Орал қаласындағы Табиғат және экология музейі – миллиондаған жыл бұрын Батыс Қазақстан аумағында тіршілік еткен мамонттар мен ежелгі жануарлардың сүйектерінен бастап, бүгінгі дала мен Жайық бойында кездесетін сирек аң-құстарға дейін сақтаған ерекше орын. Бір қарағанда қарапайым көрінгенмен ішінде тұтас бір табиғат тарихы жатыр. Мұнда кайнозой дәуірінен жеткен түпнұсқа сүйектерді, Қызыл кітапқа енген жануарларды, өңір экожүйесіне тән құстарды және ғасырлар бойы өзгерген табиғат әлемін бір жерден көруге болады.
Табиғат және экология музейінің тарихы XIX ғасырдың ортасынан бастау алады. Ресми деректер бойынша музейдің негізі 1852 жылы қаланған. Бұл кезеңде қазіргі Батыс Қазақстан аумағында арнайы музейлер мүлде болмаған. Өңірдегі алғашқы табиғи-ғылыми коллекциялар сол кездегі Орал әскери училищесінде сақталған. Алғашқы экспонаттардың қатарында ежелгі жануарлардың сүйектері, қазба қалдықтары мен сирек табиғи үлгілер болған. Кейін бұл жәдігерлер арнайы қорға жинақталып, болашақ табиғат музейінің негізіне айналады. Бүгінде музей қорында 12 мыңнан астам жәдігер сақтаулы.
Музей экспозициясы үш негізгі бөлімнен тұрады. Соның ішіндегі ең әсерлі әрі тарихи маңызы жоғары бөлім – палеонтология залы. Бұл залда миллиондаған жыл бұрын Батыс Қазақстан аумағында тіршілік еткен ежелгі жануарлардың сүйектері мен қазба қалдықтары қойылған. Экспозиция арқылы келушілер өңір табиғатының өте ерте кезеңдегі тарихымен таныса алады. Мамандардың айтуынша, Жайық өңірі ежелгі жануарлар дүниесіне бай аймақтардың бірі саналады. Сондықтан XIX ғасырдан бастап бұл жерге палеонтологтар мен зерттеушілер арнайы келіп, қазба жұмыстарын жүргізген. Музей қорындағы кей сүйектердің жасы миллиондаған жылға жетеді.
Мұндағы ең құнды жәдігерлердің бірі – мамонт сүйектері. Экспозицияда мамонттың азу тістері, азу сүйектері, қабырға және жамбас сүйектері сақталған. Музей меңгерушісінің айтуынша, бұл жәдігерлердің барлығы – түпнұсқа экспонаттар. Яғни сүйектер дәл Батыс Қазақстан аумағынан табылған және ешқандай көшірме емес. Мамонттың бір ғана азу тісінің салмағы 7–8 келіге дейін жетеді. Ал азу сүйектерінің ұзындығы кейде екі-үш метр болған. Мамандардың айтуынша, мұндай ірі жануарлар мыңдаған жыл бұрын Жайық өңірінде тіршілік еткен. Кей ғылыми деректер бойынша, Батыс Қазақстан аумағында ежелгі пілдердің кем дегенде үш түрі кездескен.
Экспозициядағы кей сүйектердің көлемі өте үлкен болғандықтан, олар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Әсіресе балалар мен студенттер мамонттың азу тістері мен алып сүйектерін көріп, ежелгі жануарлардың нақты қандай болғанын көз алдына елестете алады. Экспонаттардың басым бөлігі XIX ғасырдан бері жиналып келеді. Кейбір сүйектерді палеонтологтар мен археологтар ғылыми экспедициялар кезінде тапқан. Ал кей жәдігерлерді жергілікті тұрғындар музей қорына өздері әкеліп тапсырған.
Палеонтология залында мамонттардан бөлек ежелгі жануарлардың басқа да сүйектері сақталған. Олардың қатарында көне бизондар, ежелгі бұғылар мен басқа да жануарлардың қазба қалдықтары бар. Бұл жәдігерлер өңір аумағында ежелгі дәуірде табиғат пен климаттың мүлде басқаша болғанын көрсетеді. Музей мамандары қазіргі уақытта толық мамонт қаңқасын құрастыру жобасымен айналысып жатыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, музейдегі ең ірі әрі бірегей экспозициялардың бірі пайда болмақ. Мамандардың айтуынша, толық қаңқа келушілерге ежелгі жануарлардың нақты көлемін көрсетуге мүмкіндік береді.
Музейдің екінші үлкен бөлімі Батыс Қазақстан облысының қазіргі жануарлар дүниесіне арналған. Бұл бөлімде өңір даласында, орманды аймақтарында, өзен-көлдерінде кездесетін аң-құстар мен балық түрлері қойылған. Экспозиция арқылы келушілер Жайық өңірінің табиғи экожүйесін бір жерден көре алады. Музей ішіндегі экспозициялар бірнеше табиғи аймаққа бөлінген. Атап айтқанда, «Дала», «Орман», «Көл», «Жайық өзені» секілді бөлімдер бар. Әр зал белгілі бір табиғи ортаның көрінісі ретінде жасақталған. Мұнда жануарлар мен құстар табиғи мекеніне ұқсас ортада орналастырылған. Мысалы, «Дала» бөлімінде Батыс Қазақстанға тән киік, түлкі, қасқыр, дала құстары көрсетілсе, «Орман» экспозициясында бұлан, орман құстары мен басқа да аңдар қойылған. Ал «Көл» және «Жайық өзені» бөлімдерінде су құстары мен өзен-көл жануарлары таныстырылады.
Музейдегі ерекше экспонаттардың бірі – бекіре тұқымдас алып балықтың үлгісі. Жайық өзені ежелден бекіре балығына бай аймақтардың бірі саналғаны белгілі. Музей мамандарының айтуынша, бұрын Жайықта ұзындығы бірнеше метрге жететін өте ірі бекірелер кездескен. Экспозициядағы балық үлгісі сол кезеңдегі Жайықтың бай табиғатын көрсететін сирек жәдігерлердің бірі ретінде қойылған.
Келушілердің назарын аударатын тағы бір экспонат – бұланның ірі таксидермиялық үлгісі. Бұл жануар музей қорына Алтай өңірінен әкелінген. Мамандардың айтуынша, Алтай бұландары көлемі жағынан Батыс Қазақстанда кездесетін бұландардан әлдеқайда ірі келеді. Экспонат музейге 1990 жылдары тапсырылған.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, экспозициядағы жануарлардың терілері табиғи. Таксидермия барысында аң-құстың ішкі құрылымы арнайы материалдармен толтырылғанымен, сыртқы терісі түпнұсқа күйінде сақталады. Сондықтан экспонаттар тірі жануарлардың табиғи бейнесіне барынша ұқсатып дайындалады. Мұндай таксидермиялық жұмыстар өте ұзақ әрі күрделі процесс саналады. Әр жануардың дене пішіні, жүні мен түсі мүмкіндігінше табиғи қалпында сақталуға тырысады.
Музей тек экспозициялық және экскурсиялық қызметпен ғана шектелмейді. Сонымен қатар ол ғылыми-зерттеу бағытында да жұмыс жүргізетін маңызды орталықтардың бірі саналады. Табиғат және экология музейі өңірдегі жоғары оқу орындарымен және ғалымдармен тұрақты байланыс орнатқан. Әсіресе Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жаратылыстану-география факультетімен байланыс тұрақты жүргізіледі. Университет мамандары музей қорындағы кей табиғи және палеонтологиялық жәдігерлерді зерттеуге қатысып, ғылыми анықтамалар жасауға көмектеседі.
Сонымен қатар музей қорындағы бірқатар палеонтологиялық жәдігерлерді белгілі қазақстандық палеонтолог Перуза Тілеубердина зерттеген. Ол Қазақстандағы палеонтология саласының белгілі мамандарының бірі саналады. Мамандардың айтуынша, ғалым музейдегі ежелгі жануарлар сүйектерін зерттеп, олардың қай дәуірге жататынын анықтауға қатысқан. Перуза Тілеубердинаның қатысуымен музей қорындағы кей сүйектерге ғылыми сипаттама жасалып, арнайы зерттеу материалдары дайындалған. Әсіресе мамонт сүйектері мен ежелгі жануарлардың қазба қалдықтарын анықтау жұмыстары жүргізілген. Кейін бұл мәліметтер Қазақстан бойынша жасалған арнайы электронды палеонтологиялық каталогқа енгізілген. Табиғат және экология музейі де сол ғылыми базаға енген.