
Қазақ фольклорының қара сөзбен айтылатын, ауыз әдебиетіміздің көне жанрларының бірі - ертегілер. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап келе жатқан бұл туындыларда қазақ халқының өмір салты, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен арман-тілегі көрініс табады. Ертегі – тек балаларға арналған қызықты хикая емес, ол – халықтың өнегелі ұстанымдары мен өмірлік қағидаларын жеткізетін терең мағыналы рухани туынды.
Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні зор әрі халық педагогикасының көркем үлгісі болып табылады. Мәселен, «Ер Төстік», «Алтын сақа», «Жыл басына таласқан хайуанаттар» секілді ертегілер арқылы батырлық, адалдық, достық, еңбеккерлік пен әділеттілік секілді құндылықтар дәріптеледі. Баланың жақсылық пен жамандықты ажыратуға үйренуіне осы ертегілер үлкен үлес қосады. Кейіпкерлердің әрбір әрекеті өмірлік өнеге ретінде қабылданады.
Сонымен қатар, ертегілер – халқымыздың тарихи жадын сақтаушы алтын көпір. Онда көне түркі сенімдері, Тәңірге табыну, табиғатқа құрмет, мал шаруашылығына қатысты дәстүрлер мен көшпенділер өмірінің көріністері сақталған. Бұл – қазақ халқының болмысын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін рухани кілт.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау – басты мәселенің бірі. Осындай жағдайда ертегілердің маңызы арта түсуде. Шет тілдерін меңгеріп жатқан балалар ана тіліндегі ертегілерді тыңдап, ұлттық кейіпкерлермен танысса – олардың мәдени санасы қалыптасып, ұлттық болмысын терең сезіне бастайды.
Қазақ ертегілері – өткеннің ғана емес, болашақтың да аманаты. Олар заманауи форматта – анимациялар, аудиокітаптар мен мобильді қосымшалар арқылы ұсынылса, балалардың қызығушылығын оята алады. Ертегімен сусындап өскен бала – өз тамырын таныған бала. Тамыры терең елдің келешегі де кемел болмақ.
Алдар көсенің Америкаға сапары
1961 жылы Нью-Йорктегі Putnam’s Sons баспасында ағылшын тілінде “Folk Tales of the World” («Әлем халықтарының ертегілері») атты антология жарық көрді. Бұл жинаққа қазақ ертегісінен «Алдар Көсе мен сиқырлы тон» енгізіліп, қазақ халқының ертегі дәстүрінің өкілі ретінде таныстырылды.

Аталған кітаптағы ертегілерді Владислав Становский мен Жен Владилав құрастырған, ал Jean Layton есімді америкалық аудармашы ағылшын тіліне тәржімелеген. Антология Джордж Вашиңтон университетінің Гельман атты басты кітапханасында сақтаулы тұр.
Кітапқа сегізінші ертегі ретінде енген «Алдар көсенің сиқырлы тонымен» бірге келесі бетіне осы ертегінің өзбек халқына тиесілі тағы бір нұсқасы берілген. Авторлар аталған ертегінің Орталық Азиядағы түркі халықтары арасында кең таралғанын ескеріп, оқырмандардың салыстырып оқуына мүмкіндік туғызып, арнаулы түрде қатар кірістіргені де көңілге қонымды. Қалай десек те, осыдан 63 жыл бұрын «Алдар көсе» ертегісінің америкалық оқырманға жол тартуы – қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін маңызды әрі мақтанышқа лайық оқиға. Бұл – біздің рухани мұрамыздың әлемдік деңгейге танылғанының айғағы.