Алексей Левшин помещиктер әулетінен шыққанына қарамастан, ресей тарихында оның есімі крепостнойлық правоның жойылуымен байланыстырыла айтылады. Алайда шаруаларды босату бойынша реформаларды жүзеге асырғанға дейін А.Левшин ерте заманнан бастап XVIII ғасырдың аяғына дейінгі қазақ даласының табиғаты мен қазақ халқының тарихын түбегейлі зерттеп ғылыми қауымдастыққа ұсынған тарихшы әрі этнограф ретінде танымал болған. Qazaqstan Tarihy порталы Алексей Левшиннің алғаш рет 1832 жылы жарық көрген «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» кітабын оқып шықты да, оқырмандарды соның мазмұнымен таныстырады.
22 жасында Алексей Левшин Ресей империясының Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінен Орынборға ауыстырылады, бұл жердегі міндеті – қазақ архивтерін зерттеу. Орынборда Левшин үш жыл болады, Кіші жүз ханы Шерғазымен кездеседі, тіпті сол кездесу туралы жазғаны да бар. Алайда Левшин еңбектерінің ең негізгісі «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» болып табылады. Жергілікті халықтың өмірі туралы еңбегін Левшин қазақ даласының шекарасын тізімдеуден бастайды. Солтүстіктегі шекаралары туралы автор былай деп жазады: «Олардың солтүстіктегі шекарасы (шығыстан батысқа бара жатқанда) алдыменен Алтай тауының бір бөлігінен басталады. Кейін Ертіс өзені, Ертістен Тобылға дейін немесе «Ащы белдеу» атанған Звериноголовск бекінісіне дейінЗвериноголовск бекінісінен Ой өзенінің сағасына дейін – Тобыл өзені; Ары қарай Орал арқылы Спасск форпостынан Орынборға жетер-жетпес жерге дейін, дәлірек айтсақ Нежин форпостына дейін; Одан бастап сызық Бердянка өзенінің жоғары жағымен, одан әрі Бұрала өзенімен Електің сағасына дейін өтеді де, тағы Оралмен шектеседі...».
Батысында қазақтар қонысының аумағы Каспий теңізінің жағалауымен шектелген, оңтүстігінде – түркмендер қонысымен, Хиуа хандығының иеліктерімен және Ташкент пен Түркістан халқының жерлерімен және «жабайы қырғыздар» немесе бұрыттардың жерімен шектеседі. Қазіргі қырғыздарды Левшин дәл осылай атаған. Қазақ даласының шығыс шекарасына келер болсақ, бұнда ол қытайлардың жерімен шектеседі. Левшинның айтуынша, өңірдің континенталдық климаты суық қыс пен ыстық жаздан тұрған. Кіші жүз бен Орта жүздің солтүстік жерлерінде температура Цельсий бойынша -30 градусты көрсетсе, қазіргі Қызылорда аумағында -20 градусты көрсеткен. Дегенмен жергілікті халыққа қыс аса ауыр соққан: даланың бораны мен бұрқасыны тек киіз үйді ғана емес, сонымен бірге адамдар мен малды да басып қалатын болған. Кей өңірлерде жаз сәуірдің аяғында басталып, күннің астында температура 50 градусқа дейін жетсе, көлеңкеде 34 градусты көрсеткен. «Жергілікті аптап ыстықта құм үстінде жұмыртқа пісіруге болады»,- деп жазған Левшин. Дегенмен ауа-райының күрт өзгеруі бұл өңір үшін сирек кездесетін құбылыс емес.
Автордың жазуынша, егер 20 қазанда жолаушылар аптап ыстыққа наразы болып жатса, бір аптадан кейін дәл осы жерден шанамен өтетін кездер болған. Қазақ даласының топырағы туралы да Левшин бір-екі ауыз сөз жазып қалдырған. Оның айтуынша, қазіргі Батыс Қазақстанның өзенді аудандарында, теңізден алыстау жатқанына қарамастан, кезінде теңіз бақалшағы, белемнит пен аммониттер ғана емес, сонымен қатар сауытты жәндіктердің қалдықтары, тіпті акуланың тісі де табылған. Айта кетерлігі, осы жерде ол қазақ даласындағы ең құнарлы жерлерді де атап өтеді («на реках Илеке, Ори, около верхней части Эмбы, на Иргизе, На Булдюрте, Хобде, Уиле, в долинах гор Мугоджарских, около озер Ходжа и Аксакал, по Тоболу, Тургаю и Ишиму, в горах Каркаралы, Ку-Казлык, по Сыру (и особенно около Джанкента), также по рекам Кувану и Яны…»).
«Сипаттамада...» Левшин Қазақстанның акваториясы туралы да сөз қозғайды. Автор Арал теңізінің координаттарын және оның түрлі атауларын да келтіреді. Бұдан басқа, Левшин жергілікті тұрғындардың бақылауына сілтеме келтіре отырып, теңіз суының азаюын Аралдың дәл ортасында иірімнің болуымен түсіндіреді және бір кездері Арал мен Каспий теңіздері біртұтас болған деген болжам да айтады. Одан әрі автор жергілікті өзен-көлдер, олардың саны, атауларының пайда болу тарихы туралы әңгімелейді. Сасықкөлдің осылай аталуына оның жағасындағы шіріген қамыстардың иісінің себеп болғанын, ал Қорғалжын көлінің биік қамыстарын жергілікті халық отын ретінде пайдаланғанын осы Левшиннің еңбігінен білеміз.
Өңірдегі өзендер туралы әңгімелеген кезде Левшин Сырдария өзенінің өңір үшін зор болашағын көре білген: өзеннің тереңдігі кеме кәсіпшілігін ашуға мүмкіндік береді, болашақта ол «сауда үшін зор табыс» әкеле алар еді. Сонымен қатар автор өңірдегі өзендердің орналасуын және онда тіршілік ететін мақұлықтар туралы да жазған. Өз еңбегінде Левшин өңірдің жануарлар әлеміне де тоқталған. Автордың тізімінде жануарлар әлемінің өкілдері алфавиттік ретпен келтірілген. Оның жазуынша, тау бөктерлерінде енекені кездестіру сондай бір сирек құбылыс болып есептелмейді. Этнограф Левшиннің айтуынша, сиыр мен бұқаға қарағанда, жергілікті халық оларды егістік жұмыстарына салмаған, «еті дәмді, сүті қою әрі тәтті». Құндызды көптеген өзен-көлдердің жағалауында кездестіруге болса, қасқырды даланың барлық өңірінде кездестіруге болады. Левшиннің айтуынша, қазақтар қасқырды жиі аулап, терісін сатумен айналысқан. Сонымен қоса, қарсақ терісін сату да жергілікті халыққа айтарлықтай табыс әкелген. Далада қоян («…часто вбегает в станы отдыхающих караванов»), көк түсті жабайы жылқы, құлан мен тарпаң жиі кездеседі. Қызығы сол, қазақтар жабайы жылқының етінде құм болады деп, асқа аса пайдалана қоймаған. Каспий мен Арал теңіздерінің жағасындағы өзендер мен көлдердің қамысы арасынан оралдық казактар салмағы Елдегі аздаған орман ішінде аю, марал, бұғы мен бұланды кездестіруге болады. Левшин жолбарыс туралы да жазады. Оның айтуынша, жолбарыс оңтүстік Қазақстандағы акваториялардың қамысында тіршілік етеді, бойының аласалығына қарамастан, өте күшті, жылқыны, атан түйені оп-оңай-ақ құлата салады.
Левшин екі метрден асатын жолбарыс терісін көрген. Левшин батыс өңірде тіршілік ететін кеміргіштер туралы да жазып қалдырған: «…Кеміргіштер бұталы және баданалы өсімдіктердің тамырларымен қоректенеді, сондықтан да бұл өсімдіктер кейде мүлдем құрып кетеді, алайда осы аңдар тез арада басқа жаққа көшсе, олардан кейін қалған бос кеңістік бұрынғысынан да зор шөптермен толығады...» Левшин құстар, қосмекенділер, балықтар мен жәндіктер туралы да жазған. Одан әрі қарай кітапта өлкеде өсетін өсімдіктер туралы айтылады. Олардың кейбір түрлері тұрмыста қолданылған. Мысалы, қазақтар отын ретінде тек қамысты ғана емес, сонымен қатар баялыш пен катичуб, сексеуілді қолданған. Мал азығына қолданылған боз көкпек, кейде отын ретінде де пайдаланылған. Жыңғыл мен түйесыңғырды түйе жеген, ал қазір медицинада қолданылып жүрген түйетабанмен қазақтар қой терісін илеген. Сәлдегүл мен шираз сол кездерде емдік өсімдік ретінде пайдаланылған, қызылмия сауда заты болған, ал егер көшпенді далада келе жатып шиді кездестірсе, қуанған, өйткені ол жақын жерде су көзі барының себепшісі. Қазақтар жаужұмыр мен криак, таусағыз, кеурексасыр, жиренше және шырмауықтың тамырын ас істеуге пайдаланған. Қынаның қызыл тамырымен қазақ қыздары тырнақтарын бояған. Қамыстың қолданылу аясы да өте кең болған: «Қырғыздардың қамыстан алатын пайдасы сан алуан: жас қамысты орып, шөп ретінде пайдаланады, ескі қамыстың басын қыстыгүні мал азығы ретінде қолданса, төменгі жағын отын қылған. Қамыс өскен жер қыста ық болып, боран мен қатты суықтан қорғайды»
Қазақтар «итсигек» (polygonum frutescens) деп аталатын өсімдікті малға азық, жақса отын ретінде қолданған, күлінен сабын және дәрі жасаған. Итсигектің медицинада қолданылуы туралы Левшин былай дейді: «Вырывают в земле яму аршина в три глубиною и обжигают ее разводимым внутри огнем; потом наполняют ее молодыми стеблями ит-сигака, которые засыпаются землей и покрываются войлоком. В сем положении остается яма по крайней мере недели на две, а когда можно, то и более. По окончании срока открывают яму с большою осторожностию, ибо выходящий из нее дым может лишить зрения. Вынутые из ямы перепрелые стебли варятся потом в воде, и дают взвар, похожий на деготь и сохраняемый в кружках или кувшинах. Пользование оным бывает только наружное и должно быть производимо с осторожностью, ибо жидкость так крепка, что если бы вымазать ею все тело животного или человека, то она могла бы причинить смерть. Намазывание больной части тела повторяется, пока последует исцеление. Лекарство сие, как говорят, весьма полезно от паршей скота и от всяких вообще сыпей на теле человек»
Сонымен қоса, Левшин жергілікті пайдалы қазбалар кенін де мақтап жазады. Өз еңбегінде ол жергілікті ақ мәрмәрдің сапасы бойынша итальяндық мәрмәрдан еш кем түспейтінін жазады. Жергілікті малахит те осындай мақтауға ие болған. Сонымен бірге Левшин жергілікті тұрғындардың пайдалы қазбаларды барлау ісіне қатысы туралы да жазады. Оның айтуы бойынша, қазақтар ол кезде ата-бабасының бай мұрасын қазып алып, пайдалана алмаған, бай мұраны келер ұрпаққа сақтап қалуға үміттенген, сондықтан да сырттан келгендермен онша-мұнша ақпаратпен бөлісе қоймаған. Дегенмен де өз еңбегінде Левшин сол кездерде белгілі кен орындары туралы айтады. Мысалы, кітапта «Ұлы Баянауыл, Қараша мен Алғын тауларында» («в горах Улу Баянулу, Карача и Алгин») және «Жезді Кеңгір өзенінде» («на реке Джизлы-Кингир») алтын кенінің бары туралы жазады. «Иман көлінің жанында», «Кіші Нұра өзенінің жоғарғы жағында», «Құлай-Айғыр-Бұрлық өзенінің жағасында» («на берегу реки Кулай-Айгир-Бурлук») күміс кені бар.
Бұдан басқа сол кезде қазақ даласында барлау зерттеулері жүргізіліп жатты, солардың нәтижесінде қорғасын, мыс және темір кені, мұнай, қызыл кварц, жоса, порфира, серпентин, тау шайыры, селитра, күкірт, тальк, топаз, тас көмір, халцедон, тау хрусталі және басқа да пайдалы қазбалардың бай қоры табылған болатын. Қазақ жері бай ежелгі құрылыстар туралы Левшин тұтас бір тарау жазған. Кейбіреулерін автор жоңғарлардың пұтқа табынатын храмы деп асығыстық жасаған, басқалары мешітке, үшіншілері – қираған тұрғын үйлерге ұқсас, төртіншілері ноғай халқына тиесілі деп жазған: «Киргиз-казаки иначе не называли татар, в России живущих, как ногаями. Слово «татары», совсем у них неупотребительно и принадлежит, по их мнению, какому-то подлому народу, проклятому одним магометанским пророком. Бухарцы и хивинцы то же думают, и так же называют татар российскими ногаями».
Бұл тарауда Левшин тарихи ескерткіштерді тізімдей келе, жоңғарлар салған буддалық монастырь Абылайкетті, Шығыс Қазақстандағы Қозы Көрпеш-Баян Сұлу мазарын, «Семь Палат» үйінділерін, Қарағанды облысындағы Қызылкент сарайын, Ресей Федерациясының Челябинск облысындағы Кесене мазарын, Орталық Қазақстандағы VIII-XIII ғасырлардағы Жан Ана ескерткіштер тобын, Сарысу өзенінің төменгі жағындағы Белең Ана қаласының қираған жұртын, Ботағай ескерткіштер кешенін, Нұра өзені маңайындағы ескерткіштерді, Ақ қайрақ өзені маңайындағы далалық далалық бекініс қалдықтарын атап көрсетеді. Автор қазақ жерінде қалған отызға жуық қолдан жасалған тарихи ескерткіштерді тізіп көрсеткен.