Сәрсенбі күні ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде қазақтың һас батыры және XVIII ғасырдағы қазақ сарбаздарының ту ұстаушыларының бірі болған, Абылай хан тұсындағы дала дипломаты Қожаберген Жәнібекұлының шапанын музейге қабылдау рәсімі өтті. Сондай-ақ шарада Қытай деректері бойынша жазылған Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабының тұсауы кесілді. Әскери-тарихи музейдің қолдауымен ұйымдастырылған рухани шараға біз де ат шалдырған едік.
Абақ керейдің шыбарайғыр руынан тарайтын Қожаберген батырдың иығына жабылған шапанды тамашалауға батырдың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мүшелері, БАҚ өкілдері жиналды.
Қожаберген Жәнібекұлы — қазақ-жоңғар, қазақ-шүршіт соғыстарында ерлік көрсеткен батыр. Жоңғар қалмақтарының соңғы көсемдерінің бірі Әмірсанамен жақсы қарым-қатынаста болып, қазақ-қытай қақтығысында шешуші рөл атқарған қолбасшы. Тіпті жоғарыда айтылған жоңғар ақсүйегі Әмірсана Қожаберген батырды «әке деп ұлықтаған». Ол туралы Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» кітабындағы 14-құжатта көрсетілген. Қожаберген батыр өз заманында өмір сүрген Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнiбек, Байтайлақ сияқты батырлармен қатар аталып, Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған, әрі сенімді өкілі болған. Ол туралы да «Қожаберген батыр» кітабында толық деректер келтірілген.
Қожаберген туралы Қытай деректерінде
«Отандық тарихнамада Қожаберген Жәнібекұлына берілген орын, ол туралы арналған ғылыми зерттеулер лайықты деңгейде деп айта алмаймыз. Осындай жағдайдың қалыптасу себебі мынада болса керек: біріншіден, өз кезегінде қағаз бетіне түскен нақты дереккөздердің аздығы тиісті мәселелерді тереңінен танып-білуімізге мүмкіндік бермеген. Екіншіден, сол тиісті мәселелердің күңгірттігін пайдаланып біраз «зерттеулер» аталмыш Қожабергеннің тегін әр жерден іздеп, мәселенің ғылыми түрінде шешілуіне кедергі жасаған. Үшіншіден, өздерін «Қожабергеннің ұрпағымыз» деп санап, сонау 1970-90 жылдарында-ақ аталмыш тұлғаға ас беріп, шежіресін түгендеп жүргендердің басым көпшілігі шетелде, яғни Моңғолия мен Қытайда тұрып жатқандықтан, олардың дауысы қазақтың қара-шаңырағы Қазақстанда жеткілікті деңгейде естілмеген», - дейді «Қожаберген батыр» атты кітаптың авторы Бақыт Еженханұлы.
Кітап авторының айтуынша, Қожаберген батырдың өмірі туралы Цинь патшалық дәуірінде қалыптасқан мәнжу тілді мұрағат құжаттарында сақталған. Ол құжаттардың 70-ке жуығы кітапқа енгізілген. Құжаттардың факсимиле көшірмесі де берілген. Сондай-ақ Бақыт Еженханұлы құрастырған кітапта Қожаберген батырдың және оның елі туралы деректер ғана емес, XVIII ғасырдағы қазақ-цинь, қазақ-қалмақ қарым-қатынастары туралы да зерттеулер берілген. Сондықтан кітап отандық тарихшы ғалымдар мен өлкетанушыларға баса назар аудартатын құнды еңбек ретінде бағалы.
Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабының тұсауын қазаққа белгілі түрколог, бітік тастың білгірі Қаржаубай Сартқожаұлы мен Қожаберген батырдың тікелей ұрпағы Мерей Сләмұлы кесті.
«Қазақ тарихында өзіндік есімі алтын әріппен жазылған батыр, абақ керейдің шыбарайғыр руынан шыққан Қожаберген Жәнібекұлының өнегелі өмірі ұрпақ санасында жаңғырып жатыр. Бұл мен үшін және ұрпақтары үшін үлкен абырой мен мақтаныш. Бабамыздың құнды мұрасын сақтаған Бақыт Теңселұлына және «Қожаберген батыр» атты кітапты оқырманға ұсынған, өзімнің Нанькин қаласында білім қуып жүрген шақтағы жақын досым, Қытай қазақтары арасынан шыққан ғылым докторы Бақыт Еженханұлына үлкен рақмет!», -деді кітап демеушісі, батыр ұрпағы Мерей Сләмұлы.
Қожаберген батырдың шапанын сақтаған – Бақыт Теңселұлы
Алқалы жиында, Қожаберген Жәнібекұлының шапаны ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейіне табысталды. Шапанды сандықтан шығарып, көрерменге көрсету жоралғысын археолог ғалым Зейнолла Самашев пен ардагер ұстаз, батыр ұрпағы Құрмет Нұрсұлтанұлы, Бақыт Теңселұлдары жүргізді.
Тік жағалы, сырты көк сұр түсті торғынмен қапталған, ішіне жұқа етіп түйе жүнімен жұрындаған шапанға ең қымбат мата жібекте қосылған екен. Шапанның іші бедерлі, өсімдік тектес өрнектермен сырылып тігілген. Бір-екі жерінде кішкентай тесік жыртығы бар. Ешқандай өңдеу жұмыстарын көрмеген.
Бақыт Теңселұлы, батырдың 4 ұрпағынан тарайтын дегеншары (қыздан тараған жеті ұрпақтың төртіншісі): Бұл қасиетті шапан батыр бабамыз Қожаберген Жәнібекұлынікі. Өзімнің үлкен әжем Шәмшия Кемиекқызы шапанды әке-шешеме аманаттаған. Ол кісі батыр Қожаберген бабамыздың төртінші ұрпағы. Батыр бабамыз Қожаберген Жәнібекұлының шапаны бар екенін тоғыз жыл бұрын ғана білдім. Оған дейін үйдегі ағаш сандықта сақталып келген. Бізді көбіне ол сандыққа жолатпайтын. Ол сандықтың ішінде бір керемет нәрсе бар екенін бала күнімізде білетінбіз.
Үйдегі аға-әпкелерімде білмеген. Өзім үйдің кенжесімін. Соған қарағанда өте құнды мұра болғандықтан әке-шешеміз көпке дейін тіс жармаған сынайлы. Бір қызығы 1938 жылғы нәубет кезеңдерінде де бұл шапан тәркіленбей мұра болып сақталып жалғасқан. Өйткені үлкен аталарымыз Сиыршыбай, Тотықұс бай-манап ретінде тұтқындалып кеткен. Сол қиын, қасіретті жылдары әжеміз Шәмшия шиеттей төрт баламен жесір қалған. Содан ұлы атамыздың ұрпақтарынан әжеміз сұрап алып, батыр бабаның шапаны бала-шағамды жебей жүрсін деп алған.
Содан 1991 жылы Моңғолиядан Қазақстанға көшкенде шапанды елге жеткізіп, сол сандығымен шешеміз сақтап келген. Тек әкем дүниеден өткенде сандықтан шығарып, әкемнің бетіне жауып, ақтық сапарын орындаған. Сосын қайтадан сандыққа сақтаған. Сол кезде ғана кішкентай сандықта тек шапанның өзі болғанын көрдік. Оны ақ матаға орап, үстіне бірнеше ақтықтарды қосып қойған. Шапанның сақталуына келетін болсақ. Жаңа ғана өздерін көрген ағаш сандықта сақталған. Оның ішінде тек шапан ғана болған. Сандықтың ішіне қалампыр түйірлері салынып, бүктеліп, сырты ақ матамен оралған. Қалампырды құрт жеуден сақтау үшін салса керек».
Шапанды Әскери-тарихи музей қызметкері Бейсен Ахметұлы мен батырдың ұрпағы, белгілі журналист Амангелді Құрметұлы үстіміздегі жылдың ақпан айында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданынан тауып, ұрпақтарымен сөйлесіп, музейге алдырту туралы бастама көтерген. Бір қызығы осыдан 10 жыл бұрын қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Қарқаралы ауданынан Қазыбек бидің шапанын тауып, бүгінгі әскери-тарихи музейге (Ол уақытта Президенттің мәдениет орталығына) алып келген. Тарихи сабақтастық деген осы болар. Екі шапанның да осы ғимаратта қалың көпшілікке көрсетулінің өзіндік символикалық мәні бар шығар деп топшыладық.
Қожаберген Жәнібекұлынан шапаннан өзге жаугершілік жорықта ұстап шыққан туы, сауыты мен дулығасы сақталған. Олардың барлығы батыр ұрпақтарының қолында. Батырдың жорықта ұстаған туы – Моңғолияда, Баян-Өлгей аймағының Бұғыты сұмынында, батырдың жетінші ұрпағы Мұқтажыұлы Жұмаштың үйінде сақтаулы тұр. Сауытының қалдығы Қытайдағы музейде сақталған.