Қазақстан аумағындағы көне дәуірлердің жаңа қырларын ашатын археологиялық олжалар қоғам назарына қайта ұсынылып отыр. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Президент орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесі еліміздің ежелгі тарихын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми-танымдық алаң ретінде ашылды.
Экспозицияның басты мақсаты – 2025 жылғы далалық археологиялық зерттеулердің нәтижелерін, соның ішінде табылған бірегей жәдігерлерді көпшілікке таныстыру. Көрме тас дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кең хронологиялық кезеңді қамтып, Қазақстан аумағында өркениеттік дамудың үздіксіз жалғасқанын дәлелдейтін ғылыми деректерді ұсынады.
Көрменің ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ұлттық тарихтың маңызына тоқталып:
«Мемлекет ұлттық тарихқа ерекше назар аударып отыр. Оны бірегейліктің негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырады. Жаңа Конституция жобасының преамбуласындағы «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөйлем – соның айғағы», – деді Мемлекеттік кеңесші көрменің ашылу рәсімінде», - деп атап өтті.

ҚР Президентінің ресми сайты хабарлағандай, көрмеде алғаш рет тас дәуіріне тиесілі бірегей олжалар кеңінен ұсынылған. Олардың қатарында Жетісу аумағынан табылған ерте палеолит кезеңіне жататын «Тянь-Шань ориньяк» мәдениеті, Ертіс маңындағы кейінгі мезолит дәуірін сипаттайтын «Шідерті мәдениеті» секілді ірі ғылыми жаңалықтар бар. Сонымен қатар Атырау облысындағы Тайсойған құмдарынан табылған энеолит дәуірінің артефактілері далалық өңірлерде ежелгі тұрғындардың тіршілігі мен шаруашылығы туралы тың мәлімет береді.
Сақ-сармат кезеңіне арналған бөлімде археологиялық деректер негізінде көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қалыптасу үдерісі көрнекі түрде көрсетілген. Бұл материалдар Қазақстан аумағында әртүрлі мәдени дәстүрлердің өзара ықпалдасып, күрделі әлеуметтік құрылымдардың қалыптасқанын дәлелдейді.
Орта ғасырларға арналған бөлім қимақтар мен оғыздар мәдениеті, сондай-ақ Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері арқылы сол кезеңдегі саяси және мәдени байланыстарды айғақтайды. Экспозицияда ортағасырлық қалалық мәдениет, сауда орталықтары және керуен жолдары туралы материалдар ұсынылып, Ұлы Жібек жолының Қазақстан тарихындағы рөлі кеңінен ашылады.
Көрмені аралау барысында Ерлан Қарин қазіргі уақытта дайындалып жатқан «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымға осы археологиялық жаңалықтардың енгізілетінін атап өтті.
Көрменің ерекшелігі – оның заманауи форматында. Интерактивті экрандар арқылы археологиялық нысандардың цифрлық модельдері, қазбалардың стратиграфиясы, зертханалық зерттеу нәтижелері мен халықаралық жобалар таныстырылады. Мұндай тәсіл көрмені дәстүрлі экспозиция шеңберінен шығарып, келушілерді ғылыми зерттеу үдерісіне жақындататын танымдық орта қалыптастырады.
«Қазіргі таңда «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылым әзірленіп жатыр. Көрмеге қойылған жәдігерлердің дені, сондай-ақ салада соңғы жылдары қол жеткізілген жетістіктер мен жаңалықтар аталған еңбектің 1 миллион жылдық тарихи кезеңді қамтитын бірінші томына енгізілетін болады», – деді көрме жұмысымен танысқан Ерлан Қарин.
Экспозицияда Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының соңғы жылдардағы зерттеу нәтижелерімен қатар, еліміздің жетекші музейлері мен ғылыми ұйымдарының қорларынан алынған сирек археологиялық жәдігерлер ұсынылған.
«Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесі ғылыми жаңалықтарды таныстырумен ғана шектелмейді. Ол Ұлы даланың мыңжылдықтар қойнауынан жеткен мәдени сабақтастықты түсінуге, тарихи сананы жаңғыртуға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға қызмет етеді. Археологиялық деректер арқылы өткеннің күрделі қабаттары ашылып, Қазақстан тарихының әлемдік өркениет кеңістігіндегі орны айқындала түседі.