Атыраулық археологтар Сарайшық музей-қорығының аумағында ауқымды археологиялық жаңалық ашты. Ғалымдар жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде ортағасырлық үш көне қоныстың орны анықталып, шамамен 250 археологиялық жәдігер табылды. Сонымен қатар тұрғын үйдің қабырғалары, цитадель мен керуен-сарайдың қалдықтары аршылған. Табылған олжалардың барлығы XIV ғасырдың басына, яғни Алтын Орда дәуіріне тән, деп хабарлайды e-history.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жаңалық туралы зерттеушілер Атырау университетінде өткен 2025 жылғы ғылыми жұмыстардың қорытындысына арналған жиында мәлімдеді. Мамандардың дерегінше, Сарайшық қалашығы аумағынан осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам артефакт табылған. Бұл дерек ескерткіштің тарихи әрі ғылыми маңызын айқын көрсетеді.
Қазба жұмыстарымен қатар нысанда реставрациялау ісі де қатар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта көне қоныстардың орнында ашық аспан астындағы музей құру жоспарланған. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Сарайшықты халықаралық деңгейде танымал тарихи-мәдени орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Музей-қорық директоры Әбілсейіт Мұхтар табылған нысандардың ғылым үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл ескерткіштер – музейдің негізгі ғылыми зерттеу объектілері. Былтыр Қарағайлы, Үшхана және Ашысай аумақтарындағы алғашқы зерттеулердің нәтижесі бойынша көлемді монография жарық көрген. Қазіргі таңда зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстары қатар жалғасып жатыр.
Мамандардың пікірінше, барлық жұмыстар аяқталған соң, ортағасырлық Сарайшық өңір тарихын терең танытатын әрі туристерді көптеп тартатын бірегей тарихи кеңістікке айналады.