Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері: ерекшеліктері мен зерттелу тарихы

29855

Жетіасар – б.з.б III-I ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан аймағы (Қытай деректерінде Кангюй деп кездеседі). Бұл Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының территориясында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған (Қоңыратбаев, 1996, 148 б.). Бұл ескерткіштертердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалның атымен атаған. Бұл аймақтан Бидайық асар, Сырлы асар, Дөңгелек асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Ашақ асар сияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған.

1946 жылы С.П. Толстовтың басқарумен Хорезм архелогиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, жетіасар кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жж. С.П. Толстов Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді (Толстов, 1962, 186-200 бб.) 1958, 1962-1963 және 1966 жж. Басқа да Жетіасар ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғасын тапты (Левина, 1971, 10 б.). Аталған зерттеу жұмыстары нәтижесінде С.П. Толстов алғаш болып Жетіасар қалалары құрылыстарының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөледі: ғимараттары бар бекіністі үй-жай (усадьба); екіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ, ірі қамалдар; үшіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әр түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар (Толстов, 1948, 128-129 бб.). Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес отырар-қаратау мәдениеті және қауыншы мәдениетерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, бойынша бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Әр топтың аумағында өз суландыру жүйелері болған. Қалалар орны ауданы 0,5-10 га биіктігі 8-20 м дөңгелек немесе сопақша пішіндес екі қабатты құрылыстар қаланың орталығы қызметін атқарған, мұның үш кейде (кейде төрт) жағын айнала төменгі қабаттың үйлері орналасқан. Барлық қалаларда берік қорғаныс дуалдары болған. Сонымен қатар, кейбір қалаларда биік мұнаралар, қабырға үстімен айнала өтетін дәліздер де бар. Құрылысқа пахса блоктары мен шикі кірпіш қолданылған (Левина, 1971, 12 б.).

Ал 1973, 1976, 1978-1981, 1983-1984, 1986-1991 жж. Л.М. Левинаның жетекшілігімен жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос-асар мен 700-ге тарта обаларға кешенді қазбалар жасалынды (Левина, 1996; Левина, 1998, 47 б.). Нәтижесінде бұл мәдениетті өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, түрлі тарихи жағдайларға байланысты туындаған ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөлді:

Жетіасар-I кезеңінде негізгі қалалар қалыптасып, мәдениет гүлденген. Экономикалық мәдени қарым-қатынастардың негізгі желісі, этникалық тұрғыдан едәуір жақындығы бар отырар-қаратау мәдениетінің тайпаларымен екі арада өрбіген. Жетіасар-II (б.з. IV-VI ғғ.)кезеңіне қарай жергілікті тайпаларға ғұн мәдениетінің әсері ықпал еткен. Осы кезеңдегі жетіасар мәдениетінің тайпалары тарихтағы «ақ ғұндар» (эфталиттер) бірлестігнің құрылуына ұйытқы болған. Жетіасар-III кезеңіндегі (б.з. VII-IX ғғ. басы) тайпалар өмірінде ірі қоныс аударулар орын алған. Үшінші кезеңінің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті өмір сүруін тоқтатады. Жетіасар мәдениетінің әсері Сырдарияның Аралға құйылысына одан әрі Әмудария сағасына өтіп, осы өлкелерде «кердер» мәдениетін қалыптастыруға қатысады (Левина,1971, 76 б.).

2006-2007 жж. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының  Шірікрабат археологиялық экспедциясының барлау отряды (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Қызылорда облысының ескерткіштер жинағын» шығару мақсатында жетіасар ескерткіштеріне толық археологиялық барлау жұмыстарын жүргізілді.

2012 ж. қыркүйек айында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының архелогиялық экспедициясы Сенгір-там қорымындағы №1 обада қазба жұмыстарын және экспедицияның арнайы барлау отряды Қуаңдария өзенінің Қарақ тауы маңында барлау жұмыстарын жүргізді. Барлау отрядының құрамында жетекшісі Ә.Ә. Тәжекеев, И-11-1 оқу тобының студенттері И.С. Құрманиязов және Шалагин А.В.  болды. Бұл зерттеулер «Оңтүстік-шығыс Арал маңын мекендеген ежелгі тайпалардың дүниетанымы мен идеологиясы және наным-сенімдері мен ғұрыптары» атты жобасы аясында жүргізілді. Барлау жұмыстарының мақсаты жетіасар ескерткіштерінің оңтүстік шекарасын анықтау, Қуаңдарияның өзенінің сол жағалауында орналасқан асарлар тобына жататын, белгісіз болып келген ескерткіштерді зерттеу болып табылды. Сонымен қатар ХІХ ғ. – ХХ басымен мерзімделетін, әлі күнге дейін жарияланбаған тарихи-архитектуралық ескерткіштерге Мырза қара, Төлеген, Ақмырза мешіттерінде, Жауқашты, Қаратай мұнараларында және Әлімбай, Меңей мавзолейлерінде археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.

Барлау жұмысының бірінші нысаны Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылынан батысқа қарай 5 км қашықтықта орналасқан Қарақасар ескерткіші болды. Ол Қуаңдария өзенінің иінінде, Қарақ қыратынан оңтүстіке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Географиялық координаттары:N 44º52'52,3" E 062º08'55,6".

 Ескерткіш алғаш 1966 жылы КСРО ҒА ХАЭЭ-сы (отряд басшысы М.А. Итина) анықтап, 1971 жылы барлау маршруты (жетекшісі Б.В. Андрианов) бекініс жүйесіне және қаланың орталық бөлігіндегі құрылыстарға археологиялық барлау қазбаларын жасалған (Андрианов 1966; Итина, Андрианов 1971). 2011 жылы ШРАЭ-ның (Ж. Құрманқұлов) жеке барлау отряды қайта археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. Географиялық кординнаттары алынып, сызбасы, фото-фиксация жұмыстары жасалынған (Құрманқұлов, Тәжекеев, Дәрменов, 2011).

Асардың жоспары төртбұрышты, шаршы көлемді 70х70 м тең. Оңтүстік-батыс бөлігі биік (3 м), ал солтүстік-шығысы төмендеу болып келген. Оңтүстік-шығыс дуалында қақпасы орналасқан. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде қалада тұрақты ұзақ өмір болған, тоғыздан аса сыланған еден анықталған. Мәдени қабаттарда көптеген жылқы, түйе, балық сүйектері және көп керамика кездеседі. Керамикалар арасында жетіасарлық және сонымен қатар отырар қаратау мен қауыншы типіндегі керамикалар да кездеседі.

Келесі нысан – Наркелді-асар. Ол Қуаңдария ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 9 км жерде орналасқан. Географиялық координаттары: N 44º44'23,6" E 063º19'59,3". Наргелді-асар алғаш 2005 ж. (Ж. Құрманқұлов, Ә.Ә. Тәжекеев) Шірік рабат археологиялық экспедициясы анықтап, барлау жұмыстарын жүргізген (Курманкулов, Тажекеев, 2007, 341 б.).Бұл ескерткерткіштегі құрылыстың сақталған биіктігі 3 м, қазір уақытта төбешік түрінде сақталған. Ескерткіштің жоспары дөңгелек пішіндес, диаметрі 27,5 м тең. Ескерткіштің беткі қабатынан табылған қыш ыдыстардың сынықтары бойынша, Ә.Ә. Тәжекеевтің пікірінше, оны б.з.д. I мыңжылдықтың соңы мен б.з.басымен аралығында өмір сүрген, деп мерзімделеді.

Жетіасар шатқалының оңтүстік-батыс шекарасында орналасқан тағы бір ескерткіштер Жаман-асар 1, 2 қалашықтары.

Жаман-асар 1 қалашығы, Т. Көмекбаев ауылынан солтүстікке қарай 22 шақырым жерде орналасқан. Географиялық координаттары: N 45º02'02,9" E 063º08'49,9". 2005 ж. Археология институтының ШРАЭ (Ж. Құрманқұлов) ескерткіштің географиялық кординаттарын анықтап, суретке түсірді. Қалашық екі құрылыстан тұрады. Құрылыстардың ара қашықтығы 330 м. Екі ескерткіш те нашар сақталған, биіктіктері 1-2 м-ден аспайды. Бірінші құрылыс «үй жай» түрінде салынған дөңгелек пішінді, диаметрі 19 м, биіктігі 2 м. Екінші қала құрылысы солтүстік бөлігінде орналасқан, жоспары төртбұрышты, көлемі 19х16,5 м, биіктігі 1 м, қабырғаларында қорғаныс дәліздері бар. Қалашықтың ішкі бөлігінде үйлердің нобайы анық байқалады.

Жаман асар 2 қалашығы Қабыл қорғанынан солтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан. Географиялық координаттары: N 44º45'34,0" E 063º52'35,5" (Құрманқұлов, Тәжекеев, 2011, 339 б.). Ескерткішті 2005 ж. Археология институтының ШРАЭ (Ж. Құрманқұлов) ескерткіштердің географиялық кординаттарын анықтап, суретке түсірді.

Қалашық қорғаныс дәліздері бар алты бұрышты бекініс қабырғалармен қоршалған. Оңтүстік қабырғасында биіктігі 3 м-ге жуық пішіні сопақтау келген құрылыстың орны бар. Бекініс қабырғасының солтүстік-шығыс ішкі бөлігінде тұрғын жайлардың іздері байқалады. Қаланың батыс, оңтүстік және шығыс жақтарында кепкен өзен сағалары жатыр. Беткі қабаттан жиналып алынған керамика сынықтары бойынша, Ж. Құрманқұловтың пікірінше ескерткіш б.з.д. I мыңжылдықтың соңғы ғасырлармен және б.з. I ғасырмен мерзімделеді (Құрманқұлов, Тәжекеев, 339 б.)

Бұл жаңа ізденістер Жетіасар ескерткішінің территориясының ауқымды екенін көрсетті. Яғни жетіасар қалашықтары мен елді мекендері Қуаңдария өзенінің сол жағалауында да болғандығы анықталды. Жаңа деректер Жетіасар қалашықтары мен елді мекендерінің орналасуы, шаруашылығы мен кәсібі тұрғысындағы мәселелерді ашуда үлесі болары анық.  

Жетіасар қыш бұйымдары. Жетіасар мәдениеті заттай деректерінің ең үлкен тобын құрайтын қыш ыдыстар түгелдей қолдан жасалған. Дайындалу ерекшекеліктері мен пішіні жағынан Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің сондай-ақ, батыс өлкелердегі савромат, сармат тайпаларының қыш ыдыстарына ұқсас. Қола, темір, сүйек жебелер, ат әбзелдері де табылған. Табылған бұйымдар металл, тас, сүйек өңдеудің жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді (Толстов, 1962, 193 б.). Жетіасар ыдыстары өзіне тән ерекшелігін, формасындағы жекелеген өзгешеліктер мен өрнектерді бірнеше ғасырлар бойы жоғалтпаған (Толстов, 1962, 192 б.). Жетіасар құмыраларының кеудесі әдетте шар тәрізді болып келеді. Биіктеу тік болып келген мойны көбіне сызылған немесе кесілген көлденең сызықтарымен безендірілген. Ернеуінде симметриялы орналасқан кішігірім екі суағары болады. Формасы жағынан жақын кеудесінде үшбұрыштылау тұтқалары кездеседі. Кеудесі шар тәрізді, мойнының астында кертпеші бар саптаяқтары да бар. Жетіасар ыдыстарына жапсырма таспалар түріндегі  өрнектер тән. Ернеуі көбіне сыртында қайырылған бір, екі және үш бүршікті болып келген олар, мәдениеттің барлық кезеңінің ыдыстарында кездеседі. Сондай-ақ, сызылған және кесілген геометриялық өрнектер туралы да айтуға болады. Бірақ, екінші және үшінші кезеңдерге бұл өрнектер анағұрлым түрленіп өсімдік тектес бай оюлармен толықтырылған. Осы кезеңде ернеуі мен кеудесінде «шырша», «тор», ирек тәрізді өрнектер түріндегі кесілген және сызылған оюлар кең тарайды. Жетіасар шатқалының көне түркілердің руналық жазуда жетіасар қалаларының қабатарынан табылып отыр, яғни түркілердің шығыстан, оңтүстік-шығыстан қоныс аудару нәтижесінде, жетіасар аумағына VI-VII ғасырларда келіп жергілікті халықпен сіңісіп кеткен (Левина, 1997, 13 б.). Жетіасардың барлық ыдыстарына жалпылай немесе жолақты болып жағылған қызыл, қызыл қоңыр, сирек жағдайда сұр түсті ангобке тән.

Л.М. Левинаның 1971 жылғы «Керамика Нижней и Средней Сырдарьи в I тысячелетии н.э.» еңбегінде 1948,1949 және 1951 жж. Жетіасар №3 қалашығындағы, 1951 ж. Жетіасар №9 қалашығындағы қазбалардың және 1958, 1962-1963 және 1966 жж. Жетіасар шатқалындағы басқа да ескерткіштеріндегі зерттеулердің барысында жинақталған деректер қарастырылған. Аталмыш деректер бойынша қыш өнімдері үш кезеңге бөлінген:

Бірінші кезеңге (жетіасар I) Жетіасар №3 «Үлкен үйінің» төменгі горизонтынан табылған керамика және Жетіасар №1, 11, 12, Томпақ асар, Қара асар, Домалақ асар, Бидайық асар, Ашақ асар, Үңгірлі асар, Байболат асар ескерткіштерінің бір уақыттағы қабаттарының керамикасы жатады. Бұл кезең шамамен б.з д. IV ғасырмен мерзімделеді.

Екінші кезеңге (жетіасар II) Жетіасар №3 «Үлкен үйінің» жоғарғы горизонтынан табылған керамика және осы уақытқа жататын Жетіасар №6, 7, 9, 11, Моншақты асар қабаттары. Тиындар кейбір керамикалық бұйымдардың  әшекей және тұрмыстық бұйымдардың ұқсастығы бойынша бұл кезең б.д. IV-VII ғғ. мерзімделеді. (III ғ. аяғы мен VII ғ. басы болуы мүмкін).

Соңғы үшінші кезеңге – Жетіасар III – Сарлы асар, Ақ-төбе, Ақ-қорған, Ахмет-қала, Үлкен Қара асар, Моншақ асардың кейбір қаббатары, Алтын асардың «Үлкен үйдің» ең жоғарғы қабаты, Жетіасар №4, 11 ескерткіштерінің керамикасы жатады. Ыдыстардың және кейбір әшекей тұрмыстық бұйымдардың ұқсастығы бойынша бұл кезең VII ғ. аяғы мен VIII-IX ғ. мерзімделеді. Керамика негізінен қолмен жапсырмалы әдіспен дайындалған (Левина, 1971, 64-70 бб.).

Қалаларды мекендеген халықтың шауашылығы кешенді сипатта болған. Яғни олар мал шаруашылығы, егіншілік және балық аулау мен аңшылықты қатар алып жүрген. Жетіасарлықтар табиғи ресурстарды барынша пайдалануға тырысқан. Егістік алқаптарды суландыру үшін жайылма суларды, малға азық ретінде қамыс шабындықтарды, ұсақ және ірі қаралар үшін маңайдағы құмды оазистерін, балық аулау үшін көптеген көлдер мен өзендердің шұңғылдарын пайдаланған. Мал шаруашылығында негізгі кәсіп ретінде ірі қараны ұстау басым болған. Сонымен қатар, егіншілік те басты шаруашылық түрі болып есептелген. Қуаңдария бассейнінің барлық аймағынан суландыру құрылыстарының іздері анықталған, барлық мәдени қабаттардан дән үгіткіштер мен диірмендер және көптеген тары мен бидай дәндері табылған. Осылардың барлығы егін шаруашылығының маңызды болғандығын айқындайды (Андрианов, 1969, 202-205 бб.).

Жетіасар алқабын мекендеген тұрақты емес тасыған өзендерді, су жайылған тоғандарды, көп еңбек жұмсау керек етілмейтін шағын суландыру жүйелерін пайдаланып, көлдете жайып суару түрі бойынша үлкен егістік алқаптарды игерген.

Жетіасар мәдениетінің жерлеу құрылысы мен ғұрпы. Қазылып зерттелген 740 обаның ішінде 102-сі қам кесектен тұрғызылған құрылыстар, олар үш түрге сағана-жер астылық, жартылай жер астылық және жер үстілік (Байпақов, Кұрманқұлов, 2011, 29 б.). Алғашқы екі тип арнайы қазылған шұңқырға тұрғызылған және қам кесекті күмбездің үстінен қосымша екі қатар кіпіш төселген. Топырақ үйіндісі кірпіш қаландысының үстіне үйілген.

Бірінші типтегі сағанаға тіктөртбұрыш пішінді, камерасы күмбезделіп жабылған құрылыс тән. Шаршы пішіндес, кірер есігі қабырғасының ортасында орналысқан екінші типтегі сағаналарға камерасының жабындысы суфаның барлық қабырғаларын бойлай тұрғызылған «алдамшы» күмбез пішінді, еденінде арнайы ошақтың және алғашқы тереңдігі әлдеқайда таяз болуы тән. Өлікті бай киіммен  қамыс тоқымаға орап, камераның ішіне орнатылған жатақ-суфаның үстіне жатқызып жерлеген. Кейбірде басының астына киіз жастық төсейтін болған. Бұл жерде айта кететін бір жәйт: бұрынғы өліктер бір жағына сырылып тасталған, кейбірі орнында қалдырған. Ұзақ уақыт ғұрпы іске асырылмаған камерадағы бұрынғы өліктің қалдықтары орындарынан алынып, камера жаңа жерлеуге дайындаған. Жатаққа жерленген әрбір жерлеуден кейін өліктің жанына о дүниелік тамақ салынған ыдыс қойылған. Ыдыстардың жиынтығы стандартты-ботқа немесе шикі бидай салынған «асханалық» көзе, қандай да бір сұйықтық құйытылған құмыра немесе құты, саптыаяқ немесе тостаған. Өлікпен бірге камераға міндетті түрде қыш немесе ағаш табаққа салынған ет, сирек жағдайда балықтың сүйектерін қалдырған. О дүниелік аспен бірге, сондай-ақ қару-жарақ, сәндену заттары, еңбек құралдары қойылады.

Зерттелген жетіасарлық жерлеу ескерткіштерінің ішінде кірпіштен тұрғызылған сағаналары бар обалардың саны қазылып зерттелгендердің жалпы санының жетіден бірінің мөлшерін құрайды. Қалған обалардың топырақ үйінділердің астындағы жерлеу орындары төрт типтегі жер қабірі түрінде болып келген.

Зерттелген обалардың барлығы да топырақ үйіндіден және оңтүстік жағында өткелшесі бар қоршаған ордан тұрады. Жер қабірдің ішінде ең көп тарғаны – шұңқырларының көлденең қабырғасында бүйірлік қуысы бар қабір. Қуысқа ішіне ботқа немесе астық салынған көзені, табаққа немесе тегешке, сондай-ақ тоқыма қамыстың кішігірім бөлшегіне салынған қойдың жамбасын жайғастырған. Көбінесе қуысқа сусыны бар ыдыс және саптыаяқ қойған. Лақатты жерлеулері барлары үлкен бір обаның айналасына орналасқан. Өлікті лақаттың ішіндегі қамыс тоқыманың үстіне (немесе оған орап) арқасымен жатқызып басын солтүстікке қаратып аяқ-қолдарын созып жерлеген. Бас және аяқ жақтарына о дүниелік асы бар ыдыстар қойылған. Ер адамның қабіріне,өліктің оң жағына садақ жебесі бар қылшын қойған. Лақаттың ауызын қамыспен, кейбірде ағаш қашамен, сирек жағдайда – кірпіш қаландысымен жапқан.

Қазылып зертелген жер қабірдің ішінде қарапайым шұңқырға жерленгендер 28 пайыздан астам. Соның ішінде олардың төрттен біріне жас балалар жерленген. Мәйітердің көпшілігі арқасымен жатқызылып басымен солтүстіке қаратылып жерленген. Осы типтегі қабірдің бірнешеуіндегі мәйіттердің аяқ қолдары құрыстырылып, бүйірмен жатқызылған, бастары солтүстіке қаратылған.

Жетіасар ескерткіштерін қазу барысында 600-ден астам белдіктің қола, күміс, темір, сирек алтын жалатылған тоғалары мен жапсырмалары табылды. Олардың жартысы (жерлеу кешендернен табылғандары) елуге жуық белдік жиынтығын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Обалардың жерлеу кешендерінен металл тоғашықты белдіктердің  бірнеше тобы тіркелді. Бірінші топқа қола және күмістің қосарланған домалақ тұтас тоғаларынан құрастырлған белдіктер. Жұқа былғары таспаға бекітілген тоғалар бір –біріне істікті тікбұрыш тіліктермен жалғанған.

Қаңлы дәуіріндегі Орта Азия мен Қазақстанның аймақтарын салыстырмалы сипатаған кезде Сырдарияның төменгі ағысынан Ферғанаға дейін біртұтас мәдени-шаруашылық аймақ ерекшеленеді. Оған отырықшы жер өңдеуші-бақташылық экономика, монументалды архитектура мен фортификация, қоныстанудың жетекші типі – кішігірім бекіністі елді мекендер, нашар дамыған қол өнері тән деп саналып келген. Қазір бұл тұжырымдар өзгерді (Байпақов, Құрманқұлов, 2011, 27 б.). Жетіасар мәдениетіне тек кішігірім қоныстар ғана емес, оларға қалалар, дамыған қол өнері мен сауда саттық, соның ішінде жасанды суару жүйелеріне негізделген егін шаруашылығы, ал қауыншы мәдениетіне дамыған ақша айналысы тән. Оған б.з .– V, VI ғғ. соғылған тиындар куә болады. Тиындардағы жазулар соғдылық, соғылған жері Чаг, Қаңқадағы орталық. Жоғарыдағы айтылғандардың бәрі мәдениеттердің өзара жақындығын дәлелдейді.

Қаңлылардың бес иелігін және олардың астанасы Битяның орналасқан жерін тек Сырдария мен оның тарамдарының аңғарларында орналасқан барлық үш мәдениеттің қоныстары мен қорымдарын мұқият зерттегенен соң және картаға түсіргеннен кейін, немесе топтардың әрқайсысының ерекшеліктерін нақтылағаннан кейін анықтауға болады.

2f008ca64b30b6c912caccb15f744371.jpg

Құрманиязов И.С.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2-курс студенті

жетекшісі: Тәжекеев Ә.Ә.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Археология және этнография»

ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.к.


Пайдаланған әдебиеттер:

1.  Андрианов Б.В. Древние оросительные системы Приаралья. М.,1969.

2.  Байпақов К.М., Кұрманқұлов Ж. Қаңлы мемлекетінің мәдениеті // Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Алматы, 2011

3.  Бейсенов А., Тәлеев Д. Сыр елі. Қызылорда облысы энциклопедиясы. Алматы, 2005.

4.  Курманкулов Ж., Тажекеев А. Городище Асар // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан Кызылординская область. Алматы, 2007.

5.  Қоңыратбаев Т. Ертедегі ескерткіштер. Алматы, 1996

6.  Құрманқұлов Ж., Тажекеев А. Қарақ-асар қалашығы // Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Алматы, 2011.

7.  Левина Л.М. Керамика Нижней и Средней Сырдарьи в I тысячелетии н.э. // ТХЭ. Т-VII. М.,1971

8.  Левина Л.М. Этнокультурная история Восточного Приаралья в  I тыс. до н.э. – I тыс. н.э // Этнографическое обозрение. М., 1997.

9.  Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. М., 1962.

10.  Толстов С.П. По следам древнехорезмской цивилизации. М-Л., 1948



Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?