Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Смағұлов лекциясы

2281
Смағұлов лекциясы - e-history.kz
Әскери-тарихи музейдің акт-залында антрополог-ғалым, ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқының 40 ғасырлық шығу тегі» атты лекциясы өтті

Қоғамдық дәріс барысында атақты ғалым жаңа кітабындағы тың деректер мен қазіргі заманғы антропологиялық жетістіктер жайлы, әсіресе қазақ этносының өте халық екенін дәлелдейтін тұжырымдарын баяндап берді.

NDH  порталы ғалым О. Смағұлдың лекцияда сөйлеген сөздерінің ең маңызды әрі өзекті тұстарын оқырманға ұсынады.

Сөзінің әлқиссасын ғалым антрополог жас ұрпақтың болашағы мен мүмкіндіктері, оқу-білім үшін ең қолайлы уақытта өмір сүріп жатқан мамыражай кезеңді айтудан бастады. Өзінің балалық шағы ұлт тарихының қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келгенін, ата-анадан ерте айырылып, жетімдіктің зардабын тартқанын бүгінгі бейбіт күнмен салыстыра баяндады.

***

1933 жылғы аштықтан аман қалған тұяқпын. Атаның жүзін, ананың тәрбиесін көрмеген, бейнелеп айтқанда «жоғалған ұрпақтың» өкілімін. Солай бола тұра, маған көмектескен күш-құдірет болды. Ол – маған бұйырылған тағдыр. Алла тағаланың берген несібесі. Көктемде бүр жарған көктей өсіп жетілдім, оқып толыстым, атағым шықты, еліме еңбек  сіңірдім. Өмірге өкпем жоқ.

Өткен өмірімнің алғашқы кезеңдерін ойласам көңілім босайды, іші-бауырым босайды. Осынау зұлматтан қалай аман қалғанмын деп таңданамын. Қазір мұның бәрі елес сияқты. Сендер еркін елдің ұланысыңдар. Не киемін, не жеймін демейтін ұрпақсыңдар. Бейбіт заманның ауасын жұтып, еркіндігін сезінген сендердің болашақтарың жарқын, өмірлерің алда.

«Происхождение казахского народа» атты еңбек жазып шықтым, осы еңбекте қазақ этносына қатысты оның бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәтижесі топтастырылған. Яғни, қазақ халқы Еуразия құрлығында өзімен бірге тұрып жатқан басқа да этностық топтармен салыстырылып зерттелді.

Нәтижесінде, қазақ халқы ешкімге ұқсамайтын жеке-дара, құдай айрықша бөлек етіп жаратқан өзіндік морфофизиологиялық анықтамалары мен антропологиялық мәртебесі бар этнос екені дәлелденді. Осы зерттеудің арқасында қазақтың биологиялық, антропологиялық тарихы жаңадан жазылып, ешкімге ұқсамайтын жеке-дара этнос ретінде осыдан 40 ғасыр бұрын пайда болғандығы толық дәлелдеп шықтым.

Қазақ этносы екі расадан шыққан: европоид және моңғолоидтан. Қазір біз расаны нәсіл деп аударып жүрміз, бұл қате термин! Раса раса болып қалуы керек еді. Түбі араб  сөзінен шығатын расаны француз, орыс, ағылшын, неміс ғалымдары аудармай-ақ сол қалпында алып жүр.  

Қазіргі Қазақстан жерін бұдан 5-7 мың жыл бұрын мекендеген аталарымыз көне европоид типтес болған. Ол қазіргі орыстар немесе басқа да славян тектестер емес, мүлде басқа. Қазіргі қазақтарда ежелгі европоид аталарымыздың үлесі – қан құрамында, бет-әлпетінде, алақан тері бедерлері, тіс морфологиясы сияқты пропорцияларында және биологиялық, морфологиялық, физиологиялық гендерінің белгілі бір мөлшерінде сақталған.

Антропология – әлемдегі халықтардың шығу тегін зерттейтін жалғыз ғылым және өте күрделі ғылым. Осының ішінде мен физикалық антропологиямен айналыстым. Ол үшін тек археологиялық білім қоры аздық етеді, сонымен бірге тарих, этнография, этнология, лингвистика, медицина, т.б. ғылым салалары бойынша білім мен білік жоғары болуға тиісті. Өйтпейінше антропология ғылымы саған есік ашпайды.

Мен бақытыма орай жақсы ғалымдарға, өз ісінің нағыз мамандарына жолықтым. Олар: «Сен жергілікті мамансың, өз халқыңның антропологиясын кешенді түрде зертте! Мұны білмейінше сендер өткен ғасырда нені жоғалтып, нені таптыңдар, соны білмей өтесіңдер, сонымен қатар морфологиялық және стоматологиялық әдіс арқылы қазіргі қазақты зертте! Әсіресе, көне қаңқалардың тісін зерттеуді үйрен, әйтпесе этностың даму үрдісіндегі биологиялық заңдылықты аңғара алмайсың. Одан кейін қан жүйесін зерттеуді үйрен» деп аманат айтты. Мен олардың айтқанын орындадым.

Антрпологиялық кешенді зерттеулер жүргізуде мен өмірімнің 40 жылдан астам уақытым жұмсадым. Бұдан қырық жыл бұрынғы «Этническая геногеография Казахстана» атты атышулы еңбегім мен күні кеше ғана жарық көрген «Происхождение казахского народа» атты жаңа зерттеуімнің арасында айырмашылық жоқ. Себебі, антропология нақты ғылымға жатады.

Ұзақ жыл сарапталған морфофизиологиялық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей қазақтың үш жүздік құрылымында ешқандай, рулық, туыстық үлес жоқ. Ру-жүз дегеніміз – көшпенділердің шаруашылық-тұрмыстық бөлінісі мен жауынгерлік-әскери одағы ғана. Одан кейін алақан тері бедерлері арқылы зерттеу жүргіздік. Қазақстанның батысындағы қазақ пен шығыс шетінде өмір сүріп жатқан қазақтың тері бедерлері 100 пайыз бірдей. Ал қан айналым жүйесі бойынша қазаққа ең жақын халық қалмақтар болып шықты. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?