Ұлы жасыл қорған: шөлейттенуге қарсы жаһандық күрес

Автор:
18.02.2026
2309
Ұлы жасыл қорған: шөлейттенуге қарсы жаһандық күрес - e-history.kz

Сурет: greatgreenwallafrica

XXI ғасырда экологиялық қауіпсіздік мәселесі әлемдік саясат пен экономикадан кем түспейтін стратегиялық тақырыпқа айналды. Климаттың жылынуы, жер ресурстарының шамадан тыс пайдаланылуы және ауыл шаруашылығының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан миллиондаған гектар құнарлы алқаптар шөлейттеніп, тіршілікке жарамсыз аймаққа айналуда. Бұл құбылыс тек табиғи тепе-теңдікке емес, азық-түлік қауіпсіздігіне, көші-қон үдерістеріне және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Осындай жаһандық сын-қатерге жауап ретінде Африка құрлығында ауқымды әрі батыл бастама «Ұлы жасыл қорған» жобасы қолға алынды. Сахараның оңтүстік белдеуінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба тек ағаш отырғызу акциясы емес, тұтас аймақтың экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығын қалпына келтіруге бағытталған кешенді стратегия ретінде қарастырылады.

Ұлы жасыл қорған (Great Green Wall) – Африка одағы бастамашы болған, Сахара шөлінің оңтүстікке қарай таралуына және Сахель аймағындағы жердің деградациясына қарсы бағытталған ірі экологиялық жоба. Ресми түрде бастама 2007 жылы Африка одағы саммитінде мақұлданды. Алайда оның идеялық негізі одан әлдеқайда ертерек, 1970–1980 жылдары Сахель белдеуін шарпыған жойқын құрғақшылық кезеңінде қалыптасты. Сол жылдары Мали, Нигер, Чад, Буркина-Фасо секілді елдерде жауын-шашын күрт азайып, мал қырылып, егін шықпай, миллиондаған адам аштық пен көші-қонға мәжбүр болды. Бұл экологиялық дағдарыс шөлейттену проблемасын тек табиғи құбылыс емес, қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық мәселесі ретінде қарастыруға итермеледі.

Бастапқы тұжырымдама өте символдық сипатта ұсынылып, Сенегалдан Джибутиге дейін созылатын, ұзындығы шамамен 7–8 мың шақырым, ені орта есеппен 15–16 шақырым болатын біртұтас орман белдеуін отырғызу жоспарланды. Яғни Атлант мұхитынан Қызыл теңізге дейін созылатын «жасыл қабырға» арқылы Сахараның оңтүстікке жылжуын тежеу көзделді. Бұл идея қоғамдық пікірде үлкен қолдау тапты, себебі ол қарапайым әрі түсінікті метафораға – «шөлге қарсы жасыл тосқауылға» негізделген еді. Алайда уақыт өте келе ғалымдар мен сарапшылар үздіксіз ағаш қабырғасын тұрғызу шынайы экожүйелік процестерге сәйкес келмейтінін атап көрсетті. Сахара – табиғи шөл, оны «тоқтату» мүмкін емес, ал Сахель аймағындағы мәселе көбіне жердің антропогендік тозуымен байланысты. Сондықтан жоба стратегиясы қайта қаралып, ол кең ауқымды ландшафтық қалпына келтіру бағдарламасына айналды. Енді мақсат тек ағаш отырғызу емес, топырақты қорғау, жерді ұтымды пайдалану, су ресурстарын тиімді басқару, агроорман шаруашылығын дамыту, жайылымдарды қалпына келтіру сияқты кешенді шараларды қамтиды.

Бүгінде Ұлы жасыл қорған бастамасы Африка құрлығының батысынан шығысына дейін созылған Сахель белдеуін қамтитын 20-дан астам елдің ортақ жобасына айналды. Оның стратегиялық мақсаттары да нақты айқындалып, 2030 жылға қарай деградацияға ұшыраған 100 миллион гектар жерді қалпына келтіру, атмосферадан шамамен 250 миллион тонна көмірқышқыл газын сіңіру және ауылдық өңірлерде кемінде 10 миллион жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл межелер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен де үндес келеді және жобаның тек экологиялық емес, әлеуметтік маңызын да айқындайды.

Сахель аймағында халық саны жыл сайын артып келеді. Ал жердің тозуы мен өнімділіктің төмендеуі ауыл шаруашылығына тәуелді қоғамдар үшін тікелей қауіп. Топырақтың құнарсыздануы азық-түлік тапшылығына, кедейліктің өсуіне, мәжбүрлі көші-қонға әкелуі мүмкін. Сондықтан Ұлы жасыл қорған бастамасы жерді қалпына келтіру арқылы ауылдық қауымдастықтардың табысын арттыруды, жергілікті экономиканы жандандыруды және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді де көздейді. Алайда мұндай ауқымды бастаманы жүзеге асыру оңай болған жоқ. Қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі, кей елдердегі саяси тұрақсыздық, қауіпсіздік мәселелері, климаттың қаталдығы және отырғызылған көшеттердің бәрінің бірдей жерсінбеуі жобаның қарқынын тежеді. Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары ондаған миллион гектар аумақта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенімен, бастапқыда жоспарланған толық көлемге 2030 жылға дейін жету күрделі міндет болып отыр. Жоба барысында «жаппай ағаш отырғызу» тәсілінен гөрі, табиғи экожүйені қалпына келтіруге, жергілікті түрлерді сақтауға және қауымдастықтарды тартуға басымдық берудің тиімді екені анықталды. Сонымен бірге климатологтар мен экожүйе зерттеушілері Ұлы жасыл қорғанның ықтимал жанама әсерлерін де зерделеуде. Теориялық модельдер бойынша, жасыл жамылғының ұлғаюы жергілікті микроклиматқа ықпал етіп, жауын-шашын мөлшерін арттыруы және жазғы аптапты әлсіретуі мүмкін. Алайда кей сценарийлерде маусымдық температуралық режимнің өзгеруі ықтимал екені де айтылуда. Сондықтан бұл бастама тек отырғызылған көшеттердің санымен өлшенбейді. Ол ұзақ мерзімді ғылыми мониторингті, климаттық модельдеуді және бейімделу стратегияларын талап ететін күрделі жүйе болып отыр.

сурет: www.unccd.int

Осы тұжырым Қазақстан жағдайында да айрықша өзекті. Егер Африка елдері Сахель белдеуіндегі жердің тозуымен күрессе, Қазақстан ХХ ғасырдың ең ауыр экологиялық дағдарыстарының бірі – Арал теңізінің тартылу салдарымен бетпе-бет келді.

Арал теңізінің тартылуы халықаралық деңгейде экологиялық апат ретінде танылған. Кең көлемдегі суармалы егіншілік саясатының салдарынан теңіз суы күрт азайып, оның табаны миллиондаған гектарға ашылып қалды. Құрғаған теңіз түбінен жыл сайын жүз мыңдаған тонна тұз бен шаң көтеріліп, жел арқылы жүздеген шақырымға тарайды. Бұл құбылыс тек Қызылорда облысының экожүйесіне ғана емес, көрші аймақтар мен мемлекеттерге де әсер ететін трансшекаралық проблемаға айналды. Қазақстан аумағында құрғаған Арал табанының көлемі шамамен 2,8 миллион гектарды құрайды, ал теңіздің жалпы құрғаған аумағы 6 миллион гектарға жуық деп бағаланады. Мұндай алып кеңістікті табиғи жолмен қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан мемлекет фитоорманмелиорациялық әдісті таңдады. Яғни сексеуіл және тұзға төзімді өзге де галофит өсімдіктерін жүйелі түрде отырғызу арқылы топырақты бекіту.

сурет: gov.kz

Сексеуіл – шөлге бейімделген ерекше өсімдік. Оның тамыр жүйесі тереңге кетіп, құм мен тұзды топырақты бекітеді. Ғылыми деректер бойынша, сексеуіл алқаптары жел эрозиясын едәуір төмендетіп, шаң-тұз дауылдарының жиілігін азайтуға ықпал етеді. Бұл тәсіл экожүйені толық қалпына келтірмесе де, экологиялық зардапты айтарлықтай жұмсартуға мүмкіндік береді.

Арал табанын көгалдандыру жұмыстары 2000-жылдардың ортасынан бастап жүйелі сипат ала бастады. Ал соңғы жылдары жоба айтарлықтай қарқын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында 1,1 миллион гектар аумаққа сексеуіл екпелерін қалыптастыру міндеті қойылды. Соңғы төрт жылда жүздеген мың гектар жерге көшет отырғызылып, тұқым себу жұмыстары жүргізілді. Арнайы тұқымбақтар құрылып, механикаландырылған техника мен дрон арқылы себу әдістері де енгізілуде. Бұл жоба тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – шаң-тұз дауылдарын азайту, халық денсаулығын қорғау, топырақтың одан әрі тозуын тежеу және өңірдің экологиялық жағдайын тұрақтандыру. Сонымен қатар ол халықаралық деңгейде де қолдау тауып отыр. Дүниежүзілік банк және өзге серіктестер экологиялық бастамаларды қаржыландыруға қатысуда. Арал табанын көгалдандыру – Қазақстанның шөлейттенумен күрестегі нақты әрі ауқымды қадамы. Бұл жоба Ұлы жасыл қорған секілді жаһандық бастамалармен мазмұндық тұрғыда үндеседі. Екі жағдайда да мәселе шөлді «жоюда» емес, адам әрекеті салдарынан тозған жерді тұрақтандыру мен болашаққа қауіпсіз орта қалыптастыруда жатыр.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз