Конституция – мемлекеттілікті жаңғыртудың негізі

Автор:
31.03.2026
69
Конституция – мемлекеттілікті жаңғыртудың негізі - e-history.kz

Сурет: aqorda

Бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған стратегиялық маңызы зор құжат. Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуді, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуді, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін нақтылауды және өзара жауапкершілікті арттыруды көздейді.

Преамбулада біртұтас Қазақстан халқының байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілігін нығайтып келе жатқаны атап көрсетіліп, бұл ұстаным конституциялық деңгейде бекітілді. Ол аталмыш конституциялық модельді жаңғыртуға өз ықпалын тигізері анық. Конституцияда адамгершілік ұғымына құндылықтық ұстаным ретінде ерекше мән берілген. Онда жауапты әрі жасампаз отаншылдықты дәріптеу, еңбексүйгіштік, ғылым мен білімге негізделген прогресті қолдау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті дамыту – мемлекеттік саясаттың іргелі қағидаттары ретінде айқындалған. 

Ата Заңда отбасы, зайырлылық және экология мәселелеріне де ерекше назар аударылып, рухани құндылықтарға басымдық берілген. Неке еркек пен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалды. Неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады. Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіліп, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты нақты шектеулер көрсетілді. Яғни, мұнда да рухани құндылықтардың рөлінің жоғары тұрғаны анық. Сонымен қатар азаматтардың табиғатты қорғау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті конституциялық деңгейде белгілді. 

Құжатта мемлекеттің негіз құраушы қағидаттары нақтыланып, құқықтық мемлекетті дамыту мен саяси жүйені жаңғыртудың басым бағыттары айқындалып отыр. Егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам қалыптастыру, адам құқықтарын жоғары құндылық ретінде орнықтыру, ұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басым бағдарлары ретінде бекітілді.

Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты нақты кепілдіктер қарастырылған. Мәселен, ұсталған адамға оның қандай негізде бостандығы шектелгені және қандай құқықтарға ие екені дереу түсіндірілетіні белгіленген. Сондай-ақ әрбір азаматтың мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті салдарынан келтірілген зиянды мемлекеттен өндіріп алу құқығы конституциялық деңгейде бекітілді.

Референдумда халық мақұлдаған Ата Заңда халық билігінің мәртебесі де жаңаша мазмұнға ие болып отыр. «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі» деген нормаға айрықша саяси-құқықтық мән берілген. Билікті ешкімнің иемденіп кете алмайтыны нақты көрсетіліп, мұндай әрекеттердің заңмен қудаланатыны бекітілді. Мемлекет атынан әрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне және конституциялық өкілеттігі шегінде Құрылтайға тиесілі екені нақтыланды. Осылайша билік тармақтарының өкілеттігі айқындалып, жауапкершілік аясы нақтылана түсті.

Меншікке қатысты нормалар да жаңартылды. Мемлекеттік және жеке меншік деп бөлу тәсілінің орнына «меншіктің барлық түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады» деген тұжырым енгізілді. Бұл нарықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қағида. Қоғамдық бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі бекітіліп, мемлекеттің олардың ісіне заңсыз араласуына, сондай-ақ оларға мемлекеттік функцияларын жүктеуге жол берілмейтіні айқын көрсетілген.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, елдің аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне қол сұғуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге тыйым салынатыны нақты жазылды. Әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық немесе діни алауыздықты, зорлық-зомбылық пен қатыгездікті насихаттауға және осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді. Бұл нормалар қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қорғауға бағытталған.

Жаңа Конституцияда Президент өкілеттігі «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес нақтыланған. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Аталған тұжырым Қазақстанның суперпрезиденттік модельден ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға көшуін көздейді. Президент – мемлекет басшысы, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып қала береді. Сонымен бірге оның өкілеттігіне қатысты бірқатар шектеулер енгізіліп, биліктің ашықтығы мен бейтараптығын күшейту көзделген. Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Конституция аясында жаңа институттар – Құрылтай мен Вице-Президент лауазымы енгізіледі. Қос палаталы Парламенттің орнына заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтай құрылмақ. Президент Құрылтай келісімімен Вице-Президентті тағайындайды және қызметінен босатады және оның өкілеттігін айқындайды.

Сондай-ақ 2026 жылғы конституциялық реформаның құрамдас бөлігі ретінде Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Бұл орган ел азаматтарынан құралған жоғары консультативтік құрылым ретінде мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сонымен қатар Құрылтай заң жобаларын енгізу және референдум бастамасын көтеру құқығына сүйене отырып, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету бағытындағы мәселелерді сараптап-саралап, ұйымдастыруға бастамашыл болады.

Өтпелі ережелерге сәйкес жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтатылады. Белгіленген мерзім ішінде Құрылтай сайлауы өткізіліп, мемлекеттік органдарды жаңаша қалыптастыру үдерісі басталады.

Қорыта айтқанда, жүргізіліп жатқан кешенді өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған. Ендеше бұл Конституцияның ұлттық бірлікті бекемдеп, құқықтық мемлекеттің негізін нығайтып, оны дамытудың жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат болатыны анық.

Жапсарбай Қуанышев

Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз