Осы жолы назарларыңызға күні бүгінге дейін беймәлім болып келген деректерді ұсынамыз. Атап айтқанда, Файзулла Ғалымжанұлынның қуғын-сүргін жылдарында артында қалған жұбайы мен балаларына жазған, жанұясымен алмасқан хаттары жөнінде сөз қозғамақпыз.
Аталған тың құжаттар Файзулла Ғалымжанұлының ұрпақтарымен кездесіп, сұхбат жүргізіп, құнды мұраларды жинақтап, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві қорына қосуға зор еңбек сіңірген және мұрағат қорымен еркін жұмыс істеуімізге мүмкіндік берген архив директоры Гүлнар Сәдібекқызына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Қуғын-сүргіннің қаралы жылдарында, туған үйінен жырақта жүріп жазылған бұл хаттарды оқу оқырман үшін де оңай соқпайды. Әр жолынан адамның ішкі жан күйзелісі, жүрекке түскен ауыр салмақ сезіледі. Хаттардың өн бойын түгелдей дерлік әкелік сағыныш пен уайым билейді. Ол өз тағдырынан гөрі, артында қалған балаларының, ағайын-туысының, әсіресе анасың халін бірінші кезекке қояды.
«Құралай!»-деген хатында: «Амансыңдар ма? Балалардың дендері сау ма? Шешем қалай, дені сау, күйлі-қуатты жүр ме?» деген мазасыз сұрақтармен басталады. Туған-туыстың бәрін түгел түгендеп, Жаңабай мен Шарапатты жеке-жеке атап, олардың амандығын сұрауы – оның жүрегінің отбасында қалғанын аңғартады. Бұл сұрақтардың өзі әкенің бала алдындағы жауапкершілігін, туған-туысқа деген терең байланысын айқын көрсетеді.
Өзі туралы жазар тұста Файзулла Ғалымжанұлы бар болғаны екі-үш ауыз сөзбен ғана шектеледі. «Өзім аман-есен жүрмін, әзірге ауырмай-сырқамай келемін» деп, жағдайының тәуір екенін қысқаша баяндайды. Август айының басынан бері кеңсе қызметіне орналасқанын, жылы үйде отырып қағазбен жұмыс істейтінін айтып, тұрмысының жаман еместігін жеткізеді. Алайда осы сабырлы, байсалды сөйлемдердің астарында туған үйге деген сарғайған сағыныш пен жанын жегідей жеген алаң көңіл анық сезіледі. Файзулла атамыз өз хатын былай жалғастырады: «Хат жазып тұрыңдар. Көп жазбай ақ амандықтарыңды адрестеріңді білдіріп тұрсаңдар болғаны, жым-жырт хабарсыз болып кеткендерің қиын болатын көрінеді» деп жақындарынмен байланысты үзгісі келмегенін аңғарту қиын емес. Хат соңында өзіннің мекен-жайын жазады.
Құрметті оқырман! Ендігі хаттарды айна-қатессіз сіздерге ұсынбақпын. Файзулла атамыздың әр хатын толғаныспен оқымау мүмкін емес. Қолыма қалам алып, отырған сәттен бастап – тебіреніспен, әр хатты парақтап отқан кездегі ішкі жан-дүниеңде алай-дүлей сезім билеп, көзіңнен моншақтап жас ағады.

Гүлтай!
Айналайын, сенің хат жазған қолыңнан.
Мақұл, барсам саған төбеме көтерсем де бір қуыршақ апарайын. Сенің хат жазып, «қуыршақ әкел» деген бір ауыз сөзіңнен садаға.
Қайыр-қош тұр, апаң.
Ескендір, Болаттың бетінен сүйіп, сәлем айт.
Саған, Ескендірге әрі Болатқа Күламқадірдан сәлем.
Хат жазып тұр.
22/3-1936.
Дедсад оқыта ма? Сен старший гурппадасың ба?
***
Сәтай, сенің 19 желтоқсандағы жазған хатыңды кеше алып, өздеріңді көргендей болып қуанып қалдым. Едігенің 9 қарашадағы жазған хатын 20 қарашада алып, бір хат жазып жіберіп едім. Ол хатты алмаған көрінесіңдер. Содан бері сендерден хат-хабар болмай кеткенде, не болды екен деп едім. Кеше сенің хатың келіп жақсы болып қалды. Үй-ішінің, амандығын біліп бір қуансам, хат жазған сен болғанда және бір қуандым, өйткені, басқалардың бәрі хат-хабар жазып жатқанда, жалғыз ғана сен хат жазбайтын едің.
Сен мені ұмытып кеткен шығар деп ойлайтын едім. Өзім денім сау, аман-есен жүрмін. Жұмысым жеңіл жылы үйде отырмын. Өзім туралы жазатыным осы ғана, басқа не жазайын. Сұраған жанның бәріне тегіс сәлем айтып бар. Мамаң мен үшін Исабайдың келініне де, қызына да құтты болсын айтсын.
Әзірге хош бола тұрыңдар!
5 қаңтар 1940 жыл Файзулла
Менің адресім: Город Углич, Ярославской обл.
299/3-3 Галымжанову Файзулла

Сәуір айынның 8-інде баласы Едіге «Хатқа жауап» деген хатын жазып, әкесіне жолдайды. Онда ағайын-туыс пен балалары туралы бәріннің аман екендігін және олар туралы жаза келіп, әкесінің бір хатында өзіннің денсаулығы туралы жазғанын оқып, алаңдағанын білдіріп: «Сенің «өзім денім сау аман есенмін іске жарамаймын жақын арада іске жарайтын емеспін» дегеніңе түсіне алмадық ол не дегенің аурусың ба дейміз. Осыған ендігі хатта анық жазып қайтар» деп жазады. 1942 жылы Файзулла Ғалымжанұлы №2-ші орталық лазаретке емделуге келіп, онда 51 жасында(19.04.1942) қайтыс болады. Бұл – әке мен ұлынның, артта қалған ағайын-туыспен жазысқан соңғы хаты еді. Әке хатынның орнына, қайтыс болғандығы туралы куәлік келеді. Қаралы хабар отбасы мүшелеріне оңай соқпады. Осылай Қазақ халқы тағы да бір атпал азаматыннан айырылып, жер қойнауына тапсырды.
Осы ретте, Файзулла Ғалымжанұлынның отбасына жазған сағыныш хаттарын жариялап отырмыз. Тәуелсіздік жылдарыннан бері қаншама қайраткерлеріміз тарихи бағасын алмады. Өз зерттеушісін күтті. Сол олқылықтың орнын толтырып, тамшыдай болса үлесімізді қоспақпыз.
Мансұр СӘДІР.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Философия және саясаттану
Факультетінің 2-курс студенті,
“Qyr balasy” ҚҚ мүшесі