Тұрмағамбет жырау
17.10.2019 3876

Сырдың бойы мыңдаған тарих қазынасымен  қатар қазақтың төл мәдениеті мен тарихын дәріптеген сандаған  талантты адамдардың шыққан жері.  Сондай дарындардың бірі «Шахнамені» тәржімалап халыққа ұсынған Тұрмағамбет Ізтілеуов.

Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882 жылы 9 шілдеде Түркістан генерал-губернаторлығына тиесілі  Сырдария облысының Қазалы уезінің Қуаңдария болыстығының Ақжайлау деген жерінде өмірге келген. Ол жерде Ешнияз сал, оның ұлы Кете Жүсіп, Омар Шораяқұлы мен Запа Дәулетбаевтар,  сондай-ақ,  Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Байдан Тұрғанов  пен соғыс ардагері Қылышбек Байжанов секілді тұлғалар дүниеге келген.

ХІХ ғасырда білімге құштар әр қазақ баласы  алдымен ауыл мектебінде сауат ашып, жазуды үйренді. Тұрмағамбет те  дәл осындай балалардың бірі болды. Он төртке толғанға дейін Тұрмағамбет Қожабай, Алдашбай мен  Ораз  ишан сияқты молдалардың көшпелі мектептерінде оқыды. Осылайша, бастауыш білім алған Тұрмағамбет 14 жасында Бұқарадағы  «Мир Араб» медресесіне оқуға аттанады.  Кейін Ташкенттегі «Көкілташ» медресесінде оқуын жалғастырады. Ол кезде медреселер діни мекеме болғанына қарамастан, онда парсы, араб, түрік пен шағатай тілдерін  сонымен қоса әдебиет пен тарихты да оқытқан. «Көкілташ» медресесінде ол тәжік әдебиетінің болашақ классигі Садриддин Айнимен танысады. Әдебиетке, шығыс тілдеріне деген қызығушылық оларды жақындастыра түседі.  Екеуі бірге медресенің қабырға газетін шығарады. Медреседегі оқудан өзге  олар Қарақалпақ балаларын  оқытып, ұстаздық жолдарындағы алғашқы қадамдарын бастайды. Тұрмағамбеттің өміріне үңілер болсақ, оның ақындық қабілетінің ерте ашылғандығын байқаймыз. Ол он төрт жасында өзінің алғашқы мысалы «Қара қоңызды» жазса, он сегіз жасында алғашқы «Мәрді диқан» поэмасын жазады. Ташкенттегі оқуын бітіріп, 1905 жылы Тұрмағамбет туған ауылына келіп оқытушылық қызметін жалғастырады. Өз ауылында ол мешіт салып, мектеп тұрғызып, жиырма жыл бойы қажымай-талмай бала оқытумен айналысады. Тұрмағамбеттің ақындық  қыры  туралы да ұмытпай айта кеткеніміз жөн. 1937 жылы тұтқындалғанға дейін ол он шақты поэма жазып үлгерген. Солардың ішіндегі ең танымалдары «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану».

1916 жылғы Түркістандағы көтеріліс кезінде Тұрмағамбеттің көтерілісшілер жағында болғаны мәлім. Көтерілісшілерге арнап ол  көптеген толғаулар жазып,  билікке келген большевиктерді құлшыныспен қарсы алады. Сол сәттерде оның  «Ленин - күн» (1923) деген шығармалары өмірге келеді. Алайда, бұл оны репрессиядан құтқармады. Зерттеушілер  Ізтілеуовтың өз мектебінде насихаттаған  өлеңдері  тергеушілерге ұнамағандығын айтады. Осы ұнатпаушылық ақынға қарсы қуғын-сүргіннің басталуына себепші болады. 1921 жылдан кейін Тұрмағамбет Ізтілеуов бірнеше рет жер аударылып, үш рет тұтқындалып, тергеледі. 1934 жылы парсы ақыны Фирдоусидің мыңжылдығы кеңінен тойланады. Советтік әдеби элита да парсы ақынының мыңжылдық мерейтойын тойлауға өз үлесін қосуы керек еді. Оның үстіне Республика Халық ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов 1936 жылы Мәскеуде өтетін қазақ өнерінің онкүндігіне қызу дайындық жүргізіп жатқан болатын. Осы шара аясында нарком Фирдоусидің «Шахнамесін» қазақ тіліне аудару бастамасын көтереді. Бір айта кетерлігі, «Шахнамені» қазақ тіліне бұрын да тәржімаламақшы болған. Алайда, не аудармашылар аяғына жеткізе алмай, не аударма сапасыз болып шығатын. Осы кезде Жүргенов парсы тілінің білгірі, сол кездегі тәжік совет әдебиетінің классигі атанып үлгерген Садриддин Айниге жолығады. Ол Айниден қазақтардың ішінде кім Фирдоусидің ұлы шығармасын  аудара алады деп сұрайды. Сол кезде Айни: «Қазақстанда «Шахнамені» аудара алатын бір-ақ адам бар, ол – Тұрмағамбет Ізтілеуов», - дейді. Бұл кезде Тұрмағамбет кезекті рет тұтқындалып, Қазалының абақтысында жатқан еді. Нарком Жүргеновтың өкімімен Тұрмағамбет абақтыдан босатылып, көп өтпей Алматыға әкелініп, Жүргеновпен кездеседі. Жүргенов одан «Шахнамені» қазақша аудара аласыз ба  деп сұрайды.  Бұл сауалға Тұрмағамбет: «Бұл шығарманы мен араб, парсы, түрік және шағатай тілдерінде оқыдым. Кей бөлімдерін тіпті жатқа да білемін», - деп жауап береді. Сонымен бүй деп байлам жасайды. Тұрмағамбетті Халық ағарту комиссариатына ғылыми қызметші лауазымына бекітіп, 300 рубль зейнетақы тағайындайды да, Фирдоусидің мерейтойына орай аударма жасауды тапсырады. Тұрмағамбетке бір бөлме дайындап, Фирдоусидің 35 жыл жазған шығармасын оған он бір айдың ішінде аудару жүктеледі. Көрнекті қазақ жазушыларының пікірінше, Тұрмағамбет «Шахнаменің» еркін аудармасын жасаған.

Тұрмағамбет Ізтілеуов 120 мың жолдан тұратын поэманың тек үштен бірін ғана аударып үлгереді. Көп өтпей нарком Жүргеновтың өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалады. Осы кезде Т.Ізтілеуов жары Рабиғаға өзінің барлық қолжазбаларын жинап, тығып қоюды тапсырады. Кейіннен Рабиға жарының жазбаларын бастапқыда киізге орап,  кереге  астына тығып сақтағанын, алайда тергеушілер қояр да қоймас болғасын, Тұрмағамбеттің туған ауылына апарып көміп тастағанын айтады. Жары Рабиғаның арқасында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еңбектері бүгінгі күнге дейін бүтін жетті. Тұрмағамбет Ізтілеуов 1937 жылы тұтқындалып, қаза  боларынан аз күн бұрын (1939 жылы) босатылады. Ұлы Отан соғысының ардагері Тайымбет Көмекбаев (суретте – оң жақта): «Тұрмағамбеттен  НКВД қызметкерлері молдасың ба деп сұрағанда, ол «Жоқ, тек арабша ғана сауат аштым», - деп жауап берген, ал, неге мешіт салдың деген сұраққа: «Мешітті халық салды. Мен оны колхозға өткіздім», - деп жауап берген  екен. 1939 жылы Тұрмағамбетті түрмеден босатқан кезде Тайымбет Көмекбаев оны алып кеткендердің бірі болған. Сол жылы, небары 55 жасында-ақ  артында зор әдеби мұра қалдырған Тұрмағамбет Ізтілеуов мәңгілікке көз жұмды.