Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оразақ СМАҒҰЛОВ: Тобылдың иіріміне тастағанда да аман қалдым

2406
Оразақ СМАҒҰЛОВ: Тобылдың иіріміне тастағанда да аман қалдым - e-history.kz
Бір өзі бір институттың жүгін арқалап жүрген атақты антрополог Оразақ Смағұлов сұхбат барысында қазақ халқының шығу тегі мен ғылым жайынан сөз қозғады

 

Ресейлік антропологтардың біздің қазаққа жаны ашыған

– Армысыз, Оразақ аға! Біз «Қазақстан тарихы» интернет порталынан келдік. Өзіңізге кеше ескерткеніміздей, сұхбаттаспақ ниеттеміз.

– Дұрыс болған! Мені іздеп келгендеріңе рақмет. Қазір мені не ойландырып, не толғандырып жүрген мәселеден бастайын. Біздің тарихшылар қазақтың, өз халқының шығу тегін зерттемейді. Шамасы жетпей ме, әлде мұны тереңінен ойламай ма – әйтеуір немқұрайды қарайды. Есесіне «бізде 130 халық бар» деп сандырақтайды. Сіз білесіз бе, біздің орта білім беретін мектептерде, жоғарғы оқу орындарында қазақтың шығу тегі жайлы бір бағдарлама жоқ. Мейлі жылаңыз, мейлі күліңіз. Оларға салсаңыз, біздің қазақтар басқа жақтан ауып келген дейді. Бірақ дәлелі жоқ. Осындай өрескел, жаңсақ тұжырымдарға үнсіз қарап отыра береміз бе? Мен қазақ тарихын жаза алмаған, бірақ нанын содан тауып жеп жүргендерді өз халқын, қалың елі қазағын босқын, кірме халықтардың қатарына кіргізіп қойған деп есептеймін.

Солтүстіктегі көршіміз, мынау алпауыт Қытай елі, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі Американың өзі де біздің байтақ жерімізге көз тігіп, асты-үстімізді телескоппен түгел тінтіп қарап отыр. Бәрі де қазынамызға, байлыққа ортақ болғысы келеді. Мені толғандыратын осы жағдай. Халқымыздың бастау тарихын, түпкі тамырымызды біліп зерттеп алмайынша, мұндай тәуелсіздіктің болашағы жарқын болады дегенге сенбеймін.

Биологиялық-генетикалық фактілерге негізделген зерттеулерім бойынша қазақ халқының төрт мың жылдық тарихы бар екенін айтып жүрмін. Кандидатты қорғаған кезде мен жас едім, Мәскеу мен Ленинградтағы жетекшілерім бізге жанашырлықпен қарады. «Сен әлі жассың, біз секілді пилоттық жоба арқылы зерттеме. Өз еліңнің атынан кеп отырсың, халқыңның байырғы тарихын кешенді түрде зертте!» деді олар. Сол кезеңдегі Ресейдің антрополог ғалымдары Георгий Францевич Дебец, Яков Якович Рогинский, Виктор Валерианович  Бунак, Михаил Михаилович Герасимов, т.б. қалай жаны ашыған?! 

1977 жылы шыққан «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегімді совет үкіметі өртеп жіберді. Маған нон-гранта жарияланып, соның кесірінен шетелге шыға алмадым, 11 жыл бойы қауіпсіздік қызметкерлері соңымнан шырақ алып түсті. Олардың менен құтылғысы келгені сондай, совет үкіметі күні бүгінге дейін өмір сүрген болса, мен тірі болмас та едім. Үнемі айтып жүретін сөзім бар: құдайдың бар екенін мен бір ғана фактімен дәлелдеп айта аламын: ол – Совет үкіметінің құлауы. Бұл жүйеге мылтық атпақ түгілі, біреу маңдайынан да шерткен жоқ қой.

– Сіз 80-нші жылдардың соңындағы саяси жағдайды айтып отырсыз. Құдай неге 20-30 жылдардағы нәубетте көрмеді деймін ғой?

– Оны қоя тұр. Бұл үкіметтің мықтылығын айтайық. Адольф Гитлер де бес жыл соғысып жеңе алмады, «холодный воина» кезеңінде Америка да жеңе алмады. Солай бола тұра күндердің күні келгенде шіріген бәйтерек құсап, гүрс етіп құлап түсті. Қауіпсіздік қызметінің қаһарлы басшысы Крючковтың өзін түрмеге қамады. Ең жоғарыда тұрған Горбачевтің де өзін ұстап отырды. Мен осындай оқиғаларды газеттен оқып, радиодан тыңдап, теледидардан көрсем де, түсім секілді сенбедім ғой. Міне, құдайдың жазғаны. Бұл жауыз үкімет қаншама адамды қырып тастады. Бір ХХ ғасырда қазақтардың аштан қырылған саны 4 млнға жетті. 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессияда ұлт қаймақтарын атып тастады. Мысалы мен Мағжанның бір ғана өзін Ленині бар, Сталині бар, политбюроның 15 мүшесіне айырбастамас едім. Мағжанды өз заманында Батыс Еуропадағы ең мықты ақын, ағылшынның Байронына теңеген. 1923-1926 жылдары Осман империясын күйретіп, жаңа мемлекет қалыптастырған түріктің ұлы көсемі Ататүрік Мағжан рухты жырларын саяси күресте пайдаланған. Қазіргі кезде 80 млннан асатын түрік халқы біздің ұлы ақынның «Алыстағы бауырыма» деген өлеңін жатқа оқығанын Түркияда болған кездерімде жиі естідім. «Түріктің басына қиын күндер туған шақта осы Мағжан секілді жыр жазған ақын болған жоқ» деген пікірді де мен түрік ғалымдарынан білдім.

 

Партияда болмағандықтан, ғылымда қысым көп көрдім

– Ашаршылық деп қалдыңыз, сол нәубет жылдары туған төлсіз. Қалай аман қалдыңыз? Сол кезеңнің куәгері ретінде азаматтық, адамдық көзқарасыңыз басқаша қалыптасты ма?

– Мұның бәрі құдайдың жебеуі ғой. Менің анам 1933 жылы анам ашаршылықтан өлді. 2 жастан енді асқан баламын, шешемнің кеудесін еміп жатқан жерімнен туыстарым құтқарып алып қалған ғой. Әкем тамақ іздеп Ресейге кеткен, ол қайта оралғанша шешеме уақыт жеткен екен.

Өмірде партияда болмаған адаммын. Партияға қалай кірем? Менің көбі бақилық болып кеткен достарым «Ореке, сен енді профессор болдың, докторсың, ғалымсың, партияға кірмейсің бе?» деп сұрайды. Мен олардан «Сенің шешең бар ма» деймін. Олар «Бар» дейді. «Ендеше сен шешеңді аштан өлтір, сосын партияға кір, – деймін оларға. – Менің туған шешемді, халқымның 4 млннан астамын аштықпен қасақана қырып тастаған жүйеге мен қалай қызмет етемін?!»

1977 жылы шыққан кітабымды өртегендегі таққан айыбы – «О. Смагулов партияда жоқ», «шетелдерге көп шығады, буржуазиялық идеологиямен уланған» деген.

 

Тақырыпқа тұздық: Смағұлов лекциясы

 

– Аталарыңыз кім болды? Еліңіз жайлы айтып беріңізші.

– Менің аталарым орташа ауқатты адамдар болыпты. Қорған мен Түмен, Челябиньск мен Троицкіні салмай тұрғанда жаз жайлап, қыс қыстауы болған жерлер еді. Тобылдың шебі тартылған кезде біздің жерді алып, аталарымды ысырып тастады.

Мен өзімнің қазақ екенімді бес жасымда білдім ғой. Ресейдің ішкері өлкесінен келгендер қазақтарды «қырғыз» деп айтатын. Лениннің өзі автономияны беріп тұрып, атауын «Қырғыз АССР» деп бекітті. Біздің ұлтты қорлағаны сондай, «қазақ» деп атауды бұйыртпады. Ауылымыз Тобылдың жағасында, өзеннен небары 200-300 метрдей жерде. Бала кезімізде суда жақсы жүздік. Ені 15-20 метр болатын өзенді кесіп өтуді әбден машықтандық. Жүзіп шығып, арғы беттегі құмда жатып күнге қыздырынып алатын едік. Бір күні 5-6 бала құмда ойнап отыр едік, тоғайдың арасынан шыға келген екі орыс «ой, киргизёнки» деп біздің ұстап алып, өзеннің иіріміне қарай лақтырып жіберді. Бұл тұс үлкен қайықтың өзін жұтып алатын ұлы жұтым болатын. Ауылдың үлкендері айтып та, көрсетіп те үйреткен, ондай иірімге түскен сәтте су бетіне қайта шығуға ұмтылмау қажет. Қалқып иірім бетіне шығу – өміріңді тәуекел етумен бірдей. Ондайда судың түбіне дейін сүңгіп, содан басқа бағытқа ұмтылып барып, шықпаса бәрі бекер. Біз сөйттік те, иірімнен аман қалдық. 5 жастағы баламын, бір ажалдан қалғанымды және «қырғыз» екенімді сонда барып білдім.  

Қорлықты соғыс кезінде көрдік, қарнымыз ашты, киіміміз тозды, 12-13 жастағы бізді аямастан қара жұмысқа жекті. Өзеннің арғы бетінде орыстың жері, ондағы диірменге астықты тасып апарып тартатынбыз. Ол кезде арбаға отырғызбайтын, соңында келе жатып та ұйықтайтынбыз, кейін әдеттеніп алдық. 16-17 сағат жұмыс істегенде діңкеміз құрып, әл-дәрменіміз қалмайтын. Сондай уақытты бастан кештік қой, несін сұрайсың?!

Институттың екінші курсы кезінде археологиялық экспедицияға қатыстырды. Қазба жұмыстары болған жерге барсам, табылған бұйымдарды жақсылап жинастырып алады екен де, адамның қаңқа сүйектерін қалай болса солай тастапты. Жинағысы келсе, қажетсінсе алады, керексіз етсе, тастайды. «Сонда адам сүйектерін кім алады?» десем, олар «Бізде маман жоқ, білмейміз» деп жауап береді. Осыны көрген басым институтқа жеткен соң, кафедра басшысы мені шақырып алып, «адам сүйектерін зерттейтін маман болсаң қайтеді» деген кеңесін айтты. Өз мамандығым аздай, осы бір бейнетті тағы құшақтатып жіберді. Маған бекітілген орыс профессоры талабыма қуанып: «Әй, бәрекелді! – деді, – 30-ншы жылдары мен де осы антропологиямен айналысқым-ақ келген, алайда репрессия кезінде талай мықтыларды түрмеге жапқан соң, бұл саланы тастауға тура келді». Сөйтіп олар мені антропологияға дайындауды бастап кетті.

Мәскеуден хат келді, «осылай да осылай, сіздерде антропологиядан дайындалған жас маман бар болса, бізге жіберіңіздер» деген. Онда барғанымда мені адам қаңқа сүйектерін зерттейтіндей жерге емес, «2-3 айдай маймылдың қаңқасымен, сүйектерімен танысып кел» деп зоологиялық орталыққа жіберді. Маймылдың ішіндегі шимпанзе дегенінің генетикалық құрылымы бойынша әлем халықтарынан айырмашылық белгісі 2-ақ пайыздай екен.

– Сонда «адам маймылдан жаратылды» деген Дарвин теориясы шын мәнінде дұрыс тұжырым ба? Бұл теория қайда кетеді?

– Ешқайда кеткен жоқ, ол өз орнында тұр. Адамның шығу тегіне байланысты эволюциялық даму тұжырымын Дарвиннен басқа ешбір ғалым ұсынған жоқ. Қалғанының барлығы былжырақ сөз. Генетика жөнінен Дарвин ілімі екіге де татымайды, алайда эволюция жайында одан асқан ғалым болмады. Біздің оқу жүйесінде оқушылардың миын ашудың қажеті жоқ, бәрі түсіндіру жұмыстарына тікелей байланысты. Маймыл дегенде осы қазіргі көзіміз көріп жүрген маймылдармен байланыстыру дұрыс емес, ерте кезеңде адамтектес маймылдар деген болған. Адам баласын шығару үшін табиғат бірнеше мәрте сынақ жүргізген. Бұл сынақтар көп жағдайда сәтсіздіктерге ұшырап отырды.

Орыс ғалымдарының маған айтқан ақылы: «Сен тек сүйектермен ғана айналыспа, осы саланы кешенді түрде зертте. Өзіңнің туған халқың – қазақтардың қазіргі ерекшеліктерін зерттегейсің! Қай халықтан ажыратылады, қай халықпен қосылады» деді. Ғылыми айналымда қазақ халқы туралы «Қазақ деген халық физикалық түрде жоқ. Қазақ деп жүргені моңғолдардың, қырғыздардың, басқа да туыстас халықтардың ұшқыны» деп жазған. Солай дей тұра, келтірген фактілері және жоқ.

Менің зерттеулерімнің негізгі саласы бірнеше: алдымен адамның бет-бейнесі, бұлшық еттері, қаңқа сүйектері, тіс құрылысы мен қан жүйесі, осының бәрін анықтаған кейін көне заманнан өз тарихыңды дұрыстап жазасың. Мысалы қазақтардың тіс құрылысын зерттей келе, мен әсіресе азу тістерін туралы мынадай тұжырымға келдім: Бірінші азу тіс 4-5 мыңжылда 60 пайыздан астам өзгеріске ұшыраған, ал екінші азу тіс сол 4-5 мыңжылда 3-4 пайыз ғана өзгерген. Бұл деген сөз азу тіс тұрақтылықтарын сақтап қалған. Салыстырмалы түрде жасағандықтан, ежелгі эскимостардан бастап қазіргі армяндармен бітірдім.

 

Тақырыпқа тұздық: Қазақтың тұңғыш антропологы – 85 жаста

 

Ғалымдардың айтқанын істегеннен мен өмірді босқа өткізбеппін. Қола дәуірден бастап осы күнге дейін сүйектердің даму динамикасын көрсететін еңбектерімді сол ғалым ұстаздарым тірі болса, менен де артық қуанар еді.

Шетелдік деректерге пысқырып та қарамауға қақымыз бар

– Қазақтармен үндістерге қаншалықты жақындығы бар?

– Қан жүйесі бойынша Азия халықтарының ішіндегі қазақтар І топқа жатады, еуропалықтарда ІІ топ басым. Америкалық үндістерде басымдылығы сондай, І топ 95 пайызға дейін жетеді, қалған 5 пайызы ІІ топқа тиесілі. Сондықтан зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, а және б деген көрсетулер тіпті жоқ. Генетикалық заңдылыққа сәйкес, изоляцияда көп уақыт болған үндіс тайпаларының бұл ерекшелігі өшіріле береді екен. Олардың Алтай халықтарына жақындығы, түркі халықтарына ұқсастығы делінетін пайымдардың шындығы бар.

 

– Абылай ханның бассүйегіне қатысты екіұдай пікірлер айтылып қап жатады.  Сіз жасаған реконструкцияда «ол хан емес, басқа біреудің басы емес пе екен?!» деген ой қылаң береді. Сіз не дейсіз?

– Осыны айтып жазып жүргендер кімдер өзі? Оның адам анатомиясынан қандай хабары бар? Мен сізге айтайын: Герасимов жасаған бассүйектер – тек одақта ғана емес, әлемде тегіс мойындалған бірегей жұмыстар. Абылай бабамыздың бассүйегін қайта қалпына келтірген еңбегімді жоққа шығаратындай білім деңгейі жетіп тұрған маман табылса, құба-құп, дәлел-фактілерін алып көрсетсін деймін.

Міне, адамзаттың төрт мың жылдық дамуында біздің халықтың тарихы мына кестеден көрінеді. Біз о баста таза еуропоид болғанбыз, кейін моңғолид қосылды да, қазір 70 пайыз үлесті құрап отырмыз. Ал қалған 30 пайызында осыдан 4 мың жыл бұрын жерімізді мекен еткен бабаларымыздың, ерлеріміз бен әйелдеріміздің төл ерекшелігі сақталып қалған. Бұл жөнінде қытай, парсы, орыс деректері не айтты, пысқырып та қарамауға қақымыз бар.  

– Өзіңізден кейін мектеп қалыптасты ма? Неге жоқ?

– Жоқ. Қалай болады? Өзіңнің туған балаңдай еңбегіңді өртеп жатса, өзіңнің түгіңді қалдырмай, тегіңді қопарып, бабаңа тіл тигізіп, балағаттап жатса, қайдан мектеп болады? Қаралы жылдары «Халық жауы» деген кісілердің ұрпағына не істемеді кешегі сұрқия саясат? Біз де, мен де осындай теперіштерді бастан кешірдік. Соның зардабы әлі де жойылған жоқ. Антропологияны қазір де ешкім жарытып түсінген жоқ. Олар үшін айкәпір бір ғылым  секілді. Мына бір суретте мен Үндістанның басшысы Индира Гандимен қол алысып түстім. Мақтанғаным емес, бір миллирд елдің көсемінің алдында үздік қызмет атқардым. Жасым болса биыл 88-ге келді, өзіміздің үкімет қабылдаған жоқ. Олардың қазақ халқының 40 ғасырлық тарихын қолмен ұстағандай қып дәлелдеп отырсам да, осыған мойын бұруға шамасы жоқ. Бұл жойылмаған бодандық зардабы ма, әлде арылмаған бойдағы үрей белгісі ме? Түк түсініксіз. Ал әлем ғалымдары осы еңбегімді осыдан 25 жыл уақыт бұрын мойындап қойған. Сондықтан үкіметтегілердің мені қабылдауына мұқтаж емеспін.

Қазақ халқының шығу тегін мен алты сала бойынша: палеоантропология, этникалық краниология, серология, соматология, одонтология, дерматоглифика – осылардың барлығы ойыншық па? Антропологияның көп салалы бөлімдерін кешенді түрде 50 жыл зерттеуді маған құдай берген. Осындай еңбек жазуға менің өмірім жетпейтін шығар деп ойлаушы едім. Қазақтың тарихы үшін, наққақ аққан көз жасы үшін бір құдірет осындай сый тартты.

– Тағдырға сенесіз бе?

– Сенгенде қандай?! Мұндай еңбекті жазатын адам жоқ. Қазір бір қапшық алтын қойып, қазақтың шығу тегін зерттейтін байқау ұйымдастырыңыз, ешкімді таппайсың. Смағұловтан басқа маман жоқ. Смағұловты Смағұлов еткен антропология, бұрынғы одақтың адал ғалымдары, марқұм ұстаздарым және Қаныш Сәтбаев. Егер Сәтбаев болмағанда қазіргі Смағұлов болмас еді, қазақ антропологиясы да болмас еді, мына  еңбектер тумас еді!

– Сұхбат құрғаныңыз үшін алғыс айтамыз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?