Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жолдары талқыланды
Бөлісу
30.01.20266745
2026 жылдың 30 қаңтарында Астана қаласында «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі базалық санаттары мен ішкі санаттарын іргелі зерттеу және оларды толық ақтау процестері» (ЖТН: BR24993057) мақсатты қаржыландыру бағдарламаны іске асыру аясында «Кеңес дәуірінде Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық ақтау жолдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
2020 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау мақсатында Мемлекеттік комиссия құрылғаны жұртшылыққа белгілі. 2023 жылғы желтоқсан айында Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин Мемлекеттік комиссияның жұмысын қорытындылай отырып, бұрын зерттелмеген, архивтік құжаттарды құпиясыздандыру және 1920-1950 жылдардағы ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бағытында ауқымды әрі жан-жақты жұмыс жүргізілгенін атап өткен болатын.
Мемлекеттік комиссияның қорытындылары бойынша іргелі ғылыми зерттеулерді Жобалық офис және Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қ. филиалы жалғастыруда. Жоғарыда аталған конференция белгілі заңгер-ғалым И. Борчашвилидің жетекшілігімен Мемлекеттік комиссияның ғалымдар мен сарапшылар тобы әзірлеген төмендегі заң жобаларын жетілдіруге бағытталған:
- «Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық құқықтық ақтау туралы»;
- «Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендерді саяси ақтау және олардың мәртебесі туралы».
Жобалық офис басшысы С. Қасымов өз сөзінде бұл заң жобаларының ерекше әрі бірегей екенін атап өтіп, олардың Мемлекеттік комиссия материалдары негізінде, сондай-ақ халықаралық құқықтық құндылықтар мен стандарттарға сәйкес әзірленгенін айтты. Ол аталған заңдарды қабылдаудың Қазақстанның мемлекеттік және қоғамдық дамуы үшін маңыздылығы мен өзектілігін негіздеп, электоралдық кезеңде бұл мәселелердің кеңінен талқыланатынына үміт білдірді. Сонымен қатар, конференцияның негізгі мақсаты – жоғарыда аталған заң жобаларының мазмұнын жан-жақты барлық бағыт бойынша пысықтандыру және Қазақстан Республикасы Парламентінде қарауға толық әзірлеу екендігін де айтты.
Аталған заң жобаларында ақтау мәселесі көтеріліп отырған қазақстандық құрбандардың көптеген санаттары бұрынғы Кеңес Одағының басқа республикаларында ақталған. С.Қасымов ескі Қазақстан кезеңіндегі бұрынғы басшылық 1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргінге байланысты архив материалдарына қолжетімділікті шектеп, кең ауқымды саяси қуғын-сүргін сипатын кешенді зерттеуге жағдай жасамағандығы салдарынан, «Қазақстандағы Кіші Қазан» халыққа қарсы бағдарламасы аясында жүргізілген шамамен 15 революциялық зорлық сипаттағы саяси науқан терең ғылыми тұрғыда зерделенбегендігін дәйектеді.
Бұл заңдарды қабылдаудың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңестік кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру екенін атап өтті. Ол мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған конституциялық реформаларды қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстанның ұлттық бостандығы мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен тұлғаларды саяси ақтау Президент жариялаған ұлттық идеяны - «Тәуелсіздік бәрінен биік!» қағидатын қолдауға бағытталғанын жеткізді. Баяндамашы сөз соңын «Біз Президентке әділетті мемлекет пен қоғам құру, саяси жүйені либералдық реформалау жолындағы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға қолдау көрсетуіміз қажет», - деп түйіндеді.
Конференция жұмысына елге танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, академик Ш. Құрманбайұлы, ғылым докторлары К. Айтхожин, И.Борчашвили, Е. Абайдельдинов, Қ. Балтабаев, Ю. Шаповал, С. Жакишева, ғылым кандидаттары Ш. Нағымов, К. Балтабаева, Т. Алланиязов, С. Исаева, белгілі қоғам қайраткері М. Жақыпов және басқа да қатысушылар баяндама жасап, өз көзқарастарын ортаға салды.
Конференция қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді қамтитын Қарар қабылданды.