Номадология (Ендігі адамзат өмірінің жаңа жолы)
23.12.2020 1333

I

Адамзат дамуының бір орнында тұрмасы анық қой. Уақыт ескегі ілгері жылжыған сайын технология шексіз дамып, адам ойына келмеген небір дүниелер жүзеге асар. Тіпті өзге де планеталарды игерген адамзаттың жаңа мекенге көші-қоны басталатын да шығар.

Бір таңданарлық дүние бар. Неге біз осы технологияның жетістігі мен адамзат өркениетін ұдайы шатастыра береміз. Мысалға Мысыр пирамидаларын алайық. Рас, салмағы он тоннадан асатын ауыр тастарды қалай ғана қалап шыққандығына қайран қаласың. Бірақ бұл сол кездегі адам санасы мен мәдениеті дәл осы пирамидалар тәрізді биік әм ғажайып болды деген сөз емес қой. Иә, қазір календарь беті XXI ғасырды көрсетіп тұр. Біз бүгін өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз дейміз өзеуреп.


Осы жерде өз-өзімізге былай деп сұрақ қойсақ та болады. Кешегі арба мен астау автомобиль мен электр пешіне ұласып жетілгені болмаса, адамзат ақыл-ойы алдыға жылжи қойды ма? Бүгінгі шытырадай ақ көйлек пен қара кастюм ішінде питекантроп пен неандерталдық немесе орта ғасырлық біреудің арман-мұраты отырған жоқ па! Мәселе сонда?

Бір дүниеге ешкім дау сайламайтын шығар деген ойдамыз. Рас, көшпенділер өмірінде технограттық өркениеттен гөрі рух өркениеті басым болды. Әйгілі мәдениеттанушы Р.Генон айтпақшы «Батыстықтар уақыт туындысы болса, көшпенділер кеңістік туындысы». Хош...

Жасыратын несі бар. Қазір қазақ руханиятына қатысты жойдасыз қиянаттар жүріп жатыр. Ішкі «менді» жойып, неғұрлым «ол» мен «оларға» тезірек айналсақ болғаны, өркениетті боламыз дейтін көзқарас трендке айналды.

Тағы да Р. Генон жазғандай «Батыстық сана» «қазіргі заманғы сана» ұғымының төл баламасына айналды. Сөзсіз, мұндай мүгедек танымның шаң беруі көшпенділер феноменін толыққанды түсіне алмағандығымыздан болып отыр.   Біздің бар білетініміз түркінің   бергі беті (дәлірек айтсақ сыртқы терісі) ғана. Ал жан қабаттарының ғаламат жетістігі мен өресі жайындағы біліміміз тіптен шамалы.   Таным түсінігіміздің мұншалықты құлдырап   кетуіне   төмендегідей факторлар әсер етті деген ойдамыз. «Отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады» қағидасына салсақ, 1820 жылдан бастап   мемлекеттік мазмұнымыздан айырған   270 жылды шежіреге салып зерделер болсақ, он буын отарлық сананың тәрбиесінде өскен екен. Ойланып көріңізші, он буын. Олай болса, біздің   бүгінгі көріп тұрғанымыз қазақтың үш ғасыр езгіден   тұралаған,   көтерем   бейнесі ғана. Бүлінген бозжусан болмысымыздың қисабына сан жетпейді. Бұрнағы қазақты айтасыз, әгәрәки мұндағы Құнанбайды көрден тірілтіп қазіргі қазақпен тілдестірер құдіретіміз болса, оның бір ауыз сөзін де түсінбеген болар едік. Неге дейсіз-ау. Себебі тіл өзгерді. Тілмен бірге ұлттың тағдыры да жойдасыз өзгеріп кетті. Қайыра айтуға мәжбүрміз, тілі өзгерген ұлттың түрі де өзгереді екен. (Біз бұл жерде бет пішінімізді (өңімізді) өзгерткен орыстың 14 әрпі хақында айтып отырмыз). Әр әріпті дыбыстың таңбасы десек, әріптің өзгеруі әуездің (дауыстың) өзгеруіне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұдан шығатын пәтуә байламы – бір әріп бір ұлттың антропологиясын толығымен өзгеріске ұшырата алады. Мұны ғылымда қателеспесек энтелехия дейді. Тумысынан жат тілде сөйлеген адамның жақ пішіні де сол ұлттың антропологиялық формасына қарай біртіндеп ауысып кетеді. Рас, қазіргі қазақ әлпеті күлім көз, қызылшырайлы емес, тік ішегі мұздаған, бетон бетті, сұп-сұры суық қазақ.

Тілді коммуникациядан гөрі тағдыр мен пешене есебінде қарауды алғаш рет неміс ғалымы В.Гумбольт ұсынған болатын. Оның рухани шәкірті Л.Вайсгербер «Біз өз тағдырымызбен өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз ғой. Анығын да олай емес. Біз қай тілде сөйлесек, сол тіл арқылы ғана дүниені танимыз. Ендеше әр тілдің өзіндік тағдыры бар. Біз бар болғаны сол тағдырдың ішіндеміз» дейді. Осы сөзді француз ойшылы Эмиль Чоранда қуаттап «Адам елде емес, тілде өмір сүреді. Ел-бар болғаны тілден басқа ештеңе де емес» деп тұжырым жасайды. Бір нәрсені «айдан анық,   күннен раушан» дейміз. Отарлық көзқарастың   «ноқталы миы» мен   перделі түсінігінен құлантаза   құтылмайынша,   қазақ дүниетанымының парқына жету еш мүмкін емес.   Ол үшін біз ең алдымен мына жайттарды етене түсініп алғанымыз дұрыс секілді.   Ғылымда маркетинг пен менеджмент деген ұғымдар бар. Бұлар адамның қажеттілігі мен сұранысына   қарай туындап отыратын дүниелер. Біз бағзыдағы бабалар танымын бажайлай отырып, осы маркетинг ұғымының қазақтың   технократтық өркениеттен гөрі АРЫ мен ҰЯТЫНА көбірек салмақ түсіргендігіне көзімізді жеткіземіз. Себебі сұраныс пен ұсыныстың дені осы РУХ тарапынан ғана   болып отырған. Бір ғана мысал. Түркі топырағында түрменің болмауы біз үшін абақты атаулы өз ар-ұятымыз екендігі ғана. Көшпенді адамы үшін ар-ұятынан артық еш түрме жоқ. Әрине, өмірдің құнын тек дүниемен ғана шендестірген еуроцентрист «данышпандар» мұны қайдан түсіне қойсын.

Егер шығыс пен батыс философиясын тел оқыған адам болса, батыстың рационалды (суық ақылмен) ал шығыстың иррационалды (жүрекпен) ойлап өмір сүретіндігіне бірден көз жеткізген болар еді. Бір данышпанның айтатыны бар ғой. «Батыс үшін раушан гүлін түсіну, оның жұпарын сіміре жұтып хош исін сезіну болса, шығыс үшін гүлді түсіну, гүлдің болмысына өту» дейді. Бұл бір ғана гүлге қатысты көзғарас емес бүкіл дүниеге қатысты сом пайым ғой. Шығыстың шынайы жан-дүниесін жарқыратып көрсеткен бұдан артық мысалды табу да қиын. Бұл көшпенділер өркениетінің негізгі төл түсінігі десек те болатындай.

НЕГІЗІ КӨШПЕНДІ СӨЗІ САНАМЫЗҒА ӘБДЕН ОРИЕНТАЛИСТЕР ОРНЫҚТЫРҒАН ТЕК МАЛДЫҢ СОҢЫНАН ҒАНА ЕРІП КӨШЕ БЕРЕТІН ТАҒЫ АДАМДАР ЕМЕС, МАТЕРИАЛДЫҚ ДҮНИЕГЕ КІНДІГІ БАЙЛАНБАҒАН ПАЙЫМ-ПАРАСАТЫ ӘМАНДА БИІК, ЕҢ ЕРКІН АДАМ ҰҒЫМЫНЫҢ ШЫН БАЛАМАСЫ ҒОЙ. Біз бұл жайында төменде қайыра тоқталатын боламыз. Батыс – адамды жеке болмыс ретінде дәріптесе, шығыс – адам тақылетін біртұтас табиғат контексінде қарайды. Сөз жоқ, біздің тұмса табиғатпен біртұтас болғанымызға күллі фольклор мен этнографиямыздағы деректер куә. Ескі сөз мақамында көп ұшырасатын әлгі «шөптің де әм судың да тілін білу» түсінігі табиғаттың төл перзенті екендігімізді ұдайы әйгілеп тұрғандай. Осы жердегі «шөптің тілін білу» ұғымына аз-кем ат байлай кетсек. Әрине, біріншісі сөз Жиренше шешенге тиесілі.

Әңгіме әлхиссасы нөкерлерімен келе жатқан хан, айдалада жел көтеріп бара жатқан қаңбаққа Жиреншені жұмсайтын шағын ғана хикая есіңізде болар.

–Уа, Жиренше, анау қаңбақ қайдан келеді, қайда барады екен? Сұрап келші дейтін еді ғой. Хан айтқан соң пәрмен екі болушы ма еді. Жиренше шауып барып, қаңбақты қамшының сабымен сәл тоқтатып, біраз бөгейді де аздан соң қоя беріп, ханға қайтып келеді де: «Сөйлестім, тақсыр! Тіпті өзімді сөгіп салды емес пе!? Соны сұрап не қыласыз, «Ұшарымды жел, қонарымды сай біледі. Осыны сұрата жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па» деп жауап қатты дейтін еді ғой, жарықтық. Осы жердегі диалогтан Жиреншенің тапқырлығынан гөрі «шөптің тілін» дәл тәпсірлей алатындығы аңдалып тұр. Мәселе, қаңбақтан гөрі мазмұнда болып отыр ғой. Расымен де қаңбақтың бар мәні осы ғана (Егер қақбаққа тіл бітсе дәл осылай деп сөйлеген болар еді). Біз соны тап басып дөп таныған екеуара сұхбатты көріп отырмыз. Бұл табиғатпен етене болғанымыздың бүгінге бүтін жеткен бір дерегі болса керек-ті. Бұл диалогты риторикадан (шешендіктен) гөрі табиғаттану пәнінің контексінде қарау әлдеқайда әділетті болар еді.

Екінші мысалымыз да осы мензелдес. Бұл хикая әйгілі этнограф ғалым Жағда Бабалықұлына тиесілі. Ендігі сөзді этнографтың өзіне берейік.

«1945 жылдың жадыраған жазы еді. ٴБіз партизан ретінде Қытаймен соғысып жатқан едік. ٴБір күні қасымыздағы бір жігіттің қара санын оқ осып жарақаттап кетті. ٴҚұдай сақтағанда сүйегі дін аман екен. Жара күннен-күнге ٴұлғайып, ет іші іріңдеп бара жатты. Енді не істеу керек дедік? Біреу: «Пәлен деген жерде бір емшi бар, сол емшiнi алып келейiк» дедi. Әлгі сөзді мақұл көріп, қос атпен екi кісi жiберіп әлгі адамды алдырттық. Жас мөлшерi жетпіске аяқ басқан, өте ширақ, тың адам екен.

Əлгі бейбақтың жарасын көрді де: «Араларыңда менмін деген мергендерің бар ма?», дедi. «Бар», - дедiк ұлардай шулап. «Мына азаматтың ауруы күннен-күнге асқынып барады екен. Емдеп жазбасақ болмайды», - деді, мергендерге қарап. - Сендер Майлы тауының бөктеріне барыңдар. Сол жерде суыр көп. Үркітпей, баспалап ғана барыңдар да, жатыңдар. Көп ұзамай суыр ٴiннiң аузына шығып аңқиттауы тиіс. Сол суырды тек аяғынан ғана атыңдар. Ол жаралы болғаннан кейін қайыра інге кіріп кетеді. Асықпай күтіп отырыңдар. ٴБіраз уақыттан кейін іннен басқалай бір (сау) суыр шығуы керек. Ол да айналасына аңқиттап алады да ен далаға маңып береді. ٴБіраздан кейін бұл да оралады. Іннің аузына жеткізбей сол суырды атыңдар да ұртына жинаған шөбін алып келiңдер деді. Ақсақалдың айтқанын бір бұлжытпастан орындап суыр ауызындағы шөпті алып келдік. ٴСол шөпті қайнатып бірер күн жараға таңып еді әлгі жігіт құлантаза құтылып шыға келді», - дейді.

Көрдіңіз бе, төбедегі екі мысал да шөпке қатысты дегенімізбен тұмса табиғат тілін терең меңгеру ғой. Бұл «шөптің тілін білу» емей немене енді. Юмның әйгілі «Диалогтар» еңбегінде «Табиғат кітабы» өз ішіне ақылды әңгімеден гөрі әлдеқайда маңызды ілімдерді ішіне сақтайды» дейтіні де осы ғой.

Түркінің табиғат жайлы бай тәжірибесі әйгілі әл-Фараби секілді перзентіне «Табиғат матбұғат» (Табиғат ұлы кітап) деп еңбек жаздыртып отырғаны да осы болса керек-ті.

 

                                                              II

 

Біз сөз басында технологияның қарыштап дамып бара жатқандығы жайында жаздық. Соның бірі Жапония мемлекеті екендігі белгілі. Сіз мына сұрақ төңірегінде бір сәтке болсын ойланып көрдіңіз бе? Техникалық тұрғыдан толайым жетістіктерге жетсе де, осы жапон халқы неліктен өз-өзіне қол жұмсаудан көш басында тұр. Әсем үйлер мен әдемі машиналар не себептен жапон жүрегіне тыныштық пен барақат сыйлай алмады.

Бұл бір ғана жапон адамының емес, исі адамзат нәсілінің негізгі трагедиясы дегенге саяды. Ұлы жазушы Габриэль Гарсия Маркес болжаған «әр адамның ішкі жалғыздығы» бүгінгі бүтін адамзат өмірін өрттей жалмап барады. Аталған адамдағы «жалғыздықты» апатқа я індетке теңеуге де болады. Түбі адамзаттың ажалы соғыс пен сан түрлі апаттардан емес, психологиялық ақуалдан болады дейді ақылмандар. Америкалық әлеуметтанушы Элвин Тоффлер «Адамзат баласы – өзінің әсер етуі жағынан қатерлі дертке тең, бұрын байқалмаған психологиялық күйге душар болып отыр. Бұл ауру – «футурошок», яғни «болашақтың соққысы» деп аталады. Адамзат – жер асты байлығының түгесілгендігінен, я атом энергиясы бақылаудан шығып кеткендіктен немесе табиғаттың бұзылуынан өлмейді. Олар болашақта психологиялық ауырлықты көтере алмағандықтан қынадай қырылады» дейді.

Сонымен шын өркениеттің жолы қайсы. Ақыл-есі материалдық дүниеге арбалған, тіпті дәрет сындырғаныңнан ақша жасайтын қоғамды өркениетті деуге келе ме өзі? Дәл қазіргі тар қапасқа қамалған адамзат жанына араша болар жаңа жол бар ма? Бар...

Бар дейміз біз батыл сеніммен тағы да асқақ сөйлеп. Ол әйгілі Ж. Делез бен Ф. Гваттари ұсынған НОМАДОЛОГИЯ ілімі (Естеріңізде болса қос ғалым «Анти Эдип» пен «Ризома» кітабында бұл турасында толыққанды жазған болатын). «...Көшпенділерге деген қастандық пен менсінбеушіліктен археологтардың өзі де ада емес. Іс жүзінде көшпендінің анықтамасы оның тегіс кеңістікті иеленгенінде. ...Көшпендінің өмірі – интермеццо. Көшпендіні мигрантпен әсте шатастыруға болмайды» дейді. Біздің ойымызша, ендігі адамзат дамуының жаңа қадамына ашылатын рухани екі қақпа есігі бар.

ОЛ ЕРКІНДІК ПЕН ТЫНЫШТЫҚ ЕСІГІ ДЕП АТАЛАДЫ. ҚАЗІР БҮКІЛ ӘЛЕМНІҢ ЖАБЫЛА ІЗДЕП, ТАППАЙ ЖҮРГЕН ДҮНИЕСІ ДЕ ОСЫ. Бұл дүниені (жүрек тыныштығын) базбір адамдар билік пен жоғары мансаптан іздесе, енді бірі батыстан іздеп әуіреге түсуде. Көшпенділер кітабындағы бақыттың моделі мен мазмұны басқа. Ең әуелі, рухани тазалыққа сосын табиғатпен диалогқа келу. Бұл енді көшпендінің бағзыдан бері келе жатқан төл философиясы ғой. Көшпенділікке оралу дегеніміз - қайыра киіз үй мен кері уақытқа өту емес, жүректің тыныштығына қайту. ЕҢ БАСТЫСЫ - ӨМІРДІҢ МӘМІЛЕГЕРЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫНА ӨЗ ЖҮРЕГІҢМЕН ШАРТҚА ОТЫРУ. Көшпенділікке қайту - дәл Жиренше шешен секілді табиғатпен тепе-тең диалогқа түсіп, ханнан да қаймықпайтын еркіндікке өту. Мінекей, бізге жетпейтіні де осылар ғой.

Адамзаттың ендігі бұл таңдауын жүрек тыныштығы мен рух еркіндігіне төселген жаңа жол десек те болатындай...