Тоң Білге қатын құлпытасы 647 жылы қашалған, 1992 жылы қазан айында Қытайдың Шаньси провинциясының Лицюань үйезінің Чжаолин ауылының Чжуанхэ елді мекенінің аумағындағы Ашина Сымо қабірінен Ашина Сымо құлпытасымен бірге шыққан. Көртас екі бөліктен – қақпақтас пен бітіктастан тұрады.
Қақпақтастың қырларының ұзындығы 59 cm, қалыңдығы 7 cm, бетіне «唐故李思摩妻統毗伽可賀敦延陁墓誌» (Тан елі Ли Сымоның зайыбы Тоң Білге қатын Яньто марқұмның құлпытасы) деген 16 иероглиф қашалып, төрт қырына төрт киелі жануардың (көк аждаһа, ақ жолбарыс, қызыл қыран және қара тасбақа) бейнесі шекілген. Бітіктас қырларының ұзындығы 59 cm, қалыңдығы 10.5 cm, бітіктас мәтіні 25 жолдан, толық жолдар 25 иероглифтен тұрады, кайшу үлгісі (иероглифтердің жарғылық нұсқасы) қолданылған, төр қырына он екі мүшелдің бейнесі салынған[1, 13 б]. Құлпытас қазіргі күнде Сиань қаласындағы Чжаолин музейінде сақтаулы. Бітіктастың эстамбы Чжаолин музейінің дайындауымен Қытайдың Саньцинь баспасынан 1993 жылы жарық көрген «Чжаолин бітіктастары» еңбегіне енген. Құлпытас мәтінін белгілі ғалым, ұйғыртанушы, дуньхуантанушы Ян Фусюэ зерттеген[2].
Мәтіннің қазақша аудармасы келесідей:
Ұлы Тан (елінің) Оң қарулы күзетінің Бас қолбасшысы, әскери уәзір лауазымының иесі Ли Сымоның⌠1⌡ зайыбы Тоң Білге қатын⌠2⌡ Яньто⌠3⌡ марқұмның құлпытасындағы арнау мен баян
Ханымның тегі Яньто, Иньшаньның тумасы. Түп тұқияны Сюаньхуаннан⌠4⌡ тамыр тартып, ата даңқы баба өсиетінен бастау алады. (Олар) Ханьхайды⌠5⌡ бастыра елдік құрып, Далаға⌠6⌡ жайыла дәурен сүріпті. Бабасы – Баға шор іркін⌠7⌡, атасы – Баға тархан⌠8⌡, әкесі – Күлік шор тархан⌠9⌡. Барлығы (бабалардың) игі жолын жалғап, лауазымды қызметтер атқарып келді. (Ханымның) арғы заты Сюньюйден⌠10⌡ тарап, биік мәртебесі Чуньвэйден⌠11⌡ басталды. (Олар) далалық бекіністерге өктемдік етіп, атағы көкті шарлады, Лунчэнде⌠12⌡ құрылтай шақырып, даңқы жер жарды. Ханым үркердей жарқырап, тумысынан ажарлы да арлы болды. (Тұлымшағы желбіреген) сәби күнінен⌠13⌡ зеректігімен (құрбыларының) алды болып, бойға жеткен шағында⌠14⌡ сұлулығымен оқшау көзге түсті. Жақсы атағы Ланванға⌠15⌡ жайылып, асыл даңқы Циляньға танылды. Сөйтіп Сяньванға⌠16⌡ жар атанып, текті әулетке келін болды. Көз жұмғаннан кейін әскери уәзір лауазымымен жарылқанған марқұм Ли Сымо оның ері еді.
Чжэньгуаньның үшінші жылы ғұндар іштей бүлініп⌠17⌡, Сымо ел-жұртымен сарайға берілді. (Ол) қашан кету немесе қалу керектігін күні бұрын болжай білгенде, ханымның көмегіне сүйенген болу керек⌠18⌡. Чжэньгуаньның он екінші жылы он бірінші айдың үшінші күні⌠19⌡ (императордың) жарлығымен (ханымға) Тоң Білге қатын (атағы) берілді. Алайда (ізгіліктің) өтеуі баянды болмады, бақ-береке баста тұрмады. Сүйеніші өмірден озып, жұбайлардың жолы екіге айрылды. (Ханым) жұқа матадан (тігілген) (азалы) шымылдыққа жүзін төсеп, қайғыдан көкірегі қарс айрылды. Киіз үйде⌠20⌡ оңаша қалып, сары уайыммен сарылды. Елу алты жасында, Чжэньгуаньның жиырма бірінші жылы сегізінші айдың он бірінші күні⌠21⌡ сырқат себебінен Сячжоу аймағының⌠22⌡ Жулухуй⌠23⌡ деген жерінде өмірден өтіп, (императордың) жарлығымен Сымоның қасына жерленді⌠24⌡. Жерлеу рәсімін чэнилан⌠25⌡, Цаован сарайы кеңесшісінің міндетін атқарушы⌠26⌡ Пу Вэньчжи қадағалады. Жерлеу тәртібі императордың қамқорлығымен, дәстүрге сай орындалды.
Ханым қаршадайынан биік мақсатқа қол созып, қарағайдан да қайсар, бамбуктен де арлы болып өсті⌠27⌡. Жасы жеткенде өмірдің ауыр сынақтары оның жігерін мұқалта алған жоқ. (Ол) Тяньшань⌠28⌡ (баурайындағы халықтың) ғана өнегесі болып қалған жоқ, Орталық аймаққа⌠29⌡ да аналықтың үлгісін көрсете білді. Өркен жайып, жапырақтай жайқалған шағында, ерте күздің (суық желі) сағағынан үзіп кетті. Тумаластары қан жылап, игі-жақсылар көзінің жасын сықты. Зарлы жоқтаудың әуені жүректі сыздатып⌠30⌡, сойылатын жылқының⌠31⌡ кісінеген үні сай сүйекті сырқыратты. Көктің жүзін тұнжыраған бозғылт мұнар торлап, жердің бетін мүлгіген сұрғылт көлеңке жапты. Арнау:
Тамыры Сядан⌠32⌡ тараған,
Зәузаты текті, өскелең.
Шаннан⌠33⌡ бері белгілі,
Байтақты⌠34⌡ билеп-төстеген.
Бабасы – сұңқар, атасы –
Қырандай қанат сермеген.
Есімі мәшһүр Дасяға⌠35⌡,
Даланы⌠36⌡ даңқы кернеген.
Айхай ханым, ай ханым,
Ақылына көркі сай, ханым!
Тұлымды өндір шағынан,
Гүл терген зия бағынан.
Толықсып ерте бой жеткен,
Ажары артық ақ таңнан.
Ізетті, жұмсақ, ұстамды,
Жігітке лайық мақталған.
Шық сорып гүлдің күлтесін,
Жапырақты қырау қарыған.
Жан жары өтіп өмірден,
Өзі де қайтты соңынан.
Сүлдесі мұңлы молада,
Топырақтан торқа жамылды.
Шырағы жанған сөнді де,
Түндігі мәңгі жабылды.
Бақытқа лайық көл-көсір,
Мың жасар ізгі жан, әттең –,
Кейуана жасы бұйырмай,
Келмеске кетті кенеттен.
Қайғыдан жұтар кең Дала,
Қалың ел жоқтау айтқанмен⌠37⌡.
Өнегесі⌠38⌡ өшпес он ғасыр,
Өмірден өзі қайтқанмен.
Жалғанның сөнсе жарығы,
Тұңғиық түнек жұтады.
Уілдер мола басында,
Қисық тал сынық бұтағы.
Қандастары қан жұтып,
Көсемдер көзін бұлады.
Тау теңселіп, тас боздап,
Жер жоқтап, орман жылады.
Сыңсыды шерлі сыбызғы,
Атырып зармен ақ таңды.
Нарт қызыл жалау желбіреп⌠39⌡,
Боз арба⌠40⌡ қырға аттанды.
Денесі көрге кіргенмен,
Сүнесі қайтар ауылға.
Жазулы көктас тұрар тек,
Мүжілмей жауын, дауылға.
Түсіндірме:
⌠1⌡大唐故右武衛大將軍贈兵部尚書李思摩 – Бумын қағанның шөбересі, Татпар қағанның немересі, Дуолу шадтың баласы Ашина Сымо (583-647 жж.) айтылып тұр. Тарихи тұлғаның өмір жолымен және басына қойылған құлпытастың аудармасымен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://e-history.kz/kz/news/show/50000689
⌠2⌡統毗伽可賀敦 – Құлпытас иесінің ресми титулы. 統 – toŋ, tun немесе toŋa; 毗伽 – bilge, 可賀敦 – qaɣatun. Біз дәстүр бойынша Тоң Білге қатын деп таңбалап отырмыз.
⌠3⌡延陁 – Құлпытас иесінің шыққан тегі, руы. Қытайлық дереккөздерде көбінесе 薛 (сір) тайпасымен қатар аталып, 延陀 болып жазылады. Иероглифтерді Кляшторный yamtar, Ішкі Моңғолия университетінің профессоры Бао Вэньшэн yund, ескі жылнамаларды ана тілімізге аударған қытайлық қазақ ғалымдары enda деп оқиды.
⌠4⌡軒皇 – Ежелгі қытай мифологиясындағы бес бабалықтың біріншісі Сары бабалықтың (Хуан-ди немесе Сары император) лақап аты. Қытай тарихшысы Сыма Цянь «ғұнның арғы тегі сяхоу тайпасынан шыққан Чуньвэйден тарайды»[3, 4498 б] деп жазады. Кейде Чуньвэй аңыздағы Ся әулетінің соңғы әміршісі Цзенің баласы деп айтылады. Ал Ся әулетінің негізін салған Юй, қытайлық миф бойынша, Хуан-дидің туажаты. Құлпытаста Тоң Білге қатынның түп атасының Сюаньюаньнан таратылуының себебі осында.
⌠5⌡瀚海 – Тарихи әдебиеттерде 翰海 түрінде де жазылады. Топонимның мағынасы тарихи кезеңдерге қарай құбылып отырған. Хань дәуірінде Ханьхай қиыр солтүстіктегі теңіздің/көлдің атауы ретінде қолданылған. У-ди императордың тұсында Хо Цюйбин Ғұнның Шығыс аймағына басып кіріп, Дайцзюнь шекарасынан мың шақырымдай шалғайдағы Ханьхайға дейін ат ізін салады. Тан әулетіне дейінгі «Тарихи жазбалар» мен «Ханьшу» жылнамаларына түсіндірме жазған қытайлық ғалымдардың барлығы дерлік бұл топонимді теңіздің/көлдің атауы деп белгілеген. Географиялық тұрғыдан ол қазіргі Моңғол үстіртінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Құлын мен Бүйір көлдерін меңзеуі мүмкін деген жорамал бар. Алайда тарихшы Цэнь Чжунмянь бұл пікірлерді теріске шығарып, Сыма Цянь келтірген Ханьхай топонимі Моңғолиядағы Хангай тауы болуы ықтимал екенін көрсетеді (4, 67~72 б).
«Бэйши» жылнамасында Ханьхай топонимі бірнеше жерде тілге алынады. Алайда деректер өзара қарама-қайшы, бірде «Тарихи жазбалар» мен «Ханьшу» еңбегінде айтылатын Ханьхай өңірмен сәйкес келсе, енді бірде Моңғол үстіртінің теріскей алабында жатқандай сипатталады. Бұ тұрғыдан қазіргі Байқал көлі айтылып тұрғандай әсер береді (5, 3249~3277 б).
Тан дәуірінде Ханьхайтопонимі Моңғол үстіртіндегі шөлді алқаптың солтүстік бөлігін және қазіргі Жоңғар даласының жалпы атауы ретінде қолданылған. Юань дәуірінде Ханьхай деп қазіргі Құрбантұңғыт шөлі айтылған болу керек. Ал кей әдебиеттерде Алтай таулары Ханьхай деп аталған. Мин әулетінен кейін негізінен Гоби шөлін білдіретін тұрақты географиялық терминге айналған(6,850 б).
⌠6⌡朔野 – Қытайша 朔 иероглифі әу баста ай жаңасы, айдың алғашқы күні, өлараның соңғы түніндегі ай қараңғысы деген мағыналарды білдіріп, кейінірек солтүстік деген ауыспалы мағынаға ие болған. Бұл жерде жалпы терістіктегі ұланғайыр дала меңзеліп тұр.
⌠7⌡莫賀啜頡筋 – Тоң Білге қатынның бабасының ресми титулы. Тіркестегі 莫賀, 啜 және 頡筋 сөздері ретімен көне түркілік baɣa, čor және irkin атақтарына сәйкес келеді. Бұл тұлға туралы қытайлық әдебиеттерде ешқандай дерек айтылмайды.
⌠8⌡莫汗達官 – Тоң Білге қатынның атасының ресми титулы. Тіркестегі 莫汗 және 達官 сөздері ретімен көне түркілік baɣa және tarqan атақтарына сәйкес келеді. Атап өтер бір жайт, біз белгілі ғалым Ян Фусюэнің пікіріне сай [2], 莫汗 (mòhàn) сөзін де 莫賀 (mòhè) атауы сияқты көне түркілік baɣa терминінің қытай тіліндегі көп баламасының бірі ретінде қабылдап, тұтас тіркесті Баға тархан деп белгіледік. Алайда 莫汗 сөзі baɣan болып оқылуы да мүмкін екенін ескерткіміз келеді. Бұл тұлға туралы қытайлық әдебиеттерде дерек жоқ.
⌠9⌡區利支達官 – Тоң Білге қатынның әкесінің ресми титулы. Тіркестегі 區利, 支 және 達官 сөздері ретімен көне түркілік külik, čor және tarqan атақтарына сәйкес келеді. Атап өтер бір жайт, құлпытас мәтінінде көне түркілік лауазым атауларының қытайша баламасы стандартты емес, мысалы, сәйкес кезеңдегі қытайлық жылнамаларда күлік шор тіркесі көбінесе 屈律啜, ал тархан сөзі көбінесе 達幹 болып таңбаланады. Күлік сөзінің кейде 闕律、屈利、俱盧、曲勒 деген нұсқалары да кездесуі мүмкін.
⌠10⌡獯粥 – Қытайлық әдебиеттерде этнонимнің 獯鬻、薰育、薰粥、荤粥、薰鬻 деген нұсқалары да кездеседі. Ежелгі қытайлықтар солтүстік даланы мекен еткен қытайлық емес халықты осылай атаған. Кейінірек олар 匈奴 (сюнну) деп аталды.
⌠11⌡淳維 – Қытайлық әдебиеттерде ғұнның арғы атасы Чуньвэй деп көрсетіледі. Сыма Цянь «Ғұнның арғы тегі сяхоу тайпасынан шыққан Чуньвэйден тарайды. Олар Тан Яо менЮй Шунь заманына дейін-ақ шаньжун (山戎, таулық жунь), сяньюнь (玁狁), сюньюй (荤粥) деп аталып, солтүстіктегі жапан түзде малдың соңынан көшіп-қонып жүрді» [3, 4498 б] деп жазады. Сыма Чжэньнің «Тарихи жазбаларға түсіндірмесі» бойынша, Ся әулетінің соңғы билеушісі Цзе әділетсіз, қайырсыз, қатыгез болған екен. Сондықтан ел билігі Шан әулетінің қолына көшкенде, жаңа әмірші Чэн Тан оны жер аударып, Минтяо аймағына айдатады. Цзе үш жылдан кейін өледі, артында Сюньюй (獯鬻) деген жалғыз тұяқ қалады. Ол ел-жұртымен көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес алыс қиырға көшіп кетеді, әкесінің жесірлерін өзіне қаратып, олардан үбірлі-шүбірлі бала сүйеді. Оның кіндігінен тараған ел сюнну (匈奴) атанып, ен далада емін-еркін көшіп-қонып жүреді[3, 4498 б].
⌠12⌡龍城 – Ежелгі топоним. Сыма Цянь 蘢城 деп жазады. Кей әдебиеттерде 龍庭,龍祠 нұсқалары да жолығады. «Тарихи жазбаларда» көрсетілуінше, ғұндардың салты бойынша «жылдың алғашқы айында игі-жақсылар шаньюй (дарқан) ордасында шағын кеңес өткізіп, құрбандық шалады. Бесінші айда Лунчэнде бас қосып, ұлы бабаларға, көк пен жерге, иелер мен киелерге арнап ас береді. Күзге қарай жылқы қоңданғанда Дайлиньде (蹛林) құрылтай шақырып, мал мен жанның санын алып, алым-салық мөлшері анықталады»[3, 4519 б]. «Тарихи жазбаларға» түсіндірме жазған бірқатар ғалымдар топонимнің төркінін қытай тіліндегі лун (龍, мифологиялық жануар, аждаһа) сөзімен байланыстырады. Сондықтан кейбір қазақтілді әдебиеттерде бұл топоним Ұлубалық деп қазақшаланған. Алайда жапон синологы Такигава Сукэнобу «龍庭, 龍城 немесе 龍祠 болып әртүрлі аталғанмен, барлығы бір жерді меңзейді. Егер 龍 ғұн сөзі десек, оның мағынасы анық емес, бірақ аждаһамен (蛟龍) еш қатысы жоқ, сондықтан әу баста 蘢 (жайқалған көк шалғын) иероглифі қолданылған» [3, 4519 б] дейді. Канадалық синолог Эдвин Пуллибланк бұл пікірді қостап, 蘢 иероглифін кірме сөз ретінде танып, оның ежелгі заманда *vlōŋ деп оқылғанын дәлелдейді[7, 162 б]. Біздің ойымызша, бұл бірқатар түркі тілінде кездесетін öleŋ (көк шалғын, балғын шөп, өзен, сулы жер) сөзі болуға тиіс.
⌠13⌡髫齡 – 髫 (айдар, бұрым немесе тұлым) және 齡 (жас) деген екі иероглифтен құралған бұл сөз өндір шақ, балалық, балғын жас деген мағыналарды білдіреді.
⌠14⌡笄年 – Тура мағнасында қыз баланың шашына түйреуіш қадалатын жас. Ежелгі қытайда қыз бала 15 жасында бойға жетті деп саналып, шашына түйреуіш қадайтын ырым болған.
⌠15⌡狼望 – «Ханьшу» жылнамасындағы «Бұған дейінгі әміршілер өлшеусіз шығынға мойын ұсынып, бейкүнә жандарды ауыр жұмысқа жеккенде Ланванның солтүстігіндегі өңірлерге көңілі тартты дейсіз бе?»[8, 3814 б] деген сөйлемде жолығатын Ланван сөзін Янь Шигу ғұн тіліндегі топоним деп түсіндіреді[8, 3815 б]. Кей әдебиеттерде шекаралық аймақтың тұрғындары қарауыл төбеде ұран от жағып белгі беруді ланван деп атаған делінеді[9, 2001 б]. Мәтінде жалпыл ғұн өлкесі мәнісінде қолданылып тұр.
⌠16⌡賢王 – Тура мағынасында: данышпан князь немесе дана әмірші. Ғұн лауазымы. «Тарихи жазбалар» бойынша, ғұндарда «Сол және оң сяньван болады. Ғұндар сянь(賢) – дананы 屠耆 (túqí) дейді. Сондықтан көбінесе тақ мұрагері сол сяньван болып тағайындалады»[3, 4516~4517 б]. Пуллибланк 屠耆 сөзін *daɦ-gē деп оқып, оны көне түрік тіліндегі tegin сөзінің төркіні деп ұйғарады[7, 184 б].
⌠17⌡貞觀三年匈奴中亂 – Чжэньгуаньның үшінші жылы 629 жылға тура келеді. «Цзю Таншу» жылнамасы бойынша, «Чжэньгуаньның үшінші жылы құмның теріскейінде сюеяньтолар өз (билеушісін) қаған көтерді және сарайға елші жіберіп, жергілікті өнімдер тарту етті. Ілік өзін алғаш рет бодан деп атады және (қытай) ханшайымын айттырмақ болып, күйеу салтын өтеуді сұрады. Ілік үнемі соғдылықтарға сенім артып, тумаластарына салқын қарады. Соғдылықтар ашкөз, тұрлаусыз болатын, соның салдарынан жарғы-жарлық шектен тыс көбейіп, соғыс жылдан жылға созылып кеткен еді. Халық соғыстан қажып, ел-жұрт одан жери бастады. Оның үстіне жыл сайын жұт жүріп, төрт түлік мал қырылып қалды. Елді аштық жайлады. Ілік қисапсыз шығынды жабу үшін ел-жұрттан алынатын алым-салықты ауырлатты. Бұған қарауындағы қараша төзбеді, сөйтіп, ішкі-сыртқы тайпалар жаппай бүлік шығарды»[10, 5159 б]. Құлпытас мәтінінде түріктер сюнну (ғұн) деп аталған.
⌠18⌡預識去就之機抑亦夫人之助 – Бұл сөйлемде «кету немесе қалу» (去就) деп 630 жылғы тағдыршешті сәт меңзеліп тұрғаны анық. Сол жылы Шығыс Түрік қағанаты ыдырап, «ел-жұрттың көпшілігі Орталық елге (Қытай) берілгенде, тек Сымо ғана Іліктің қасында болды, ақыры онымен бірге тұтқынға түсті»[11,5163 б]. Ілік қағанмен бірге Қытай астанасы Чанъаньға айдап әкелінген Ашина Сымо берілуге шешім жасайды. Дәл осы оқиға «Ашина Сымо құлпытасында» «Мырза (Сымо) келер-кетерді(去就) мүлтіксіз саралап, жақсы мен жаманға анық көз жеткізгендіктен, шаньюйге (Ілік қағанға) үнемі «Жүзіңді сарайға түзе!» деп кеңес беретін еді» деп баяндалады. «Тоң Білге қатын құлпытасы» бойынша, Сымо Тан сарайына мойын ұсынғанда, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп қалмастан, қабырғасымен (Тоң Білге қатын) де ақылдасқан сияқты.
⌠19⌡貞觀十二年十一月己亥朔日辛丑 – Тікелей аудармасы: Чжэньгуаньның он екінші жылы сары Доңыз күнінен басталатын он бірінші айдың ақ Сиыр күні. Бұл күн, Юлиан күнтізбесі бойынша, 638 жылдың 7 желтоқсаны.
⌠20⌡穹廬 – Қытайлықтар далалық халықтардың киізден жасалған баспанасын 穹廬, яғни күмбез үй деп атаған. «Ханьшу» жылнамасында «ғұндарда әке мен бала бір үйде (穹廬) жатып тұрады»[3760 б] делінеді. Ғалым Янь Шигудің (581-645 ) айтуынша «Күмбез үй – киізбен жабылған шатыр. Оның пішіні аспан күмбезіне ұқсайды, сондықтан күмбез үй деп аталады»[8, 3761 б]. Тұтқынға алынып, мырзақамаққа түскен Ілік қағанның қытай үлгісіндегі үй-жайға көндіге алмай, аула ішінен киіз үй тіктіріп, сонда жатып-тұрғанын, жер аңсаған шерлі, еріксіз әміршінің үнемі жылап-сықтап, жұбына жеткенін қытайлық жылнамалар хабарлайды[10,6036 б]. Тоң Білге қатын да, сірә, жылдар бойы киіз үйде тұрса керек.
⌠21⌡貞觀廿一年八月十一日 – Шамамен 647 жылы қыркүйек айының басы.
⌠22⌡夏州 – Тарихи-географиялық аймақ. Моңғол үстірті мен Тан империясы арасындағы буферлік белдеу. Жер шарасы қазіргі Шэньси аумағындағы Дали өзенінің солтүстігіндегі Хунлю алабы мен ішкі Моңғолияның Хангин, Үүшин аудандарына сәйкес келеді. Аймақ Тан дәуірінде тоғыз жолдың торабы болған. Өлке Хань дәуірінен бері далалық көшпенділерге қоныс болып келген. Шығыс Цзинь әулетінің соңғы жылдары ғұннан шыққан Хэлянь Бобо (381-425 жж.) осында Дася мемлекетін орнатып, астанасын Түмен деп атаған. 628 жылы Тан империясы осында Сячжоу губернаторлығын құрды. 742 жылы Шофан, 758 жылы қайтадан Сячжоу атанды[2].
⌠23⌡濡鹿輝 – Ян Фусюэнің анықтауынша қазіргі Шэньси провинциясы Юйлинь қаласының аумағындағы Халиутгол алабында болуға тиіс[2].
⌠24⌡奉詔合葬於思摩之茔 – Ашина Сымо 647 жылы 25 сәуірде Чанъань қаласындағы (қазіргі Сиань қаласы) жеке тұрағында 65 жасында өмірден өтті, мәйіті өртеліп, сүйегінің күлі 6 маусым күні императорға арналған Чжаолин кесенесіне жерленді. Сол жылы қыркүйек айында Тоң Білге қатын қайтыс болып, Қытай императорының рұқсатымен жарының қасына қойылады. Ян Фусюэ Тоң Білге қатынның сүйегі өртелмеген деген болжам айтады[2], біз бұл болжалға күдікпен қараймыз. Сымоның қабірі көп мәрте тоналған. 1992 жылы қазан айында қытайлық археологтар қабірді аршып, «Ашина Сымо құлпытасы» мен «Тоң Білге қатын» құлпытасын қазып алады. Алайда археологиялық есеп жарияланбағандықтан, қабірден адам сүйектері табылғаны туралы нақты ақпарат жоқ.
⌠25⌡承議郎 – Лауазым атауы. Алғаш Суй әулеті 607 жылы тағайындаған, штат саны 30, дәрежесі алтыншы санаттың жоғары сатысына жатады. Олар императордың арнайы өкілі ретінде істің ауыр-жеңіліне қарай әрекет еткен. Тан әулеті бұл жүйені сақтап қалғанмен, дәрежесі алтыншы санаттың бастауыш сатысына төмендетіліп, номиналды лауазымдар қатарына ығыстырылды, цзюньгун (герцог) деңгейіндегі тұлға осы жүйе арқылы лауазымдық дәрежеге қол жеткізді[12, 620 б].
⌠26⌡守曹王府掾 – Тіркестегі цаован (曹王) атауы ежелгі Қытайда билеуші әулеттің мүшелеріне берілетін княздық титул. Тан әулетінде Тайцзун император Ли Шиминьнің он төртінші ұлы Ли Мин 647 жылы цаован болып жарияланды. 掾 көмекші қызметкер, кеңсе қызметкері немесе кеңесші хатшы қызметтерінің жалпы атауы. Ал тіркес басындағы 守 иероглифі кеңесшінің бұл қызметке уақытша тағайындалған тұлға екенін білдіреді.
⌠27⌡貞固邁於松筠 – Сөйлемдегі 松筠 тіркесі қарғай (松) және бамбук (筠) деген екі сөзден құралған. Қарағай мен бамбуктің бітімі қатты болғандықтан, қытай мәдениетінде қайсарлық пен арлылықтың символы ретінде қабылданады[13, 1485 б].
⌠28⌡天山 – Бұл жерде Тяньшань (Тәңіртау) деп Циляньшань сәлемі айтылып тұрғаны анық. Сыма Чжэнь «Тарихи жазбаларға түсіндірме» еңбегінде «Циляньшань жотасы Чжанъе мен Цзюцюань аймақтарының шекарасында, шығыстан батысқа қарай ұзындығы 200 лиден астам. Тауда қарағай, шырша секілді ағаштар өседі, сулы мол, шөбі шүйгін, қысы жылы, жазы салқын, мал өсіруге бап келеді. Ғұндар Цилянь (Тәңір) және Яньчжи (Еңлік) жоталарынан айрылып қалғанда «Айрылып Тәңір тауымнан, кеміді басы малымның. Айрылып Еңлік тауымнан, ажары тайды жарымның» деп өлең шығарған екен. Циляньшань жотасының тағы бір аты Тяньшань. Байшань (Ақтау) деп те аталады»[3, 4546 б] деп жазады.
⌠29⌡中域 – 中原(Орталық жазық), 中土(Орталық жер) немесе 中州(Орталық өлке) деп те аталады. Әу баста қазіргі Хэнань провинциясының аумағын алып жатқан жазық осылай аталған. Кейінірек Хуанхэ алабының атауына айналды. Кейде ол Қытай немесе Орталық ел (中國) мағынасында да жұмсалады. Бұл жерде Тяньшань деп шет елдер, көшпенділер әлемі, ал Орталық аймақ деп Қытай елі меңзеліп тұр.
⌠30⌡薤歌 – Жоқтау жыры. Ежелгі Қытайда жоқтау жырлары «薤露» (Селу – Жуа жапырағындағы шық) деп аталған. Бұнда өмірдің жуа жапырағына қонған таңғы шықтай өткінші екені меңзеледі[9, 2720 б].
⌠31⌡掊馬 – Тұтас мәтіндегі ең түсініксіз тіркес. Тіркестегі 掊 иероглифінің 1) топырақты қолмен үю; 2) жер құшу, тағзым жасау; 3)жинау, құрау (арам олжа туралы); 4) ұру, құлату, қирату[9, 1265 б] деген мағыналары бар. Егер мәтінде бұл иероглиф өзімен бітімі мен дабысы жақын 剖 (сою, жару, кесу) иероглифінің орнына қолданылып тұр деп жорысақ, онда тіркесті жылқы сою немесе сойылған/сойылатын жылқы деп түсінуге болады. Бұл болжал негізсіз емес. «Суйшу» жылнамасы бойынша түріктерде «Кісі өлсе мәйіті киіз үйге жатқызылады. Үй іші мен туыс-туғандары құрбандыққа көбінесе сиыр, жылқы шалады және үйді айнала дауыс салып, беттерін қанжармен тіледі, олардың (көзінен) жас, (жүзінен) қан төгіледі. Осылай жеті мәрте қайталаған соң тоқтайды. Сөйтіп күннің сәтіне қарай сүйекті ат үстіне өңгеріп өртейді де, күлін жинап, жерге көмеді. Қабір басына сайғақ шаншылып, үстіне үй соғылады, қабырғасына марқұмның бейнесі салынып, тірі күнінде өткерген шайқастарының жайы баяндалған суреттер сызылады»[14, 1864 б].
⌠32⌡夏後 – Қытай мифологиясы бойынша Юй бабалық Шунь босатқан әміршілік орынға отырып, Ся әулетінің билігін орнатады. Әдебиеттерде Ся әулеті Сяхоу тайпасы, Сяхоу немесе Ся тайпасы деп те аталады[9, 647 б].
⌠33⌡商 – Қытай тарихындағы археологиялық ескерткіштермен расталған алғашқы әулет, шамамен б.з.д. XVII ғасырда іргесі қаланды. Аңыз бойынша Шан әулетінің негізін Тан салған. Алғашында ел астанасы Бо жерінде болған. Кейін астана Иньге көшірілген, сондықтан Шан әулеті кейде Инь деп те аталады. Шан әулетінің билігі б.з.д. 1046 жылы аяқтады[6, 1968 б].
⌠34⌡朔漠 – Солтүстіктегі шөлді алқап[9, 1483 б].
⌠35⌡大夏 – Мұнда Дася немесе ұлы Ся деп Қытай елі айтылып тұр.
⌠36⌡龍鄉 – Тікелей аударғанда: аждаһа ауылы. Бұл жерде көшпенді халықтар мекен еткен кең байтақ далалық аймақ меңзеліп тұр. 龍城 топонимымен қатысты болуға тиіс. Ежелгі қытайлық әдебиеттерде 龍城 топонимы да жүре келе солтүстіктегі далалық халықтардың қонысы деген туынды мағынаға ие болған[15, 319 б].
⌠37⌡悲纏八狄悼結九夷 – Тікелей аудармасы: сегіз ди (八狄) қайғыға батып, тоғыз и (九夷) аза тұтты. Бұндағы ди және и этнонимдері ежелгі қытай ұғымында сәйкесінше солтүстік және шығыс бағыттағы жат, бөтен халықтарды меңзейді. Тіркестегі сегіз бен тоғыз нақты сан емес, көптікті білдіретін стилистикалық тәсіл.
⌠38⌡四德 – Аудармада өнеге деген жалғыз сөзбен берілген бұл ұғым конфуциандық ілімде әйел затының бойында болуға тиіс төрт қасиетті меңзейді, атап айтқанда, ізгілік, сөзгерлік (орынды сөйлей білушілік), сұлулық және еңбекқорлық[6, 2141 б].
⌠39⌡丹旆 – Қытай дәстүрі бойынша марқұмды соңғы сапарға шығарғанда қаралы топтың алдында жүретін жалау. Қызыл түсті жалауға марқұмның есімі мен сойы, тірі күнде атқарған қызметі жазылады. 丹旐 деп те аталады[16, 595 б].
⌠40⌡素車 – Қытай дәстүрі бойынша марқұмды соңғы сапарға шығарғанда мәйіт көк ат жегілген ақ түсті арбаға тиеледі[6, 2404 б].
Соңғы сөз
Ескерткіш мәтініне сүйне отырып, мола иесі Тоң Білге қатын Яньто марқұмының өмір жолын келесідей түйіндеуге болады: Ол 592 жылы Гоби шөлінің солтүстігіндегі аймақта дүниеге келген. Аты белгісіз, ресми атағы Тоң Білге қатын, тегі яньто тайпасынан. Қытайлық жылнамаларда яньто тайпасы көбінесе Орхон-Енисей ескерткіштерінде жиі тілге алынатын сір халқының одақтасы ретінде бірге аталады (сюеяньто/薛延陀). Сюеяньто одағы жылнамаларда VI ғасырдың аяғына қарай атала бастайды. «Цзы чжи тун цзянь» жылнамасына сәйкес, «кезінде түріктер күшейіп, телек тайпалары тарыдай шашылып кеткен еді, құрамындағы сюеяньто, хуйхэ (ұйғыр), дубо (тыва?), құрықан, доланьгэ (телеңгіт?), тоңра, пугу, байырқы, сыцзе (изгил немесе секел?), хун, хусюэ (хогурсу?), цзэ, адиз, циби (чибни?), байси деген он бес тайпа да ұлы шөлдің солтүстігіндегі аймақты мекен етті. Олардың өмір салты түріктермен қарайлас. Тайпалардың ең күштісі сюеяньто еді»[17, 6044~6045 б]. «Цзю Таншу» жылнамасында сір мен яньто халықтарының бірігуі жайлы «өздерінің айтуынша, сюеяньтолардың тегі сюе (сір). Арғы аталары яньтоны талқандап, қауымын өзіне қосып алған екен, сондықтан сюеяньто деп аталып кетіпті. Олардың басқару жүйесі, қару-жарағы және өмір салты түріктермен қарайлас»[11, 5343 б] делінеді. Одақ құрамына кіретін ятьтолар туралы «Тундянь» жылнамасындағы келесі дерек те өте қызық: «Сюеяньто – телелердің бір табы. Алдыңғы Янь әулетінің әміршісі Мужун Цзюнь билік құрып тұрғанда, Ғұн шаньюйі Хэлатоу қарауындағы 35 мың халықпен тізе бүкті, яньто дегеніміз, негізі, солардың ұрпағы. Сір тайпасымен аралас-құралас қоныстанғандықтан, сюеяньто аталып кетті»[5465 б]. Мейлі қалай болмасын, сір және яньто тайпаларынан құралған сюеяньто бірлестігі өз кезінде күллі теленің ең қуаттысы саналған һәм Түрік қағанатының билеуші әулеті ашиналармен саяси-құдандалық одақ құруға қолы жеткен. Яньто тайпасының текті атасынан шыққан болашақ Тоң Білге қатын шамамен 606 жылы 15 жасында 24 жастағы Ашина Сымоға ұзатылады. 629~630 жылдары Тан империясы Шығыс Түрік қағанатын құлатып, Бағадыр шад Ілік қағанды тұтқынға алады. 38 жастағы қабір иесі де жары, Ілік қағанның адал жақтастарының бірі Ашина Сымомен бірге Қытай қолына жәсір болады. Құлпытас мәтініне бақсақ, Яньто ханым жұбайы Сымоға Тан империясына берілу туралы кеңес берген көрінеді. 638 жылы Қытайдың Тайцзун императоры даланы қайта біріктіре бастаған сюеяньтоларға қарсы қорғаныс ретінде пайдалану мақсатында Қытай шекарасының аумағына қоныстандырылған түрік тайпаларын далалық аймаққа қайтарып, Шығыс Түрік қағанатын қалпына келтіруге шешім жасайды һәм Ашина Сымоны Ілбіс Низек Сіліг би қаған деп жариялайды. Яньто ханымға Тоң Білге қатын атағы осы жылы беріледі. Сірә, Тайцзун император Ашина Сымоны сюеяньтоларға қарсы балама күш ретінде пайдаланғысы келгенде, оның яньтоларға күйеу болып келетінін де ескерсе керек. Дегенмен Тан империясының дала халықтарын жауластыруға бағытталған кезекті жобасы сәтсіз аяқталады. Сюеяньтолардың тынымсыз шабуылы мен қысымы салдарынан ел-жұртының қолдауынан айырылған Ашина Сымо салт атпен сарайға оралып, бетімен жер басады. Тоң Білге қатын 647 жылы Сячжоу аймағында, қазіргі Шэньси провинциясының Юйлинь қалалық округының аумағында 56 жасында қайтыс болады.
Тоң Білге қатын құлпытасының маңыздылығы сонда, қысқа ғана қайрылғанмен бітіктас Ашна Сымо жазуымен бірге Шығыс Түрік қағанатының соңғы дәуірі мен «ноқталы кезеңнің» тарихи шындықтарына тереңірек үңілуге түпкі деректер ұсынады. Мысалы, Тоң Білге қатынның бабасы мен аталары туралы деректер далалық тайпалардың қағанаттың басқару жүйесіне қалай біріктірілгені туралы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берсе, құлпытастағы жерлеу рәсімі туралы мәліметтер сюеяньтолар (теле) мен түріктер арасындағы өлім жөнелту дәстүріне байланысты айырмашылықтарды тереңінен қарастыруға, әсіресе жат жұртқа келін болып түскен әйелдер өмірден өткенде төркінінің салты бойынша жөнелтілуі мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеуге түрткі болары хақ.
Сөзіміздің соңын Ашина Сымо мен Тоң Білге қатынның қабірінің қабырғасына салынған суреттер туралы қысқа шолумен аяқтағымыз келеді. Қытайлық жылнамаларға сәйкес, түріктерде қабір басына сайғақ шаншылып, үстіне үй соғылады, үйдің қабырғасына марқұмның бейнесі салынып, тірі күнінде өткерген шайқастарының жайы баяндалған суреттер сызылады. Ашина Сымоның қабірінде ондай тақырыптағы фрескалар жоқ. Дегенмен қызықты бейнелер жеткілікті. Мысалы, қабір бөлмесінің теріскей қабырғасына бір-біріне қарама-қарсы қарап тұрған қос айымның кескіні салынған. Солдағы әйел басына қара түсті бөрік тектес баскиім киген, жүзіне далап жаққаны анық байқалады. Үстіне ақ түсті, дөңгелек жағасы кең ойылған, жеңі тар бешпет киіп, оның сыртынан жеңі тар, өңірлері қабыспайтын қызыл тон жамылған. Астына кең-мол пішілген бүрмелі көйлек, аяғына ұшы жайпақ туфли киіп, қолына ақ ваза ұстаған. Ал оң жақтағы шашын түйіп, қолына құмған көтерген қыз, сірә, қызметші болу керек. Ол үстіне бүрмелі ақ көйлек киіп, сыртынан шағи жамылғы жамылған(1 сурет). Шығыс қабырғадағы сазгер қыз шашын желкесіне түйіп, жүзіне, маңдайына, қабағына далап жағып алған. Үстіне қызыл-ала жолақтары бар көйлек киіп, сыртынан қардай аппақ шағи жамылғы жамылған. Аяғына кигені қайқы тұмсық қара етік. Ол құшағындағы пипа аспабын құшырлана орындап тұрған сыңайда(2 сурет). Ал батыс қабырғаға қолына адырна аспабын ұстаған сазгер қыздың бейнесі бар. Ол үстіне ақ түсті, дөңгелек жағалы, жеңі тар жейде киген. Жейденің жеңі қызыл-ала, жеңінің ұшы тізбектелген маржанмен безендірілген. Сыртынан жеңсіз қызыл қамзол киген. Астында ұзын ақ көйлек, аяғында қайқы бас қара етік(3 сурет). Бұлар әлемдік империя деңгейіне көтерілген Тан мемлекетінің мәдени әртүрлілігін көрсететін айшықты тарихи мұра болып саналады.
Ең қызықты және Чжаолин кесенелер қорығындағы өзге қабірлерде кездеспейтін бейнелер ретінде бөлменің шығыс және батыс қабырғаларына орналастырылған құбыжық суретін атауға болады. Мысалы, шығыс қабырғадағы денесі адам тәрізді, бірақ басы белгісіз жыртқышқа келетін құбыжықтың қабір бөлмесінің кіреберісінен көз алмай, садақ тартып тұрған бейнесі салынған. Көзі тостағандай және қаһарлы, арандай ашылған аузынан тілі жалмаңдап, өткір тістері сораяды. Кеудесі ашық. Иығында жоғары қарай жайылған қанаттары бар. Бұтында қызыл шалбар, жалаңаяқ. Үш саусақты, екі башпайлы(4 сурет). Қытайлық ғалымдар бұл құбыжық бейнелерін Қытай өнерінде, әсіресе ақыреттік кескіндемеде шамамен V ғасырдан кейін пайда болған вэйшу – үрейлі жыртқыштар санатына жатқызады. Ғалымдардың пікірінше, Қытай топырағында вэйшу мотивінің пайда болуы ортаазиялық соғдылықтар ала барған зороастризм нанымымен қатысты[19]. Ал қабір иесі Ашина Сымо соғды қызынан тууы және зороастризм сенімін ұстануы мүмкін. Олай дейтініміз, Жылнамаға сәйкес, мінезі ашық, ойы жүйрік, айтқан болжалы дәл келгенмен, Сымоның түр-түсі түріктен гөрі соғдыларға көбірек тартқан еді[10. 6039 б]. Шібір мен Шора қағандар соның үшін оны ашина әулетінен емес деп күдіктенетін. Ілік қаған ел басқарған жылдары да ол әскербасы – шад қызметіне қол жеткізе алмай, Цзяби тегін деген атақты місе тұтады[11. 5163 б]. Жылнамадағы Ашина Сымоның соғдыларға тарқан түр-түсіне байланысты биліктен шеттетілгені туралы ақпаратты жапон тарихшысы Косэцу Сузуки элита ортасындағы билікке таласпен байланыстырады һәм Сымоның нағашы жұрты соғды болу керек деп болжап, оның «ашина әулетінен емес екендігі» туралы алып-қашпа өсекті билік жүйесіндегі қарсыластары – Исицзи қағаннан тарайтын Шібір мен Шора қағандардың (Сымоның мәртебесі мен ықпалын төмендету мақсатындағы) саяси үгіт-насихатының көрінісі деп бағалайды[20]. Қытайлық жылнамаларға сәйкес, Ілік қаған қағанат қарауындағы, әсіресе билік жүйесіндегі соғдылықтарға үлкен сенім артып, қамқоршы болады[10, 5159 б]. Ал Ашина Сымоның Ілік қағанға шын беріліп, тұтқынға түскенше жанынан табылуының бір себебі оның (Ілік қаған) соғдыларға сенім артуы, мүмкін зороастризм сеніміне қамқоршылық жасауымен де қатысты болса керек. Ал қабір қабырғаларынан зороастризм сенімімен қатысы болуы мүмкін үрейлі жыртқыштар бейнесінің танылуы аталған жорамалдарды бекіте түсетін маңызды дәйек саналмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. 張沛. 昭陵碑石. 西安: 三秦出版社, 1993
2. 胡蓉,楊富學. 長安出土《統毗伽可賀敦延陁墓誌》考釋. 《青海民族研究》2017, 1. p. 116-121