Болмысы бөлек–Гүлшаһара Досымбек

09.02.2026
4856
Болмысы бөлек–Гүлшаһара Досымбек - e-history.kz

Гүлшаһара Досымбек туралы деректер көбіне Міржақып Дулатұлы әулетімен және Ахметсапа Жүсіпұлымен байланысты айтылады. Әсіресе Міржақып Дулатұлының жары Ғайнижамалдың сіңілісі, Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабайұлы ғашық болған бейне ретінде сипатталады. Мұндай тәсіл Гүлшаһараның қоғамдық қызметі мен азаматтық ұстанымын екінші қатарға ысырып, оны дербес тарихи тұлға ретінде қарастыруға мүмкіндік бермей келеді.

Негізінде, Гүлшаһара Досымбек – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында әйелдердің білім алуы мен қоғамдық іске араласу үдерісіне тікелей қатысқан тұлға. Ол небәрі 33 жыл өмір сүрді (1900–1933), бірақ осы қысқа ғұмырында қазақ әйелдерінің әлеуметтік мәртебесіне қатысты маңызды өзгерістер кезеңінің бел ортасында болды. Ол Қанипа мен Баймұраттың кенже қызы болған. Отбасында үлкені–Сара, одан кейін Ғайни-Жамал, ең кішісі –Гүлшаһара. Үй ішінде оны көбіне Гуля деп атаған.

Гүлшаһара қазақ қыздарының арасынан білім іздеп, Омбы қыздар гимназиясында оқыды. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдады. Оқу аяқталған соң Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы араласқан ортада болып, «Бірлік» ұйымы, «Жас азамат» газеті жұмысына қатысқан. Кей мәліметтерде «Жас азамат»  газетін құрған азаматтар қатарында оның есімі аталады.

Гүлшаһара алаш қайраткерлерінің отбасыларымен аралас-құралас жүрген. Ахметсапа Жүсіпұлы тергеу кезінде берген жауабында Әлихан Бөкейханның Гүлшаһараны жақсы білетінін айтқан. Сонымен қатар, «Абай» журналына қаржы жетіспеген кезде Гүлшаһара өзінің күміс жүзігін сатып, қаржы жинауға қатысқан. Ол жайлы «Сарыарқа» газетінде «Сұлтан Абдрахимов 500 сом, Аққағаз Досжанова 50 сом және бір күміс түрік теңге, Жәйахмет Өтегенов 23 сом, Балтабай Боранқұлов бір күміс қасық пен шанышқы, Әмина Қуаншиева бір алтын жүзік, Бибінұр Әйтпенова бір алтын жүзік, Гүлиа Досымбекова бір күміс жүзік, Ғазиза Досымбекова бір күміс теңге, Спандиар Шорманов бір шерік темекі, Мұрадбек Сейдов бір қадақ қант, Жәмен Төлемсов бір қадақ шәй. Баршаларына «Тілек» қауым атынан тәңір жарылғасын айтамын. Ғаббас ТоғжановСауық есебі» деп жазады. 

Гүлнәр Міржақыпқызы өз естеліктерінде Гүлшаһараның тұрмыстағы қалпын жиі жазады. Оның айтуынша, бала күнінде анасы және тәтесі бастаған әйелдер өзен жағасына самаурын, шылапшындарын көтеріп барып, кір жуып, жуылған киімдерді шөпке жайып кептірген. Кейін өзенге түсіп, балалармен бірге ойнаған кездері болған. Бұл көріністер Гүлшаһара жүрген ортаның күнделікті тұрмысын көрсетеді. Сондай-ақ, Гүлнәр Міржақыпқызы бұл кездегі естеліктерді балалық шағының ең қызықты кезеңі ретінде еске алады, «олардың шығарған дауыстары, түр-келбеттерқазiргiдей қаз-қалпында көз алдыма елестейдi» дейді. 

Гүлнәр анамыздың жазбасында Дулатұлы әулетінің  Қызылордаға көшу кезеңі де айтылады. Көш алдында Гүлшаһара пәтерді әктетіп, терезе әйнектерін, еденін жудырып, үй ішін реттеп қойған. Келген адамдарға пәтерлерді бөліп, кімнің қайда тұратынын айтып берген. Сол үйлердің бірінде Ахмет Байтұрсынұлы отбасы тұрған, ал көршілес пәтерге Дулатұлы әулеті орналасқан.

Алаш азаматтары тұтас тұтқындалған тұста Гүлнәр Міржақыпқызы оқуды тастап, анасына қараймын дегенде, Гүлшаһара: «Сен оқуың керек, біз өлмеспіз, әпкеме өзім қараймын» дейді. Аталған естеліктердегі ұсақ детальдардан Гүлшаһараның адамгершілік келбеті айқындала түседі, оның болмысындағы ең биік қасиетті ашады. 

1929 жылы Гүлшаһараның күйеуі Ахметсапа Жүсіпұлы тұтқындалды. 1931 жылы ол атылды. Осы оқиғалардан кейін  Дулатұлы отбасы, яғни Ғанижамал және Гүлшаһара балаларымен Қызылордадан көшуге мәжбүр болған. Гүлнәр Міржақыпқызы бұл көштің себебін нақты жазбайды. Олар пойызбен Құлиеатаға тоқтап, одан әрі жолын жалғастырған. Соңында Қырғызстан аумағындағы Дмитриевка селосына барған. Гүлшаһара сол жерде орналасқаннан кейін жергілікті кеңшарда жұмыс істегені туралы мәлімет бар.

Гүлшаһара Досымбек жайлы деректер негізінен естеліктер мен алаш қайраткерлерінің өмірбаяндарына қатысты материалдарда кездеседі. Оның өмір жолы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялыларының ортасымен, көші-қон және саяси өзгерістер кезеңімен қатар өрбіген.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз