіншідүниежүзілік соғыс тарихында алдыңғы шепке барып соғысқан азғана қыздардың біреуі. Саптағы әскерде болу бір бөлек, алдыңғы шепке барып қолма-қол бірінші окопқа тұрып соғысу екінші бөлек нәрсе. Ол алдыңғы шепте пулеметші болған. Өте шебер мерген, пулеметші ретінде көзге түскен бірден бір жауынгер қыз деп есептейміз. Мынадай пікір бар, былтырғы өткен Мәншүктің 100 жылдық мерейтойының қарсаңында «Мәншүк, Әлия, Хиуаз деген қыздарымыздың бәрі орыстың жерін қорғап, сол жерде екеуі өлді ғой» деген сияқты бір пікірлер қылаң ете қалды. 1970 жылы Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы жыр» фильмі прокатқа шыққаны белгілі. Фильм киностудияда түсіріліп болып, монтаждалып прокатқа шығайын деп жатқан кезде оның талқылауы болады. Кейін әлгі бас қосудың хаттамалары жарияланды. Сонда Мәжиттің: «Мәншүк қазақ үшін соғысты ғой, қазақтың топырағы үшін соғысты» деген бір сөзі бар. Сол сөз елеусіздеу қалды. Ешкім оған мән бере қойған жоқ. Шынында да алдымен Мәншүк Қазақстан үшін, қазақ үшін соғысқан. Қазір біз Украинға тақымымызды қысып жақтасып отырмыз, себебі, Украинаның тағдыры – қазақтың да тағдыры. Украина жеңсе – қазақ та жеңіске жетеді. Ол кезде орыстың тағдыры – қазақтың тағдыры есептелді, орыс жерін басқан неміс етігінің табаны қазақ жерін де басады деп ойлады, салыстырмалы түрдегі тәуелсіздігімізден айрылып қалып, басқа бір ұлттың, өте агрессиялы ұлттың табаны астында тапталып қаламыз ба деген қауіп болмауы мүмкін емес қой. Болды деп ойлаймын. Сол жағынан келгенде Мәншүктердің бұл қадамына ең алдымен ұлттық мүдде, ұлттық тұрғыдан қарағанымыз жөн болады.
- Тұлғаға ден қоятын интеллектуалдық тарих жасау туралы ойыңыз ұнады. Бірақ, ол үшін тарихты өтіріктен, жаңсақ пікірден тазарту керек. Әйтпесе неге біздің тарихи тұлғалар, ұлт қаһармандары жайында жасаған дүниелеріміз бір қайнауы ішінде, сулыжабағылы болып шыға береді, бұл әлде интеллектуалдық мақсатты түсінбегендіктен бе?
- Интеллектуалдық тарих дегенді айтып жүрмін. Бұл – тұлға арқылы тарихты зерттеу. Биографиялық эссе кітаптарды Мәншүкке дейін де жаздым. Жалпы менің өзімнің жазушылық кредом, алғашқы бағытым – тарихты адамның тағдыры арқылы зерттеу. Сонда көзім жеткен нәрсе – Шәңгерейден бастап, осы кезге дейін жеті кітап шыққан екен, адамның тағдырына, адамға қайран қалудан жазбай келе жатырмын. Қазір де біреулер Алаш-Орда қайраткерлерін сатқын не қаһарман жасап жатыр ғой, ол жақсы емес, тарихты «алаш», «алаш емес» деп бөлген дұрыс емес, оны таза тарихи тұтастықта, диалектикалық бірлікте, кезең шындығымен қосып алып қарау керек. Осыған өрелері жетпейтіндер қазір жазып, кино түсіріп жатыр. Әсіресе, кинофильмдер бойынша айтсақ, біздің тарихи тұлғалар туралы сериалдар бойынша менің көптеген көңілтолмаушылықтарым бар. Осындай зерттеу, интеллектуалдық тарихқа келгенде оны заманның өресінде алып қарау, әр тұлғаға кезеңнің шындығымен келу керек. Жалпы мен адам тағдырын Батыс "жаңа тарих" дейтін дискурспен жазамын. Яғни, бұл жай өмірбаян деректерін тізбелеу емес, соны интеллект, менталитет, дискурстар мен семантикалардың тарихына батыра отырып, тақырыпты кеңінен орау, алдыңнан ашылған жаңа фактологиялық материалды концептуальды пайымдау. Басқаша айтқанда, бұл – бірінші кезекте адамға назар тіктеп отыратын интеллектуальдық тарих.
– Бұндай зерттеудің арнайы әдіс-тәсілдері болатыны белгілі, сізге қай әдіс жақын?
- Зерттеу әдістерім: нақты-затты көзқарастан абстракцияға көшіп отыру, салғастыру, обьективтілік, мәліметкөздерге сын көзбен қарау, материалды сыни тұрғыдан қорыту. Екінші сөзбен айтқанда, кезең шындығын ескеру. Абайдың рух сыны әдісі. Осыларға табан тірейтін жүйелік талдау арқылы тақырыпты егжей-тегжей орнына қойып, ішкі заңдылықтарды ашу. Жазғандарымның ауқымды болып кететіні де осыдан. Ең бастысы, өз жазғаныңа өзің елігіп, қиял-фантазияға жол беріп алмау керек.
- Өзіңіздің көңіліңіз толған не толмаған фильмдер туралы аз-кем пікіріңізді білсек...
- Соңғыдағы тарихи тұлғалар туралы жақсы көріп, тұшынып қарағаным – Дулат Рамазанның сценарийі бойынша түсірілді ғой деймін, Ермахан Бекмаханов туралы фильм маған ұнады. Сондай ақ, «Абайдың жолы» деген фильм қатты ұнады. Қалғандарын, Міржақып, Ахмет туралы фильмдерді көре қойғаным жоқ, ештеңе дей алмаймын. Мұрат Есжан «Абайдың жолын» түсірген, қолынан жаман нәрсе шықпайды деп ойлаймын, өзім сыйлайтын режиссерім. Оған қарама-қарсы Баянның күлдібадамы сияқты Дулат Исабеков сценарийін жазған «Балуан Шолақ» дейтін фильм бар... онда Балуан ояздың қызын таудың ішіне алып қашып кетіп саудаласатыны жайлы оқиға бар. Өмірде болмаған, ойдан шығарылған нәрсе. Оны қайдан алды? Сондай жасанды фильмдер көп және Д. Исабеков сияқты тарихты білмейтін, көркем прозамен, драматургиямен айналысатын адамға осындай фильмнің сценарийін сеніп тапсыру деген жай ғана атаққа жығылу.
– Мәншүк екі рет жерленген деген дерек қайдан шыққан? 21 рет шақырған көкек туралы «аңызды» қайдан алыңыз? Жалпы өзіңізде әлі де жауабын таппадым деген сұрақ бар ма?
– Көкек туралы бар, өзінің майдандас, бір батальонда болған жігіттің айтқаны ғой. Бабушкин дейтін қалада соғысқа кірерде соғыс өнеріне 2-3 ай жаттығады ғой, «сол жерде орманның ішінде, зәулім қарағайдың арасында соғыс ойынын ойнаймыз, арасында көкек шақырған кезде «тсс» деп бәрін тоқтатып тыңдап, қазір неше рет шақырады екен? деп күттік. Мәншүк саусағын бүгіп санаған кезде көкектің шақырғаны 20-дан аспады» дейді. Славян халықтарында көкек қанша рет шақырса, тыңдап тұрған адам сонша рет жасайды деген сенім бар. Бұл аңыз емес. Болған оқиға болу керек. Екі рет жерленген деген де бар дерек. 1990 жылдардың басында Гүлзейнеп Сәдірқызы екі-үш рет мақала жазды. Ахметқазы Болатов деген Мәншүктің майдандасының әңгімесін бірінші рет жариялады. Сонда жаңағы Болатовтар Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің күш салуымен, Мәншүкке батыр атағын беру жөнінде мәселе көтеруімен құжаттар жинап, денесін табуы керек болған, сөйтсе 100-нші бригада Невельден кетіп қалған, бірнеше мың километр алыста, Беларуссия жерінде жүр екен, содан сол жерден тауып алып, «сендер көрдіңдер ғой» деп, қасындағы 2-3 адамды жіберіп, «соңғы рет соғысқан жері, өлген жері сол жер, сүйегі сонда болу керек» дегесін Невельге апарып қою керек дейді. Әйтеуір, қай жерден екенін айтпайды, сол жерден қазып алдық дейді. «2-3 қыздың сүйегі шықты, солардың ішінде біреуінің шашы қара екен, сүйектері кішкентайлау, әйел адамның сүйегі, плащпалаткаға салып Невель қаласына әкеліп бердік» дейді. Бауырластар зиратына жерленген. Содан кейін орталық алаңға көшіру керек болған, он адамды бірге жерлеген, алдына үш батырды шығарған. Ибрагим Сүлейменов, Әбілқайыр Баймолдин, Мәншүкті ортасына қойып, сол жерде қайтадан жерлеген. «Бұл жерде сүйегі бар ма, жоқ па, кім жатыр оның астында?» деген әңгімелер болады, эксгумация жасау туралы да айтылады. Тіпті Мәншүктің сүйегін елге әкеліп жерлейік деген әңгімелер шықты. Жалпы, әрине, ол оңай нәрсе емес. Невельдің халқы да Мәншүктің атын алақанына салып әлпештеп отыр, сүйегін беру жағына келісе қоймас. Бірақ қазақ аяулы адамдарының, әсіресе, батырларының сүйегін жатта қалдырмайтын ұлт. Геосаяси жағдай да шиеленісіп тұр, одан кейін оның күтімі бола ма, болмай ма, қазірдің өзінде естуімше, көшеден бе екен, мектептен бе екен, Мәншүктің атын алып тастаған. Осыдан 5-6 жыл бұрын орыс бала төбесіне шығып селфи жасап, мазақтаған сияқты әрекеттер істеген дейді. Осындай жағымсыз тенденциялар болуы мүмкін. Мүмкіндік болса, сүйегін әкеліп туған жерге жерлеген дұрыс қой деп ойлаймын. Ол үшін көптеген шетелдерде бар тәжірибе бойынша ел қорғаған батырларына жасалатын ұлттық әскери зират болуы керек. Вашингтон түбіндегі Арлингтон деген елдімекенде ұлттық әскери зират бар, осындай нәрселерді бізде де қолға алып, Кенесарының басы табылып жатса содан бастап, Мәншүктермен жалғастырып, 86-ншы жылғы құрбандармен аяқтап, халықтың рухын көтеретін үлкен нәрселер болса әкелуге себеп табылады ғой деп ойлаймын.
Кейінгі кезде қоғам, жұртшылық тарапынан талқыланып жатқан мәселе – Мәншүк атындағы әуежайдың жекенің қолына берілуі деген мәселе. Бұл стратегиялық жағынан ойланатын нәрсе. Батыр үш қызымыздың атында үш жердегі әуежай үш ұстын сияқты айбынданып тұрған символдық мәні бар, осындай оймен де берілген болар деп ойлаймын. Солтүстіктегі көршіміздің активтерінің қатысуының үлес салмағы көп болып тұрған сияқты сол жерде. Осының барлығы ойландырады. Ертең санкцияларына қатысты әңгімелерге ілігіп, соғысқа байланысты құралдарды таситын хапқа айналып кетіп, жаманаты шықпай ма деп қауіптенеміз ғой. Осы жағынан келген кезде шекаралардағы әуежайлар қалай болғанда да стратегиялық маңызы бар нысан ретінде мемлекеттің қарамағында болғаны дұрыс. Қандай ұшақ ұшады, қонады деген қадағалау болуы керек қой. Жалпы дүниежүзі бойынша көптеген әуежайларда диктор хабарлардың алдында Моцарттың 18 жасында жазған -ре мажор тоналдылығындағы Қысқа мессасының алғашқы ноталары ойналады. Сол сияқты осы дәстүр Мәншүк атындағы әуежайда болса деймін. Өзінің сүйіп айтқан әнінің ноталары ойналса. Мәншүк әнші болған адам. Ашық дауысты, альт дауысты болу керек, Алма Оразбаевадан «Зәурешті», Орда мектебіне қатысты, Мұхит ән мектебіне қатысты әндерді үйреніп, өте жақсы айтқан дейді. Әнші де, биші де болғысы келген, дайындалған, бірақ әкесінің аманаты бойынша дәрігерлікті таңдаған ғой. Мәншүктің репертуарында болған әндерді тізіп кітабымда жаздым, талдадым. Солардың біреуін алып яғни Мәншүк шырқаған әндердің алғашқы ноталарын әр хабарландырудың алдында беріп тұрса, қандай ғанибет болар еді!