Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық өнері туралы
08.08.2022 2054

Көнеден келе жатқан үрлемелі саз аспабы сыбызғының қазақ әлеміндегі таралу деңгейі әрқилы. Сыбызғышылық дәстүр әсіресе Алтайдың төрт тарабын мекендеген қазақтар арасында ежелден кең өріс тауып келген. Арғы замандарды айтпағанда, ХІХ ғасырдан бергі кезеңде осы өңірде өмір сүрген көптеген белгілі сыбызғышылар туралы аңыздар мен олардың күйлері халық жадында жаңғырумен келеді.


Алтайдың төрт тарабында қанат жайған сыбызғышылық дәстүрдің тарихы турасында айтылғанда еске оралатын өнерпаз тұлғалардың бірі – Жылқышы Ақтайұлы. Жылқышы Ақтайұлы 1826-1889 жылдар арасында өмір сүріп, өз заманында рулы елге би болған адам. Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылығы туралы өзге өңірлерден гөрі қазіргі ҚХР-дың Алтай аймағы мен Еренқабырға-Боғда бойындағы жұрт жақсырақ біледі. Осы өңірлерде қазіргі күнге дейін: «Жылқышы бидің тартқан күйі еді, аңызы мынау», - дейтін белгілі күйшілер баршылық. Атап айтқанда ҚХР, Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районы Үрімжі қалалық округі Бәнфаньгу ауылында тұратын әйгілі сыбызғышы жәдік итемген рулы Құсман Мақмырзаұлы Жылқышы Ақтайұлының «Әттең, Сары бел» атты күйін орындап, оның шығу тарихын әңгімелеп, радиоға арнайы жаздырған екен. 2012 жылы Құсман ақсақалдың туған жиені, Астана қаласының тұрғыны, жәнтекей есдәулет рулы Самархан Қалелұлы арнайы жазып алып, Атажұртқа жеткізген болатын. «Атажұртқа жеткізген» дегеніміз болмаса, Жықаңның (ел-жұрт Жылқышыны солай атаған) күйшілік өнері Алтайдың күн бетіндегі қазақтарға кеңінен таныс.

Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық өнері туралы толығырақ тарқатпас бұрын оның шыққан тегі, өмір жолы туралы аз-кем тоқтала кетелік. Жоңғар хандығының түбіне Мәнжі-Шың империясы жетіп, толықтай күйреткен соң бос қалған ежелгі жерге қазақтар біртіндеп қоныс аудара бастады. Әр рудың бетке ұстар адамдары өзіне қараған ел-жұртты соңына ертіп Ертістің сала-саласын өрлей көшті. Абақ керейдің шеруші руының бір бөлігін ХҮІІІ ғасырдың жетпісінші жылдар ортасында Алтайдың күн бетіндегі Буыршынның Шұңқыры деген жерге Көбеген батыр Киікбайұлы мен Қырбас батыр Рысқұлұлы бастап барып мекендейді. Жоңғардың қырғыннан тірі қалған жұқанасына қоса, бұл өңірге Еділ бойынан «Шаңды жорық» арқылы жеткен қалмақтың қалдығы бар, өзгесі бар – шұрайлы өріс-қонысты қазаққа бергісі жоқ еді. Солармен бірде қату, бірде тату өмір сүре жүріп, орын тебе бастайды. Келген жылы Шұңқырда қыс қатты болып, қар мол түсіп, қазақтар көктемге қиналып жетеді. Көбеген батыр сол маңда отырған монғол ноянынан қыстау-жайлау боларлық жер сұрап барады. Сонда әлгі ноян: «Сені палуан деп естідім. Анау жатқан тасты көтеріп судың жағасына шығарсаң сұраған жеріңді беремін», - дейді. Көбеген батыр әлгі тасты өзеннің табанынан жағаға көтеріп шығарады. Ноян да уәдеде тұрады. Сол балуантас күні бүгінге дейін Шұңқыр ауылында ескерткіш болып тұр.

Көбеген батырдың баласы Ақтай би (1800-1863) – Ажы гүннің басқаруындағы «Төрт би, төре заңын» әзірлеп бекітушілердің бірі. Ақтай би – қарамағындағы ел-жұртты жер емшегін еміп егін салуға, осы арқылы әл-ауқаттануға бағыттаған адам. Ертіске құятын ірілі-ұсақты өзендерді тізгіндеп биікке бұрып шығарудың шебері тоғаншы Кеншеннің басшылығымен арық қазып, тары ектіріп, ел болып мал-дәулет жинайды. Ақтай бидің палуандығы, батырлығы, қамшыгерлігі туралы көптеген аңыз-оқиғалар Алтай-Қобдаға белгілі.

Ақтай би өмірден өтерде шерушінің игі жақсыларымен ақылдаса келе, өзінің орнын басуға он төрт ұлының ішінде ақыл-парасатымен, жауырыны жер иіскемеген палуандығымен, әрі сыбызғышы өнерпаздығымен, Ертісті жалдай жүзетін сушылдығымен ерекшеленген Жылқышыны лайықтайды.

Әкесінің өсиет мирасымен алты шеруші руының тізгінін қолына алған Жылқышы би де ел-жұртының мұң-мұқтажы үшін жанын аямаған қамқоршыл басшы, халқына қадірлі азамат ретінде танылады. Жері жазиралы, нулы-сулы, сұлу Алтайдың күн бетіндегі қым-қуыт оқиғалар мен тартыстардың жиі болып тұратын аңғарын бағамдаған Ақтай би ел-жұртына, ұрпақтарына: «Алтай бетте ат тұяғымен тозатын атыс-шабыс көп. Ел өседі, жер өспейді, түбінде мұнда жерден тапшылық көресіңдер. Сондықтан шамаларың жеткенше Қобда бетке барып қоныстаныңдар», - деп өсиеттеген екен. Бұл меңзеп отырған өңір – қазіргі Монғолияның Баян-Өлгий аймағының жері еді. Жылқышы би бастаған ел, өзге де қазақ қауымдары ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдар ортасында Қобда беткен келіп мекендей бастайды. Сөйтіп қазіргі «Монғолия қазақтары» аталатын жұрттың үлкен бір бөлігі осылай қалыптасады. Бұл оқиғалардың бәрі Жықаңның сыбызғысынан күй болып төгілгені ақиқат еді.

Жылқышы Ақтайұлының әр түрлі оқиғаларға байланысты шығарған көптеген күйлері болғанымен, бізге жеткені бірнешеу ғана. Солардың бірі – «Қайран Бәтекен». Күй – саны басым жаумен шайқасып қапыда қаза болған Бәтекен батырдың жоқтауы. Бәтекен Мырзатайұлы – Жылқышы заманындағы ел қорғаған айтулы батырлардың бірі екен. 1830 жылдар шамасында өмірге келіп, 1866 жылы қайтыс болған. Осы кезеңде Шыңжан қазақтарын дүрліктірген қанды оқиға болады. Бұрынғы Жоңғария өлкесін баурына басқан Мәнжі-Шың империясы бұл өлкенің халқын қатты қанауға ұшыратады. Бұлардың әбден шектен шыққан зорлығына шыдамаған Іле халқы қарулы көтеріліске шығады. Іледен қашқан Жан Го, Жан Си бастаған әскер Алтай мен Сауырға келеді. Сауырдағы керей билеушісі Ажы гүннен ат-азық көмек сұрап, мұны берсе Қобда бетке асып кететінін айтады. Ажы гүн олардың сұраған ат-көлік, азық-түлігін елден жинатып береді. Алайда Іледен ауған шақырусыз қонақтар айтқан уәдесінде тұрмайды. Бұлар Алтай, Сауыр, Тарбағатай жерінде мекендеп қалып, қолындағы қаруымен қорқытып, мұндағы елді талап-тонауға көшеді. Бұл қытайлар айырым белгі ретінде балтырын қызыл матамен таңып алғандықтан, қазақтар оларды «қызылаяқтар» деп атаған. Қызылаяқтар қарақшыларына қарсы Алтай-Тарбағатай жұрты әр жерде тұрыстық беріп шайқасқа кіріседі. Жоғарыда аты аталған күйші Құсман Мақмырзаұлы өзінің «Жылқышы би» деген мақаласында былай деп жазады: «Монғол еліне қазақтарды апарып орналастырушы Жылқышы бидің өз жанынан сыбызғымен күй шығарып тартатын өнері болған екен. Алтайдағы он екі өзенді он екі күй қылып сыбызғымен тартқан екен. «Ертістің толқыны», «Аққабаның толқыны», «Бұқтың өзені» сияқты күйлердің авторы Жылқышы би деседі. Жықаңның тағы бір күйі «Қайран Бәтекен» деп те аталады. Қызылаяқ деген жау тигенде, Бәтекен батырдың ерлігін көзбен көріп, соңынан осы күйді шығарыпты. Оқиға былай болған. Елу адам тосыннан жетіп келіп ауылдың желідегі құлындарының ноқтасын қиып, жеті-сегі жүз жылқыны айдай жөнеледі. Жау тигені туралы Жылқышы биге хабар жеткенше, ел қорғаған ержүрек Бәтекен батыр ақ сойылын алып, ақбозына мініп, жаудың артынан қуып жетіп, жалғыз сөзі сойылмен шайқасады. Жылқышы биге сонда ғана хабар жетіп, отыздай қол жинап жетсе, Бәтекен батыр «Жекпе-жек, жекпе-жек!» - деп арыстандай ақырып, атой салып жүр екен. Батырға жекпе-жекке шығуға бата алмаса да, Жылқышы би бастаған топ адамды көрген жау жылқыны тастай салып, Бәтекенге үймелеп, ұрып-соғып, безіп береді. Бұдан кейінгі соғыста Бәтекен жекпе-жекте қызылаяқтар батырын өлтіріп, сол соғыстан кейін өзі де жау қолынан қасқайып мерт болады. Бұл қазаға қабырғасы қақырай қайғырған Жылқышы би: «Бұл жалғанның алды қызық, арты зар», - дей отырып, сыбызғысын алып «Қайран Бәтекен» деген күй шығарған екен», - дейді.

Бәтекен батырдың қазасын азалаған Жықаң осылайша, зарлы күйін шығарған екен. Аңыздың келесі бір нұсқасында: «Жылқышы бастаған қол жеткенде жараланған Бәтекен батыр аттың үстінде құламай тік отырған күйі жан тапсырған екен», - деп айтылады.

Жылқышы сыбызғышының танымал күйі – «Әттең, Сарыбел». Бұл күйді жеткізуші де Құсман Мақмырзаұлы. Күйдің шығу тарихына қатысты өнертанушы Тәйф Тәукейұлы жеткізген мына бір мәліметті беруді жөн көрдік: «Ертедегі Алтай-Қобданың сыбызғышылары сыбызғыны беріле тартқан кезде төбедегі кепеші біресе қарақұс пен желкеге, біресе маңдайға қарай ауып, жұртты таң-тамаша қалдыратын болған. Жылқышы үкірдай сондай шебер сыбызғышы адам болған деседі. Жықаңның негізі отыздай күйі болған дейді. Қазіргі заманға жеткені – үшеу-төртеу ғана.


Суретші Дастан Қаламханұлының шығармашылығынан

Жықаң отардағы жылқысына барғанда бір көрнекті жерге отырып сыбызғы тартады екен. Сыбызғы тартқанда жылқысының бәрі келіп, Жықаңды иіскелеп, айнала қоршап тұрады екен. Содан Жықаң жылқыларының маңдайынан бір-бір сипайды екен. Өзінің аты – Жылқышы, жан дүниесі де жылқымен үндес, жылқыларының бәрі сыбызғының үнін ұғатын болған. Бірде Жықаң жылқы қосына келеді. Іңірттеп тұрған жылқының ортасында отырғанда ұрылар шыға келіп, қыл құйрықтың бәрін алдына салып қуып кетеді. Сол кезде Жықаң белге шығып алып, сыбызғысын аңырата тартқанда, жылқысы ұрыларға қайыру бермей кері шапқылап қайтып келген деген аңыз бар. Мұны – әсірелеген өтірік емес, рас оқиға деп білеміз. Ол – мүмкін іс-әрекет», - дейді өнертанушы.

Күйдің шығу тарихы негізінен осындай болып келеді. Тұтқиылдан келген ұрылар жылқыны өз атымен қосып қуа жөнелгенде аяғының ауруы жанына батса да (Жықаң жас кезінде арысқа түсіп (күресіп) жүрген кезінде бір аяғының санына зақым келіп, кейіннен осыдан болып жанға батар сырқатқа айналған екен дейтін, үлкендер. «Әттең, ана Сары белге шықсам, жылқыны қайырып алар едім», - деп ұмтылғандағы жағдайынан күйдің аты шыққан екен. Ескере кетерлігі, сыбызғы тартқан кезде жау қуа жөнелген, немесе адасып қалып іздеп таба алмай жүрген жылқы жануар арқырап-шұрқырап иесінің жанына келгендігі туралы мысал Алтайдың төрт тарабы қазақтарында біршама баршылық. «Әттең Сары бел» де солардың бірі.

Тәйф Тәукейұлы Жылқышы Ақтайұлының шығармашылығы жөнінде мынадай мәліметтерін бөліскен еді: «Тағы бір айта кетерлігі – Жықаңның «Салкүрең» деген күйі бар. Бұл күй Бұқара Тышқанбаевтың «Хасен-Жәмила» киносында Хасен мен Жәмила қашқан кезде шертіледі. Бұл күйді қазір «Қаражорға» биін өңдеп, арасына такт, айқай салып ритм қосып, сонда қолданып жүр. Жаңағы «Қаражорға» деп жалбақтап билеп жүргеніміз – осы «Салкүрең». Ол – Жықаңның (Жылқышының) күйі».

Бұл да ескерерлік жағдай, тың дерек екен деп білеміз. Расымен де қазіргі «Қаражорға» деп билеп жүрген бидің сазы «Қоскүрең» күйі екені рас. Қазақтың биі болғанын жоққа шығармаймыз. «Бірақ, заманға сай әрлеймін деп, оған ән сөзін қосудың қажеті бар ма еді?» - деген сұрақ та көкейде қылаңдайды. Халық күйлері, халық әндері делініп жүретін туындылардың шын мәнінде біразының нақты иесі бар екендігі де рас қой. Біздің қазақ әдебиеті мен өнері тарихында кейінгі кезеңде халықтық туындыларды әркімге орынды-орынсыз телу үрдісі барлығы рас. Тәйіф Тәукейұлы ақсақал айтқан мәліметтерді негізге ала отырып, жоғарыдағы күйлерді талассыз Жылқышы Ақтайұлының туындылары деп қолмен қойғандай иемдендіруден аулақпыз. Дегенмен бұл пікір бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Шынымен де «Қоскүрең» Жылқышы Ақтайұлының күйі екендігі расталып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Көненің көзін көрген алдыңғы буын өнер зерттеуші бекерден-бекер айтып отырмағанын, осы тұрғыда алдағы кезеңдерде ізденіс жасау керектігін және есте тұту ләзім деп білеміз.

Жылқышы бидің жанында жүріп сенімді серігі болған, көп жасаған Өскенбайұлы Тәше қария мынадай жағдайды баяндап қалдырған екен: «...Сөз басында Жықаң ән-күйді, сыбызғы күйлерін, өте жақсы көріп тыңдаушы өзі де сыбызғыдан құр емес «Арманда кеткен Дайрабай» деген сыбызғы күйін жиылған жігіттерге тарттыратын. Ата-тегі жәдік, оның ішінде итемген Шудаекеұлы Нұғыман деген кісі: «Мынау Дайрабай өлгенде Жықаңның сол кісіні жоқтаған күйі», - деп сыбызғыда тартатын еді. «Арманда кеткен Дайрабай, арманда өлген Дайрабай, о дүние жалған-ай», - деп тартыпты.», - дейді, Тәше қарттың көзін көрген шежіреші қаламгер Ұтханұлы Мусабай қария.

Мұндағы бір анықтай кетерлік жағдай: аты аталатын Дайрабай деген адам – ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары қазіргі Қазақстан аумағынан Қытай жеріне өтіп, шеруші ішіне келіп мекендептң. Дәулескер күйші, әрі орыс тілін жақсы білетін, жан-жақты өнерлі, еті тірі жігіт Жылқышы бидің сенімді серігіне айналады. Жоғарыдай айтқанымыздай, әкесінің өсиеті бойынша Жылқышы би Қорабай, Дайрабай қатарлы бір топ адамымен қазіргі Монғолияның Баян-Өлгий аймағы жеріне жер шала келеді. Үш Ойғырдың Қызылкезеңімен өрлеп, Ресей шекарасына жеткен кезде, қарсы алдынан орыс солдаттары сөзге келмей оқ жаудырады. Тілмаш Дайрабай күйші сол жерде оққа ұшады. Жылқышы бидің атына оқ тиіп жау қолында қалуға айналғанда Қорабай мінгестіре қашып, құтылып кетеді. Өлген аттың үзеңгісінде Жықаңның сыңар етігі шешіліп қалып қояды. Қапылыста қаза тапқан Дайрабайдың сүйегін алуға келісу үшін Жықаң бастаған топ орыс әскерлеріне адам жұмсайды. Шекара әскері арасында қазақша білетін адам бар екен. Орыс командир қазақтың алып етігін алдырып, таңырқай қарап отырған екен. Сол етіктің иесін көргісі келетінін айтады. Ақыры ек жақ тіл табысып, Жықаңдар Дайрабайды сол араға жерлейді. Күні бүгінге дейін Монғолияның батысынан Қазақстанға қарай бағыт алатын күре жолдың бойында жатқан Дайрабай сайы аталатын қызыл жотаның баурындағы үйінді тас қабір – осы оқиғаның куәсі. Әлдебір жағдаймен алыс Арқадан келіп өзін пана тұтқан сенімді серігі Дайрабайдың құба жонда жеткен қапылыс қазасына қайғыра отырып шығарған күйі екен.

Бәтекен батыр, Дайрабай күйші өмірден өткеннен кейінгі аз уақыт кезеңінде Ақтайұлы Жылқышы би 1867 жылы Айтқұлұлы Көбеш би және Әбілмәмбет хан ұрпағы Қожамжар төре Сәменұлы қатарлы ел ағалары Мәнжі-Шың патшалығының Қобда қаласындағы хэбэй амбанына өтінішпен барады. Қобда бетте қазақтардың тұрақты қыстап-жайлап жүруіне рұқсат беруін өтінеді. Қобда амбаны рұқсат бергеннен кейін Жылқышы би өзіне қарасты елімен бірге тұрақтанып мекен теуіп, әке өсиетін орындайды. Жықаң сыбызғышылығына қоса, өлең-сөзге де жүйрік адам болған екен. Жықаңнан жеткен бірер ауыз жырдан үзіндіде келіп мекендеген жері туралы мәлімет бар:

Бісміллә ауызға алдым бір Алланы,

Денеге аз күн қонақ адам жаны.

Сақсай, Алтай, Даян мен Аққол өзен,

Үш Ойғыр – әсіресе жердің сәні.

Қос Дүргін, Сырғалы көл – су анасы,

Қарағай, қалың ағаш тау панасы.

Ақылшы қариялар бас қосқанда,

Адамның кеңиді екен ой санасы.

Көрмедім ешбір адам өкпелеген,

Менің де алғысым бар көпке деген.

Әкемнің жалғыз ауыз өсиеті:

«Би болсаң абыройды төкпе!» - деген.

Үкірдай шенімен елін ынтымақпен басқарған би, арыста алысқанын тізе бүктірген палуан, сөйлер сөздің шешені, сыбызғы күйінің шебері Жылқышы Ақтайұлы 1889 жылы қалың еліне қоныс қылып берген, жоғарыдағы өзі өлеңге арқау қылған өңірдегі Жыландының Құйтасы деген жерге жерленеді. Жылқышы бидің сыбызғышылық өнері шеруші елінен ешқашан үзілмеген. Өз кіндігінен тараған ұрпақтары да өнерден кенде болмапты. Жылқышы бидің немересі, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі, генерал Дәлелхан Сүгірбайұлының Алтай тауынның тасына қашап жазған өлеңі тарихтың куәсі, өз дәуірінің ескерткіші. Жылқышы бидің екі шөпшегің есімі әншілікпен танылды. Олардың біріншісі: Дәлелхан генералдан туған Табысханның ұлы Тасқын. Ол – әйгілі «Дударай» әнін миллиардтар елі Қытайдың үлкен сахнасында шырқап, тамаша даусымен тыңдармандарына таңдай қақтырған әнші. Жықаңның келесі бір өнерлі ұрпағы – Дәлелханұлы Бөкейханның қызы – Гүлзира. Қазақ ән өнерінде өзіндік орны бар күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханқызы қалың жұртшылыққа кеңінен танымал. Өнерге, шығармашылыққа бейім Жықаң ұрпақтары қазіргі күні баршылық.

Сыбызғышылық – жаңа мыңжылдықта, ХХІ ғасырда қазақ халқымен бірге жасасып, жаңғырып келе жатқан төл құндылығымыз. Қазақтың бұрынғы-соңғы сыбызғышыларының өмірі, шығармашылық мұралары туралы мәліметтер жыл өткен сайын жинақталу үстінде. Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылғы, жалпы өмір жолы туралы жазба – осы ортақ іске қосылған үлес болып саналады.