Жарияланымдар

Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік жылдарындағы ТМД елдерімен қатынасының ерекшеліктері (1991-1995 жж.)

28 Наурыз 2016
514
0
Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік жылдарындағы ТМД елдерімен қатынасының ерекшеліктері (1991-1995 жж.)
Достастық шеңберіндегі елдердегі ұлтаралық келісімді сақтау, халық тұрмысын төмендетпеуге деген бірлескен шараларды іске асыру қажеттілікке айналды

КСРО тарағаннан кейін оның құрамында болып келген бұрынғы одақтық дәрежедегі кеңестік социалистік республикалардың көпшілігінің еркіндік тұрғыдағы негіздеген экономикалық одағы – ТМД деген атаумен белгілі болды. 

ТМД жаңадан өмірге келген тәуелсіз мемлекеттердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлтаралық қатынастарда терең қарама-қайшылықтар орын алып, дағдарысқа ұшыраған, тұрғындарының барлық салаларда барынша күйзеліске ұшыраған жағдайында өмірге келді. Бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі орталықтан жоспарланып, басқарылған одақ шеңберіндегі өзара тығыз байланыстардың үзілуі, осының негізіндегі орын алған жаңа күрделі жағдайларды бірлесе шешу жаңа достастыққа мүшелікке өткен мемлекеттердің алдына қойылды. Олардың қатарында Еуразия аймағындағы, әлемдегі қалыптасқан саяси, экономикалық жағдайлардағы бұл мемлекеттердің орнын қалыптастыру маңызды қажеттілікке айналды. Соның ішінде: 

- жаңа тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық, өндірістік, өзара сауда, т.б. салалардағы өзара қимылдары;

- мемлекеттер арасындағы ортақ баға саясатын белгілеу; 

- келісілген әскери ынтымақтастық, шекараны бірлесе қорғау ісі; 

- Достастық елдері арасындағы көші-қон, азаматтық мәселерін тұрғындардың мүдделеріне сай ортақтаса шешу; 

- мәдениет, білім,ғылым денсаулық сақтау бағыттарындағы жүйеленген іс-әрекет, т.б. салалардағы келісімділікті жүзеге асыру міндеттері қойылды. 

c15baa8a2a18acd5dbc8ed7c6a520256.jpg

Осылар арқылы бұл қауымдастықты ХХ ғасырдың соңы-ХХІ ғасырдың басындағы әлемге шаруашылықтары реттелген, саяси, әлеуметтік тұрақты, экономикалары нарық талаптарына сай өркендеуге бағыт алған жаңа мемлекеттер бірлестігі ретінде қалыптастыру мақсат етілді. Осылардың ішіндегі маңыздылардың қатарына Достастық шеңберіндегі елдердегі ұлтаралық келісімді сақтау, халық тұрмысын төмендетпеуге деген бірлескен шараларды іске асыру қажеттілікке айналды. ТМД-ның құрылуы және оның құрамындағы мемлекеттердің заман талабына сай атқаратын қызметтерін айқындаудың басында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев бола білді. 

Қазақстан жетекшісі ішкі қайшылықтар барынша меңдеген Кеңес Одағы тарамай тұрып-ақ осы көпұлтты мемлекеттегі орын алған нақты жағдайларға тоқтала келе,оларды уақыт талабына сай реттеудің жолдарын ұсынды. Мысалы, 1991 жылдың қазан айындағы Лондонның Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «...Қазақстан әрқашан Алматыда қабылданған экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды, осы арқылы Тәуелсіз мемлекеттердің Одағы туралы шарттың жобасына арналған жұмыстардың қайтадан басталуында маңызды орын алған жаңа одақтың қажеттігі туралы нақты пікірді ұстанып келеді» [1], – деп көрсетті. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғауға арналған «Бразилия-92» конференциясында жасаған баяндамасында: «Мен әрқашан рубльдік аймақ республикаларының (оған өздерінің валюталары бар республикалардың қосылу мүмкіндігін жаққа шығармай) Экономикалық одақ құруларын жақтаймын. Мұндай одақтың негізіне тауарлардың, капиталдың, жұмыс күші мен қызмет көрсетудің еркін айналысы принцпі негізделуі тиіс. Келісілген қаржылық, ақша-кредиттік, салық, баға, әлеуметтік, көпукладты экономикалық саясат маңызға ие. 

Келісімдер негізіндегі мемлекеттер арасындағы өзара байланыстың, жекелеген елдер тарапынан бір жақты, басқалардың мүдделерінен тыс шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейтін ұлттық, мемлекеттіктен жоғары тұратын үйлестіру институттарын құрудың ортақ принцптерін негіздеу қажет» [2], – дей келе, құрылғаннан бергі мерзімдегі ТМД-ғы атқарылған істерді саралады. 

Қазақстан Республикасы ТМД өмірге келгеннен бастап оның тиімділігін арттыруға, оған мүше елдердің өзара тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз етуге барынша мүдделі болды. Оны республикамыздың басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 1992 жылдың 26 ақпанындағы Пакистанның Лахор қаласындағы азаматтық қабылдаудағы: «Қазақстан сонымен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын нығайтуға ұмтылады. Мен бұрынғы Кеңес Одағы деп аталған социалистік республикалар бірлестігі кеңістігіндегі экономикалық байланыстар мен рухани бағалықты, аймақтағы стратегиялық мақсаттарды сақтауға барлық мүмкіндіктерді пайдаланып келемін» [3] деген сөзі бекіте түседі. 

f22b0d1ff807e4d3b82a17c18ceea665.jpg

Біздің республикамыздың ТМД елдерімен тығыз бірлестікті қамтамасыз етудегі ұмтылысы және нақты атқарған істерінің нәтижелілігіне Еуропалық қайта құру және даму банкінің: «...Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Тәуелсіз Мемлекеттердің Достығы шеңберінде, сонымен бірге аймақтық көршілес орта азиялық мемлекеттермен арадағы ынтымақтастықты сақтау мен дамытуға ұмтылады. 

Қазақстанның қауіпсіздік бағытындағы назарын аударған жағдайлардың кейбіреулері 1992 жылдың 15 мамырындағы ТМД елдері жетекшілерінің Ташкент кеңесіндегі алты ел (Ресей, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қол қоюы арқылы өзінің жауабын тапты» [4] деген анықтамасы айқын болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ТМД өмірге келген кезден-ақ бұл ұйымның тиімділігін арттырып, оған мүше елдердің экономикалық өркендеуін қамтамасыз етудегі орнына жете маңыз берді. Осы мақсаттағы Достастықтың ішіндегі әр саладағы тығыз өзара бірлестіктің даму қажеттігін дәлелдеді. Мысалы, 1993 жылғы «Қазақстан дипломатиясы» газетінің бас редакторымен болған сұхбатында ол: «Экономикалық Одақ – ол заман талабы. Бұл терезесі тең ТМД елдерінің, тәуелсіз әріптестердің интеграциялық жаңа тұрпатының көрінісі. Бұрынғы КСРО көлемінде енді ғана тәй-тәй басқан бұл жаңа экономикалық жүйе әлі талай өткелдерден өтуі, буынын бекітуі керек. Біздің Мәскеуде қол қойған Экономикалық Одақ жөніндегі сол Келісіміміз Қазақстанның өркениетті жолға, биік сана мен адамзат тәжірибесінің пайдасына қарай шешуші қадам жасағанының айғағы. Егемен еліміз үшін бұл Одаққа кірудің пайдасынан басқа зияны жоқ» [5], – деп көрсетті. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ТМД-ны әлемдік бәсеке талабына сай негізделген бірлестік ретінде қалыптастырудағы бастамашылығы оған мүше елдер басшыларының да назарын аударды. Мысалы, сол мерзімдегі Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары А.Шохинның Президент Б. Ельцинге жасаған баяндамасындағы: «Соңғы уақыттарда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің пікірі бойынша ТМД-ғы интеграциялық құбылыстарды күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстарын баяндады. Сәуір айында ол Еуразия Одағын құру туралы бастама жасады. Шілде айында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Президенттерінің Алматыдағы бас қосуында Орталық Азиялық Одақ құру туралы шешім қабылданды. Тамыз айында Қазақстан Президенті мемлекеттер басшыларының кеңесінде Достастық ішінде және одан тыс жағдайындағы жаңа интеграциялық мәселелер қоятындығы туралы мәлімдеме жасады» [6] деген сөздері бұл айтылғандардың мәнін аша түседі. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ТМД-ның Еуразия аңғарындағы тығыз экономикалық қауымдастық ретіндегі дамуының болашағы зор екендігін әлемдік тұрғыдағы жиындарда жариялап, ұйымдағы шешілуі тиісті келелі мәселелерді саралады, оларды іске асырудың жолдарын көрсетті. Мысалы, 1994 жылғы ЕЫҚҰ елдері жетекшілерінің Будапешт қаласындағы жоғары деңгейдегі бас қосуында сөйлеген сөзінде ол ТМД-ғы орын алып отырған ұлт мәселесін шешудің жолдарын талдай келе: «Кеңестік жүйеден кейінгі барлық мемлекеттер көпұлтты болып табылады. Солардың ішінде бұл Қазақстанға да байланысты. Аз ұлттардың құқықтарын сақтау негізінде этносаралық келісімді қолдау мен нығайту талаптары барлық ТМД елдері ішкі саясатының қажеттігі мен маңызды саласына айналуы тиіс. Сондықтан да Қазақстан ТМД басшыларының алдағы Кеңесінде Тәуелсіз Мемлекеттері шеңберінде бейбітшілік пен бәсеңдікті қолдауға арналған Пактыны бекіту туралы ұсыныс жасады. Бұл құжат ТМД елдері басшыларынан қолдау табады. ЕҚЫҰ-нан оңды бағасын алады деп үміттенемін» [7] деген мәлімдеме жариялады. 

ea3a143621df1fabb6ff03a1f24e2244.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ТМД елдері басшыларының әрбір кездесулерінде мемлекеттер аралық осы бірлестіктің қабылданған шешімдерінің орындалуларына, жоспарларының келеліктеріне талдау жасауға үнемі назар аударып келеді. Жасаған баяндамаларында ТМД елдерінде жүзеге асырылуға тиісті міндеттерді белгілеп, оны нақты іске айналдырудың жолдарын көрсетеді. Мысалы, 1995 жылдың 10 ақпанындағы Алматы қаласындағы ТМД елдері басшылары мен үкіметтері жетекшілерінің бірлескен кездесуінде Елбасы: «Көптеген болмай қоймайтын қиындықтарға қарамастан біз өзіміздің қозғалысымызда айтулы алға басушылыққа жетістік, әсіресе өткен жыл ауқымды интеграциялық қуаттылықтармен ерекшеленді. Бұл нақты көрінісі іс жүзіне асырылған одақ құруға әкелген экономикалық ынтымақтастықты негіздеумен айғақталды, Мемлекеттер аралық Экономикалық Комитет, Мемлекеттер аралық Экономикалық Сот жұмыстарына кірісті, Ынтымақтастықтың тағы да басқа институттары да қалыптасып, жұмыс істей бастады. Белсенді интеграциялық, солардың қатарындағы Ресей-Беларусь-Қазақстан арасындағы өзара байланыс аймақтары пайда болғандығын айтуға болады. Бұл құбылыстар оның алдында Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан арасындағы орталықазиялық аймақта белсенді бастау алды. Өткен жылдың соңынан-ақ екі жақты келісім негізінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынасты дамытуға арналған маңызды шешімдер қабылданды. Біз азаматтық және әскери ынтымақтастық, кедендік кеңістік, және басқа келелі саяси экономикалық мәселелерді шешудің жолдарын белгіледік. Біздерге осындай, соның ішінде азаматтық істерді ТМД шеңберіндегі екі жақты және көпжақты тұрғыда шешудің жолы ретінде қарауға болатын сияқты» [8], – деп көрсетті. 

Достастықтың алғашқы мерзімінен-ақ Қазақстан Республикасының ТМД-ның барлық мүшелерімен өзар теңдік және сыйластық мақсатындағы экономикалық, мәдени, т.б. бағыттардағы қатынасы қалыптасты. Мысалы, солардың қатарындағы: «1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасының Азербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастық, өзара міндеткерлікті реттеу мақсатындағы 5 келісімге қол қойды. 

1993-1995 жылдары Грузиямен шаруашылықтық байланыс, қаржы, кеден ісі, ғылым мен техника, ауылшаруашылығы, теміржол транспортын реттеуге арналған 23 келісімге қол қойылды. 1993-1994 жылдары Армениямен экономикалық ынтымақтастыққа арналған 4 келісім жасалды. (Украинамен – Ғ.Қ.) көлемді тұрғыдағы құқықтық келісімдер негізделді. Олардың қатарында 30-дан артық қол қойылған мемлекеттер аралық келісімдер: 1994 жылдың 20 қаңтарындағы Достық пен ынтымақтастық туралы Келісім, 1994 жылғы 17 қыркүйектегі еркін сауда туралы келісім, екі елдің арасындағы 1994-2000 жылдар аралығындағы ауыр өнеркәсіп бағытындағы экономикалық ынтымақтастық негізінде 20 бірлескен кәсіпорын негізделді.

1994 жылы Украина көлемі жағынан ҚР ТМД елдерімен арадағы сауда қатынасының 10%-ын құраған шаруашылық екінші серіктестік болды» [9]. 1996 жылдың басындағы ТМД-ның бесжылдығына арналған Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми жазбасында: «Қазіргі мерзімдегі Достастық шеңберіндегі интеграциялық қызметтің негізгісі экономикалық ықпалдастық болып табылады. Экономикалық ықпалдастықтың басты талаптары мен бағыттары 1993 жылдың қыркүйегінде Достастықтың барлық мемлекеттері қатысып, қол қойылған Экономикалық Одақ құру туралы Келісімде (Украина ассоцировандық мүше) бекітілді. Келісім кезеңдер арқылы Кеден және Төлем Одақтарын, Ортақ нарық және Валюталық Одақ құруды қарастырады. 

Экономикалық Одақтың іс жүзіндегі қалыптасуындағы нақты қадам 1995 жылғы Ресей, Белоруссия мен Қазақстан арасындағы Кеден Одағының құрылуы болды. Биылғы жылдың 29 наурызында Одаққа Қырғызия қосылды.

Бірыңғай Экономикалық кеңістікті қалыптастырудағы негізгі буын 1995 жылғы ТМД-ның өзара келісім бойынша міндетті түрдегі іскерлік жағдайындағы мәселелерді шешетін бірінші құрылым – Мемлекеттер аралық Экономикалық Комитетті (МЭК) негіздеу еді. 

1995 жылы Достастық елдері әскери-саяси ынтымақтастықты тереңдетуде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру арқылы белгілі қадамдар жасады. Бұл жүйенің құқықтық негізі 1992 жылдың мамыр айындағы Ресейдің бастамасы негізіндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімнен (ДКБ) бастау алады (оған қатысушылар Ресей, Армения, Азербайжан, Белоруссия, Грузия, Қазақстан, Қырғызия, Тәжікстан және Өзбекстан). Өткен жылғы маңызды қорытынды Достастыққа мүше елдердің әуе қорғанысының бірлескен жүйесін құру туралы Келісімге қол қойылуы болып табылады. 

Шекара мәселесіндегі ынтымақтастықты тереңдету ісі байқалды. 

...Достастық елдері мен оған кірмейтін мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шекараны қорғаудың бағдарламасы мен Келісімнің қабылдануы үлкен қадамға айналды (Армения, Белоруссия, Грузия, Қазақстан, Қырғызия, Ресей, Тәжікстан қол қойды.). Аталған елдердің мемлекеттік шекараларын қорғаудағы бірлескен қимыл мемлекеттер арасындағы жекелеген мәселелерді шешеді, мүмкін болар шекаралық ахуалды шешудегі тұрақтандырушы күш бола алады. 

b09d89ae9ef3d520317b24fb1a0e029e.jpg

ТМД-ның Мәскеудегі биылғы жылғы 19 қаңтарындағы мәжілісінде мемлекет басшылары Достастыққа мүше елдер қақтығыстарды реттеу мен оның алдын алумақсатындағы Концепцияны, сонымен бірге бейбітшілікті қолдаудағы ұжымдық күштер туралы ережені мақсатындағы қабылдады. 

Қабылданған Концепция ТМД-ның бейбітшілікті іске асыру саласындағы атқарылатын істерінің құқықтық негізін одан ары дамытуға ықпал етеді, сонымен бірге қақтығысқа тартылған жақтардың оны реттеуге деген жауапкершіліктерін арттырады. 

...Әр түрлі обьективтік жағдайларға сай Кеден Одағын негіздеу ТМД-ғы өзінің саяси және экономикалық дамуында неғұрлым дайындықпен келген елдер Ресей, Белоруссия және Қазақстан арасында басталды. 1995 жылдың қаңтар айында үшжақты Кеден Одағын құру туралы құжаттар тобына қол қойылды, осы арқылы Достастықтың бірыңғай экономикалық ықпалдастықтың өзегі қалыптасты. 

...Негізінен алғанда Ресей, Белоруссия және Қазақстан мемлекеттері арасындағы белгіленген Кеден Одағын құрудың бірінші кезеңінің міндеттерін орындауға арналған жұмыстары аяқталды, олар атап айтқанда: бірлескен саудадағы тарифтік және сандық шектеулер күшін жойды, үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда ережесі белгіленді, Сыртқы экономикалық қызметтегі кең ауқымды қамтитын заңнамалықты жақындастыру мен ыңғайлаудағы ауқымды жұмыстар жалғастырылды. 1995 жылдың екінші жартысынан елдер мүмкіндігінше сенімді бірлескен сыртқы бақылауды қамтамасыз ете отыра ішкі шекарадағы кедендік бақылауды алып тастау арқылы Кедендік Одақты негіздеудің екінші кезеңін іске асыруды бастады» [10], – делініп, Достастық елдерінің көрсетілген мерзімдегі жүзеге асырып отырған шараларына талдау жасалынды. 

Қорыта айтқанда, ТМД-ның алғашқы бес жылында: 

- Достастықтың бірлесіп атқарар істерінің басты бағыттары айқындалды; 

- Олардың жұмыс бағдарламаларының өзара теңдік жағдайындағы құқықтық тұрғыдағы ережелері бекітіліп, әр мемлекеттің қауымдастық шеңберіндегі атқарар міндеттері белгіленді; 

- Достастыққа мүше елдердің аталған талаптар тұрғысындағы алғашқы қызметтерінің негізі қаланды, оның тиімділігі мен нақты атқарылған істерінің нәтижесі сарапталды; 

- Достастықтың ішіндегі жекелеген республикалардың неғұрлым өзара тығыз байланыстарының жоспарлары бекітіліп, олардың бағыттары айқындалды. 

Міне осылар арқылы ТМД-ның Еуразия аймағы, әлемдік мемлекеттер арасындағы орны белгіленді. Ал, осы істердің басында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың болғандығы барлық ТМД елдері басшыларына, тұрғындарына белгілі болды. 

Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім жетекшісі 

Әдебиеттер:

1. ҚР Президенті мұрағаты,қор 7, тіркеме 1, іс 415,п.7 

2. ҚР ПРезиденті мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 217,п.21 

3. ҚР Президентінің мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 224, п.3 

4. ҚР Президенті мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 412, п.14 

5. ҚР Президенті мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 2934, п.18 

6. РФ ССМ, қор 897, тіркеме 1, папка 1, іс 7 , п.10 

7. ҚР Президентінің мұрағаты, қор 5-Н. Тіркеме 1, іс 3376, п.5 

8. ҚР Президенті мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 4798, п.1 

9. РФ ССМ, қор 897, тіркеме 3, папка 10, іс 21,п. 157,162 

10. РФ ССМ, қор. 897, тіркеме 3, папака 8, іс 7,пп.64-65, 66-67,73-74

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

«Көрісу», «Амал» мерекелерінің жергілікті жерлерде ғана сақталуының себептері қандай?