Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде тіл орталықтарының рөлі зор

2715
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде тіл орталықтарының рөлі зор - e-history.kz

Бүгінде қазақ тіліне деген сұраныс күн сайын артып келеді. Оған дәлел қазақ тілді аудиторияның көбеюі, әлеуметтік желілердегі қазақ тілді оқырман санының артуы, шетелдіктердің ана тілімізге деген қызығушылығы тіліміздің мәртебесін асқақтатуда. Ал Президентіміздің бүгінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, білім беру мен технология, медиа салаларында қазақ тілді контентті көбейту мәселелері бойынша ұсыныстары халықты бір серпілтіп тастағаны анық.

Жалпы қазақ тілін үздіксіз білім беру жүйесінде оқыту, қазақ тілі оқулықтары мен сөздіктерін шығару, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты елімізде көптеген түбегейлі зерттеулер жүргізіліп, тілші мамандар мен ғалымдар тарапынан бірталай жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қазақ тілін әлемдік CEFR стандарттарына сай деңгейлеп оқыту үрдісі қалыптасып, арнайы осы стандарттарға сай Қазтест жүйесі де бір жолға қойылған. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен және жеке тұлғалардың қолдауымен қазақ тілі оқу құралдары, салалық сөздіктер мен тілашарлар шығарылып, айналымға түсіп жатыр. Бұл қазақ тіліне деген сұраныстың барын көрсетеді. 

Түрлі мемлекет қаржыландыруымен қазақ тіліне қатысты ғылыми жоба жұмыстары атқарылып, ағылшын тілі сияқты әлемдік тілдерді оқыту әдістемесі ана тілімізді оқыту үдерісінде қолданылып жүргені қуантады. Бұл тіл мамандарының ізденімпаздығы мен шеберлігінің нәтижесі екені даусыз. Орта мектеп пен жоғары оқу орындарында тіл үйретуде шетелдік тағылымдамадан өтіп, әлемдік озық технологияларды қазақ тілін оқытуда қолданып жүрген білікті мамандар жеткілікті. 

Тілші ғалымдар тарапынан да біршама ілгерілеу бар, компьютерлік лингвистика мен нейролингвистика, психолингвистика мен антропоцентристік лингвистика, паралингвистика мен социолингвистика бағыттарында көптеген тың зерттеулер жүргізілуде. Бұндай ғылыми зерттеулер қазақ тілінің ғылым тілі болуына септігін тигізетіні сөзсіз. 

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне қарасты «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» тарапынан қазақ тілінің дамуы мен насихатталуына қатысты атқарылып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Орталықта қазақ тілін оқыту әдістемесі, орфография мен терминология, латын графикасы мен қазақ тілін цифрландыру, Абай институты бөлімдері ел ішіндегі өңірлік орталықтар мен ЖОО-мен, шетелдік ұйымдармен қазақ тілін оқыту, дамыту, тіліміздің мәртебесін арттыру, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту жолында іргелі жұмыстар атқаруда. Бір ғана Әдістеме Lab-тың соңғы тоқсанда атқарған жұмыстарына шолу жасар болсақ, ересектерге қазақ тілін оқыту әдістемесіне байланысты онлайн семинар ұйымдастырылды, өңірлік орталықтардан жүзге тарта тіл мамандарының қатысуы мен кері байланыстан іс-шараның маңыздылығы мен тиімділігін аңғаруға болады. Сонымен қатар арнайы сараптама комиссиясының шешімімен орталықта қазақ тіліне қатысты оқулықтар іріктеліп, мемлекет қаржыландыруымен баспаға ұсынылады. Бұл сараптамаға кез келген тіл маманы қатысып, сапалы өнімді баспадан шығаруға мүмкіндігі бар. Биыл осы жоба аясында алғаш орталығымыздан шетелдік аудиторияға арналған қазақ тілі оқулықтары жарық көреді. Атап айтар болсақ, мажар және түрік тілді оқырман енді қазақ тілін үйрену мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш оқулықтарды орталық әдіскерлері мен шетелдік тіл мамандары бірлесе орындағандықтан, сапалы оқулық екені сөзсіз. Бұндай ұтымды тәжірибе алдағы жылға да жоспарланып отыр, себебі қазақ тіліне деген сұраныс ағылшын, француз, жапон, испан тілді аудиториядан да түсіп отыр. Бұл тенденция жалғасар болса, алдағы  бес жылда қазақ тілінің беделі әлемдік деңгейде артады деген болжамдар да жоқ емес. Бұл, әрине, қуантарлық жаңалық. Орталық мамандарының жетістіктері Түркияның Хаджетепе университетінде арнайы қазақ тілі курстарын ашу туралы өзара келіссөздер жүргізуі де құптарлық жаңалық. Орталықтың шетелдік қандастарымызға арнайы әзірленген «Әмбебап оқулықтарға» деген сұраныс өте жоғары. Бүгінде еліміздің тіл оқыту орталықтары мен жекеменшік мектептерде орталық өнімдерін тиімді пайдаланады, ал «Тіл құрал» сияқты жобалар үздіксіз білім берудің барлық деңгейлерінде қолданылады. Орталық өнімдерін кез келген тұтынушы «Тіл Әлемі» сайтынан еркін жүктеп алу мүмкіндігі бар. Жалпы орталық тарапынан қазақ тілінің дамуы үшін жасалып жатқан іс-шараларды бір мақала төңірегінде айту мүмкін емес. Ендігі орталықтың негізгі мақсаты қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеру, ана тілімізді халықаралық стандарттарға сай сертификациялау жұмыстары жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыстар басталып та кеткені белгілі. Алдағы уақытта орталықтың білікті мамандары бұл межені де еңсеріп, қазақ тілінің мәртебесін халықаралық деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Бүгінгі қоғамда тіл мәселесі өте өзекті және қазақ тілін үйретуге келгенде тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда көп ілгерілеу байқалады. Дегенмен жылауық психология негізінде жоқ-жоқ деп шағымдану, барды насихаттаудан гөрі жоғын жоқтау тенденциясы басым болып барады. Өкінішке қарай, қазақ тілінде шығып жатқан өнімдерді, IT жобаларға тұтынушы ретінде қолдау көрсетіп, мобильді қосымшалар мен көптеген тіл үйрететін сайттарды жарнамалап, насихаттау жұмыстарын күшейту керектігі байқалады. 

Әр қазақ ана тілінде сөйлеп, қазақ тіліне қатысты жобалар мен ұсыныстарды қолдап, «әр қазақ менің жалғызым» позициясын ұстанып, бір тілдің тұғырлы болуы үшін қызмет ету әрқайсымыздың борышымыз екенін әркез естен шығармасақ, ана тіліміздің мәртебесі асқақтай беретіні сөзсіз. 

Ләйлә Демесінова,

 «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық 

орталығының ғылыми қызметкері, PhD доктор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?