Әлемдегі алғашқы кітапханалар тарихы

Бөлісу

24.02.2026 862

Адамзат тарихын сараласақ, ең қуатты мемлекеттер – ең бай кітап қорын жинағанын көреміз. Сондықтан алғашқы кітапханалар тек мәдени институт емес, саяси, ғылыми, идеологиялық құрылым болды.  Төменде әлем тарихындағы ең ықпалды кітапханаларды тарихи деректерге сүйене отырып, кең қамтып қарастырамыз.


Ашшурбанипал кітапханасы

Б.з.д. VII ғасырда Ассирия мемлекеті Таяу Шығыстағы ең қуатты державалардың бірі еді. Оның астанасы Ниневияда патша Ашшурбанипал ірі мемлекеттік кітапхана қалыптастырды. Бұл кітапхана бүгінгі ғылымда Ашшурбанипал кітапханасы деп аталады.

Археологиялық қазбалар барысында 20–30 мыңға жуық саз тақта табылды. Кітапханада 30000-нан астам балшық тақтайша сақталған. Ашшурбанипал өз жаушыларына: «Қай жерден болмасын, маңызды жазбаларды тауып, маған жеткізіңдер немесе көшірмесін жасаңдар», - деп бұйрық берген. Олар сына жазуымен жазылған. Тақырыптық жағынан бұл қор өте кең болды, мемлекеттік хаттар, дипломатиялық құжаттар, әскери есептер, заң жинақтары, медициналық нұсқаулар, жұлдызнамалық кестелер, діни гимндер мен дұғалар.

Ең әйгілі мәтіндердің бірі – Гильгамеш туралы дастан. Бұл эпос тек әдеби шығарма емес, адамзаттың өлім мен мәңгілік туралы ең көне философиялық толғаныстарының бірі.

Ашшурбанипалдың өзі бірнеше тілді меңгерген, жазба мәдениетіне ерекше мән берген билеуші болған. Ол көрші елдерден мәтін көшіртіп алдырған. Кітапхана жүйеленген, тақталар серияларға бөлінген. Бұл ерте каталогтау дәстүрінің үлгісі.

Б.з.д. 612 жылы Ниневия құлаған кезде қала өртке оранды. Бірақ күйдірілген саз тақталар қатайып, мыңдаған жыл бойы жер астында сақталды. XIX ғасырда британ археологтары оларды қайта ашты. Ежелгі шумер және аккад мектептерінің хатшылары (эдубба) осы жерде ілім жинақтаған. Олар алғашқы каталогтау жүйесін ойлап тауып, білімді реттеудің іргетасын қалады. Осылайша Месопотамия өркениеті туралы біліміміздің негізі осы кітапхана арқылы қалыптасты.

Александрия кітапханасы

Ежелгі әлемнің ең әйгілі интеллектуалдық орталығы – Александрия кітапханасы. Ол б.з.д. III ғасырда Птолемей әулеті кезеңінде құрылды. Птолемей I Сотер Египетті эллинистік мәдени орталыққа айналдыруды көздеді. Кітапхана «Мусейон» ғылыми кешенінің құрамында болды. Мұнда жүздеген ғалым тұрақты қызмет атқарды. Қор көлемі жөнінде нақты дерек жоқ, бірақ 400–700 мың папирус шиыршығы болғаны айтылады.

Бұл жерде геометрияның атасы Евклид, Жердің шеңберін алғаш есептеген Эратосфен, қан айналымын зерттеген Герофил және конустық қималар туралы еңбек жазған Пергалық Аполлоний жұмыс істеді. Кітапхананың басшысы болу мемлекеттегі ең жоғары лауазымдардың бірі саналған. Мысалы, Каллимах атты ғалым «Пинакес» деп аталатын 120 томдық әлемдегі алғашқы кітапханалық каталогты осы жерде жасап шықты.

Кітапханаға түскен әрбір қолжазба көшіріліп, түпнұсқасы қорда қалдырылғаны туралы деректер бар. Бұл мәтін жинақтаудың мемлекеттік стратегияға айналғанын көрсетеді.

Бірақ кітапхана бірнеше кезеңде жойылды. Юлий Цезарь жорығы (б.з.д. 48 ж.), кейінгі діни қақтығыстар оның біртіндеп жоғалуына себеп болды. VIII–IX ғасырлар ислам өркениетінің ғылыми серпіліс кезеңі ретінде тарихта қалды. Осы дәуірде Бағдат қаласы тек саяси астана ғана емес, әлемдік интеллектуалдық орталыққа айналды. 762 жылы Аббас әулетінің халифі әл-Мансур негізін қалаған Бағдат қысқа уақыт ішінде сауда, мәдениет және ғылым тоғысқан мегаполиске айналды. Дәл осы ортада кейіннен Даналық үйі деп аталған ғылыми-кiтапханалық орталық қалыптасты.

«Байт әл-Хикма» немесе Даналық үйі

Бұл мекеме VIII ғасырдың соңында пайда болып, өзінің шарықтау шегіне Әл-Мамун (813–833) тұсында жетті. Әл-Мамун ғылымды мемлекеттік деңгейде қолдаған билеуші болды. Ол ғалымдарды сарай маңына топтастырды, аудармашыларға жалақы тағайындады, шетелдерден қолжазбалар алдыртты. Деректерде оның Византиядан грек трактаттарын арнайы сұратқаны айтылады. 

Бағдаттағы ғылыми қозғалыстың өзегі – аударма ісі болды. Грек философиясы, үнді математикасы, парсы медицинасы мен астрономиясы араб тіліне тәржімаланды. Әсіресе Аристотель еңбектері кеңінен аударылып, логика мен метафизика исламдық ойлау жүйесіне енді. 

Осы ортада жаңа ғылыми мектептер қалыптасты. Әл-Хорезми алгебраны жүйелеп, математиканың дербес саласы ретінде дамытты. Оның «әл-жәбр» термині кейін «algebra» сөзіне айналды. Сонымен қатар, ол үнді сан жүйесін жетілдіріп, ондық жүйенің таралуына ықпал етті. Әл-Кинди философияны исламдық теологиямен ұштастырды. Ол грек рационализмі мен исламдық дүниетанымды үйлестіруге талпынды. Метафизика, музыка теориясы, оптика саласында еңбектер жазды.

Хунайн ибн Исхақ медицина мәтіндерін аударуда ерекше рөл атқарды. Ол Гиппократ пен Гален еңбектерін араб тіліне аударып қана қоймай, мәтіндік салыстыру әдісін қолданды. Бұл ғылыми сын мен редакция мәдениетінің дамуына ықпал етті.

Бағдаттағы интеллектуалдық орта тек аудармамен шектелмеді. Мұнда астрономиялық бақылаулар жүргізіліп, обсерваториялар салынды. Ғалымдар Птолемей жүйесін қайта қарап, нақты есептеулер жасады. География, химия, медицина, философия салаларында жаңа еңбектер дүниеге келді. Кейін осы дәстүрді Әл-Фараби жалғастырып, логика мен саясат философиясын тереңдетті.

Бұл құбылысты кей зерттеушілер «исламдық алтын ғасыр» деп атайды.

Алайда 1258 жылы Хулагу хан бастаған моңғол әскері Бағдатты басып алып, қала күйреді. Ғылыми орталықтар талқандалды. Деректерде кітаптардың Тигр өзеніне тасталғаны туралы айтылады. Бұл оқиға ислам өркениетінің ғылыми үстемдігінің аяқталуы ретінде бағаланады.

Дегенмен Даналық үйінің мұрасы жоғалған жоқ. Араб тіліне аударылған еңбектер Андалусия арқылы Еуропаға жетті. Кейін Толедо аударма мектебі араб мәтіндерін латыншаға тәржімалап, ортағасырлық университеттердің бағдарламасына енгізді. Ибн Сина мен Ибн Рушд еңбектері Еуропада кең тарады. Бұл үдеріс Қайта өрлеу дәуірінің интеллектуалдық алғышарттарының бірі болды.

Наланда кітапханасы

V ғасырдан бастап Үндістанның солтүстік-шығысындағы Бихар өңірінде орналасқан Наланда университеті Азиядағы ең ірі білім және кітап сақтау орталықтарының біріне айналды. Ол тек монастырь емес, құрылымы мен оқу жүйесі қалыптасқан нағыз университеттік кешен болды. Наланда бірнеше ғасыр бойы буддистік ойдың, философияның, логиканың және жаратылыстану білімінің басты орталығы қызметін атқарды.

Наланданың негізі Гупта әулеті кезеңінде қаланды деп есептеледі. Кейін Харша патша тұсында (VII ғ.) ерекше дамыды. Университет аумағында ғибадатханалар, дәрісханалар, жатақханалар және кітап сақтау ғимараттары орналасқан. Қытай, Корея, Жапония, Тибет, Орталық Азиядан келген мыңдаған студенттер осында білім алған. Кей деректерде бір мезгілде 8–10 мыңға жуық шәкірт және бірнеше жүз ұстаз болғаны айтылады.

Наланданың кітапханасы «Дхарма ганджа» («Ілім қазынасы») деп аталған. Ол бірнеше көпқабатты ғимараттан тұрған. Қорында буддистік сутралар ғана емес, логика (хьинаяна және махаяна дәстүрлері), медицина, грамматика, математика, астрономия, философия трактаттары сақталған. Діни оқу орны бола тұра, зайырлы ғылымдарды да қамтыған кешенді білім жүйесінің барын көрсетеді.

Буддистік философияның терең метафизикалық бағыттарының бірі – мадхьямака ілімі, оның негізін салған Нагарджуна идеялары Наландада кеңінен зерттеліп, дамытылды. Кейін Дигнага мен Дхармакирти сияқты логик-ойшылдар осы дәстүрді жалғастырып, үнді логикасын жаңа деңгейге көтерді.

VII ғасырда Қытайдан келген буддист монах Сюаньцзан Наландада бірнеше жыл білім алып, мұндағы ғылыми орта туралы егжей-тегжейлі жазып қалдырды. Оның жазбалары Наланданың құрылымы, оқу бағдарламасы, ұстаздары мен кітап қоры туралы негізгі тарихи дереккөздердің бірі болып табылады. Сюаньцзан жүздеген қолжазбаны өзімен бірге Қытайға алып кетіп, оларды аударып, Шығыс Азиядағы буддистік ойдың дамуына ықпал етті.

Наландадағы білім беру жүйесі қатаң іріктеуге негізделген. Университетке түсу үшін талапкерлер ауызша пікірталас пен философиялық сұрақтарға жауап беруі керек болған. Бұл дәстүр интеллектуалдық бәсекелестік пен логикалық ойлау мәдениетін қалыптастырды.

Алайда XII ғасырда Солтүстік Үндістанға жасалған әскери жорықтар Наланданың тағдырын өзгертті. 1193 жылы Бахтияр Хилжи әскері Наланданы талқандады. Кітапхана өртелді. Ортағасырлық деректерде қолжазбалардың айлар бойы жанып тұрғаны айтылады. Бұл Наланданың жойылуы Үндістандағы буддистік университеттік жүйенің күйреуіне әкелгені анық.

Наланданың мұрасы кейін Тибет монастырлық университеттерінде, Шығыс Азиядағы буддистік мектептерде жалғасты. Ал бүгінгі күні оның археологиялық орны  әлемдік білім тарихының символына айналған.

Пергам кітапханасы

Б.з.б. II ғасырда Кіші Азиядағы қуатты эллинистік мемлекет  Пергам (қазіргі Түркия аумағында) ғылым мен мәдениет саласында өз дәуірінің ірі орталығына айналды. Бұл өрлеудің бастауында тұрған билеуші Евмен II(б.з.б. 197–159 жж.) болды. Ол өзінің патшалығын тек әскери-саяси тұрғыдан емес, интеллектуалдық қуатымен де әйгілеуді мақсат етті. Сол себепті Пергамда Александриямен бәсекелесе алатын кітапхана салу қолға алынды.

Пергам кітапханасы сол дәуірдегі ең әйгілі мәдени орталық Александрия қаласындағы Александрия кітапханасына тікелей балама ретінде құрылды. Екі орталық арасындағы бәсекелестік жай ғана мәдени мәртебе жарысы емес, білім мен мәтінге иелік ету арқылы өркениеттік үстемдік орнату әрекеті болды.

Аңызға айналған дерек бойынша, Мысыр билеушілері Пергамның күшеюінен қауіптеніп, папирус экспортын шектейді немесе тоқтатады. Папирус – Ніл аңғарында өсетін өсімдіктен дайындалатын негізгі жазу материалы еді. Бұл шектеу Пергам ғалымдары мен шеберлерін жаңа шешім іздеуге итермеледі.

Нәтижесінде өңделген мал терісінен жасалатын жаңа жазу материалы  пергамент (латынша pergamenum, яғни «Пергамнан шыққан») кеңінен қолданысқа енді. Пергамент папирустан әлдеқайда берік, ұзақ сақталатын әрі екі бетіне де жазуға болатын материал болды. Бұл жаңалық кітап өндірісінің эволюциясында шешуші рөл атқарды. Кейін орта ғасырларда кодекс (парақталған кітап формасы) мәдениетінің қалыптасуына дәл осы пергамент негіз болды.

Осылайша саяси бәсекелестік технологиялық инновацияға жол ашты. Пергаменттің таралуы жазба мәдениеттің географиясын кеңейтті және мәтіндердің ұзақ сақталуына мүмкіндік берді.

Пергам кітапханасының қорында шамамен 200 000-ға жуық шиыршық болғаны айтылады. 

Пергамда антикалық грамматика мен филология мектебі қалыптасты. Мұнда мәтінді сыни тұрғыдан өңдеу, редакциялау, түсіндіру дәстүрі дамыды. Гомер поэмаларын талдау, тілдік нормаларды жүйелеу, әдеби канон қалыптастыру орталықта жетілдірілген бағыттардың бірі.

Пергам мектебі Александрия филологиясынан өзгеше әдістемелік ұстанымдарымен ерекшеленді. Егер Александрия мектебі мәтінді «тазарту», бастапқы нұсқасын қалпына келтіруге ұмтылса, Пергам ғалымдары философиялық интерпретация мен аллегориялық талдауға көбірек мән берді.

Пергамда еңбек еткен көрнекті тұлғалардың бірі – Крат Маллосский. Ол стоик философиясын ұстанған әрі грамматик ретінде танылған. Крат тіл білімін философиялық пайыммен ұштастырып, мәтіндерді дүниетанымдық тұрғыдан талдауға ұмтылды.

Кей деректер бойынша, ол әлемнің алғашқы глобустарының бірін жасаған. Бұл антикалық географиялық түсініктің модельдік бейнесі еді. Мұндай модель Жердің шар тәрізді екендігі туралы идеяны көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.

Пергам кітапханасының кейінгі тағдыры туралы түрлі болжам бар. Кейбір антикалық деректерде Рим қолбасшысы Марк Антоний Пергам қорындағы кітаптарды Клеопатраға сыйға тартып, Александрияға жөнелткен делінеді. Бұл дерек толық дәлелденбегенімен, Пергам мен Александрия арасындағы интеллектуалдық бәсекенің қаншалық терең болғанын көрсетеді.

Ақырында Рим үстемдігі орнаған соң Пергам саяси дербестігін жоғалтты. Бірақ оның мәдени ықпалы сақталып қалды. Пергаменттің кең таралуы, филологиялық мектептің дамуы және кітап өндірісінің жаңа форматы кейінгі еуропалық кітап мәдениетінің негізіне айналды.

Отырар кітапханасы

Сырдария бойындағы Отырар кітапханасы ортағасырлық Қазақстанның мәдени-ғылыми орталықтарының бірі болды. Ол тек аймақтық қала ғана емес, Жібек жолының бойындағы ірі халықаралық сауда және білім торабы ретінде танылды. Осы стратегиялық орналасуы Отырарды экономикалық интеллектуалдық орталыққа  айналдырды.

Отырар – ұлы философ Әл-Фарабидің туған жері. Оның философиялық және логикалық тереңдігі туған ортасының жоғары мәдени деңгейінде қалыптасқанын көрсетеді. Әл-Фараби білімді тек теориялық тұрғыдан меңгерген жоқ, ол практикалық ғылымдар мен музыка, саясат, философияның синтезін жасаған ғұлама ретінде танылды. Оның еңбектері Отырардағы кітапханалық және оқу ортасының қаншалықты дамығанын айқын көрсетеді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Отырар кітапханасында ондаған мың қолжазба болған. Қор діни мәтіндерден бастап, философиялық трактаттар, жаратылыстану ғылымдары, медицина, грамматика және тарих еңбектеріне дейінгі бағыттарды қамтыды.

Қалада бірнеше медресе, ғылыми мектеп және ғалымдар ортасы жұмыс істеген. Мұнда тек жергілікті оқушылар ғана емес, Орталық Азияның басқа қалаларынан, тіпті Таяу Шығыстан келген шәкірттер білім алған. Отырардағы білім беру жүйесі философиялық пікірталастар, логикалық жаттығулар мен мәтіндік талдау әдістеріне сүйенген.

Отырар Жібек жолының бойында орналасқандықтан, сауда мен мәдениет тығыз байланыста болды. Қолжазбалар мен кітаптар тек ішкі тұтыну үшін емес, сонымен қатар саудагерлер мен саяхатшылар арқылы алыс елдерге таралған. 

1219 жылы Шыңғыс хан әулетінің әскері Отырарға жорық жасап, қаланы талқандады. Көптеген ғалымдар қаза тапты, медреселер мен кітапхана күйреді. Кітапхана жойылды. Дегенмен археологиялық қазбалар қаланың дамыған қалалық құрылымын және ғылыми өмірдің жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді.

Отырар – көшпелі және отырықшы мәдениеттің тоғысқан нүктесі болды. Дала тұрғындарының тек ауызша емес, жазбаша дәстүрге де сүйенгенін дәлелдеді. Қолжазба мәдениеті, философиялық ой, ғылыми зерттеу ретінде  бәрі дала өркениетінің терең интеллектуалдық қабатын көрсететін белгі болды.

Ол жергілікті ойшылдар мен халықаралық ғылыми қауымның тоғысқан орны ретінде Қазақстанның ортағасырлық мәдениеті мен білім тарихында ерекше орын алады. 

Бөлісу