Ғылымды сүйген Гүлсім

11.02.2026
5845
Ғылымды сүйген Гүлсім - e-history.kz

11 ақпан – Халықаралық әйелдер мен қыздардың ғылымдағы күні. Бұл күн  ғылым мен білім жолында тосқауылдарды бұзып, ұлттың өркендеуіне қызмет еткен қайсар тұлғаларды еске алатын сәт. Сондай есімдердің бірі – қазақ қыздарынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, кәсіби медициналық білім алған тұңғыш әйелдердің қатарындағы Гүлсім Сейітжаппарқызы Асфендиар.

Гүлсім Асфендиар 1880 жылы дәулетті де зиялы әулетте дүниеге келді. Әкесі – Сейітжаппар Асфендиарұлы, анасы – Гүләндәм Қасымова (Кенесары Қасымұлының немересі). Тектілік пен ағартушылық дәстүр ұштасқан бұл шаңырақтан бірнеше зиялы тұлға өсіп шықты. Асфендиар әулетінде Сейітжаппардан төрт қыз – Оразша, Айша, Гүлсім, Мәриям және төрт ұл – Сейіт Әбілхайыр, Мансұр, Нұреддин, Санжар тарайды. Гүлсім мен Санжар – әпкелі-інілі қазақтың тұңғыш дәрігерлері ретінде тарихта қалды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ қыздарының жоғары білім алуы сирек құбылыс еді. Осындай қоғамдық шектеулерге қарамастан, Гүлсім 1900 жылы Петербордағы Қыздар медициналық институтына оқуға түседі. Бұл сол кезең үшін батыл қадам болатын. Ол аталған оқу орнында сегіз жыл білім алып, 1908 жылдың сәуір айында соңғы емтихандарын сәтті тапсырады. 21 мамырда дәрігер дипломын алып, кәсіби медицина жолына ресми түрде қадам басады. Жас дәрігер еңбек жолын түрлі медициналық мекемелерде жалғастырып, тәжірибе жинақтайды. 1913 жылдан бастап Хиуа қалалық ауруханасында бас дәрігердің акушер-ассистенті қызметін атқарады. Дәл осы кезеңде ол орыс дәрігері А. Анисимовпен бірлесе отырып, жүкті әйелдің жатырына күрделі операция жасайды. Нәтижесінде жас ана мен нәрестенің өмірін сақтап қалады. Бұл оқиға аймақтағы медициналық тәжірибеде сирек кездесетін, кәсіби батылдық пен жоғары біліктілікті талап ететін қадам еді. 1914 жылы Гүлсім Ташкентке оралады. Әкесінің қолдауымен отыз төсектік әйелдер босанатын үй – перзентхана ашады. Өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау ісіндегі маңызды бастама болатын. Перзентхананың ашылуы тек медициналық мекеме құру емес, жергілікті халықтың әйелдері үшін қолжетімді әрі сенімді көмек орталығын қалыптастыру еді. Осы қызметінде жүргенінде Гүлсімнің дәрігер ретіндегі беделі арта түсіп, көп ұзамай Ташкент қалалық ауруханаларының біріне бас дәрігер болып тағайындалады. Қоғамдық қызметі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан өлкелік Мұсылман бюросы Ташкент бөлімінің өтінішімен Г. Асфендиар перзентхана жанынан жергілікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру ісіне жетекшілік етеді. Бұл бастама қазақ және түркістандық қыз-келіншектердің медициналық білім алуына жол ашты. Ол дәрігерлік қызметімен қатар, медбикелер мен акушерлер даярлау ісіне белсене араласты. Осылайша, ұлттық медициналық кадрлардың қалыптасуына тікелей үлес қосты. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қоғамдық-саяси өмірге де араласты. Қазан қаласында өткен мұсылман қыз-келіншектер съезін ұйымдастыру бюросының құрамына енді. Көпшіліктің қалауымен съезге делегат болып сайланып, әйелдердің білім алуы, кәсіби қызметке араласуы мәселелерін көтерді. Бұл оның тек дәрігер ғана емес, қоғамдық қайраткер болғанын көрсетеді. Гүлсім Асфендиар өмірінің соңына дейін дәрігерлік және оқытушылық қызметін жалғастырды. Ол жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрлар даярлау ісін басты міндеттердің бірі санады. Ана мен бала денсаулығын қорғау, әйелдердің кәсіби білім алуына жағдай жасау, ұлттық медицина мектебінің негізін қалау – оның саналы ғұмырының мазмұнына айналды. 1937 жылы Гүлсім Асфендиар дүниеден өтті. Ол туған қаласы Ташкентте жерленді. Бүгін, 11 ақпан – әйел ғалымдар күні аясында, Гүлсім Асфендиар есімі ғылым мен медицинадағы қазақ әйелдерінің тарихи жолын айқындайтын символ ретінде аталады. Ол тек алғашқы дәрігерлердің бірі ғана емес, ұлттық медицина мен әйелдер білімінің бастауында тұрған тұлға еді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз