Олимпиада ойындарының тарихы

Автор:
11.02.2026
4634
Олимпиада ойындарының тарихы - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Биыл XXV қысқы Олимпиада ойындары Италияда өтіп жатыр. Милан мен Кортина-д'Ампеццо қалаларындағы дүбірлі додада әлем елдерінің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қысқы спорт түрлерінен бақ сынауда. Олимпиада бүгінгі таңда заманауи спорттың ең беделді бәсекелерінің бірі саналады. Алайда бұл ойындардың тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Ендеше сол жөнінде толығырақ тарқатып жазайық.

Олимпиада ойындарының тарихы шамамен үш мың жыл бұрын бастау алады. Алғашқы жарыстар ежелгі Грекияның Пелопоннес түбегіндегі Олимпия қаласында, найзағай мен аспан құдайы Зевстің құрметіне ұйымдастырылған. Олимпия сол дәуірде діни әрі мәдени орталық саналып, онда Зевске арналған алып ғибадатхана орналасқан. Тарихшылар алғашқы ресми тіркелген Олимпиада б.з.д. 776 жылға тиесілі деп есептейді. Сол жылы стадионға жүгіру жарысында Элида өңірінің тұрғыны Кореб есімді аспаз жеңімпаз атанғаны жөнінде ежелгі дереккөздерде жазылған. Дәл осы оқиға кейін Олимпиада дәстүрінің басталу нүктесі ретінде қабылданды.

Ежелгі Олимпиада әр төрт жыл сайын өткізілген. Бұл төрт жылдық кезең «олимпиада» деп аталып, уақыт өлшемі ретінде қолданылған. Тіпті грек тарихшылары оқиғаларды белгілі бір олимпиаданың аясында сипаттап отырған. Алғашқы ойындардың бағдарламасында бір ғана жарыс – шамамен 192 метрлік «стадион» қашықтығына жүгіру болған. Аңыз бойынша бұл қашықтықты Геракл бір деммен жүгіріп өткен екен деген түсінік бар. Уақыт өте келе жарыс түрлері көбейіп, ойындар бір күннен бірнеше күнге дейін созылатын ауқымды шараға айналды. Бағдарламаға күрес, жұдырықтасу, аса қатал панкратион, диск және найза лақтыру, ұзындыққа секіру, ат жарысы мен арба жарысы енгізілді. Осылайша Олимпиада тек спорттық емес, әскери дайындық пен ер азаматтың күш-қайратын сынайтын алаңға айналды.

Ойындарға тек еркін туған грек азаматтары ғана қатыса алған. Құлдар мен шетелдіктерге жол жабық болды. Әйелдерге қатысуға да, тіпті жарысты көруге де рұқсат берілмеген. Тек Деметра құдайының абыз әйеліне ерекше мәртебе берілгені жөнінде деректер бар. Жеңімпаздарға материалдық сыйлық берілмеген. Оларға Зевс ғибадатханасының жанындағы қасиетті зәйтүн ағашынан қиылған бұтақтан өрілген тәж табысталған. Олимпиада тек спорт мерекесі емес, бүкіл Эллада үшін бірлік символы болған. Ойындар өтетін уақытта «қасиетті бітім» жарияланып, соғыс кезінде жарысқа қатысушылардың қауіпсіз келіп-кетуіне жағдай жасалған. 

Алайда IV ғасырдың соңында Рим империясында христиан діні мемлекеттік дінге айналып, пұтқа табынушылыққа қарсы саясат жүргізілді. 393 жылы Рим императоры Феодосий I ежелгі діни ғұрыптарды тоқтатуға бұйрық беріп, Олимпиада ойындары да сол тыйымға ілікті. Ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр осылайша тоқтатылды. Олимпия қаласы уақыт өте келе қирап, табиғи апаттар мен басқыншылықтардың салдарынан ұмыт қалды. 

Алайда XIX ғасырдың соңында Еуропада дене тәрбиесі мен спортқа деген қызығушылық күшейе бастады. Дәл осы кезеңде француз ағартушысы әрі қоғам қайраткері Пьер де Кубертен ежелгі Олимпиада дәстүрін қайта жаңғырту идеясын көтерді. Ол спортты халықтарды жақындастыратын, соғыстың орнына бейбіт бәсекені ұсынатын құрал деп білді. Кубертеннің пікірінше, жастарды тәрбиелеудің ең тиімді жолы халықаралық жарыстар арқылы өзара құрмет пен әділдік қағидаларын қалыптастыру еді. 1894 жылы Париждегі Сорбонна университетінде өткен халықаралық конгресс барысында Кубертеннің бастамасы қолдау тауып, Халықаралық Олимпиада комитеті құрылды. Комитеттің алғашқы президенті болып грек қоғам қайраткері Деметриос Викелас сайланды. Осы шешімнен кейін екі жыл өтпей, 1896 жылы Афина қаласында заманауи дәуірдің алғашқы Олимпиада ойындары өтті. Ойындардың тарихи отаны ретінде Грекияның таңдалуы ежелгі дәстүрге құрметтің белгісі болатын.

Алғашқы заманауи Олимпиадаға 14 елден 241 спортшы қатысты. Бағдарламаға жеңіл атлетика, күрес, гимнастика, жүзу, семсерлесу, велоспорт, ауыр атлетика және мергендік өнер сияқты спорт түрлері енді. Уақыт өте келе Олимпиада ауқымы кеңейіп, қатысушы мемлекеттер саны арта түсті. XX ғасырдың басында ойындар шынайы халықаралық сипат алып, спорт әлеміндегі ең беделді жарысқа айналды. 1913 жылы Пьер де Кубертен бес құрлықтың бірлігін бейнелейтін бес сақинадан тұратын эмблеманы ұсынды. Бұл белгі әлем халықтарының бір алаңда бейбіт бәсекеге түсу идеясын білдіреді. 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен ойындарда алғаш рет Олимпиада анты қабылданып, спортшылар әділдік пен адалдыққа серт берді. Ал 1928 жылы Амстердам Олимпиадасында алғаш рет Олимпиада алауы жағылып, кейін бұл рәсім тұрақты дәстүрге айналды. 

Ал қысқы спорт түрлері алғашында жеке жарыс ретінде емес, жазғы Олимпиада бағдарламасының аясында өткізілген. Мысалы, 1908 жылғы Лондон Олимпиадасында мәнерлеп сырғанау жарысы ұйымдастырылды. Бұл қысқы спорттың Олимпиада сахнасына алғаш шығуы еді. Кейін 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына шайбалы хоккей енгізілді. Дегенмен, қыс мезгіліне тән спорт түрлерін жазғы жарыстар аясында өткізу қолайсыз әрі маусымдық тұрғыдан шектеулі болды. XX ғасырдың басында Еуропа мен Солтүстік Америкада шаңғы спорты, конькимен жүгіру, хоккей сияқты қысқы спорт түрлері кең тарала бастады. Спортшылар санының өсуі мен халықаралық қызығушылықтың артуы бұл бағытта жеке Олимпиада өткізу қажеттігін айқын көрсетті. Осылайша 1924 жылы Францияның Альпі тауларындағы Шамони қаласында «Қысқы спорт апталығы» деген атаумен халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Бастапқыда бұл турнир жазғы Олимпиада аясындағы қосымша шара ретінде қарастырылғанымен, оның табысты өтуі нәтижесінде Халықаралық Олимпиада комитеті жарысты ресми түрде I Қысқы Олимпиада ойындары деп таныды.

Оқи отырыңыз: Қысқы Олимпиададағы тұңғыш қазақстандық чемпион

Алғашқы қысқы Олимпиадаға 16 мемлекеттен 293 спортшы қатысты. Бағдарламаға шаңғы спортының бірнеше түрі, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және бобслей енгізілді. Бұл жарыстар қысқы табиғи ортада өткізілетін спорт түрлерінің мүмкіндігін көрсетіп, жаңа Олимпиадалық дәстүрдің негізін қалады. Кейінгі онжылдықтарда қысқы ойындар бағдарламасы кеңейіп, биатлон, шорт-трек, фристайл, сноуборд, тау шаңғысы, кёрлинг сияқты спорт түрлері қосылды. Технологияның дамуы мен инфрақұрылымның жетілдірілуі қысқы спорттың қарқынды дамуына жол ашты. Бастапқы кезеңде жазғы және қысқы Олимпиадалар бір жылы ұйымдастырылып отырды. Алайда ойындардың ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артқан сайын оларды бөлек өткізу тиімді деп танылды. 1994 жылдан бастап қысқы және жазғы Олимпиадалар екі жыл аралықпен кезектесіп өткізіле бастады. Бұл шешім қысқы ойындардың беделін арттырып, оған халықаралық назардың артуына ықпал етті. Бүгінде Қысқы Олимпиада өзіндік тарихы, тұрақты аудиториясы және жоғары бәсекелестігі бар дербес спорт мерекесіне айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз