1755 жылдың көктемі. Жоңғар хандығының шаңырағы шайқалып, билікке таласқан ойрат нояндары бірін-бірі әлсіретіп жатқан шақ. Ал шығыстан – Чиң империясының қалың қолы, батыстан – қазақ жасақтарының қысымы күшейген кезең. Чянлұң патшаның сарай жылнамасындағы 20-жылдың 1-айының 20-күніне (1755 ж. 6 наурыз) түскен жазба – дәл осы тарихи сәттің куәсі деуге болады.
Чянлұңның 20-жылы 1-айдың 20-күні
(1755 жылы 6 наурыз)
Әскери құпиялық амбандарына: Әмірсаналар Көбенді тергегенде, ол қазақ жерінде Барың (Балаң) деген адамның өзін Ғалдан Черіңнің інісімін деп жүргенін айтыпты. Банди Мамытты тергесін. Ол да жоңғар көне көздерінің бірі ғой. Мұны қайайда білер. Егер ол да танымаса, онда Барыңның Ғалдан Черіңнің інісі де, жоңғарлық та болмағаны. Мұнан тыс, Көбен: қазақ әскері Іле өңіріне кіріп тараншылардың бидайы мен жүгерісін талап әкетті. Олар ендігі Шағансудың (Чаған ұсұнның) Белчир деген жеріне ірге көмсе керек, - депті. Шамасы қазақ жасағы дәл қазір Іле өңірінен онша ұзай қоймаған сияқты. Егер біздің қолымыз алға қарай ілгерілеп, сол қазақтардың үстінен түсер болса, қайту керек? Банди, Әмірсана екеулерің ақылдасып, байламдарыңды шұғыл мәлімдеңдер.
(481-бума, 15-16-беттер)
«Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер». Іле халық баспасы, 2009 ж.
Сарай құжатында әскери құпиялық амбандарына жолданған жарлықта былай делінеді: Әмірсаналар тергеу барысында Көбен есімді адамнан «қазақ жерінде өзін Ғалдан Черіңнің інісімін деп жүрген Барың (Балаң) деген біреу бар» деген мәлімет естігені айтылады. Егер жоңғардың көне көздері оны танымаса, онда оның жоңғар емес екені анық делінеді. Бұдан кейін:
«қазақ әскері Іле өңіріне кіріп тараншылардың бидайы мен жүгерісін талап әкетті… Шағансудың Белчир деген жеріне ірге көмсе керек… Шамасы қазақ жасағы дәл қазір Іле өңірінен онша ұзай қоймаған сияқты»
Ал соңында Чянлұң Банди мен Әмірсанаға: «егер біздің қолымыз алға ілгерілеп, сол қазақтардың үстінен түссе, қайту керек? … ақылдасып, байламдарыңды шұғыл мәлімдеңдер», - деп нұсқау береді.
Бір қарағанда шағын ғана мәлімет. Бірақ осы бірнеше жол сол дәуірдегі қазақ-жоңғар-чиң қатынастарының күрделі геосаясатын ашып беретін аса маңызды дерек деуге болады.
Ол кезде Іле тек жоңғар ғана емес, қазақтың да көзі тіккен кеңістік еді. Бұл құжаттан ең алдымен көзге түсетіні – қазақ жасақтарының Іле өңіріне кіріп баруы. Деректерге қарағанда, XVII-XVIII ғасыр бойы Жетісу мен Іле алқабы қазақ пен жоңғар арасында талас болған шекаралық аймақ еді. Қазақ рулары бұл жерлерді ежелгі қонысымыз деп санады. Ал жоңғарлар әскери күшпен иемденіп келген.
1755 жылы жоңғар мемлекеті іштен іріп, Давачи мен Әмірсана тартысып жатқан тұста қазақ жасақтарының Ілеге енуі – саяси вакуумды пайдалану әрекеті. Яғни бұл жай тонау жорығы емес, босап бара жатқан кеңістікті иелену амалы болса керек.
Жылнамада «тараншылардың бидайы мен жүгерісін талап әкетті» деп жазылады. Бұл сөздің өзі Іле алқабында отырықшы егіншілік халық отырғанын, қазақ жасақтарының дәл сол шаруашылық белдеуіне соққы бергенін көрсетеді. Әскери тұрғыдан бұл – қарсыластың азық-түлік қорын әлсірету тәсілі.
Осы жазбаның ең қызық тұсы – императордың реакциясы. Ол «қазақтарды қуып шығыңдар» деп бірден бұйрық бермейді. Керісінше, «үстінен түссек, қайту керек?» деп сұрайды. Бұл жерде Чиң империясы қазақтарға қатысты нақты саяси шешім қабылдап үлгермегенін байқауға болады.
Өйткені қазақтар – жоңғардың ежелгі жауы, демек жанама түрде тиімді күш; екінші жағынан, олар – дербес хандық, империяға бағынбайды; үшіншіден, Іле өңіріне орнығып алса, Чиң үшін жаңа қауіпке айналуы мүмкін. Сондықтан Чянлұң әскери қолбасшылардан жағдайға қарай шешім қабылдауды талап етеді.
Бұл кезде Әмірсана әлі Чиң жағында, «сол қол кіші генералы» ретінде жоңғарға қарсы жорыққа қатысып жүр. Бірақ қазақтармен оның байланысы бұрыннан белгілі. Сарай жазбалары Әмірсананың қазақ даласына жиі барып, қазақ сұлтандарымен қатынас ұстағанын бірнеше рет күдікпен атайды. Сондықтан қазақтардың Ілеге келуі, Әмірсананың жоңғар тағынан үміткер болуы, Чиң сарайы үшін өзара байланысты құбылыстар болып көрінгені анық.
1755 жылғы 6 наурыздағы осы бір қысқа жазба қазақ тарихы үшін үш маңызды ақиқатты дәлелдейтіндей:
Біріншіден, қазақ әскері Іле-Жетісу кеңістігіне белсенді түрде кіріп, жоңғар аумағында нақты әскери қимыл жүргізген.
Екіншіден, Чиң империясы қазақтарды одақтас емес, бақылауды қажет ететін дербес күш ретінде қарастырған.
Үшіншіден, Іле мәселесі жоңғар құлаған сәттен бастап-ақ қазақ-қытай арасындағы болашақ шекара дауына айнала бастаған.
Кейін дәл осы өңір үшін Абылай хан елшілік жіберіп, жер дауын көтеретіні белгілі. Демек, 1755 жылғы қазақ жасақтарының Ілеге енуі – сол ұзақ тартыстың алғашқы қадамы еді.
Чянлұң жылнамасындағы 1755 жылғы 6 наурыз жазбасын қазақтарды «сырттай бақылаушы» емес, оқиғаның тікелей қатысушысы ретінде көрсететін нақты құжат деуге болады. Жоңғария күйреп жатқанда қазақ даласы үнсіз қалған жоқ. Қазақ жасақтары шекарадан өтіп, атақонысқа қайта ұмтылды. Ал Чиң империясы дәл сол сәттен бастап қазақты жаңа геосаяси фактор ретінде есепке алуға мәжбүр болды. Іле үшін күрес – осылай басталған.