Қазақстанда және басқа да мұсылман елдерінде Рамазан айынан кейін Ораза айт және Құрбан айт мерекелері кең көлемде аталып өтеді. Ораза айт – бір айлық рухани тазару мен сабырдың қорытындысы болса, Құрбан айт – құрбандық шалу арқылы мейірім мен жомарттықты дәріптейтін қасиетті күн. Ал әлемнің өзге мемлекеттерінде қандай діни мерекелер бар? Әртүрлі сенім жүйесіне негізделген маңызды мерекелердің бірқатарына тоқталып көрейік.
Дурга Пуджа (Үндістан, Бангладеш)
Дурга Пуджа – индуизмдегі ең ауқымды әрі ең әсерлі діни мерекелердің бірі. Бұл мереке құдай-ана Дурганың зұлымдықтың бейнесі саналатын Махишасура жын-патшасын жеңуін дәріптейді. Аңыз бойынша, Махишасураны ешбір ер құдай жеңе алмаған соң, барлық құдайлардың күш-қуаты біріктіріліп, Дурга жаратылған. Ол тоғыз күнге созылған шайқастан кейін зұлымдықты жеңіп, әділет пен ізгіліктің үстемдігін орнатқан. Сондықтан Дурга Пуджа – тек діни рәсім ғана емес, жақсылықтың жамандықты жеңуінің символына айналған мереке.
сурет: Shutterstock
Бұл мейрам индуистік күнтізбе бойынша Ашвин айында, яғни қыркүйек-қазан аралығында өтеді және әсіресе Үндістанның Батыс Бенгалия штатында, соның ішінде Колката қаласында ерекше ауқымда аталып өтеді. Дайындық жұмыстары бірнеше апта бұрын басталады. Қалалар мен ауылдарда уақытша «пандал» деп аталатын сәнді ғибадат орындары тұрғызылады. Әр аудан өз пандалын ерекше безендіруге тырысады. Кейбірі көне сарай үлгісінде, енді бірі заманауи өнер туындысы іспетті жасалады. Пандалдардың ішіне Дурганың және оның балалары Ганеша, Лакшми, Сарасвати мен Картикеяның мүсіндері орнатылады. Дурга көбіне он қолды, арыстан мінген, қолында қаруы бар кейіпте бейнеленеді. Бұл бейне әйел күшінің, аналық қамқорлықтың және әділдіктің белгісі саналады. Мереке бес негізгі күнге созылады. Осы уақыт ішінде арнайы дұғалар оқылып, гүлдер мен тәтті тағамдар ұсынылады, ғибадатханаларда қасиетті әндер шырқалады. 2021 жылы ЮНЕСКО бұл мейрамды адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. Бұл оның әлемдік мәдениет үшін маңызын айқындай түседі.
Рождество
Рождество – христиан әлеміндегі ең маңызды әрі кең таралған мерекелердің бірі. Бұл күн Иса пайғамбардың дүниеге келуін еске алуға арналған. Католик және протестант елдерінде Рождество 25 желтоқсанда атап өтілсе, православ шіркеуі юлиан күнтізбесін ұстанатындықтан, мереке 7 қаңтарда тойланады. Сондықтан АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия секілді елдерде 25 желтоқсан басты мейрам саналса, Ресей, Сербия, Грузия, Украина сияқты православ дәстүрін сақтаған мемлекеттерде 7 қаңтар қасиетті күн болып есептеледі.
сурет: TONY GENTILE
Рождествоның діни мағынасы – Құдайдың адамзатқа мейірім көрсетуі мен үміт сыйлауы. Інжіл деректеріне сәйкес, Иса пайғамбар Вифлеем қаласында дүниеге келген. Сондықтан көптеген шіркеулерде «Рождество түні» деп аталатын арнайы түнгі құлшылық өтеді. Ватиканда Рим папасы қатысатын месса әлемге тікелей эфир арқылы таратылады. Православ дәстүрінде де қасиетті түнгі литургия ерекше маңызға ие. Алайда Рождество тек ғибадатпен шектелмейді. Бұл – отбасы мүшелері бір дастарқан басына жиналатын, бір-біріне сыйлық тарту ететін, қайырымдылық жасайтын мереке. Көптеген елдерде бұл күнге дейін төрт апта бұрын басталатын Адвент кезеңі бар, ол рухани дайындық пен сабыр кезеңі саналады. Германия мен Австрияда Рождество жәрмеңкелері ұйымдастырылып, көшелер шамдармен безендіріледі. Франция мен Италияда арнайы ұлттық тағамдар әзірленсе, Ұлыбританияда дәстүрлі күркетауық пен пудинг ұсынылады. Рождество символдарының ішінде шырша ерекше орын алады. Мәңгі жасыл ағаш үміт пен өмірдің жалғасын білдіреді. Шырша шамдармен, ойыншықтармен безендіріліп, үйдің ортасына қойылады. Православ дәстүрінде Рождество алдында қатаң ораза ұсталады, ал мереке күні ораза аяқталып, арнайы 12 тағамнан тұратын дастарқан жайылады. Бұл тағамдар Иса пайғамбардың он екі елшісін білдіреді.
Йом-Кипур (Израиль)
Йом-Кипур – иудаизмдегі ең қасиетті әрі ең маңызды күн, «Кешірім күні» деп аталады. Бұл мереке еврей күнтізбесі бойынша Тишрей айының оныншы күні өтеді және Рош ха-Шана жаңа жыл мейрамынан кейінгі он күндік тәубе кезеңінің қорытындысы саналады. Діни түсінік бойынша, дәл осы күні Құдай адамдардың бір жыл ішіндегі істеріне үкім шығарады. Сондықтан Йом-Кипур – рухани есеп беру, өз-өзіңе сын көзбен қарау және күнәлардан арылуға ұмтылу уақыты. Бұл күні сенушілер шамамен 25 сағат бойы қатаң ораза ұстайды. Ораза тек ішіп-жеуден бас тартумен шектелмейді. Былғары аяқ киім кимеу, сән-салтанаттан, дене рахатынан бас тарту сияқты талаптар да бар. Мұның бәрі адамның нәпсісін тыйып, рухани тазалыққа көңіл бөлуіне бағытталған.
сурет: Ronen Zvulun / Reuters
Кешірім сұрау тек Құдай алдында ғана емес, адамдардың бір-бірінен де кешірім сұрауын қамтиды. Йом-Кипур қарсаңында еврейлер туыстары мен таныстарынан ренжіткен болса, кешірім сұрап, араздықты жоюға тырысады. Мереке қарсаңында «Кол Нидрей» деп аталатын ерекше дұға оқылады. Ал келесі күні синагогаларда бірнеше мәрте діни қызмет өтеді. Күн соңында «Неила» деп аталатын соңғы дұға оқылып, шофар – қошқар мүйізінен жасалған үрмелі аспап үнімен аяқталады. Шофардың үні – тәубенің қабыл болғанына деген үміттің белгісі. Израильде Йом-Кипур күні қоғамдық өмір толығымен тоқтайды. Әуежайлар, дүкендер, қоғамдық көлік қызметі жұмыс істемейді. Көшелер бос қалады. Бұл – бүкіл елдің бір мезетте рухани тыныштыққа енуінің көрінісі. Тіпті дінге аса берік емес адамдар да бұл күннің ерекше маңызын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтайды.
Мацури (Жапония)
Мацури – синтоистік ғибадатханаларда өтетін дәстүрлі жапон діни фестивальдерінің ортақ атауы. Жапонияда жыл бойы мыңдаған мацури ұйымдастырылады және әр өңірдің, тіпті әр ғибадатхананың өзіне тән мерекесі бар. Бұл фестивальдер тек діни рәсім ғана емес, жергілікті қауымдастықтың бірлігін нығайтатын, ғасырлар бойы сақталған мәдени дәстүрдің айнасы. Синто діні табиғат күштерін «ками» деп аталатын рухтар ретінде құрметтейді. Мацури кезінде сол ками рухтары ғибадатханадан шығып, халық арасына келеді деген сенім бар. Осы сенімді бейнелейтін басты рәсім – микаси деп аталатын қасиетті жылжымалы ғибадатхананы көшелермен алып жүру. Әсем безендірілген микасиді ондаған адам иықтарына көтеріп, ән айтып, ұрандатумен қала көшелерімен алып өтеді. Бұл – құдайлардың қалаға береке мен қорғаныш әкелуінің символы. Фестиваль барысында дәстүрлі барабандардың (тайко) үні естіліп, ұлттық билер орындалады, адамдар арнайы киім – хаппи немесе юката киеді. Көшелерде жәрмеңкелер ашылып, ұлттық тағамдар сатылады. Осылайша мацури діни ғұрып пен халықтық мерекені қатар тоғыстырады.
сурет: Carlo Falk / Shutterstock
Кейбір мацурилер маусымдық сипатта өтеді. Мысалы, көктемде егіннің мол болуын тілеу, жазда табиғат апаттарынан қорғау, күзде жиналған өнімге шүкіршілік ету мақсатында ұйымдастырылады. Ал Токио қаласындағы әйгілі Сандзя мацуриі немесе Киотодағы Гион мацуриі халықаралық деңгейде танымал.
Өлілер күні (Мексика)
Өлілер күні – Мексикада жыл сайын 1–2 қарашада аталып өтетін ерекше дәстүрлі мереке. Бұл күннің түп-тамыры ацтек және басқа да көне мезоамерикалық өркениеттердің наным-сенімдеріне барып тіреледі. Ежелгі түсінік бойынша, дәл осы күндері қайтыс болған жандардың рухы жерге оралып, туыстарымен қауышады деп сенілген. Мерекенің басты белгісі – «офренда» деп аталатын арнайы алтарьлар. Әр отбасы үйінде немесе зират басында көп деңгейлі шағын құрбандық үстелін жасап, оны фотосуреттермен, марқұмның сүйікті тағамдарымен, сусындармен, қанттан жасалған түрлі-түсті бас сүйек мүсіндерімен және сары-қызғылт барқытгүлдермен безендіреді. Бұл гүлдер рухтарға жол көрсететін жарықтың символы саналады. Сондай-ақ шамдар жағылады. Өйткені жарық рухтардың үйге аман жетуін білдіреді.
Өлілер күні – қаралы, мұңды күн емес. Керісінше, ол өмірді, естелікті және отбасы бірлігін дәріптейтін мереке. Адамдар зираттарға жиналып, музыка ойнап, марқұмдардың өмірі туралы естеліктер айтып, тіпті мерекелік дастарқан жаяды. Бұл – өлімді қорқынышты құбылыс ретінде емес, өмірдің табиғи жалғасы ретінде қабылдайтын дүниетанымның көрінісі. Мерекенің тағы бір айрықша белгісі – беттерін түрлі-түсті қаңқа бейнесінде бояу дәстүрі. Ең танымал символ – сәнді киінген «Ла Катрина» бейнесі, ол өлімнің бәріне ортақ екендігін және әлеуметтік айырмашылықтарға қарамайтынын білдіреді. 2010 жылы ЮНЕСКО Өлілер күнін адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізді.
Мескель (Эфиопия)
Мескель – Эфиопия православ шіркеуіндегі ең ірі әрі салтанатты діни мерекелердің бірі. Ол Қасиетті Кресттің табылған күнін еске алуға арналған. Дәстүр бойынша, IV ғасырда Рим императоры Константиннің анасы – әулие Елена Иерусалимде Иса Мәсіх айқышқа шегеленген Крестті тапқан деп есептеледі. Осы оқиға христиан әлемінде үлкен маңызға ие болған, ал Эфиопияда бұл күн ерекше құрметпен атап өтіледі.
сурет: wikipedia
Мескель жыл сайын 27 қыркүйекте (кейде кібісе жылдары 28 қыркүйекте) тойланады. Мерекенің ең әсерлі бөлігі – «Демера» деп аталатын үлкен от жағу рәсімі. Астанасы Аддис-Абебада мыңдаған адам ашық алаңға жиналып, биік етіп үйілген ағаш шоғына от қояды. Бұл алау – жарықтың қараңғылықты жеңуін, сенім мен үміттің символын білдіреді. Аңыз бойынша, әулие Елена Қасиетті Кресттің орнын анықтау үшін түтін арқылы белгі алған. Сол себепті бүгінгі Демера рәсімі сол тарихи оқиғаның символдық көрінісі саналады. Мереке барысында діни қызметкерлер алтынмен өрнектелген кресттер мен дәстүрлі киім киіп, шіркеу хорлары ежелгі гимндерді орындайды. Сенушілер крест белгісін көтеріп, дұға жасап, рухани жаңаруға ұмтылады. Көптеген адамдар бұл күнді отбасымен бірге өткізіп, ұлттық тағамдар әзірлейді. 2013 жылы бұл мереке ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
Будда туған күн
Будда туған күн (Висак немесе Весак) – буддизмдегі ең қасиетті әрі ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күні тек Сиддхартха Гаутаманың дүниеге келуін ғана емес, оның ағартушылыққа (нирванаға) жетуі мен өмірден өтуін де еске алады. Яғни, буддистік дәстүр бойынша үш маңызды оқиға бір күнге тоғысқан деп есептеледі. Мереке ай күнтізбесі бойынша көктемнің толық айына сәйкес келеді және әдетте сәуір немесе мамыр айларында атап өтіледі. Висак әсіресе Шри-Ланка, Таиланд, Мьянма, Камбоджа, Лаос және Оңтүстік Кореяда кең көлемде өтеді. Бұл күндері ғибадатханалар түрлі-түсті шамдармен, қағаз шамшырақтармен және лотос гүлдерімен безендіріледі. Кешкі уақытта қалалар жарыққа бөленіп, аспанға шамдар ұшырылады. Жарық – даналықтың, ішкі оянудың және қараңғылықты жеңетін ақылдың символы.
сурет: Nhac Nguyen
Мереке күні буддистер ерте тұрып, ғибадатханаларға барып, дұға жасап, қасиетті мәтіндер оқиды. Көптеген адамдар уақытша ант беріп, бір күндік немесе бірнеше күндік діни тәртіп сақтайды. Бұл күні жануарларды босату, қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға тамақ тарату дәстүрге айналған. Өйткені Висак – жанашырлық пен мейірімділікке үндейтін күн. Кей елдерде Будданың өмірінен көріністер қойылып, діни шеру ұйымдастырылады. Монахтар халыққа даналық туралы уағыз айтып, бейбітшілік пен сабырдың маңызын түсіндіреді. Бұл мереке адамдарды рухани тазалыққа, өз-өзіне есеп беруге және ішкі тыныштыққа ұмтылуға шақырады.