1727-1745 жылдaрдағы жоңғар-қазақ соғысы

Бөлісу

30.01.2026 7286

Бұл мақала Қытайдың бірінші тарихи архивінде сақталған мәнжуша мұрағат құжаттарын пайдалана отырып, 1727 жылдан 1745 жылға дейінгі Қалдан Серен билігі кезінде болған әскери соғыс қимылдарын жан-жақты зерттеп, жүйелі талдауға бағытталған. Бұл әскери соғыс қимылдары қорғанысты, шекаралық қақтығыстарды, жоңғарлар мен қазақ соғыстарын қоса есептегенде, кең ауқымда жүрілді. Біздің зерттеуіміз осы оқиғалардың әрқайсысының хронологиялық реттілігін, географиялық орналасуын, әскери қолбасыларын, әскер мөлшерін, негізгі мақсаттарын, мәтіндік артқы көрінісін және ұрыс алаңдарының географиялық топографиясын қамтитын егжей-тегжейлі экспозицияны беруге ерекше назар аударылды.


XVIII ғасырдың 30 жылдары жоңғарлардың мәлімдегеніндей «әр жылы қазақ қолы орайын тауып жоңғардың солтүстік-батыс шекарасына екі де үш рет келіп тиеді» [QXMDH 3: 269-282]2, ал жоңғарлар да қарап жатпай «әр жылы қазақ жеріне әскер жібереді» [QXMDH 3: 420-426]3. Осы кездері Қалдан Серен бастаған жоңғарлар мен көршілес қазақтар арасында бірнеше мәрте әскери қақтығыс туылып, артынан қазақтар жерінде біршама көлемді соғыстар орын алды. 1741 жылы көктемде, жоңғар қолы қазақтың Абылай сұлтанын тұтқынға түсірген соң ғана екі жақ бейбіт бітімге қол қойысып, өзара жауласуды тоқтатты.

Бір жағынан, 1729 жылы жоңғарлар мен Цин патшалығы соғыс жағдайында еді, он жылдай үздік-создық соғысқан екі жақ, 1739 жылыға келгенде ғана бейбіт бітімге қол қойысты. Пайдалы барлау ақпараттарын топтап, өздерінің әскери орналасуы және стратегиясы мен тактикасын жетілдіру үшін Цин қосындары жоңғар жағынан барлау мәліметтерін жиы жинады [Qi 2021]. Осы мәнжуша хатталған мәліметтердің арасында, жоңғар-қазақ қарым-қатынасы туралы жазылған барлау мәліметтері біршама мол болды. Сол кездегі Цин патшалығының алдынғы шеп қолбасылары, қолға түскен жоңғар тұтқандары мен қашып келген Цин адамдарын құпия түрде тергеуге алғанда, көбінесе «патшалық ресей, қазақтар мен бұрттардың (қырғыздар) жағдайынан не білесің» деп сұрайтын [QXMDH 4: 101-106]4. Өйткені, жоңғарлардың маңайындағы елдермен болған қарым-қатынасы, Цин патшалығы мен жоңғар арасындағы соғысқа белгілі деңгейде ықпал жасайтын. Әсіресе, біршама мол әскері бар һәм жылдар бойы жоңғарлармен жұлқыласып келе жатқан қазақтар жағы, Цин патшалығы назар аударатындай қуатты күш еді, сол себепті де қазақтар туралы деректер біршама мол хатталған.

Жоңғар тұтқындары немесе адал ниетін білдіріп қашып келушілер болсын, тірі қалу үшін үнемі жоңғарларға күйе жағып, тек біржақты жамандай берсе керек. Дегенмен, осы тұтқындар берген мәліметтерге жан-жақты талдау жасар болсақ, сол кезде туындаған кейбір шындықтарға куә бола аламыз. Оның үстіне, осы мәлімет берушілердің көп сандысы Цин патшалығының өз адамдары, жоңғарда тұтқында болып, сан қилы қиындықтарды жеңіп қашып шыққан шеріктер еді, олардың жоңғардың ішкі жағдайы туралы көрген-білгендері мен айтқандары біршама шындыққа жанасады деуге болады.

Төменде, Цин патшалығы кезінде мәнжуша хатқа түскен осы әскери барлау мәліметтерін пайдалана отырып, 1727-1745 жылдардағы (Юньчжэн жылнамасының 5 жылынан Цяньлүн жылнамасының 10 жылына дейін) жоңғарлар мен қазақтар арасында туындаған әскери қақтығыстардың жалпы барысына тоқталып, басты себептеріне талдау жасаймыз.

Бірінші. Лубсаншунудың қашып шығуы және оның қазақтармен байланысы

Жоңғар билеушісі Қалдан Сереннің әкесі бір, шешесі бөлек інісі Лубсаншуну бір кезеңде Қалдан Сереннің ең басты әрі жалғыз саяси қарсыласы болды. Лубсаншунудың шешесі Сетержаб – Еділ бойында көшіп-қонып жүрген торғауыт тайпасының көсемі Аюке ханның туған қызы еді. Осыған байланысты Лубсаншуну жоғары беделге ие болып, хан тағына үміткерлердің ішіндегі ең ықпалды кандидаттың бірі саналды.5

Дейтұрғанмен, 1727 жылы Сыбан Рабдан өлетіннің алды-артында, жоңғарлар ішінде төмендегідей қауесет тарады:

«Лубсаншуну үш мың қол бастап, қазақтарға жаза жорығын жасауға кеткелі алты жылдың жүзі болыпты. Естуге қарағанда, Лубсаншуну мен қазақ атаманы бірге путқа жығылып, серттесіп одақ құрыпты. Сыбан Рабдан мұны естіген соң: пут алдына жығылып қазақтармен бірге серт беріп нені көксемекші екен деген сөздер айтыпты. Көп өтпей Шаған Хасханы аттандырып, Лубсаншунуды ұстап әкелуге жібереді. Батыр жайсаң, тәйжі Жал, Немеку үшеуі бұл хабарды естіген соң, Лубсаншунуға барып: Шаған Хасханы жіберіп сені тұтқындамақ дейді. Лубсаншуну жалма-жан, жанына жеті адам ертіп, жебе толы қорамсақ пен садағын сайлап, қосыннан бөлініп торғауытты паналап аттанады, келесі жылы нағашы атасы Аюкенің ордасына жетеді. Содан соң, шешесі Сетержаб, әпекесі Сезун, інілері үлкен Баран мен бала Баран төртеуіне дәрі-дәрмек жіберіп беріп, Сыбан Рабданның денсаулыңының аса жақсы еместігін сылтауратып, оны улап өлтіруді табыстайды. Сонымен Сыбан Рабданның тоқалы Сетержаб, үлкен қызы Сезун, ұлдары үлкен Баран мен бала Баран қатарлылар араққа дәрі шылап араластырып, тамақты қортады деген сылтаумен алдап Сыбан Рабданға ішкізіп жібереді де табанда улап өлтіреді. Төртеуі тағы кеңесе келе: Қалдан Серенге адам жіберіп, әкеңіз хал үстінде жатыр, жылдам келіңіз деп айталық та, ол келгенде біз қапысын тауып оны өлтірейік, оның көзі жойылған соң жоңғардың билігін өзіміз қолға алалық деп ақылдасады. Осылай сөз байласқан соң, үлкен Баран жеңіне пышақ жасырып дайындалады. Қалдан Серен әкесінің хал үстінде жатқанын естіп дереу аттанбақ болады, бұл іс туралы Сагун жайсаң білген соң, дереу Қалдан Серенге: үлкен Баран жеңіне пышақ жасырып сізге қас қылмақшы, ол жерге кірмеңіз, дереу артқа қайтыңыз, бұл шешелі-балалы төртеуі ымыраласып сіз бен әкеңіздің көзін жойып, жоңғар билігін өздері иемденбекші деп тоқтау айтады. Осыдан соң, Қалдан Серен Сагун жайсаңмен бірге кері қайтып, үшінші күні әскер бастап келіп, кіші шешесі Сетержаб және онымен астасқан ер адам Сырамжы екеуін тұтқындап, тұттай жалаңаштап бір жерге қосақтап байлап, еркектің етінен ет кесіп алып әйелге, әйелдің етінен ет кесіп алып еркекке беріп жеуді бұйырады, Қалдан Серен өзі бақылап, кескілеп өлтіртеді. Үлкен Баранды ұстаған соң, Қалдан Серен оған: сен пышақ жасырып мені өлтірмек бопсың, енді осы пышақпен өз көзіңді оямын дейді де үлкен Баранның екі көзін ойып алып, Ақсу қаласына абақтыға жабады» [QXMDH 1: 36-38]6.

Қазірше бұл қауесеттің қаншалықты шындыққа жанасатынына, немесе жоңғар билігін қолға келтірген Қалдан Серен тобының ойдан шығарғаны ма, әлде үгіт-насихаты ма, оған мән берудің қажеті шамалы. Маңыздысы мұндай қауесет кем дегенде жоңғарларға Лубсаншунудың жау қазақ атамандарымен бірге серттесіп, одақ құрмақ болғандығы, сатқындық дейтін ой мен таным қалыптастыратындығы. Осы арқылы жалпылай саяси, әлеуметтік, әскери позиция мен аңыс тудырып, жоңғарлардың ішінен жаумен ымыраласып, тағы да опасыздық жасайтындардың алдын алып, Қалдан Сереннің жоңғарлар арасындағы билігінің одан ары нығая түсуін бекемдеді. Енді бір қырынан, мұндай қауесеттің таралуы Қалдан Серен тұсында жоңғарлар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынастың оңай бола қоймайтынын, оңайлықпен бейбіт бітімге де келе қоймайтынын аңғартады. Кейіннен қазақтардың жоңғарларға шабуыл жасау кезінде, көбінде қазақ қолын Лубсаншуну бастап келіпті деген дақпырттың таралуы, біріншіден, жоңғарлардың ішкі саяси күресінің жалғаса беретінін көрсетсе, екінші қырынан, сыртқы күштер мен ішкі саяси қарсыластардың аражігін айғақтай түседі.

Сондықтан да 1727 жылы Қалдан Серен таққа отырғаннан кейінгі жоңғарлар мен қазақтар арасындығы әскери соғыстар көшпелі тайпалардың ежелден келе жатқан халықты, малды, дүние-мүлікті талан-таражыға салу сынды пайда көздеудің мақсаты ғана емес, сонымен қатар, Қалдан Серен билігінің заңдылығын сақтаудың іс жүзіндік қажетінен туындады. Шынында бұл мағынасына үңілсек, әйгілі Пруссиялық әскери істер маманы Клаузевидтің: «Соғысты ақтау – саясаттың басқа бір жолмен жалғасуы» [Carl von Clausewitz 1978: 43] деген сөзі осы арада өз жалғасын тапқандай.

Екінші. 1731 жылы қазақ қолының жоңғардың батыс бөлегіне шабуыл жасауы

«Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасына» негізделгенде, 1731 жылы қыркүйек-қазан айларында7, Серен Дондоб Ертіс өзені бойында қол бастап, шеп жайып жатқанда, Қалдан Серен хат жөнелтіп: Қазақтар, бұрттар Сарыбелде жол торып, үш бағытпен әскер кіргізіп, 1000 түтіннен астам жоңғарды тұтқындап алып кетіпті, осы хат барған соң, үлкен Серен Дондоб сен сұрыпталған сайлауыттар мен ат-көлік таңдап, күн-түн демей жетіп үлгір дейді. Осы себебті, үлкен Серен Дондоб дереу сұрыпталған әскер, ат-көлік, қару-жарақ жасақтап, Бажы мен Дастаржа қатарлыларды ертіп аттанады [QXMDH 1: 284-288]8. Дегенмен, «Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасындағы» басқа да мәнжу мұрағат құжаттарында, қазақ қолы бұл жолы тек шекара өңірлерде қоныстанған 300-ден астам түтінді тұтқындап кетті десе [QXMDH 1: 414-418]9, тағы біреуінде Сарыбел жақты жайлап жүрген 200-ден астам түтінді олжалап алып кетті дейді [QXMDH 1: 430-438]10. «Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасында» жазылуынша, қазақтардың 1000 сарбазы Іленің батыс жағындағы Бақанас өңірімен келіп, ерхтен руының 1000 түтінін айдап әкетеді. Олар Балқашпен өтіп бара жатқанда мұз ойылып кетіп, қазақтарға қолды болған 1000 түтін түгел суға батып тұншығып өледі, қазақ сарбаздары да шығынға ұшырайды. Жоңғар ерхтен руының демсісі  Жымба 200 шерік бастап қуып жетіп, көлден енді ғана шыққан қазақ әскерлерін жағада тосқауылдап соққылап, бірталайын өлтіреді, 500-ден астамы ғана қашып құтылады [QXMDH 2: 31-37]11.

Жоғарыдағы тарихи мәліметтерде аталған Сарыбел қай маң? «Батыс өңірдің қариталы шежіресі» сынды Цин патшалығы құрастырған тарихи деректерде кезікпейді. Ал «Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасынан» ол жердің Іледен батысқа қарай он күндік жол екенін білеміз [QXMDH 5: 34-38]12. Моңғолшада «ðira» «сары», «сары түс» деген мағына береді, ал «bel» таудың бел тұсын меңзейді. Автордың пайымынша, Сарыбел қазіргі Қазақстанның Алматы Облысындағы Қапшағай су қоймасы мен оның солтүстік жағалауындағы Шеңгелді өңірі болуы мүмкін. «Цяньлун патшаның толық картасы» бұған анық дәлел бола алады.13 Бүл жер қазіргі Қазақстанның Алматы Облысындағы Қоянды тау сілемінің батыс шетінің оңтүстік бөктері, Іле өзені осы тұста құмнан ағып өтіп түсі сарғыш тартады, сол себепті осылай аталған. Сарыбелдің оңтүстігінде Күнгей таулары, солтүстігінде Қоянды таулары бар, ал ортасынан Іле өзені ағып өтеді, тоғыз жолдың торабы болғандықтан стратегиялық маңызы зор, бұл араны күзету арқылы шығыс пен батысты тұтастыратын өзен аңғарындағы жолдарды бақылап отыруға болады.

Бақанас өңірі, яғни қазіргі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысындағы Бақанас өзені алабы (қазір Абай Облысы аумағында – ауд.). Қазақтың Сол қанаты яғни Орта жүзге қарасты өңір, демек, осы жолғы әскери шабуылды қазақтың Сол қанаты яғни Орта жүзі бас болып ұйымдастырған. Кейінгі қазақтың әйгілі билеушісі Абылай ханның қонысы болған жер, яғни Бақанас өзені мен Дағанделі өзенінің батыс жағы, немесе Түндік өзені бастау алатын атырап.14

Жоғарыдағы тарихи құжаттарда есімі аталған Бажы, кезінде Цин патшалығы билігіне қарасты хойт тайпасының жәрдемші гуні болатын, қонысы бүгінгі Моңғолияның Гоби Алтай өлкесіне қарасты Алтай тауының шығыс баурайындағы өңірлер еді. 1731 жылы күзде, үлкен-кіші Дондобтар – қос қолбасшы 20 мыңға таяу жоңғар қолын бастап, Алтай тауының шығыс бөктері мен Хангай тауының батыс баурайында әскери қимыл жасап жүргенде, Бажы мен Дастаржа қатарлы ойрат моңғолдарының ван, гундері өз қармағындағы тайпаларын бастап, жоңғарға қосылады. Бұл рет Бажының өзіне қарасты қолды бастап жоңғардың батыс өңірлеріндегі қазақтардан қорғануға баруы, Қалдан Сереннің жаңадан қосылған ойрат ван-гундердің адалдығын әдейі сынау үшін еді, сонымен бірге Алтай тауының шығысындағы ата-мекеніне қашып кетуінен сақтану болатын, сол үшін кейін оларды Сарыбелге орналастырып, қазақтардан қорғанбақ болды [QXMDH 4: 253-269]15.

Ерхтен жоңғар билеушісі Қалдан Сереннің қармағындағы біршама үлкен ру болатын, олар Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Тобөлеңді мекендейтін [Чжун Синци қатарлылар 2002: 221-228], қазіргі Қазақстанның Алматы Облысындағы Қапшағай су қоймасы, Іле өзенінің солтүстік жағалауындағы Өтеп өңірі. Жоғарыда тілге тиек етілген Сарыбел ерхтен руының бір бөлім адамдарының мал жайатын өріс-қонысы болса керек. Жоңғар билеушілерінің осындай біршама іргелі елді осы жерге орналастырудағы мақсаты айқын еді, яғни қазақтарды барлау мен олардан қорғану болатын. Демсі – ру ішіндегі лауазым атауы, олар негізінен бақылау, тексеру, дау-шарларды қарау жұмыстарымен айналысады, дәрежесі – жайсаңнан бір дәреже төмен.

Бір түтінде ортағы мөлшермен бес жан бар деп қарасақ, 1000 түтінде 5000 адам болады. Сол дәуірде бұл біршама мол сандық көрсеткіш, мөлшермен орта дәрежелі рудың халық санына пара-пар. Жылқы, түйе, сиыр, қой мен тағы басқа мал-мүліктерін қосқанда барынша молаятыны даусыз. Таулар мен адырлар, өзен-көл, саздықтар, сағым құмдықтар жайлаған Іле өзенінің орта, төменгі ағарындағы өңірлерде жорық жасау тым қолайсыз. 1000 сайлауытты қолдың жүрісі, соғыс қуаты қанша жылдам, күшті болса да, мұнша көп мал-жанды қысқа уақытта қазақтар жағына жеткізе алмайды, оның үстіне жоңғар қолы қоршай қуалап тосқауылдап соққы берген жағдайда тіпті мүмкін емес. Сондықтан, 1000 түтінді тұтқындап әкетуі екіталай, бізше 200 түтінге барабар 1000 адам болуы ықтимал. Жоғарыдағы мәнжуша мұрағат құжаттарында жазылған мәліметтерде тергелушінің асыра сілтеуі мен әсірелеу пиғылы басым болғандықтан, қатысты санды-цифрлар нақты жағдайдан алшақтап кеткен. Сондықтан, осы жағына байыппен талдау жасаған жөн болмақ. 

Жоңғар руларының ішінде «döčin» (дочын) делінетін құрлым болды, олар 40 түтіннен құралатын шағын көлемді көшпелі топтардан құралды, жер жағдайына қарай шаруашылықпен айналысты, басшылары да «дочын» деп аталды. Осы дочын көшпелі топтары кейін жоңғарлардың негізгі қоныстану әдетіне айналды. Демек, қазақ қолы бұл жолы жоңғарлардың батыс жағындағы мөлшермен бес дочын елдің мал-жанын олжалаған сыңайлы.

Жоғарыдағы сараптаудан білеріміз, 1731 жылы күзде, шамамен 1000-дай қазақ сарбазынан құралған шағын қол Бақанас өзенінен аттанып, Балқаш көлінің шығысына жеткен соң, шұғыл оңға бұрылып, Іле өзенінің орта ағарында отырған жоңғардың ерхтен руына тұтқиыл шабуыл жасап, 200 түтінге барабар 1000 адамын тұтқынға түсіріп, Іле өзенін бойлай Балқашқа жетеді. Көлдің мұзы толық қатпағандықтан, тұтқындалған ел мен қазақ сарбаздары мұз жарылып көлге түсіп, өлгені бар жараланғаны бар ауыр шығынға ұшырайды, іле-шала жоңғар қолының қуа келген шабуылына ұшырап, соңында тек 500 қазақ әскері өз жеріне қашып құтылады. Күз бен қыстың өларасында, мұз қабаты жұқа болғандықтан, топырлаған мал мен жанның жылдам жүрісіне шыдамай мұз жарылып, көлге түсіп кеткен болуы мүмкін. Оқиғадан кейін, қазақтарға қарата, Қалдан Серен үлкен Серен Дондобты Алтай алдынғы шебінен батыс аймақ – Сарыбел жаққа жөткеп, әскери қорғанысты күшейте түседі.

Үшінші. 1731 жылы қазақ қолының жоңғардың солтүстігіне шабуыл жасауы

 XVIII ғасырдың 30 жылдарында жоңғарлар мен қазақтар арасында, мөлшермен бес жерде біршама жиы қатынайтын жол торабы болды. Оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қарай, ретімен Талас өзені, Шу өзені, Іле дариясы, Еміл өзені, Ертіс өзені сынды осы бес өзен алабы. Мұның ішінде Талас, Шу, Іле өзені алаптары жоңғардың батыс бөлегіне, Еміл мен Ертіс өзені алаптары жоңғардың солтүстік бөлегіне орналасты. 1731 жылы қазақ қолы жоңғардың батыс бөлегіне жорық жасаумен бір уақытта, жоңғарлардың солтүстік бөлегіне де шабуылдады.

«Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасында» жазылуынша, дөрбіт тәйжісі Жал хабаршы жіберіп, қазақтар қол бастап келіп Емілдегі тәйжі Судиды өлтіріп, 500 түтінді барымталап алып кетті дейді. Дереу кіші Серен Дондоб хабар алмаққа шолғыншы аттандырады, олар Еміл шекара бойына барып шолғанымен, ешкімді таба алмай жер сипап қалады. Сонан соң қазақ қолы қайтқан жолмен із шалып 100 шақырымнан аса жол жүргенде, болдырған жылқы, түйелерді айдап бара жатқан оншақты адамның үстінен түседі. Біреуін ұстап тергегенде ұққаны, Дермесал атты қазақ қолбасы 1600 сарбазды бастап келіп, Емілде отырған Суди тәйжіні өлтіріп, 500-ден астам түтінін тұтқындап алып кеткелі үш күн болыпты [QXMDH 1: 419-426]16. Жоғарыдағы тарихи материалда тағы былай делінеді: 1731 жылы (Юуньчжэн жылнамасының 9 жылы) күзде, қазақтар жақтан 2000 қол немесе одан да көп әскер кіріп, дөрбіттерді шапқанда, дөрбіт тәйжісі Грусиди 1000 қолмен қарсы соғысқа шығады, 400-ден астам сарбаз өліп, Грусидидің өзі де опат болады, қазақтар дөрбіттен 2000 түтін олжалап әкетеді. Содан соң, хойт тайпасының хошучы (шен атауы) Үйзеннің ұлы Чимхур 500 шерік бастап Қарабұқа-Базар деген жерде тосқауылдап қарсы келеді. Чимхурдың 500 шерігінен 200-дейі мерт болып, өзі бірнеше жерден жараланып, әрең қашып құтылады [QXMDH 2: 31-37]17. 1731 жылы жазда, дөрбіт Далай тайшының қармағындағы Сиди тәйжі мен Боло жайсаң екеуі 300 шерік ұстап, солтүстіктегі қарауылда тұрған еді. Күзде, кенет қазақтың 1000 қолы басып кіріп, қарауылды қоршауға алып, Сиди тәйжі, Боло жайсаңмен қоса 100-ден аса шерікті өлтіреді әрі оларды солтүстіктен өкшелей қуып, көшіп келушілердің алдын ойрандап, Далай тайшыға қарасты 500 түтінді шауып алумен қатар, көптеген мал түліктерін де барымталайды [QXMDH 3: 141-156]18.

Бұл арадағы Суды тәйжі, Гүрусиди тәйжі, Сиди тәйжі дегендер бір адам, жоңғарға қарасты дөрбіт тәйжісі Гүрудаш. Ол дөрбіт Далай тайшының төртінші ұлы Омбо Дайсің хошучтың үшінші ұлы Сесен тәйжінің үлкен ұлы. Ал Жал тәйжі Омбо Дайсің хошучтың үлкен ұлы Сіскібтің тұңғышы, Гүрудаш тәйжімен жолы тең, екеуі де Омбо Дайсің хошуч әулетіне жатады. Олардың аталарының тайшы, дайсің хошуч, сесен қатарлы мүзәлім-лауазымдарына қарағанда, бұл әулеттің күші басым, жұрты мол, малы көп, әскери қуаты біршама мықты деуге болады. Сол себепті жоңғар билеушілері оларды Тарбағатай тауының оңтүстік бөктеріне орналастырып, батыста Аякөз өзенінің шығыс жағалауы, оңтүстікте Алакөл, Сасықкөлдің солтүстік жағасы, шығыста Еміл өзені аңғарына дейін қоныстандырды, яғни, бүгінгі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысы аумағындағы Шынқожа, Таскескен, Ортақұдық егіс алаңы өңірлерінде (қазір Абай Облысы аумағында – ауд.) көшіп-қонып, солтүстікті негіз ете қазақтардан қорғанып отырды.

Чимхур жоңғарға қарасты хойт тайпасының хошучы Үйзеннің екінші ұлы, яғни әйгілі Әмірсана тәйжінің екінші ағасы. Бұл әулеттің қонысының бір бөлегі Тарбағатай тауының оңтүстік баурайы, Еміл өзенінің солтүстік аңғары, қазіргі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысы аумағындағы Үржар, Мақаншы (қазір Абай Облысына қарайды – ауд.) өңірлері. Олар дөрбіт тайпасының Омбо Дайсің хошучы әулетінің қосымша күші есебінде қазақтардан қорғануға ат салысты.

 Дөрбіт, хойт, хошут, торғауыт қатарлы тайпалар бірдей ойрат моңғолдарына жатқанымен, бірақ жоңғар ішінде олар саяси билікті ұстап отырған шорос тайпасымен тікелей туысатын хан әулетінен болмағандықтан, шекара өңірлерге арнайы жеке-жеке орналастырылған болатын. Әсіресе, солтүстікте қазақтармен үнемі барыс-келіс жасайтындар осы дөрбіттер мен хойтттар болды. Олар Тарбағатай тау сілемін бойлай көшіп-қонып қоныс етті, оңтүстігі Еміл өзенімен тұтасса, солтүстігі Аякөз өзеніне барды, шығысы Ертіс өзеніне созылса, батысы Алатауға тірелді. Жоғарыдағы мәнжуша мұрағат құжаттарында хатталған «Еміл шекарасы» деген сөз, нақты Еміл өзенін білдірмейді, қайта осы өңірдегі әскери қорғаныс шебіне қаратылған.

Жоғарыдағы сараптаулардан мынаны аңғаруға болады: 1731 жылы күзде, Деремесал атты қолбасы 1600-ден астам қазақ қолын бастап, Бақанас өзені бойынан аттанып, сол жақта Аякөз өзенімен оңтүстікке қарай құлдап, жоңғардың солтүстігіндегі Гүрудаш тәйжі мен Боло жайсаң әскер ұстап қорғап отырған қарауыл шебіне тұтқиыл шабуыл жасап, 100-ден астам адамын өлтірген соң, жалғасты оңтүстікке қуа соққылап, дөрбіт тайпасының Омбо Дайсің хошучы әулетінің қонысын шауып, шағын әскери қолын талқандап, Гүрудаш тәйжіні  400-ден аса шерігімен қоса өлтіріп, осы тайпаның 500 түтініне барабар 2000-дай адамын тұтқындап айдап әкетеді. Көп ұзамай, оңтүстікті жайлайтын хойт тайпасының тәйжісі Чимхур қол астындағыларды бастап, Тарбағатай тауымен жылдам жүлгелей солтүстікке өтіп, шығыс жағынан орағыта қайырылып, қазақ қолының шегінген із сорабын қуалай, таулы өңірдегі Қарабұқа-Базар деген жерде тұтқындарды айдап баяу солтүстікке бет алған қазақ қолына тосқауылдай соққы жасайды. Нәтижеде көп жауға төтеп бере алмай, 200 шерігінен айырылып амалсыз шегініп кетеді.

Дегенмен, Гүрудаш тәжі мен қазақ қолы арасындағы соғыстың нақты мән-жайы туралы, кейіндеп Цин патшалығына бағынған жоңғардың бір бақсысының мәліметіне қарағанда, ол бұрын Сиди тәйжінің (Гүрудаш тәйжі) жанында болған екен, әр реткі жорық кезінде Сиди оны өзімен бірге алып жүрген. 1732 жылы Қалдан Серен тәйжі Сидиді басшы сайлап, 1000 қолмен қазақтарға жаза жорығына аттандырады. Ол жолы жоңғар қолы қазақтың Қозы-Баян моласы (Хасбаян) деген жеріне әскер кіргізіп, малын барымталап қайтарында, жолда кенеттен қазақтардың торуылшы сарбаздарының шабуылына ұшырайды. Сасқалақтап дайындықсыз қарсы соғысқандықтан, Сиди өліп, 1000 қолдан тек 100-ден аса адам келген жағына қашып құтылады. Бұл жоңғар бақсысы тағы да былай дейді, ол Сиди тәйжіге еріп бұрын-соңды қазақтарға он рет шабуылға қатысқан екен, айтуынша қазақтарда мүлде көсем жоқ, әр руда тек бір рубасы болады, егер жоңғарлар қалың қолмен барса, қазақтар бір жерге жиналып қарсы тұрады, егер жоңғарлар аз қолмен кірсе, барған жеріндегі рулардың рубасылары бірлесе қарсы тұрады, қорғаныста өте мығым [QXMDH 5: 1-13]19 дейді.

Бұдан білеріміз, жоңғарлар жағы алдымен әскер  аттандырып қазақтарды шабқан болуы мүмкін. Содан қазақтар қол жиып қайтарма соққы жасап, Гүрудаш тәйжі мен оның 1000 әскерінің көбін жойып, жалғасты қуалап дөрбіт тайпасының қонысына дейін барып, бір бөлім мал-жанын олжалап әкетеді. Гүрудаш тәйжі бастаған қосын  1731 жылдың күз бен қыстың өларасында аттанып, 1732 жылы көктемге қайтып оралады, бұл жоңғарлардың әскери жорық жасау дағдысына сай келеді. Бірақ ол кезде жоңғардың негізгі күші Алтай тауының шығысында Цин патшалығы әскерімен соғысып жатқан болатын, арттағы әскери қосынның саны тым аз, Гүрудаш тәйжі бұлай оңай қазақтарға әскер кіргізе салмайды, адам сенгісіз жағдай. Егер ырықты түрде соғыс ашқан болса, онда біріншіден, Гүрудаш тәйжі сол жылы шілде-тамыз айларында, жоңғардың негізгі күші Хотоң-хұрха шайқасында Цин әскерлерін ойсырата жеңген жеңісіне масаттанып, тез еңбек көрсетуге асыққан болуы ықтимал. Екіншіден, қазақ қолының бытыраңқы, аз болуы Гүрудаш тәйжіге жау күшін олқысыну сезімін туындатқан болуы да мүмкін.

Жоғарыда айтылғандай, 1731 жылы күзде, жоңғардың негізгі күші саналатын 20 мыңнан астам қолы, Алтай тауын ендей өтіп, бүгінгі Моңғолия жеріндегі Завхан өзені бойында, Цин патшалығының гарнизондық әскерлеріне қарсы айналмалы соғыс жүргізді. Бұл 20 мыңнан астам қол – жоңғардың сұрыпталған әскери қосыны әрі жалпы әскерінің басым бөлегі. Ал артта түгелдей кәрі-құртаң, ауру-сырқау, бала-шағалар қалды. Жоғардағы Гүрудаш тәйжі бастаған 1000 қол дөрбіт шерігі мен Чимхур тәйжі бастаған 500 хойт шерігінің әскери қуаты, шамасы сол елде қалған кәрі-жастан құралған болса керек. Жоңғарлардың батысты шауып, шығысқа жорық жасап, екі шепте де ұрыс салудан қаймықпауы, олардың әскер санында емес, соғыс күшін тиымды пайдалана алуынан. Сондықтан, жоңғарлардың нақты жағдайынан хабар тапқан қазақтың Сол қанаты немесе Орта жүзінің билеушілері қосындарын екі бағытқа бөліп, екі тараптан әскер аттандырып, шабуыл жасай алған. Демек, қазақтың Сол қанат қолбасылық орталығы Бақанас өзені алабына ілгерлей келіп орныққан деуге болады. Ал қазақтың Ұлы жұз билеушілері де Шу, Талас өзендері алқаптарына келіп қоныстанады. Осының бәрі жоңғарлар мен Цин патшалығы әскері арасындағы соғыс кезінде орын алды.

Төртінші. 1732 жылғы жоңғарлар мен қазақтар арасындағы шапқыншылық және қорғаныс жағдайы

1731 жылы қазақ қолының екі мәрте шабуылына ұшырағаннан кейін, жоңғар қолы 1732 жылдан бастап, қазақтардан кек алу жорығын мақсатты түрде жасай бастады. Осы кезде, қазақтар тарапынан да кейбір тұтқиыл шабуылдар жасалды. Мұның төркіні, осы жылдың жаз-күз айларында, жоңғардың 20 мыңға жуық қалың қолы кіші Серен Дондобтың бастауымен, Алтай тауларын ендей өтіп, Завхан өзені бойында қорғаныста тұрған Цин әскері және халха моңғол қолымен кең көлемді соғыстар жалғасады, әрі Ерденезу шайқасында жеңіліп, бірталай таңдаулы қосынынан айырылып кері қайтады. Осы жағдайды пайдаланып, қазақтар жағы жоңғарға қарсы жорық қимылдарын үдете түсті.

1732 жылы жоңғарлар 15 мың қолмен қазақтарға шабуыл жасайды, соның ішінде, хойт тәйжісі Балжур Абылайкит, Орын-ганц-модоор бағытымен аттанса, Үйзен хошуч Зам-улзур бағытымен кіреді, ал Ноян хошуч Шири бағытымен енеді, әр бақытта 5000-нан әскер болды. Жоңғарлар қазаққа қол бастап кірген соң, осы жылы қыркүйек-қазан айлары аралығында, қазақтың 500 қолы жоңғар қосынынан бой жасырып, Сусаг деген жерден өтіп келіп, дөрбіт тәйжісі Баханманжиге қарасты 200 түтінді олжалап кетеді. Осымен бір уақытта, қазақтардан 200-ге тарта әскер Ертістің бойын өрлей келіп, Үйзен хошучқа қарасты 130 түтінді тұтқындап әкетеді. Ал, Балжур бастаған Орын-ганц-модоор бағытындағы қосын қазақ сарбарздарын кезіктіре алмай, құр қол қайтады. Үйзен хошуч бастаған Зам-улзур бағытындағы жоңғар қолы қазақтың Қарабұлың деген жеріне келсе, қазақтар әлдеқашан түгел көшіп кеткен, жұртта қалған бірен‑саран қой, сиыр түліктеріне ие болады. Жоңғарлар 3000 шерікті үш қосынға бөліп шабуылдауға жібереді. Қазақ қолы солардың ішіндегі бір бағытының жолын кесіп ұрыс салады, жоңғарлардан 100 шерік қырылып, сол жерден артына шегініп кетеді. Ноян хошуч бастаған Шири бағытындағы жоңғар қолы Шириді жағалай төмендеп, қазақтың Қобық деген жеріне барады, топ-топқа бөлініп әр жерге шабуыл жасап, көптеген қазақты қолды қылады. Осыған байланысты, қарақалпақ қолы жоңғардың қомақты әскерінің жолын кесіп, 2000 адамын жер жастандырады. Ал қарақалпақ сарбаздарының көзіне түспегендері аздаған тұтқындарын алып кері қайтады [QXMDH 2: 31-37]20.

1732 жылы қыркүйек-қазан айлары арасында, қазақ қолы кенет басып келіп, жоңғардың 1000-нан астам түтіні мен мал-мүлкін олжалап әкетеді. Қалдан Серен бұл хабарды естіген соң, қол бастап баруға Себден тәйжіні бұйырған еді, бірақ қарлы үсік мезгіліне тура келіп, қар қалың, ат‑көліктері арық болып, тоқтауға мәжбүр болды [QXMDH 2: 104-113]21.

1732 жылы қыста қазақ қолы тұтқиыл келіп, жоңғардың батыс бөлегінде отырған 1000-ға жуық түтіні мен мал-жанын шауып алып кетеді. Осыдан соң, Қалдан Серен дөрбіт тәйжісі, хошуч Дондог Серен мен тәйжі Бахаманжиге 10 мың қол тапсырып, шекараға орналастырып қазақтардың келетін жолын күзетуді бұйырады [QXMDH 2: 154-161]22. Тағы да былай делінеді: Қазақтар үнемі келіп шауып кетеді, 1732 жылы қыркүйек-қазан айларында, қазақ қолы келіп хойт тайпасының 150-ден астам түтінін тұтқындап алып кетті және хойттың ламалар ауылынан 1500 жылқы барымталап алды [QXMDH 2 :335-359]23.

Бұдан сырт, 1732 жылы қыркүйек-қазан айларында, қазақ қолы келіп дөрбіт Далай тайшыға қараған 200 түтінді шауып әкетті. Сонымен қатар, үлкен Серен Дондоб пен ебит Эбан зайсанға қарасты елден 180 түтін олжалап әкетті [QXMDH 2: 408-423]24. 1732 жылы күзгі жиын-терін кезінде, қазақтардың 600-700 сарбазы кенет Емілдің солтүстігіндегі Шағанхамардан асып түсіп, жоңғардың осы араны жайлаған хойт тайпасына қарасты 3 дэчин елдің барлық мал-жанын барымталап, Борхамар асуынан асырып кетеді, жоңғар қолы қуғанымен жете алмай кері қайтады. Осымен бір мезгілде, қазақтың Әбілхайыр ханының баласы Ғайып сұлтан елін бастап қоныс аударып, Шу өзені жақтағы Хорготу жеріне  орнығады [QXMDH 2: 423-437]25. 1732 жылы, жоңғар Үйзен хошуч 4000 қол бастап қазақтарды шауып алуға барады, алайда 30 неше адам мен азынаулақ сиыр, қой, азық-түліктен басқа, олжа түсіре алмай, қазақ әскерлерімен кездесіп соғыс сала алмай қайтады [QXMDH 3: 141-156]26.

Әуелі, біз осы жылы жоңғарлардың қазақтарға жасаған әскери соғыстарына көз жүгіртіп көрелік. Жоғарыдағы тарихи деректерде аталған хойт тәйжісі Балжур, хойт тайпасының хошучы Зоригтің жалғызы Дибаның бесінші ұлы, яғни кенжесі болатын. Ол осы әулеттегі әскерге бас болатындай беделге ие сайыпқыранның бірі еді. Бұл әулетке қарайтын жұрттардың ішінде Алтай тауын мекендейтін бір бөлім ұранқайлар да болды. Ал, Үйзен хошуч болса, алдында айтқандай хойт тайпасының тәйжісі Чимхурдың әкесі, яғни Әмірсананың әкесі, бұл атаққа ие болған ағайындыларының бірі болуы да ықтимал. Оның қонысы Ертіс өзенінің бойы, оған қараған жұрттар ішінде де Алтай тауының солтүстігіндегі ұранқайлар да болды. Ноян хошуч хойт тайпасының Зориг хошуч әулетіне уәкілдік ететін тәйжі, яки Себден Даш болуы мүмкін. Оның қонысы Тарбағатай тауының шығыс солтүстік баурай жағындағы Сауыртау болды. Ноян хошуч үнемі қол бастап барып қазақтардан қорғанумен қатар, оларға шабуыл да жасайтын. 1732 жылғы жоңғардың қазақтарға белсенді шабуыл жасаған бұл қосыны, негізінен хойт тайпасының тәйжілері мен жасақтарынан құралған еді. Дақпыртта 15 мың қол делінгенмен, сол кездегі жоңғар қолының негізгі сұрыпталған күші Алтайдың шығысында Цин әскерімен соғыс жүргізіп жатқандығын ескерсек, мұнша көп әскер ұйымдасып, қазақтарға шабуыл жасауы мүмкін емес. Автордың пайымынша, ұзаса 3000 қол, олар 1000 әскерден үш бағытқа бөлініп [QXMDH 2: 277-288]27, қазақтардың шығыс бөлегін шабуылдап қайтқан, сөйтіп қазақтардан кек алған.

Осы жолғы әскер кіргізген жол бағыттарын айтар болсақ, Абылайкитіміз, яғни әйгілі Абылай ғибадатханасы, қазіргі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысына қарасты Қалба тауының оңтүстік баурайы, Шар өзеннің басталар тұсына орналасқан. Демек, Балжур бастаған жоңғар қолы Алтай тауынан аттанып, батысқа қарай жүріп Қалба тауынан өтіп, Шар өзенінің төменгі жағынан өрлей қазақтарға іздеу салған. Зам-улзур бағыты болса, бүгінгі Қытайға қарасты Шыңжаң Алтай аймағындағы Жеменей ауданы жері болуы мүмкін. Үйзен хошуч бастаған жоңғар қолы Ертіс өзенін бойлай өрлеп, Зайсан көлінің батыс жағасы мен Тарбағатай тау сілемінің солтүстік бөктеріндегі аңғарға кіріп, солтүстік батысқа қарай жүріп қазақтарға тінту жасағанын байқауға болады. Ал, Ширин бағыты болса, ол Сауыртауын меңзейді, ол Тарбағатай тауының шығыс бөлегі, орны қазіргі Қытайға қарасты Шыңжаңның Қобықсары ауданы өңірі. Ноян хошуч бастаған жоңғар қолы Сауыр тауынан аттанып, Тарбағатай тауының солтүстік беткейімен ілгерлеп, батысқа жүріп Қазақтарға іздеу салғанын аңғаруға болады.

Осы жолғы жоңғар қолының жорық жолы мен көлемі, шығыста Алтай тауына, батыста Алгуй тауына, оңтүстікте Тарбағатай тауына, солтүстікте Шар өзенінің төменгі ағары өңірлеріне дейін шарпыды. Ол кезде бұл өңірлерді мекендейтін қазақтар көп емес еді, шығысқа жүрген сайын адам қарасы азаяды. Мұны «Балжур бастаған Орын-ганц-модоор бағытындағы қосын қазақ қолын кезіктіре алмай, құр қол қайтады» [QXMDH 2: 31-37]28 делінген мәліметтен білуге болады. Ал, батысқа жүрген сайын адам қарасы көбейіп, әскери қуаты да артып отырады, содан да болар Ноян хошучтың Сауыртау бағытымен ілгерілеген қосыны, біраз мал-жанды олжалағанмен, қарақалпақтардың іздеріне түсіп соққы жасауынан, жарты қосынынан айырылып кері қайтады.

Енді осы жылы қазақ қолының жоңғардың солтүстігіне шабуыл жасау барысын қарап көрелік. Дөрбіт тәйжісі Баханманжи алдыда айтылған Жал тәйжінің тұңғышы, бәрі де Омбу Дайсің хошуч әулетінің адамдары. Қазір Сусаг бағыты қай маң екені беймәлім болса да, бірақ дөрбіт әулетінің иелік еткен жеріне қарап, оның Тарбағатай тауының батыс шетінің оңтүстік етегі, Аягөз өзенінің шығыс жағалауындағы алқаптың солтүстік жағы болуы мүмкін деп тұспалдауға болады. Бұдан білетініміз, 1732 жылы қыркүйек-қазан айларында басып кірген қазақтың 500 қолы, Ноян хошуч әскері жорық бағытының оңтүстігі, яғни Аякөз өзені мен Тарбағатай тауы арасындағы аңғар, осы жерден төте оңтүстікке қарай кесіп өтіп дөрбіт тайпасының солтүстігіне тұтқиыл шабуыл жасаған. Барымталанған мал-жан азырақ болғанмен, алайда қазақ қолы соғыста жанкешті екенін дәлелдеді. Тағы бір бағыттағы қазақтың 200 қолы бұдан да бетер жаужүрек екенін байқатты. Жоңғарлардың қорғаныста бостығын пайдаланып, Ертіс өзенін мысықтабандап өрлей келіп, Үйзен хошучтың елі мен Ламалардың жылқысын шауып алады.

Бұдан сырт, Шағанхамар асуы XVIII ғасырда «Хамар дабахан»29 атанған, Тарбағатай тау сілемінің орта бөлігіндегі асу, орны бүгінгі Қытай мен Қазақстанның шекара қиылысында, Қытайдың Шыңжаң Шәуешек қаласынан солтүстікке қарай 52 километр жерде, теңіз деңгейінен 2336 метр биік, бүгінде «Хамар асуы» делінеді. Ал, Борхамар асуы XVIII ғасырда «Кутун дабахан»30 деп аталды, қазіргі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысына қарасты Благодатное ауылының солтүстігіндегі Тарбағатай тауында (қазір Абай Облысына қарайды – ауд.).

XVIII ғасырдың 30 жылдарында, Еміл өзені алабының оңтүстігі, яғни қазіргі Қытайдағы Шыңжаң Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін, Шағантоғай, Толы аудандарының көлеміндегі жерлер кезінде жоңғардың әйгілі қолбасшысы үлкен Серен Дондоб тәйжінің көшіп-қонған қонысы еді, ол тағы солтүстіктегі дөрбіт, хойт қатарлы тайпаларды қосымша басқарып, олардың бүлік шығарып қашып кетуінің алдын алып отырды. Бұдан сырт, Қалдан Серенге тікелей бағынатын обит, хурэ рулары және гурван жасынхандардың қоныстары да осы Еміл өзені атырабында болды [QXMDH 2: 73-80]31. Олардың басты міндеті, біріншіден, солтүстікте қазақтардың оңтүстікке шабуылынан қорғану болса, екіншіден, шығыста Цин әскерінің Алтай бағыты арқылы Ілеге кіруінің алдын тосу болды. 1732 жылы күзде, қазақтың 600-700 қолы шығыстағы Шағанхамар асуынан оңтүстікке жасырын жылыстап келіп, үлкен Серен Дондоб қарастылығындағы обит пен хойт тайпасының үш дэчин еліне тұтқиыл шабуылдаған соң, орағыта айналып, батыстағы Борхамар асуымен сәтті шегініп, қуа келген жоңғар қолын сан соқтырып кетеді. Қазақ қолының әскери шабуылдарында белгілі деңгейде тәуекелшілдік болғанмен, бірақ мұндай әскери соғыстар жоңғар қолының негізгі күші Алтай тауының шығысында Цин әскерімен соғыс жүргізіп жатқанда орын алды. Бұл әрине, қалдық қосынды хойт тайпасының тәйжілері бастап қазақтарға аттанып, жоңғардың солтүстігіндегі ауылдарды қорғайтын қуатты әскер жоқ екенін нақты барлап білген шарт астында, сеніммен жасаған әскери жорықтар еді.

Сондай-ақ 1732 жылы қыркүйек­­‑қазан айларында, қазақ қолы жоңғардың батысына тұтқиыл шабуыл жасап, 1000-ға тарта түтін мен мал-жанды олжалап әкетеді. Қалдан Серен Себден тәйжіге қол бастап баруды бұйырғанмен, бірақ қарлы боран үсік жүретін мезгілге тура келіп, ат‑көлік арық болғандықтан тоқтатуға мәжбүр болады. Іс жүзінде, бұл кездегі жоңғарлардың жағдайы, Ерденезуда жеңіліп, сұрыпталған қосыннан көп шығын шығып, іш пен сыртты мұң меңдеп, ауыр қиыншылық кезге дөп келді де, қазақ қолын қуа соғысуға дәрменсіз қалған еді. Әйтпесе, қыс маусымы әскери соғыс жүргізудің оңтайлы мерзімі саналатын.

Бесінші. 1733 жылғы жоңғарлар мен қазақтардың соғысы

1733 жылы жоңғарлар негізгі әскери күшін аттанысқа келтіріп, қазақтарға кең көлемді шабуыл жасаған жылы болды. Бұл жылы жоңғар мен Цинь әскерінің соғысы тоқтап, екі жақ баспалап аңдысып орай күткен мезгіл болатын, осы орайды пайдаланған жоңғар жағы әскери күшін топтап, қазақтарға қарата жазалау сипатындағы әскери жорықтарын белсенді жүргізе бастады.

«Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасы» мәліметі бойынша, 1733 жылы сәуір-мамыр айларында, Қалдан Серен әмір беріп, 5000 хойт қолының әр бір шерігі екіден ат мініп, қараша, желтоқсан айларына дейін жететін азық дайындап, хойт тәйжісі Себден Даш бас болып, қазақтар жақтағы Алгуй бағытына барып қорғаныс жасауды бұйырды [QXMDH 2: 31-37]32.

Осы тарихи мәліметтерде жазылуынша, жоңғарлар әр жылы қазақтарға әскер жібергенде, көбінесе қараша мен желтоқсан айлары аралығында аттанып, жаңа жыл өткесін сәуір, мамыр айларында шегініп кетіп отырған [QXMDH 2: 73-80]33. Сөйтіп 1733 жылы қараша‑желтоқсан айларында, Қалдан Серен 10 мың әскер шығарып, кіші Серен Дондобтың ұлы Манжиге қол бастатып, қазақтарға  аттандырады [QXMDH 2: 408-423]34.

Осы тарихи деректе тағы былай делінеді: 1733 жылы үлкен Серен Дондобтың бастауымен жоңғарлар қазақтарға шабуыл жасады. Осы жылы қыркүйек‑қазан айларында, Цин әскерімен соғыс болмағандықтан, арнаулы 30 мың қол сұрыптап қазақтарға соғыс қозғады [QXMDH 2: 277-288]35. Бірнеше жылдан бері дөрбіттер қазақтар жағынан көбірек шапқыншылыққа ұшырағандықтан, осы жолғы қазақтарға әскер жіберуде, дөрбіттер қосынының үлес салмағы көбірек болды [QXMDH 3: 99-109]36, дөрбіт тайпасы 3000 қол шығарып, қазақтарға аттанды [QXMDH 3: 132-141]37.

Осы жылы қараша‑желтоқсан айларында, Үйзен хошучтың ұлы Шагдар, Дарма Далайдың ұлы Хоньч 10 мың қол бастап қазақтарға аттанды [QXMDH 3: 181-188]38.

1731 жылы жоңғардың 3000 қолы қазаққа аттанды, соғыс кезінде 300 шерігі өліп қайта шегініп келді. 1732 жылы шілде‑тамыз айларында, 3000 қол қазаққа аттанды, Алгуйула деген жерге барып соғыса алмай қайтып кетті. 1733 жылдың соңында, тағы да 3000 қол қазаққа аттандырды [QXMDH 3: 282-287]39.

Жоғарыдағы соғыс мәліметтерін жинақтай талдар болсақ, аталған Алгуй бағыты, Алгуйула дегендер бір жерді меңзейді, «Цяньлун патшаның толық картасында» «Аргуй алин»40 деп көрсетілген, Алгуй тауы, «Бақанас бира мен Көксайр бира»41 осы жерден бастау алады, орны қазіргі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысына қарасты «Қарауыл-Баянқар-Жаңаарна-Арқат» тізбекті тау сілемі (қазір Абай Облысына қарайды – ауд.) бойында. Бақанас өзені осы таудың оңтүстік бөктерінен басталады, демек, бұл тау сілемі сол кезде қазақтар көшіп-қонып жүрген маңызды шекаралық аймақ саналған. 1732 жылы шілде‑тамыз айларында, хойт тайпасының 3000 қолы қазақтарға аттанып, Алгуй тауына барып қазақтармен соғыс болмауының себебі, қазақтар осы тау сілемінің шығысына өте аз қоныстануы, онда жан баласының сирек болуынан еді.

Ал, 1733 жылы сәуір‑мамыр айларында, Қалдан Серен алдымен 5000 хойт қолын (іс жүзінде тек 3000-ға жуық) Алгуй тауы өңіріне қорғаныс үшін тұруға жібереді. Бұнысы Цин әскерінің қимылын сыр білдірмей бақылау еді, егерде Цин әскері осы жылы шілде‑тамыз айларында Алтай тауынан өтіп жоңғарларға мол әскер аттандырса, Қалдан Серен анау 3000 қолды қазақтардан қорғануға қалдырып, қалған барлық әскери күшін жинап Цин қолына қарсы тұрмақ болатын. Сол жылы Цин әскері жоңғарға ішкерлей соққы жасамай, ең орайлы уақытты өткізіп алғандықтан, Қалдан Серен дереу жоңғардың жоғары дәрежелі қолбасыларын жиып әскери құрылтай ашып, қараша‑желтоқсан айларында қазақтарға қалың қол жіберіп шабуыл жасауды мақұлдайды.

1733 жылы жоңғардың қазақтарға шабуылдайтын қолы екі үлкен бағытқа бөлінді. Біріншісі, кіші Серен Дондобтың үлкен ұлы Манжи тәйжі бастаған 10 мың қол, олар батыс жақтан, яғни Іле өзенінің орта, төменгі ағарындағы Сарыбелге жиналып күш топтаған соң, Қаратал өзенін бойлай Балқаш көліне барып, мұз қатқан көл бетімен солтүстік жағасына өткен соң, қазақтардың оңтүстігінен шабуыл жасады. Бұл бағыт Сол қанат деп аталды. Ал келесі бағыт жоңғар қолы, мөлшері 7000 алам, үлкен Серен Дондоб, Үйзен хошуч [QXMDH 2: 277-288]42, Шагдар, Хоньч қатарлы қолбасылардың бастауында, Тарбағатай тауының оңтүстік бөктерімен солтүстік батысқа қарай жүріп Алгуй тауына барған соң, ондағы Себден Даш бастаған 3000 жоңғардың қорғаныстағы қолымен бірігіп, 10 мың адамдық әскери күшпен, шығыстан батысқа бағыттап қазақтарға шабуыл жасайды. Бұл бағыт Оң қанат деп аталды. Осы жолғы Оң-Сол екі бағытта шабуыл жасаған жоңғар қолы, барымталап, бұлап-талап, кек қайтарғаннан сырт, қазақтарды өріс-қонысынан ары алысқа қуалап, олардың жоңғарға қайта шабуының алдын алды. 

Бұдан сырт, осы жолғы қол бастаған қолбасылар жайлы, үлкен Серен Дондоб пен Үйзен хошучтан өзгесі, түгел қылшылдаған жас қолбасылар еді. Бастапқыда Қалден Серен үлкен Серен Дондобтың ұлы Даш Серенді алдынғы шепке аттанып, қолбасылық етуге бұйырған болатын, бірақ үлкен Серен Дондоб өзінің үш ұлының соғыста мерт болғанын, тек осы бір ғана ұлы қалғанын айтып, ұрпағын қорғау үшін өзі алдынғы шепке аттанған. Бұдан білеріміз, бұл жолы жоңғарлардың жаңа бір дәуірге қадам басқанын, яғни Даш Серен, Манжи, Шагдар, Хоньч, Себден Даш, Балжур, Чимхур қатарлы жоңғар қолын бастайтын жаңа буын жас қолбасылардың дәуірі туғанын байқауға болады.

Алтыншы. 1735, 1736, 1738 жылғы жоңғарлар мен қазақтардың соғысы

Жоғарыдағы 1733 жылғы жоңғарлардың кек алу сипатты шабуылынан соң, қазақтар жағынан нақты қайтарма соққы жасалмайды, қатысты мәнжуша мұрағат құжаттары арасынан да мәнді деректер кездескен жоқ. Бір жағынан, жоңғарлар мен Цин патшалығы арасында бітімге келу мәселесі қарала бастады, 1734 жылдан кейін, іс жүзінде екі жақтың көлемді әскери қимылдары негізінен тоқтады, тек қарауыл орындарында өзара аңдысып, бір-бірін бақылауда ұстады. Кейін 1739 жылы жоңғарлар мен Цин патшалығы ресми бейбіт келісімге қол қойысып, екі жақтың 10 жылға созылған әскери қақтығысы  аяқтады. Бұдан сырт, 1735 жылдан бастап, қазақтар тағы да келіп жоңғарларды талан-таражыға салады. Сондықтан 1736 жылдан бастап, жоңғар қолы қазақтарға қарата қайтадан әскери шабуылдар ұйымдастыра бастайды. Бұндағы мақсаты, біріншіден, кек алу болса, екіншіден, мал-жандарын олжалап, өздерінің бұрынғы соғыстарда шыққан шығындарын толықтыру еді.

«Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасындағы» мәлімет бойынша, 1735 жылы ақпан‑наурыз айларында, Хоньч тәйжі 30 мың қол бастап қазақтарға жаза жорығына барады [QXMDH 4: 232-239]43. 1735 жылы күзде, қазақтар әскер аттандырып, жоңғарлардың Алгуй жеріне қойған қарауылындағы 40 адамның 30‑ын өлтіреді, қалған 10 адам жаяу қашып кетеді, содан соң тағы сұғынып кіріп 300‑ден астам жылқы барымталап әкетеді [QXMDH 4: 232-239]44.

Үлкен Серен Дондоб 1734 жылы қайтыс болады, ол өлерінде мал-мүлікке мұрагер ретінде кенжесі Даш Серенді көрсетпей, қайта немересі Дагваны мұрагерім деп белгілейді [QXMDH 4: 232-239]45.

1735 жылы қараша‑желтоқсан айларында, қазақтардан 100‑қанша адам Еміл жеріне келіп, Эрх тәйжіге қарасты Жайр өзені бойында отырған 100-ден астам адамды тұтқындап алып кетеді. Осыдан соң, Эрх тәйжінің ұлы Бату Мөңке 1000 шерік бастап барып қазақтарды шауып, олардан 10 мыңнан астам жылқы айдап келеді [QXMDH 4: 253-269]46.

Жоғардағы тарихи деректерде аталған Хоньч тәйжі, хойттың тайпакөсемі Дарма Далайдың ұлы, ол Қалдан Серенннің күйеу баласы, сондықтан жоңғарлар арасында белгілі дәрежеде саяси беделге ие. Дегенмен, Хоньч тәйжінің 30 мың қол бастап қазақтарға шабуыл жасауы шындыққа үйлесе қоймайды. Біріншіден, ол әлі жас, мұнша көп қолды бастайтындай тәжірибелі емес, екіншіден, ол Қалдан Сереннің күйеу баласы делінгенмен, бәрібір хойт тәйжісі, жоңғар билік әулетінің мүшесі емес, мұнша көп қолды бастауға дәрежесі де жетпейді. Автордың пайымынша, Хоньч тәйжі бұл жолы 3000 хойт қолын бастап, Алгуйға барып, қазақтардың шабуылынан қорғану үшін сонда орналасқан болуы мүмкін. Соңынан күз аяғында, жоңғардың Алгуй жеріне орналастырған қарауылына қазақ қолы тұтқиыл шабуыл жасап, жылқысын барымталап кеткен.

Сонымен қатар, жоғарыдағы тарихи деректерде сөз болған Эрх тәйжі хойт тайпасының тәйжісі, ол Үйзен хошучтың әкесі Алдар хошучтың аталас інісі, атап айтқанда Үйзен хошучтың кіші әкесі болады. Оның елі Тарбағатай тауының оңтүстік бөктеріндегі Жайр өзенінің жоғары ағарына қоныстанған, яғни қазіргі Қазақстанның Шығыс Қазақстан Облысына қарасты Үржар өңірі (қазір Абай Облысына қарайды – ауд.). Демек, 1735 жылы қараша‑желтоқсан айларында, қазақ қолы осы өңірлерге әлдеқашан барып бойкөрсете бастаған әрі барымта да жасаған. Жоғарыда баяндалғандай, осы жылы Алгуй тауы маңында жоңғардың 3000 қолы орналасса, Жайр өзенінің солтүстік батысында жоңғарға қарасты дөрбіт тайпасының қолы жайғасты. Сондықтан, қазақ қолы солтүстіктен алыс айналып Тарбағатай тауының терскей бетіне өтіп, одан соң тау асып, тас басып оңтүстік бөктердегі Жайр өзені маңына барған болуы ықтимал. Дегенмен, Эрх тәйжінің жалғызы Бату Мөңкенің қол бастап қазақтардан кек алуы мен 10 мыңнан аса жылқыны барымталап әкелуі, Алгуйда тұрған жоңғар қолының көмегімен, екі жақ бірігіп қазақтарға әскер жіберген соң тапқан олжасы болуы ықтимал. Өйткені осы Алгуйда тұратын жоңғар қолы да қазақтардың барымтасына ұшырап жылқысынан айырылған болатын.

Төменде 1736–1739 жылдардағы соғысқа байланысты мәнжуша мұрағат құжаттарында хатталған деректер мәліметі.

1736 жылы наурыз‑сәуір айларында, жоңғарлар үш бағытпен 30 мың қол аттандырды. Алгуй бағытына Үйзен жайсаң бас болып 10 мың қолмен аттанды. Іле бағытына кіші Серен Дондоб бас болып 10 мың қолмен аттанды. Ал үшінші бағытты кім бастағаны белгісіз. Осы 30 мың әскер түгел аттанып қазақтарға шабуыл жасады [QXMDH 4: 194-204]47.

Үлкен Серен Дондобтың ұлы Даш Серен өзі қол бастап қазақтарға жаза жорығын жасады, қанша шерік бастап барғаны белгісіз [QXMDH 4: 221-228]48.

1738 жылы 2 қарашада, қазақ жерінен Барақ сұлтан бастаған 1000 қол келіп, жоңғар тәйжісі Ханджабқа қарасты 500-ден аса түтінді шауып әкетті [QXMDH 5: 133-137]49.

1738 жылы қазақтар үш рет әскер аттандырып, жоңғарларды бұлап-талады. Осы себепті 1739 жылы маусым‑шілде айларында, Қалдан Сереннің аталас інісі Себден, үлкен Серен Дондобтың немересі Дагва қатарлы тәйжілер 30 мың қол бастап, қазақтарға жаза жорығын жасады [QXMDH 5: 133-137]50.

1738 жылы қазақтар 3000 қол аттандырып, жоңғар тарвагачиннен 1000-нан астам түтінді шауып алады. Сол себепті, 1739 жылы жоңғар жерінен тәйжі Шарас, Манжи, Үйзен хошуч, Жалбу бастаған үш бағыттағы 30 мың қол аттанады [QXMDH 5: 173-178]51.

Жоғарыдағы тарихи мәліметте айтылған Үйзен жайсаң, хойт тайпасының Үйзен хошуч әулетінен сырт, мысалы, Шагдар, Чимхур, Хоньч, Балжур, Бату Мөңке қатарлы басқа әулеттің тәйжілерінің де жайсаңы саналады. Демек, Алгуй бағытымен аттанғандар сол хойт тайпасының тәйжілері бастаған жоңғар қолы, жалпы саны 3000 мөлшерінде, әсте 10 мың адам емес. Ал Іле бағытымен, яғни Іле өзенінің орта, төменгі ағарындағы Сарыбелге жиналып аттанған жоңғар қолы Орта бағыттағы негізгі күш саналды, оған кіші Серен Дондоб қолбасылық етті, бұлардың саны 10 мыңға таяу болуы мүмкін. Уақыты наурыз‑сәуір айлары, қар-мұз еріп, көк шыға бастағандықтан Балқаш көлін төте кесіп өте алмай, айналып өткен. Солымен айналып, Шу өзені алабына жетті ме, әлде оңымен айналып Бақанасқа жетті ме? Қазірше беймәлім. Бұлардан басқа тағы бір бағыттағы қосын, Сол қанат қолы делінеді, оны үлкен Серен Дондобтың төртінші ұлы Даш Серен бастап жүрді. Автордың ойынша, бұл бағыттағы жоңғар әскері Шу өзені жолымен жүріп өткен, топаны мол емес, 3000 шерік маңайында, бұлар бастысы Орта бағыттың қаптал тұсын қорғауды мақсат еткен.

Осы жолғы жорықтан соң, екі жыл дем алып ес жияды да, 1738 жылы қазақтар әр жолы 1000 сарбаздан үш рет әскер шығарып, жоңғардың 1000-нан асатам адамын шауып әкетеді. Сол себепті 1739 жылдан бастап, жоңғарлар тағы да қазақтарға зор көлемді шабуыл жасайды.

Жоғарыдағы тарихи деректе баяндалған Қалдан Сереннің аталас інісі Себден, Қалдан Сереннің ұлы атасы Сенге хунтәйжінің тоғызыншы інісі Пунцагдаштың үлкені Бодмурдың екінші ұлы еді. Ол әскери қабілиеті жоғары қолбасы, үлкен Серен Дондоб пен кіші Серен Дондобтан кейнгі қолбасылыққа ие тұлға болды. Үлкен Серен Дондобтың немересі Дагва – үлкен Серен Дондобтың үлкен ұлы Намжал Даштың тұңғышы. Ол – үлкен Серен Дондобтың мал-мүлкі мен билігінің мұрагері, істің жөнін білетін жас қолбасы. Тәйжі Шарастың нақты қай атадан тарағаны қазірше белгісіз, бізше жоңғар билік әулетінің адамы болуы ықтимал, олай болмағанда әскери қолбасы болу толымдылығына ие болмас еді. Манжи кіші Серен Дондобтың үлкені, ол да әскери қабілеті жоғары тұлға. Үйзен хошуч Жалбу, хойт тайпасының хошучы Үйзеннің өзі, ол іс жүзінде қартайып жасы келіп қалғандықтан, тек атағы үшін демесе, нақты ұрыстарды баласы мен немерелері жүргізді.

Осы кезеңдегі әскери қолбасшылардың рет‑тәртібіне қарасақ, 1739 жылы, жоңғарлардың қазақтарға шабуыл жасаған үш бағыты – Сол қанат Шу өзені бағыты, оған тәйжі Себден өзі бас болды; Орта бағыт – Іле бағыты, оған Шарас пен Манжи екі тәйжі ие болды; Оң қанат Тарбағатай бағыты немесе Ертіс бағыты, оны Дагва тәйжі мен Үйзен хошуч екеуі бастады. Дагва жас болғандықтан, атасының қандыкөйлек досы Үйзен хошучтің жол жорық көрсетуі мен хойт тайпасындағы жас тәйжілердің көмек көрсетуінің арқасында, осы жолғы әскери міндетті орындады. Шерік санына келсек әсте 30 мың емес, көп болғанда 20 мың мөлшерінде болды.

1736 жыл мен 1739 жылғы екі жолғы көлемді әскери соғыста, жоңғарлардың жас буын қолбасылары есейіп кемеліне келді, самсаған қалың қол, кең ауқымды шарпыған соғыс қимылдары, міне бұлар қолбасылардың нақты соғыс қабілетін үнемі шыңдап отырды. Шолғыншы аттандырып барлау, қоян‑қолтық шабуылға өту, өкпетұсынан соғу, алыстан орағыту, қоршау, жол кесу, жарып кіру, бөлшектеу сынды стратегиялық ұрыс тәсілдері, шынайы соғыс барысында одан ары жетілді және кемелдене түседі.

Жетінші. 1740–1741 жылғы жоңғарлар мен қазақтардың соғысы

Шын мәнінде, 1736 жыл мен 1739 жылғы екі жолғы зор көлемді әскери қақтығыс барысында, қазақтар жоңғарлардан ауыр зардап шекті, амалсыздан батысқа ауып, тым ырықсыз күйге түсті. Осылай бола тұрса да, Қалдан Серен қазақ мәселесін түбегейлі шешуге тырысып, 1740, 1741 жылдары жалғасты екі жыл әскери күш топтап, қалың қол аттандырып, қазақтарға ауыр соққы жасады.

«Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасындағы» мәліметі бойынша, 1740 жылы тамыз‑қыркүйек айларында, жоңғарлар 30 мың қол аттандырды. Іле бағытына кіші Серен Дондоб, Шу өзені бағытына Себден тәйжі, Ертіс бағытына Қалдан Сереннің баласы тәйжі Ламадаржа қатарлылар бас болып, қазақтардан қорғанды. Естуімізше, тәйжі Себден бастаған 10 мың қолдан 500 қарауылды қазақтар қырып кетіпті, ал қалған қосындар бұрынғыдай қазақтардан қорғану шебінде жүр [QXMDH 5: 366-369]52.

1740 жылы наурыз‑сәуір айларында, жоңғар тәйжісі Шарас 1000 қол бастап барып, қазақтарды шапты, соғыста жеңіліп, Шарастың өзі қазақтарға тұтқын болады. Шарас тәйжінің бастаған қолы жеңіліске ұшырағаны себепті, Қалдан Серен ызаға булығып, сол жылы қыркүйек‑қазан айларында, 30 мың қол жасақтап, тәйжі Себден мен кіші Серен Дондобтың баласы Манжи екеуін бас қылып, қазақтарды жазалауға аттандырады [QXMDH 5: 383-387]53.

1740 жылы қазақтар келіп шабуылдап бұлап-талайды, сол себепті қыркүйек-қазан айларында, Қалдан Серен 30 мың әскер шығарып, тәйжі Манжи қатарлыларды бас қылып, қазақтарды жазалауға аттандырады. 1741 жылы сәуір-мамыр айларында, қазақтардың билеушісі Абылай сұлтанды ұстап әкелген соң, Қалдан Серен Манжи тәйжі қатарлыларға тапсырма беріп, тағы әскер аттандырып қазақтарға жорық жасаңдар, маусым-шілде айларының алды-артында, екінші рет шегініс жасап қайтып келіңдер дейді. Естуге қарағанда, жорыққа кеткен қол қазақтарды екі мәрте жеңіп, қайтып оралыпты [QXMDH 5: 398-401]54.

Алдында қазақтар келіп шауып, мал-мүлкін барымталап кеткендіктен, 1740 жылы қыркүйек-қазан айларында, Қалдан Серен 30 мың қол топтап, кіші Серен Дондоб, Қалдан Сереннің ұлы Ламадаржа және Манжи үшеуін қолбасы сайлап, қазақтарды жазалауға аттандырған. 1741 жылы ақпан-наурыз айларында, қазақ билеушісі Абылай сұлтанды тұтқындап алып келген соң, Қалдан Серен тағы да әскер аттандырып, шабуыл жасауға бұйрық берді [QXMDH 5: 401-405]55.

1740 жылы Қалдан Серен қазақтарға 30 мың қол жіберіп еді, 1741 жылы қазақ билеушісі Абылай сұлтан мен 300-ден аса адамын тұтқындап келген соң, 20 мың әскерін кері қайтарып алды. Қалдан Сереннің ұлы биыл 16 жаста, есімі Ламадаржа, ол бас болған 10 мың қол жоңғардың батыс бөлегін қорғаған болатын [QXMDH 5: 430-433]56.

Жоғарыдағы әскери қимылдарды біртұтас, үзіліссіз жалғасқан әскери соғыс деген жөн. Осындай тарихи деректерді қорыта келе мынаны аңғаруға болады: әуелі 1740 жылы наурыз-сәуір айларында, жоңғардың Шарас тәйжісі 1000 адамдық шағын қолды бастап барып қазақтарды шабады, соғыста жеңіліп, өзі тұтқынға түседі. Шынтуайтқа келгенде бұл Шарас тәйжінің алкеуделігінен ішке ендеп кіріп кетуінің зардабы, әсілінде бұдан сабақ алып, жас қолбасыларды абайлап әрекет жасауға шақыруға болушы еді. Алайда Қалдан Сереннің ұстанымы бойынша, жоңғар билеушілері қазақтарға тұтқын болмауы керек, бұл сүйекке таңба боларлық үлкен қорлық саналмақ, сондықтан кек алумен қатар қазақтарды күшпен біржола тізе бүктіру үшін 1740 жылы қыркүйек-қазан айларында, яғни әскер жіберудің ең оңтайлы шағында, 20 мың қалың қолды үш бағытқа бөліп қазақтарға аттандырды. Бұл жолы бұрынғыдай Сол қанат Шу өзені бағытына тәйжі Себденді қолбасы қойды. Орта бағыт Іле бағытына кіші Серен Дондобтың ұлы Манжи тәйжі бас болды. Оң қанат Тарбағатай бағытына немесе Ертіс бағына Қалдан Сереннің 16 жасар үлкен ұлы Ламадаржа бас болды. Бірақ, Оң қанат Ертіс бағытымен аттанған қосын, ресми соғысуға емес, қазақтардың шығысындағы Алгуй тауы жеріне қорғаныс үшін барған болатын. Сол қанат Шу өзені бағытымен аттанған қосынның адам саны аз болғандықтан, қазақ қолы олардың 500 шерігін қырып кетеді. Демек, тек Орта бағытпен аттанған Манжи тәйжінің қосыны негізгі шабуылшы күш саналды. Қазақ сұлтаны Абылайды тұтқынға түсіргеніне қарағанда, бұл бағыттағы қосын мұзы қатқан Балқаш көлінен шапшаң өтіп, солтүстікті бетке алып қазақтардың билік орталығына тіке тартады, аса тездікпен қазақтың Абылай сұлтан тобына тұтқиыл шабуылдайды. Тәйжі Манжидың соғыс салу өнері, айна қатесіз әкесі кіші Серен Дондобтан дарыған, яғни әскери күшті топтап тұтқиылдан батыл соққы жасау, қарсы жаққа ешқандай дайындалу орайын берместен шапшаң қоршап, дереу жойып жіберу еді. Манжи Абылай сұлтанды тұтқындап, 1741 жылы ақпан-наурыз айларында, Ілеге жөткеп берген соң, Қалдан Серен бұл іске бола соғысты тоқтатқан жоқ, қайта жалғасты қол жинап, шабуыл көлемін ұлғайтып, осы арқылы бұлқынуға мұрса бермей, қазақ мәселесін түбегейлі шешпекші болды. Сөйтіп, 1741 жылы сәуір-мамыр айларында, жоңғардың екінші топ шабуылдаушы қосыны Іле бағытына жиналып аттанып, жалғасты ілгерілеп, соққы жасау көлемін ұлғайта түсті. Осы екінші топ қосында Қалдан Сереннің үлкен ұлы Ламадаржа бастаған қол бар болатын. Қалдан Сереннің ойы осы қазақ соғысы арқылы, үлкен ұлы Ламадаржаның соғыста еңбек көрсетіп, саяси упай жинап, осы арқылы болашақ жоңғардың бірден-бір билеушісі болуына жол ашу еді. Бұл қосын 1741 жылы маусым-шілде айларында, жоңғар жеріне шегініп, өзінің тарихи міндетін аяқтады.

Сонан кейінгі Абылай сұлтанның жағдайы туралы «Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасындағы» мәліметте былай делінеді: 1745 жылы, естуімізше тұтқындағы Абылай сұлтанды еліне қайтарып, орнына баласын аманатқа алып, Қалдан Сереннің жанына қойыпты [QXMDH 7: 95-99]57. 1743 жылы қазақ билеушісі Абылай сұлтан қол астындағы 1000 түтін хойсыны (бұл жерде қазақтар меңзеліп отыр – ауд.) бастап Қалдан Серенге бағынды. 1745 жылы, Абылай сұлтан 300 адамымен Себдендерге ілесіп, Абдікерім қатарлыларды жазалауға барды [QXMDH 7: 120-125]58.

Жапондық зерттеуші, профессор Онума Такахироның айтуынша, бұл жердегі Абдікерім (мәнжуша: abdak kerem) сол кездегі Қоқан хандығының үшінші ұрпақ билеушісі Абдікерім хан (Abd al-Karim khan, 1739–1746 жылдар билікте отырған). Абылай сұлтан 1745 жылы қазақ жеріне қайтып, баласын Қалдан Серенге аманатқа жіберіп береді. Осыдан соң қазақтар жоңғарлардың көмекші әскери күші ретінде, жоңғарлар қолына ілесіп әр тарапқа соғыс салды, Қоқан хандығын шауып, жоңғарлардың маңызды әскери одағына айналды.

Қорытынды

Қорытындылай келгенде, 1727–1745 жылдары болған жоңғар мен қазақ соғысы, жоңғарлардың ішкі-сыртқы жағдайына тікелей әсер етті.

1729–1733 жылдар арасында, жоңғар қолы бар күшімен Алтай тауының шығысында Цин әскерімен соғыс жүргізді де, артта қалған елін ойдағыдай қорғай алмады. Осы жағдайды көздеген қазақ қолы қайта-қайта шапқыншылық жасап, батыс пен солтүстік өңірлер соққының өтінде қалып, бірталай шығындарға ұшырады. Соның ішінде, батыстағы ерхтендер мен солтүстіктегі дөрбіт, хойт екі тайпа елдің адамдары қысымға қатты ұшырады. Хойттарды негіз еткен әскери күш белгілі бір аумақтық қосын ретінде, қазақтың шығысында бірнеше рет шабуыл ұйымдастырғанымен, бірақ әскери қуаты әлсіз болды да, қазақ қолын түбегейлі жеңе алмады. Ең үлкен еңбек жоңғар қолының Алгуй тауы жеріне еніп, қорғаныс жасауы болды. Бұл стратегиялық тұрғыдан кейінгі соғыс қимылдарын жүргізуге нақты негіз қалады. Ал, жоңғар мен Цин патшалығының соғысы аяқталған соң, 1735 жылдан бастап, жоңғарлар бар әскери күшін топтап 1736 жылы, 1739 жылдан 1741 жылға дейін, қазақтарға арт‑артынан төрт жыл зор көлемде шабуыл жасады, ел басқару орталықтарына дейін соққылап, билеушісі Абылай сұлтанды тұтқындап, екі жақ бейбіт бітімге қол қойысып, өзара жауласу әрекетін аяқтады.

Жоғарда айтылған саяси факторлардан өзге, таза әскери тұрғыдан алғанда, қазақ әскерлерінің шашыраңқы болуы және баяу шоғырлануы олардың соғыста қолайсыз жағдайға түсуінің негізгі себептері болмақ. Сонымен қатар, бірыңғай біріккен қосындар ара өнімді қолбасылық ету жүиесі мен бекіністер ара хабар алмасудың кемістігі де маңызды себеп саналады. Бұдан сырт, халық санының аздығы, артқы әскери сақтық күштің жетіспеуі, артқы қамдаудың үлгіре алмауынан жалғасты соғыс жүргізе алмауы да аса маңызды себеп болып табылады.

Жоңғардың оңтүстігінде халық саны тығыз орналасқан хойсылар (көбінде ұйғырлар меңзеледі – ауд.) бар. Шығысында да халық саны мол Цин патшалығының моңғол аймақтары бар. Осылардың бәрі жоңғарлар үшін белгілі деңгейде, таңдаулы әскер қайнары мен экономикалық негіз болды, жоңғарлар осы негізде соғыс қимылдарын жалғастыра алды. Ал, қазақтардың солтүстігі, батысы, солтүстік шығысы түгел патшалық Ресейдің жері, оңтүстігі жоңғарлар болғандықтан, ауқымды түрде мал-жанды барымталап, олжаға кенелуі қиынға соқты.

Мұнан өзге жоңғардың жер бедері, яғни қабаттасқан таулары мен айқасып жатқан шөлдері әскери қорғанысқа қолайлы. Ал, қазақ даласының көп бөлігі адырлы, бұл атты әскерлер қосынының әскери шабуылға шығуына қолайлы, бірақ қорғанысқа ыңғайсыз, жау әскерінің шабуылына жол бермеу үшін алыс қашықтыққа көшу арқылы ғана қорғаныс шебін кеңейте алады.

Соңында, стратегия мен тактика тұрғысынан айтар болсақ, жоңғардың үлкен Серен Дондоб, кіші Серен Дондоб, Себден тәйжі, Манжи тәйжі қатарлылар түгел сан майданда сыналғандар, олар кезінде тау асып, су кешіп Тибетке әскер бастап кіріп, Ерденезуға шабуыл жасаған тәжірибелі қолбасылар еді. Олар – далалық ұрыстарда қайткенде шабуылдау, қудалау, қорғану, айналып өту және атыс қаруын қалай тиімді қолдануға болады, осы жағында өте бай соғыс тәжірибесіне ие қолбасылар болды.

Түсініктемелер:

[1]. Мақала Қытайдың Xibu Menggu Luntan 西部蒙古論壇 (Journal of the Western Mongolian Studies) атты журналының 2023 жылғы 4 санында (14-29 беттері) алғаш жарияланған. Кейін Моңғолияда шыққан «Oiratica [Ойрад судлал]: Түүх соёл, хэл бичиг, аман зохиол судлалын эрдэм шинжилгээний цуврал» («Ойратика [Ойраттану]: Тарих, мәдениет, тіл және ауыз әдебиеті туралы ғылыми мақалалар жинағы») 2 томында (2024 ж., 97-119 беттері) аударылып басылған. Бұнда біз қытайшадағы алғашқы басылымын тәржімалап отырмыз.

2. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 5 айдың 2 күні Нинюанның бас генералы Жаланга қатарлылардың  жоңғарлардың қолына түсіп қашып шыққан ойрат шерігі Дарзаның айтқандары және оның Бейжіңге жөнелтілгені туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі (ұсыныс хат 1 парша).

3. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 8 айдың 25 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның хойт тайпасына қарасты Дондог қатарлыларды тексеріп тергеп Бейжіңге жөнелткені туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі (хаттың бас жағы жоқ).

4. Юньчжэн жылнамасының 13 жылы (1735) 7 айдың 3 күні Нинюанның бас генералы Жаланга қатарлылардың  жоңғардан қашып келген хойсы Тұлықмамыттың айтқандары туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

5. Лубсаншунудың толық тарихы жөнінде қараңыз: Wuyunbilige 2017: 1-18.

6. Юньчжэн жылнамасының 9 жылы (1731) 3 айдың 3 күні Мэйрин зангин Гэмэл қатарлылардың қашып келген Сайнховуннның жоңғар тайпасының адамы Қалдан Серен әулетінің ішкі қайшылығына байланысты айтқандары туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

7. Түсінікке жеңіл болу үшін, бұл жердегі уақтыт мезгілін григориан күнтізбеге айналдырып бердік. 

8. Юньчжэн жылнамасының 10 жылы (1732) 4 айдың 17 күні алғыдай Ортайдың жоңғардың алдын алу үшін терістік бағытта күзет қою және қазақтардың Қалдан Серен қонысын барымталау ісіне жалғасты сұрау салу туралы жолдаған мәлімдемесі.

9. Юньчжэн жылнамасының 10 жылы (1732) 11 айдың 28 күні Нинюанның бас генералы Жаланганың  жоңғардан қашып келген хойсы Субөріктің айтқандары мен оны туған жері Құмылға жеткізіп салу туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

[1]0. Юньчжэн жылнамасының 10 жылы (1732) 11 айдың 28 күні Нинюанның бас генералы Жаланганың  жоңғарға тұтқынға түскен халха тайпасының адамы Чойжав қатарлылардың қашып келуі және оларды Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

[1]1. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 4 айдың 16 күні Цзинбянның бас генералы Сибаодың хойт тайпасының адамы Дагвадан ойраттар мен қазақтардың соғыс жағдайын сұрағаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

[1]2. Цяньлун жылнамасының 3 жылы (1738) 8 айдың 27 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Серенгтің жоңғардан қашып шыққан ойрат Дондог, Гумужавтың айтқандары және оларды Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. Онда былай хатталған: Біздің жайылысымыз Сарыбелде, бұдан Қалдан Серенге дейін тағы он күндік жол.

[1]3. Қараңыз: «Цяньлун патышаның толық картасының» «сегіз қатар батыс төртінші» бөлігі, солтүстік шығыс бұрышында «Іле өзенінің» сол жағындағы бір өзенге «Сарыбел» деп белгі қойылған, екі өзеннің ортасына жуан әріпбен «Қапшағай бөгеті» деп белгілеген [Wang et al., eds. 2007]. 

[1]4. Қараңыз: «Цяньлун патышаның толық картасының» «жетінші қатар батыс үшінші» бөлігі [Wang et al., eds. 2007].

[1]5. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 9 айдың 24 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Серенгтің жоңғардан қашып шыққан ойрат Серенның айтқандары және оларды Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

[1]6. Юньчжэн жылнамасының 10 жылы (1732) 11 айдың 28 күні Нинюаның бас генералы Жаланганың хойсы молла Әбдірейімнің жоңғардан қайтып оралуы және оның тергелгені туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

[1]7. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 4 айдың 16 күні Цзинбянның бас генералы Сибаодың хойт тайпасының адамы Дагвадан ойраттар мен қазақтардың соғыс жағдайын сұрағаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

[1]8. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 3 айдың 6 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның қашып келіп бағынған ойрат Тогсжаргалды тергеп Бейжіңге жөнелтілгені туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

[1]9. Цяньлун жылнамасының 3 жылы (1738) 3 айдың 15 күні Диньбяннның сол қол орынбасар генералының көмекші амбаны Хайланның жоңғардан қашып шығып бағынған ойрат Баярдың айтқаны және оның Бейжіңге жөнелтілгені туралы патшаға жолддаған мәлімдемесі. 

20. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 4 айдың 16 күні Цзинбянның бас генералы Сибаодың хойт тайпасының адамы Дагвадан ойраттар мен қазақтардың соғыс жағдайын сұрағаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

2[1]. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 6 айдың 12 күні Нинюанның бас генералы Жаланга қатарлылардың жоңғарларға қолды болған хойсы Абдірахман қатарлылардың қашып келгені және оларды тергеп өз жұртына қайтарылғаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

22. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 8 айдың 7 күні Нинюанның бас генералы Жаланганың келіп өздігінен бағынған жоңғар Мергенді тергеген соң қосында қалдырып, қолайлы уақытта Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.  

23. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 11 айдың 8 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның жоңғарға тұтқынға түсіп қашып шыққан солдат Мартайды тергеп, өз жеріне жеткізуге қатысты патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

24. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 12 айдың 13 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның қолға түскен жоңғар-ойрат Лувсан қатарлыларды тергегеннен кейін Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

25. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 12 айдың 28 күні Нинюанның бас генералы Жаланганың бас сауғалап келген ойрат Намур және хойсы Кішіктің айтқандары туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

26. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 3 айдың 6 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның бас сауғалап келген ойрат Тогсжаргалыгты тергегеннен кейін Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі 

27. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 10 айдың 20 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның бас сауғалап келген ойрат Харсагайдың айтқандары және оны қолға түскен Тогспен бірге Бейжіңге жөнелтіп жалғасты тергеу туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі (тергеу хатынан 1 нұсқа). Бұл мәлімдемеде былай делінген: «Дармадалай, Үйзен хошуч, Себден Даштар әр біреуі мың түтін билейтін тәйжі. Балжур бес жүз түтін билейтін тәйжі», бәрін қосқанда жиыны 3500 түтін ғана бар. 

28. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 4 айдың 16 күні Цзинбянның бас генералы Сибаодың хойт тайпасының адамы Дагвадан ойраттар мен қазақтардың соғыс жағдайын сұрағаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

29. Қараңыз: «Цяньлун патышаның толық картасының» «жетінші қатар батыс үшінші» бөлігі [Wang et al., eds. 2007].

30. Қараңыз: «Цяньлун патышаның толық картасының» «жетінші қатар батыс үшінші» бөлігі [Wang et al., eds. 2007].

31. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 5 айдың 17 күні алғыдай Ортайдың хойт тәйжісі Дармадалайдың жіберген Дагваның айтқандары туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.       

32. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 4 айдың 16 күні Цзинбянның бас генералы Сибаодың хойт тайпасының адамы Дагвадан ойраттар мен қазақтардың соғыс жағдайын сұрағаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

33. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 5 айдың 17 күні алғыдай Ортайдың хойт тәйжісі Дармадалайдың жіберген Дагваның айтқандары туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.    

34. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 12 айдың 13 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның қолға түскен жоңғар-ойрат Лувсан қатарлыларды тергегеннен кейін Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

35. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 10 айдың 20 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның бас сауғалап келген ойрат Харсагайдың айтқандары және оны қолға түскен Тогспен бірге Бейжіңге жөнелтіп жалғасты тергеу туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі (тергеу хатынан 1 нұсқа).

36. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 2 айдың 25 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның қолға түскен ойрат Шарав қатарлылардың айтқаны туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі (тергеу хаты 1 нұсқа).

37. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 3 айдың 6 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның жоңғарға жорық кезінде қолды болып қашып келген Чичебу қатарлылар туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

38. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 3 айдың 26 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның қолға түскен ойрат Хотон қатарлыларды Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

39. Юньчжэн жылнамасының 12 жылы (1734) 5 айдың 4 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның жоңғарға жорық кезінде қолды болып қашып шыққан онбасы Зунгегтің айтқандары және оны қосында қалдыру туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

40. Қараңыз: «Цяньлун патышаның толық картасының» «алтыншы қатар батыс үшінші» бөлігі мен «жетінші қатар батыс үшінші» бөлігі [Wang et al., eds. 2007].

4[1]. Қараңыз: «Цяньлун патышаның толық картасының» «жетінші қатар батыс үшінші» бөлігі [Wang et al., eds. 2007].

42. Юньчжэн жылнамасының 11 жылы (1733) 10 айдың 20 күні Диньбянның бас генералы Фупэнның бас сауғалап келген ойрат Харсагайдың айтқандары және оны қолға түскен Тогспен бірге Бейжіңге жөнелтіп жалғасты тергеу туралы патшаға жолдаған құпия мәлімдемесі (тергеу хатынан 1 нұсқа). Бұл мәлімдемеде былай делінген: «Хойт төрт тәйжінің қол астында 3000-нан астам адам бар, бәрі мылтықпен қаруланған, күш жинау үшін, бірнеше жылдан бері қазақтар жағында қорғаныста болған. Биыл қазақтарға әскер аттандырғанда, Үйзен хошуч пен үлкен Серен Дондобты бірге қолбастауға жібрді».

43. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 7 айдың 29 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Мөнкенің айтқандары және адам шығарып Бейжіңге жеткізу туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

44. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 7 айдың 29 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Мөнкенің айтқандары және адам шығарып Бейжіңге жеткізу туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

45. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 7 айдың 29 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Мөнкенің айтқандары және адам шығарып Бейжіңге жеткізу туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

46. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 9 айдың 24 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Серін қатарлылардың айтқандары және оларды Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

47. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 5 айдың 26 күні Диньбянның бас генералы Цинфудың жоңғардан келіп бағынған ойрат Тарбаганың айтқандары және оны Шахар полкіне орналастыру туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

48. Цяньлун жылнамасының 1 жылы (1736) 6 айдың 27 күні Чжэньанның генералы Чанлайдың жоңғардан келіп бағынған ойрат Данжин қатарлылардың айтқандары және оларды қолайлы уақытта Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

49. Цяньлун жылнамасының 4 жылы (1739)  6 айдың 18 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат ламасын Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

50. Цяньлун жылнамасының 4 жылы (1739) 6 айдың 18 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат ламасын Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

51. Цяньлун жылнамасының 4 жылы (1739) 10 айдың 6 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан қашып шыққан Шянхуань мәнжу полкінің онбасы Ердемт қатарлыларды Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

52. Цяньлун жылнамасының 6 жылы (1741) 3 айдың 8 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Лувсанның айтқандары және оны Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

53. Цяньлун жылнамасының 6 жылы (1741) 4 айдың 6 күні Әскери басқарма уәзірі Ортайдың жоңғардан қашып шыққан лама Легшидті Серенге табыстап беру туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

54. Цяньлун жылнамасының 6 жылы (1741) 6 айдың 24 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің ойрат Ұбаштың келіп бағынуы және оны Бейжіңге жөнелту туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

55. Цяньлун жылнамасының 6 жылы (1741) 7 айдың 11 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Мөнкені тергеп, Бейжіңге жөнету туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

56. Цяньлун жылнамасының 6 жылы (1741) 9 айдың 20 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің жоңғардан келіп бағынған ойрат Агсал қатарлылардың айтқандары және оларды Бейжіңге жөнету туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

57. Цяньлун жылнамасының 10 жылы (1745) 7 айдың 8 күні Диньбянның сол қол көмекші генералы Сереннің келіп бағынған ойрат Убаш қатарлыларды Бейжіңге жөнету туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі.

58. Цяньлун жылнамасының 10 жылы (1745) 10 айдың 26 күні Әскери басқарма уәзірі Нэчиннің ойрат Борди қатарлыларды Жяньнинге жіберіп орналастыру туралы патшаға жолдаған мәлімдемесі. 

ӘДЕБИЕТТЕР

QXMDH: 中國邊疆史地研究中心與中國第一歷史檔案館合編《清代新疆滿文檔案匯編》(第1,2,3,4,5,7冊),桂林:廣西師範大學出版社, 2012.

Carl von Clausewitz [Prussia]〔普魯士〕克勞塞維茨《戰爭論》第1卷《什麼是戰爭》,北京:商務印書館,1978.

Qi Guang齊光編譯《清代準噶爾情報滿文檔案譯編》,上海:復旦大學出版社,2021.

Wang Qianjin, Liu Ruofang 汪前進、劉若芳整理《清廷三大實測全圖集——清乾十三排圖》,北京:外文出版社,2007.

Wuyunbilige 烏雲畢力格“小人物、大舞台與大角色:羅布藏舒努和十八世紀歐亞衛拉特汗國和清朝關係”,《清史研究》2017年第4期第1-18頁.

Zhong Xingqi, Wang Hao, Han Hui 鈡興麒、王豪、韓慧校注《西域圖志校注》,烏魯木齊:新疆人民出版社,2002.

Авторы Ци Гуан, Фудан университеті (Қытай)

Автор туралы мәлімет: Ци Гуан – қауымдастырылған профессор, Ph.D., Фудан университеті, Тарихи-географиялық зерттеулер орталығы (200433, ҚХР Шанхай қ., Хандан жолы 220). E-mail: eldenge1981@163.com 

Қытайшадан тәржімалағандар: 

Қуаныш Армияұлы, Дүйсенәлі Әбділәшімұлы

Аудармашылар туралы мәлімет: 

Қуаныш Армияұлы – Бейжің Ұлттар баспасының бұрынғы тете аға редакторы, аудармашы (Қазақстан). E-mail: jangbirshi@gmail.com; 

Дүйсенәлі Әбділәшімұлы – визитинг-профессор, Ph.D., Токио шетел тілдері университеті (Жапония). E-mail: airu331@gmail.com

Бөлісу