Моңғолия сапары (Жолжазба)
19.10.2022 2215

Қазанның екісі мен он төрті арасында Алтайдың күншығыс бөлігі, Монғолияның Баян-Өлгий аймағына сапарлаудың сәті түскен болатын. Іссапар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қарамағындағы «Qazcontent» акционерлік қоғамы басшылығының қолдауымен жүзеге асырылды. «Qazcontent» АҚ «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының жетекшісі Алтынбек Құмырзақұлы және мен «Әдебиет порталы» интернет-жобасының шығарушы редакторы Асылбек Байтанұлы –«Қандастар қазынасы» атты этнофольклорлық экспедиция бойынша аталған уақытта Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласында және бірнеше сұмындарда (аудан) болып, ел ішіндегі шығармашыл адамдармен кездесу жүзеге асырылды. 


Осы ретте сапарлап шыққан Баян-Өлгий аймағына дейінгі жол жобасы мен ондағы елдің кешелі-бүгінгі тарихына аздап тоқтала кету жөн болар. Баян-Өлгий – Монғолияның ең батысында орналасқан аймақ. Монғолиядағы аз ұлт өкілдері болушы қазақ, ұраңқай, дөрбет, тывалар мекендейтін бұл әкімшілік бірлік 1940 жылы Қобда аймағынан бөлініп шыққан. Қазіргі күнде 114 мыңдай адамы бар аймақ халқының оннан тоғызын қазақтар иеленеді. 44705 шаршы шақырым аумаққа ие Баян-Өлгий аймағы солтүстігінде Ресейдің Алтай, Тыва Республикаларымен, Монғолияның Увс аймағымен, оңтүстігінде ҚХР-дың Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы Алтай аймағымен, шығысында Монғолияның Қобда аймағымен шекараласады. Қазақстан мен Монғолия жері өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін шекараласып жатты. Жазатыр өңірі Ресей Федерациясы құрамына өтуіне байланысты екі жақтағы қазақтардың арасын бұдан былай орыс-қытай шекарасы бөліп жататын болды. Өткен ғасырдың басында Монғолия шекарасы маңындағы қазақтар қазіргі Катонқарағайдың Сарымсақты базарына мал өнімдерін, өзге де шикізаттарды әкеліп саудалап, астық, тауарлар алып тұрған. Бұдан өзге 1953-1993 жылдар арасында Семейдің ет комбинаты Монғолияның батыс аймақтарынан мал қабылдап алып, осы жолмен айдап әкетіп тұрды. Ғасырлар бойы ірілі-ұсақты жорықтар мен сауда керуендерінің таптаурын қара жолы кейінгі отыз жыл ішінде тусырап, соқыр сүрлеуге айналды. Арадағы атшаптырым ғана аумақтан дәліз жасап беруге құдайы көршінің пейілі жоқ па, әлде бұл жолды жандандыруға екі жағындағы көрші де онша-мұнша мүдделі емес пе, әйтеуір жым-жырт. Сондықтан да Қазақстаннан Баян-Өлгийге автокөлікпен сапарлап шыққан жолаушы Семейдің Ауылы яки Павлодардың Шарбақтысы арқылы Ресей жеріне өтіп, осы елдің Алтай өлкесі мен Алтай Республикасының мың жарым шақырымдық жолын басып өтіп Монғолияның Қызылүй шекаралық-кедендік бекетіне жетеді. Халықаралық маңыздағы Шүй тасжолын айтпағанда, Ресейдің ішкі ауданаралық жолдарының өзі айтарлықтай сапалы. 1717 метрлік биікке 10 шақырым өрмелеп-құлдилайтын Сема мен 1295 метрлік, 4 шақырым құлдиламалы Чикетаман асуларынан асыра, асау өзен Қатынды білезіктей-бұрмалай, таулардың етегін кертіп қашап төсеген Шүй тасжолы тақтайдай тегіс, машинаның жүрісіне жайлы. Осы жүріспен Ресейдің Ташанты шекаралық кедендік бақылау-өткізу бекетіне дейін жетесіз. Ары қарайғы жол – Монғолия, қазақтар мекендейтін Баян-Өлгий. 

Монғолияның батыс аймақтары Баян-Өлгий мен оған шекаралас Қобда мен Увсыда шамамен 120 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатыр. Қазақтардың бұл өңірге келіп тұрақты мекендей бастағанына 155 жыл болған екен. Кейбір деректер бойынша бірлі-жарым түтін, әулет болып көшіп келіп жергілікті монғолдармен аралас-құраласа бастауының тарихы одан да ары кетеді. Мұндағы қазақтардың көбі бүгіндері отырықшылық өмірге көшкен. Түз қаздары төбесінен қиқулай тізбектеліп өткенде қаңқылдай үн қосып, қанатын бір қомдап желпініп қоятын үй қаздары секілді, мұндағы қазақтар жаз шыға тошалүйлеріне жиған киіз үйлерін қағып сілкіп, аулаға тігіп қояды. Кейбірі киіз үйлерін аз-мұз жүгімен бірге артып алып жаздың бір-екі айында жақын-жуық жайлауларға барып жайлап қайтады. Кешегі көшпелі өмірдің ишарасы ғана дегенімізбен жаз жайлаудың қызығы мұнда да жетерлік. Ұзынды қысқалы сай-саланың басынан аяғына дейін топ-тобымен жыпырлаған бейне ақ жұмыртқадай шаңқанбоз киіз үйлердің көрінісі шынымен ғажап. Әрине, бұл – жазғы көрініс. Біз сапарлған қазанның басында мұндай жүздеген ақбоз үй жоқ еді. Әр жерде, күзеуде киіз үймен отырған малшы ауылдар ғана көрінеді.

Бұл өлкеге әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер үйір-ақ. Соңғы кезде Монғолияда ішкі туризмге зор мән беріп, насихаттауына байланысты ел астанасы Ұланбатырдан, ішкі өлкедерден ағылатын туристердің саны күрт артыпты. Бір мемлекеттің ішінде отырса да Баян-Өлгийдегі қазақтардың тұрымысы, салт-дәстүрі монғолдарға таңсық болып саналады. Баян-Өлгийге Атажұрт Қазақстаннан ат арытып келетін қонақтардың да қарасы аз емес. Тоқсан бірінші жылдан басталған Ұлы көштен кейін екі жақтағы барыс-келіс, туысшылау еш үзілген емес. Атажұрттан арнайы ат басын тіреушілер арасында ғылыми зерттеу, журналистік сапармен келушілердің қарасы да аз емес. Себебі бұл өлкеде өмір сүріп жатқан қандастар ортасында қазақтың ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүр-салтының, көшпелі өмір сүру қалпының жаһандану дәуіріне дейін жеткен жұқанасы бар. Ұлттық құндылықтардың кейбір боямасыз, күнделікті өмір салтындағы қолданыстары сақталған. Яғни көне мен жаңаның заманауи сәтті синтезіне мысал боларлықтай салт-дәстүр, тұрмыстық, шаруашылық жүргізу қалпын, фольклор мен өнерді дәл осы өңірден кездестіруге болады. Әсіресе қазақтың ежелден бергі дәстүрлі ата кәсібі мал шаруашылығын жүргізудің төрт мезгілдік көші-қоны қаз-қалпында сақталған деуге болады.

Біздің Баян-Өлгийге жасаған сапарымыз кезінде малшылар өз-өздеріне тиесілі күзеу мекендерінде отырған еді. «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп..», - деп Абай өлеңіндегі айтылатын жағдай әлі сол қалпында. Малшы қазақтар қоңыр күздің әрбір күнін, өзен бойындағы жайылымдықтарды ұтымды пайдалануға, қыстауға барынша кейінірек баруға тырысады. Кейбіреуі күзеулікте киіз үймен отырса, көбісі жылы баспана салып алған. Баспана демекші, бұл елдегі қазақтар қыстау, күзеу түгілі, жайлауларға да ыстық үй (жер үйді бұл жақта осылай атайды) тұрғызып алатын болыпты. Кешегі коммунистік дәуірде «комсомол жастар жолдамасы» сияқты жобалар ұйымдастырып, малшылар арасында өзара социалистік жарыстар ұйымдастырып, жем-шөп базасымен қамтамасыз етіп, құдықтар қазып, шаппа алаңдарын ашып қаншама тырысқанымен, малдың санын 25 милионнан асыра алмаған Монғолиядағы бүгінгі түлік саны 75 миллион шамасында екен. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, кешегі өкіметтің малы дегенде кежегесі кері тартатын жұрт жекеменшігі үшін бар жағдайды жасап отырғаны анық аңғарылады. 

Пандемияның алдында, 2019 жылы Баян-Өлгейге «Атажұрттан рухани сәлемдеме» бағдарламасы бойынша сапарлаған болатынбыз. Сол кезеңмен салыстырғанда үш жыл ішінде мұндағы елде көп өзгеріс болғанын сезінуге болады. Монғолияның батысы мен шығысын, аймақтар арасын қосатын «Мыңдық жол» бағдарламасы аясында Қызылүй шекара өткелегінен Өлгий қаласына дейінгі жолға тегіс асфальт төселіпті. Өлгий қаласы да біршама көркейіп, заманауи көрікті ғимараттар бой көтеріпті. Жоғарыда атап өткеніміздей, малшылар қауымы да заманға сай өмір сүрудің әдіс-тәсілін молынан игере бастапты. Тау-таудың қолат-қусындағы жұрт шатырлап, қос қабаттап үй салып, көлік пен тұрмыстық техниканың түр-түрін пайдаланып, «мал істейтін жұмысты, от пен суға түсіріп» жайлы тіршілік кешуге көшкен. Дегенмен бұрынғыдай түйеге жүк артып-тарту, тіпті ауыл арасында атқа міну де қалып бара жатқандығы байқалады. Мұндағы жұрт та аса бір биік шың, шатқал-құзды, батпақты-сулы жерлер болмаса, малды мотоцкилмен қайтаруды құп көре бастаған сияқты. Бұл – заманның озғаны ма, тозғаны ма, ол жағын айту қиын. Қалай болғанда да жыл өткен сайын жұқарып келе жатқан сонау Бесбоғданың аңғарындағы Потанин мұз өзені секілді мұндағы көшпелі тірліктің көбесі де уақыт өткен сайын сөгіліп-ақ бара жатқаны көрер көзге айқын ұрады екен. «Могиканның соңғы тұяғы» іспетті, Алтайдың техника аяғы жетпес асу-қияларынан ғана түйелі көшті көруге мүмкіндік бар. 

Қалай болғанда да осы өлкедегі қазақы құндылықтың бояуы әлі де болса қалың және жаһанданудың өкпек дауылына қаншалықты шыдас береді, оның да жауабы берілер күн аса ұзақ емес сияқты. 

Жалғасы бар