Қазақтың ұлттық киімі – тұтас бір өркениеттің көрінісі. Онда көшпелі өмір салтының тәжірибесі, табиғатпен үндес дүниетанымы, эстетикалық талғамы мен әлеуметтік қатынастардың бояуы сақталған. Бабаларымыз киімге тек сәндік бұйым ретінде қарамаған. Әрбір бас киімнің, әрбір өрнектің, тіпті матаның түсі мен пішінінің астарында белгілі бір мағына, өмірлік тәжірибе және ұрпаққа арналған тілектің ізі жатқан.
Сондықтан ұлттық киім – халықтың мәдени кодын сақтаған ерекше құбылыс. Бүгінде этнографтар мен дизайнерлердің айтуынша, соңғы жылдары қазақ қоғамында ұлттық киімге деген қызығушылық қайта жанданып келеді. Мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де ұлттық нақыштағы киімдерді кию үрдісі байқала бастады. Бұл ұлттық сананың жаңғыруымен қатар жүріп жатқан мәдени өзгеріс, түп тамырға оралу десек те болар. Әрине, ол қуантады.
Киім – көшпелі мәдениеттің көрінісі
Қазақ халқының дәстүрлі киімдері табиғат жағдайына, көшпелі тұрмысқа және әлеуметтік өмірге бейімделіп қалыптасты. Кең далада өмір сүрген халық үшін киім ең алдымен ыңғайлы әрі төзімді болуы қажет еді. Сондықтан шапан, тон, тымақ, бөрік, камзол сияқты кейбір киім түрлері қатал табиғаттан қорғануда маңызды қызмет атқарды.
Этнографтардың пікірінше, қазақ киімдерінің басты ерекшелігі – оның практикалығы мен эстетикалық үйлесімінде. Бір қарағанда қарапайым көрінетін шапанның өзі матасының сапасы, пішімінің дәлдігі және әшекейінің үйлесімі арқылы ерекше сәнге ие болған.
Мысалы, ерлердің шапандары көбіне барқыт, қымбат мата немесе теріден тігілген. Ал әйелдердің киімі нәзік өрнектермен безендіріліп, зергерлік әшекейлермен толықтырылып отырған. Осы арқылы киім тек тұрмыстық қажеттілік емес, адамның қоғамдағы орнын білдіретін мәдени белгіге айналған.
Бас киім – әлеуметтік «құжат»
Қазақ қоғамында бас киім ерекше мәнге ие. Әсіресе әйелдердің бас киімі олардың жасын, отбасылық жағдайын және әлеуметтік мәртебесін білдіріп отырған. Мәселен, бойжеткен қыздар үкілі тақия немесе бөрік киген. Ұзатылған қыздың ең сәнді бас киімі – сәукеле. Бұл бас киім тек салтанатты той рәсімінде киіліп, оның әшекейі қыздың әлеуметтік жағдайын көрсеткен.
Ал әйел адам тұңғышын дүниеге әкелгеннен кейін кимешек кие бастаған. Этнографиялық деректерге қарағанда, кимешек – қазақ әйелінің ең қасиетті бас киімдерінің бірі. Оның кестесіне, пішіміне, әшекейіне қарап әйелдің қай өңірден шыққанын, жасын, тіпті отбасылық жағдайын, руын да анықтауға болған. Мәселен, жас келіндердің кимешегі көбіне түрлі-түсті жіппен кестеленіп, маржан немесе күміс әшекейлермен безендірілген. Ал жасы ұлғайған аналардың кимешегі қарапайымдау болып келген. Кейбір өңірлерде кимешектің кестесіне қарап әйелдің жесір екенін немесе тұрмыста екенін де ажыратқан. Бұл дәстүр қазақ қоғамында киімнің ақпараттық қызмет атқарғанын да көрсетсе керек.
Ою-өрнек – халықтың тілі
Қазақтың ұлттық киімін ою-өрнексіз елестету мүмкін емес. Ою-өрнек – халықтың дүниетанымы мен эстетикалық ойлау жүйесінің көрінісі.
Этнографтар ою-өрнек адамның қиялынан туып, табиғатпен үндесіп дамығанын айтады. Қазақ халқы табиғаттағы құбылыстарды, жан-жануарларды және өсімдіктерді бейнелей отырып, өз дүниетанымын өрнек тілімен жеткізген.
Мысалы:
қошқармүйіз – байлық пен молшылықтың белгісі;
құсқанат – еркіндік пен биіктік нышаны;
қазмойын немесе аққумойын – махаббат пен нәзіктіктің символы;
өсімдік өрнектері – өсіп-өну мен берекенің белгісі болған.
Зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ою-өрнегі белгілі бір қатаң ережеге бағынбайды. Ол көбіне шебердің қиялына, көңіл-күйіне және айтқысы келген ойына байланысты пайда болған. Сондықтан ою-өрнек – халықтың эстетикалық мәдениетін ғана емес, рухани дүниесін де көрсететін ерекше тіл.
Ұлттық киімнің түрлері
Қазақтың дәстүрлі киімдері бірнеше топқа бөлінеді: күнделікті тұрмысқа арналған, салтанатты жағдайда киілетін және маусымдық киімдер.
Ерлер киімі: шапан, тон, шекпен, тымақ, бөрік, саптама етік,
Әйелдер киімі: камзол, көйлек, сәукеле, желек, кимешек, шылауыш, тақия, бөрік.
Сонымен қатар қыз балалардың бас киімдері де ерекше сәнделген. Үкілі тақия қазақ қоғамында қыздың сұлулығы мен еркіндігін білдіретін символ болған.
Этнографтар бұрын әр жас кезеңіне сәйкес арнайы киім үлгісі болғанын айтады. Бұл қазақ қоғамындағы тәртіп пен мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді.
Киімдегі үйлесім мәдениеті
Қазақ шеберлері киімді безендіруде белгілі бір үйлесімді сақтаған. Киімнің барлық жеріне ою жапсыра беру дәстүрде болмаған. Мысалы, кейбір өрнектер киімнің етегіне, кейбірі өңіріне немесе жеңіне ғана салынған. Ерлер мен әйелдер киіміндегі өрнектер де бір-бірінен ерекшеленген. Ерлер киіміндегі өрнектер көбіне батырлық пен беріктікті білдірсе, әйелдер киімінде нәзіктік пен әсемдік бейнеленген.
Сондықтан ұлттық киімнің құндылығы тек өрнегінде емес, оның пішімі, матасы және жалпы эстетикалық үйлесімінде жатыр.
Ұлттық киімнің қазіргі заманға бейімделуі
Қазіргі сән индустриясында этностиль ерекше бағытқа айналып келеді. Дизайнерлер ұлттық элементтерді заманауи киім үлгілерімен үйлестіріп, жаңа сәндік бағыт қалыптастыруға ұмтылып жүр.
Мамандардың айтуынша, ұлттық киімді күнделікті өмірге енгізу үшін оның пішімін қазіргі заман талабына бейімдеу маңызды. Ыңғайлы, ықшам және минимализм стиліндегі киімдер жастар арасында сұранысқа ие.
Сондықтан бүгінгі дизайнерлер дәстүрлі элементтерді сақтай отырып, ұлттық киімді жаңа форматта ұсынуға тырысып келеді. Бұл үрдіс ұлттық мәдениетті жаңғыртудың бір жолы ретінде бағаланып отыр.
Ұлттық киім – ұлттың бренді
Қазақтың ұлттық киімі – тек тарихи мұра ғана емес, болашаққа бағытталған мәдени ресурс. Әлемдік сән кеңістігінде ұлттық стильдер ерекше құндылыққа айналып отыр.
Кейбір этнодизайнерлердің пікірінше, ұлттық киімді дамыту – тек сән саласының емес, ұлттық мәдениеттің дамуына әсер ететін маңызды бағыт. Өйткені әр халықтың өзін әлемге танытатын ерекше мәдени белгісі болады. Өзбектің ала шапаны немесе жапонның кимоносы сияқты қазақтың да ұлттық киімі әлемдік мәдени кеңістікте танылатын брендке айналуы мүмкін.
Ұлттық киім – ұлт жадының айнасы
Қазақтың ұлттық киімі – халықтың тарихын, дүниетанымын және эстетикалық мәдениетін сақтаған баға жетпес мұра. Онда ата-бабаның тұрмыс-тіршілігі, табиғатпен үйлесімді өмір салты және рухани құндылықтары көрініс тапқан.
Бүгінгі қоғам үшін ұлттық киімді жаңғырту – өткенге оралу емес, тарихи сабақтастықты сақтау. Дәстүр мен заманауи сәнді үйлестіре отырып, ұлттық киім мәдениетін дамыту – ұлттық болмысты сақтаудың маңызды жолдарының бірі.