Алаш Орда мен чехословак корпусы арасындағы өзара байланысы

Автор:
06.03.2026
249
Алаш Орда мен чехословак корпусы арасындағы өзара байланысы - e-history.kz

ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін рухани жаңғыру мен саяси серпілістің дәуірі болды. Ұлттық идеяның қалыптасуы, еркіндікке деген ұмтылыстың күшейіп, ел тағдырын айқындайтын сәт туды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен артынан келген Қазан төңкерісі Ресей кеңістігін аласапыранға салғанда, қазақ зиялылары елін сақтап қалу үшін жаңа саяси жол іздеді. Сол кезеңде құрылған Алаш Орда үкіметі халықтың мүддесін қорғауды мұрат тұтып, түрлі күштермен байланыс орнатуға ұмтылды. Солардың ішінде Ресей жерінде пайда болған Чехословак корпусы ерекше орын алды. Әуелде Антанта елдерінің мүддесін көздеп құрылған бұл әскери құрылым уақыт өте азамат соғысының шырғалаңында қазақ даласының тағдырына да ықпал еткен саяси факторға айналды. 

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Ресейдегі саяси жағдай түбегейлі өзгерді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Австро-Венгрия армиясынан тұтқынға түскен чех пен словак жауынгерлерінен құрылған Чехословак корпусы бастапқыда Антанта жағына қосылып соғысуға ниеттенді. 1918 жылдың басында Брест бітімінен кейін, бұл 50 мыңдық әскери корпус Францияға өту үшін Ресей аумағы арқылы Қиыр Шығысқа жөнелтілді. Алайда жолда Кеңес өкіметі оларды қарусыздандыруға шешім қабылдап, 1918 жылғы мамырдың соңында Лев Троцкий тиісті бұйрық береді. Бұл шешім легионерлердің наразылығын тудырып, қарсылыққа ұласты. 17 мамыр күні Челябинск стансасында алғашқы қақтығыс болып, чехословактар тұтқынға түскен жолдастарын босатып алу үшін большевиктерге қарсы қару қолданды.Осы оқиға кейінгі қарулы қақтығыстардың басталуына түрткі болып, кейбір деректерде Азамат соғысының тұтануына себеп болған оқиға ретінде бағаланады. 25 мамырда Кеңес өкіметінің Чехословак корпусын толық қарусыздандыру әрекеті сәтсіздікке ұшырап, корпустың барлық эшелондары көтеріліске қосылды. Бұл қарулы қозғалыс қысқа мерзімде Поволжье, Орал, Сібір және Қиыр Шығысқа жайылып, кеңес билігіне қарсы кең ауқымды майданның қалыптасуына әкелді. 

Чехословак корпусының көтерілісі хақында «Қазақ» газетіндегі  1918 жылғы «Орынбор 23 июл» атты мақалада: «Совет хүкіметі үшін аяқ-астынан Чех-Словак дейтін тағы бір жау шыға кетті. Чех-Словак дегеніміз – соғыста қолға түскен Австрия әскерлері арасынан шыққан орыс халқына қан жағынан жақындығы бар халық... Ресейдің жан-жағында бас көтерген атты казактар қимылын көріп, жұрттың болшевиктен жеңсігі басылған кезде бұлар қозғала бастағанын Совет хүкіметі сезіп, «құралыңды бер!» десе де олар бермеді, соғысты. Аз күн ішінде Ново-Никлоаевск – Омск – Қорған – Челябі – Самара– Сызрань шаһарларын өз қолдарына қаратып, ондағы елдерді большевик тепкісінен құтқарды»[1, 48 бет]– деп келтірілген.                         

1918 жылғы Чехословак корпусының көтерілісі қазақ даласына да жетті. Солтүстік пен Батыстағы теміржол бекеттері мен шаһарларда қақтығыстар өршіп Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай секілді қалалар кеңестік биліктен айырылды. Осы кезеңде алаштың ақсұңқар ақыны, педагог, әдебиетші әрі аудармашы Мағжан Жұмабаев Омбы қаласында Сәбдеп аталған большевиктік биліктің қолына түсіп, тұтқынға алынады. Алайда, чехословак көтерілісінің нәтижесінде ол абақтыдан босап шығады. Ақын өмірінің осы бір ауыр кезеңі оның «Көк теке» және «Төбет» атты ащы мысқылға толы өлеңдерінде көрініс тапқан. Ақынның мысқылы большевиктерге еріп кеткен қазақтарға және большевиктерге бағытталған еді.Ақынның бұл өлеңдеріне дәл сол оқиғалар арқау болғаны хақында қазақтың жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов өзінің «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетті» атты монографиясында: «Төңкерістің бастапқы кезінде, Сібірде нашар ұйымдасқан Сәбдеп, 1918 жылдың май айында,  чехословактардың  күшімен құлады.  Мағжандар абақтыдан шықты. Оларша «ақ түйенің қарны қайтадан жарылды... Мағжанның  Колчак  тұсындағы шығармаларын  кейінге қалдырып,  құлаған  Сәбдепті не  деп жырлағанын айтайық: «Төбет» деген өлеңінде Мағжан қазақтан ол кезде бәлшебекке жазылғандарды төбет қып көрсетеді де, чехтардың аударысын дауыл қып көрсетеді»[2, 207 бет]. Осылайша, ақын шығармашылығында тарихи оқиғаларға тікелей үн қату, әлеуметтік жағдайға көркем баға беру айқын аңғарылады.

Семейде де өкімет төңкеріліп, билік ақ күштердің қолына өтті.Бұл дүрбелең Орал мен Орынбор маңын да қамтыды. Дутовтың казактары қаланы уақытша басып алып, Түркістанды Мәскеуден оқшаулады. Чехословактар Солтүстік Қазақстан арқылы өтетін Транссібір магистралін өз бақылауына алып, жаз бойы кең аумақты биледі.Алаш қайраткерлері бұл толқуды жіті бақылап, кеңестік биліктің әлсіреуін тарихи мүмкіндік деп бағалады. Чехословак корпусының қозғалысы мен казактардың көтерілісі қазақ даласында большевиктердің ықпалын бәсеңдетіп, Алаш Орданың саяси сахнада айқын көрінуіне жол ашты.                  

Ал «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы  45 санындағы «Бүгінгі күн» атты мақаласында чехословак көтерілісінің себептері турасында: «Чехословак – Австро-Венгрия қол астындағы біздің орыстың туысқаны. Бұлар үш жыл болған соғыста бізге қолға түскен.Керенский бар заманында бұларды әскер бөлімі жиған. Бұлар жауға қарсы бізбен бірігіп соғыспақ болған.100-700 мың болатын. Хүкіметшілдікті большевик... біздің майдан адыра қалған соң, бұларды Владивосток, Америка артелі, француз майданына жібермек болған. Мұны Германия біліп, болшевиктен сұраған, чехословакты қару жарағын алып, тарат деп. Ұлтын сатқан антұрған жаудың айтқанын қылмақ болған. Мұны біліп чехословак қару-жарақты әскер аяғынан алып қарсы өре түрегелген. Бұларға ұлтшыл тамам қалалардағы ұйымдар қосылған. Біздің Семейдегі қазақ азаматтары қосылып іс қылған. Іріген-шіріген Семей болшевигі қазақ әскерінің қоқан-лоқы дүмпуімен қашқан» [3, 428 бет]- деген дерек келтірілген. Чехословак көтерілісінің тарихын сипаттай келе, «Сарыарқа» газеті оны большевиктер бастаған озбыр күшке қарсы  жолындағы қозғалыс ретінде бағалады. Чехословак әскері большевик билігінің қысымына қарсы қаруланып шыққанда, олардың ісін Алаш азаматтары да қолдап, рухтас көрді. ӨйткеніАлаш зиялылары үшін әрбір бодан халықтың азаттыққа ұмтылысы  өздерінің ұлттық арман-мақсатымен үндес еді. Олар чехословактардың қару-жарақ тапсыру талабына көнбей, азаттық рухын сақтап қалуын ұлт намысын сатпау деп түсінді. Ал большевиктерді – «антұрған жау», халық мүддесін сатқындықпен айырбастаған билік ретінде сынады. Семейдегі қазақ азаматтарының бұл қозғалысқа қатысуы – Алаш идеясының тірі күшке айналғанының айғағы болды.                                                               

Алаш Орда қозғалысының еркіндікке ұмтылысы мен олардың чехословак корпусы легионерлерімен ортақ мүдде жолындағы одақтастығын айғақтайтын деректердің бірі – 1921 жылы Прагада жарық көрген профессор Индржих Дворжактың «Қазақтар арасында» («U kirgizu») атты еңбегі. Бұл кітап автордың қазақ даласында болған саяхатшы әрі чехословак легионері ретіндегі тәжірибесіне негізделген және бүгінгі күнге дейін ғылыми айналымға енбеген беймәлім туынды. И.Дворжактың бұл кітабы Қазақстанның жаңа тарихына қатысты құнды деректерді қамтыған, аса сирек кездесетін мәдени-тарихи куәлік. Кітаптың ең басты ерекшелігі онда Кеңес өкіметі орнамай тұрған кезеңдегі Қазақстанның жалпы саяси-әлеуметтік ахуалының айқын суреттелуімен қатар, сол дәуірдегі мәдени-этнографиялық болмысының шынайы бейнеленуінде. Бұл тұрғыдан алғанда, аталмыш еңбек – қазақ халқының тұрмыс-салт дәстүрін, ұлт ретіндегі өзгешелігі мен рухани-діни құндылықтарын, тілдік және мәдени өрнегін ғылыми сипаттап берген бағалы дереккөз.

 И.Дворжактың «Қазақтар арасында» кітабы

Осыған қоса, кітапта бұған дейін еш жерде жарияланбаған қазақ жерінің картасының келтірілуі мен қазақ өмірінен хабардар етер 19 бірегей  суреттердің енуі  оның тарихи маңызын арттыра түсетін жайт. Мұндай картографиялық дерек сол дәуірдің геосаяси көрінісін зерттеу үшін бірегей материал саналады.Тағы бір назар аударарлық дерек  автордың 1918 жылы Омбы қаласында Алаш Орда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханмен, сондай-ақ Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері Айдархан Тұрлыбай мен Уәлитхан Танашпен жүздескенін сипаттауы.

Бұл кездесу – Алаш Ордамен  чехословак легионерлерінің ортақ мүддеге негізделген байланысының нақты дәлелі ретінде ерекше құнды.   И.Дворжак бұл оқиғаны кітабында: «Қазақтармен «ресми деңгейдегі» алғашқы байланысым Омбы қаласында орнады(1918 жыл). Ол кезде әңгіме Чех армиясы үшін Ресейден жылқы жеткізу туралы болатын және сол себепті маған қазақ халқының өкілдерімен қарым-қатынас құруға тура келді.Алғашында біз қазақтармен келіссөз жүргізу ісі олардың дәстүрлі ру басшыларымен өтеді деп топшыладық өйткені ондай тұлғалармен күнделікті жүздесіп жүрген едік.Сол себепті де алғашқы ресми кездесуде болған жайт мені айтарлықтай таң қалдырды.Белгіленген уақытта алдымызға үш зиялы тұлға келді.Түр-тұлғасынан қазақ екенін аңғартып тұрса да, олардың еуропаша киімі, мәдениеттілігі, сыпайы сөйлесуі мен қоғамдық этикетті еркін меңгергені бізге ерекше әсер етті.Олардың бірі - Алаш Орда үкіметінің төрағасы, білікті заңгер Әлихан Бөкейхан болатын. Қасындағы екеуі  осы үкіметтің мүшелері, Петербург университетін тәмамдаған Айдархан Тұрлыбайұлы мен  Уәлитхан Танаш»[4, 66 бет]- деп сипаттайды. Сонымен қатар И. Дворжактың естелігінде Әлихан Бөкейханмен болған әңгімеден бір ерекше оқиға айрықша аталады. Ол: «Мені тебіренткен бір ерекше сәт сол кезде орын алды: Әлихан Бөкейхан өз халқының ғасырлар бойы тартқан қайғы-қасіретін чехословак ұлтының азабымен салыстырды. Ол қазақ даласының тәуелсіздігін аңсайтынын айтып, алыстағы чех халқымен арада сан мыңдаған шақырым жатқан алшақтықтың жүрегін мұңға бөлейтінін бүкпесіз жеткізді»[4, 66 бет] – деп жазады. Бұл айтылғандар ұлт көсемінің өр мінезін ғана емес, сонымен қатар қазақтың тәуелсіздік аңсарын өзге халықтардың бостандық жолындағы күресімен үндестіре бағалай білген саяси даналығын да айқындайды.

И.Дворжактың Алаш Орда үкіметімен кездесуі

И. Дворжак келтірген мәліметтерге сүйенсек, Алаш Орда үкіметі чехословак көтерілісін қолдап, олардың большевиктерге қарсы күресін жылқы және қару-жарақпен қамтамасыз етуге талпынғаны аңғарылады. Дәйегімізді чехословак корпусының басқа легионері Франтишек Шип растайды. Франтишек Шип «Біздің Сібір армиясының шаруашылығы туралы бірнеше тарау» атты мақаласында: «Большевиктер елеулі артықшылыққа ие болды: олардың өздерінің атты әскері бар еді, әрі олар біздің тылға терең еніп, бөлімдерімізге шабуыл жасап, шегінер жолдарды кесіп тастады. Әскердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде қаржы мен сатып алу құралдары бөлінді. Бұл істе бізге урал казактары, ішінара оренбургтықтар, сондай-ақ башқұрттар мен қазақтар жәрдемдесті. «Алаш Орда» деп аталған қазақ үкіметінің төрағасынан, оны мен Омбыдан білетінмін, Уфадағы кездесуде 2000 жылқыны әкетуге рұқсат алуға қол жеткіздім, олар бізге Семей уезінен жеткізілді. Бұл жөнінде келіссөздер жүргізіліп, уағдаластық Уфадағы мұсылман діни басқармасы ғимаратында жасалды. Бұдан артық бере алмады, өйткені олар екі ерікті атты әскер полкін жасақтап жатқан еді»[5, 87 бет]- деген дерек келтіреді.    

«Қазақтар мен чехословак легионерлері» Павлодар, 1918 жыл

Чехословак корпусы Алаш автономиясын одақтас ретінде таныған бұған дәлел ретінде чехословак легионерлерінің  баспасөздерінде Алаш Орда билігін бірнеше  рет атап  өткен. Мысалы чехословак корпусының легионері әрі жазушы Павел Финк өзінің «Қазақтар және шехтер» атты мақаласында: «...күллі халықтың да, діннің де хас жауы болған большевиктерге қарсы, бүкіл қазақ халқы Алаш Орданың бастауымен күресіп жатыр»[6, 95-96 бет]-деген. Сонымен қатар Алаш Орда үкіметімен Чехословак легионерлерінің большевиктерге қарсы бағытталған бірлескен күресін Францияның деректері де растайды. Мәселен, 1918 жылғы «Le temps» газетінде: «Чехословактар казактармен және қазақтармен бірге Омбыны басып алып, кеңес әскеріне ауыр шығын келтірді»[7] делінсе, сол жылы шыққан «La Croix des Alpes et de Provence» газетінде: «Чехословактар қазақтар және казактардың көмегімен Сібірдің басты қалаларының бірі - Омбыны басып алды. Сондай-ақ олар Транссібір теміржолының ең маңызды станцияларының бірі - Самараны да қолға түсірді. Олар Ресейді Сібірден бөліп тастады»[8]- делінген. 

Ұсынылған деректерді саралай отырып, Алаш Орда үкіметінің іргелі мемлекет құру қағидаттарына берік болып, демократиялық даму жолынан айнымағанын көруге болады. Сонымен қатар, тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне тап болған чехословак корпусымен орнаған уақытша одақ та айрықша мәнге ие. Бұл ынтымақтастық ең алдымен большевиктік билікке қарсы күресте ортақ мүдденің тоғысуынан туған еді. Чехословак әскерлері Сібір мен қазақ даласында кеңестік биліктің әлсіз тұстарын шайқалтып, Алаш Ордаға еркіндікке жету үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.Сонымен бірге қазақ жерінде болған чехословак легионерлерінің қалдырған естеліктері мен еңбектері айрықша тарихи әрі этнографиялық маңызға ие. Бұл деректер сол бір аласапыран кезеңнің әлі күнге дейін зерттелмей келген қырларын ашып, беймәлім тұстарын толықтыра түсетін құнды құжаттар ретінде қарастырылуы тиіс.                                                                                             

Осы одақ Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын айқындап қана қоймай, оның сыртқы күштермен байланыс орнатудағы қабілетін де көрсетті. Чехословак легионерлерімен серіктестік арқылы Алаш Орда өз заманының халықаралық ахуалынан тыс қалмай, геосаяси ойынның белсенді қатысушысына айналды. Бұл жағдай Алаш қайраткерлерінің ұлттық мүддені қорғауда батыл әрі прагматикалық қадамдарға барғанын дәлелдейді.Оған қоса аталған одақ қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы саяси ойлау деңгейін және ұлттық тәуелсіздікті қамтамасыз етудегі көрегендік ұстанымдарын айқындай түсті. Олар халықаралық әріптестікті уақытша әскери-саяси қажеттілік ретінде ғана емес, болашақта елдің дербес даму бағытын айқындайтын маңызды тәжірибе ретінде қабылдады. Бұл ынтымақтастық ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының әлемдік тарихи үдерістермен байланысын айқын көрсететін жарқын дәлел болып саналады.

Дінмұхамед БАЙЖҰМА

гуманитарлық ғылымдар магистрі, зерттеуші

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Қазақ» газеті.1918 жыл және басылым туралы/ Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаева.- Алматы: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2023.-440 бет.
  2. Классикалық зерттеулер:Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012.Т.7:  Мұқанов  С. ХХ  ғасырдағы  қазақ әдебиеті.  І  бөлім (Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі) – 420 бет
  3. «Сарыарқа» газеті.1917-1919 жж. /Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаева, А.Мырзағали -Алматы: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2023.- 808 бет.
  4. Jindrich Dvorak.U Kazachů — Praha: Česká grafická Unie, 1921.- 70 stránek
  5. František Šíp. “Několik kapitol o hospodářství naší sibiřské armády” Roč. IV. Naše revoluce. Sv.1. 87 с.
  6. Pavel Fink, Bílý admirál, «Kirgizy a Šichy», 1921 г.
  7. Le Temps, 22 juin 1918
  8. La Croix des Alpes et de Provence, 30 juin 1918
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз