Қазақтың тұңғыш тіс дәрігері

06.02.2026
5617
Қазақтың тұңғыш тіс дәрігері - e-history.kz

Қазақ әйелдерінің қоғамдық-әлеуметтік тарихында Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова сынды тұлғалар есімі жиі аталады. Алайда осы қатарда тұруға әбден лайық, бірақ есімі көп жағдайда тасада қалып қоятын қайраткер бар. Ол – қазақтың тұңғыш тіс дәрігері Мүбина Ниязова.

Мүбина Ниязова алғашқы білімін Хұсни-Жамал Нұрлыханова басқарған қазақ қыздарына арналған бастауыш училищеде алады. Бұл оқу орны сол кезеңде қазақ қыздарының сауатын ашып қана қоймай, олардың қоғамдық сана-сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған. Кейін Мүбина Саратов қаласындағы тіс дәрігерлері мектебіне оқуға түсіп, кәсіби медициналық білім алады. Студенттік жылдары ол Саратов университетінің медицина факультетінде оқып жүрген Мірахмет Ниязовпен танысады. Екеуін тек дәрігерлік мамандық қана емес, қоғамдық белсенділік пен революциялық идеяларға деген ортақ көзқарас та жақындастырды. Осылайша, олар тағдырын да, күресін де біріктірген дәрігерлер әулетіне айналды. Мірахмет Ниязов 1916 жылы оқуын тәмамдап, Орда өңіріне келіп, оба індетімен күреске белсене қатысады. Бір жылдан кейін Мүбина Ниязова да Ордаға келіп, қазақ атты әскер полкінің дәрігері қызметін атқарады. Бұл кезеңде оның медициналық қызметі халықтың денсаулығын сақтаумен қатар, соғыс жағдайындағы ауыр санитарлық-медициналық мәселелерді шешуге бағытталды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де Ниязовтар отбасы жаңа билік құрылымында жауапты қызметтер атқарды. Алайда Мүбина Ниязованың тағдыры тек медицинамен шектелмеді. 1925 жылы ол дәрігерлік қызметін уақытша тоқтатып, заң саласына бет бұрады. Бұл шешім кездейсоқ емес еді, Мүбина сол кезеңдегі қазақ қоғамында әйелдердің құқықтарының жиі бұзылатынын көріп, осы мәселені заң аясында шешуге бел байлайды. Ол әйелдердің әлеуметтік, отбасылық және құқықтық мүдделерін қорғау ісіне белсенді түрде араласты. Мүбина Ниязова – қазақ тарихында әрі дәрігер, әрі сот саласында қызмет еткен алғашқы әйелдердің бірі. Ол 1925–1928 жылдары Орал губерниялық прокуратурасында жұмыс істеді. 1928–1934 жылдары Қазақ АКСР Жоғары сотының жүйесінде, Шымкент облыстық денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. Ал 1934–1936 жылдары Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының Аналар мен балаларды қорғау бөлімін басқарды. Бұл қызметтер оның тек кәсіби біліктілігін ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мемлекет қайраткері ретінде қалыптасқанын көрсетеді. 1937 жыл Ниязовтар әулеті үшін орны толмас қасірет әкелді. Мірахмет Ниязов «алашшыл», «халық жауы» деген жалған айыптармен тұтқындалып, кейін ату жазасына кесілді. Ал Мүбина Ниязова «халық жауының жары» ретінде қудаланып, түрмеге қамалды. Ол ұзақ жылдар бойы азапты абақты өмір сүрді. Мүбина Ниязованың тағдыры  қазақ зиялы әйелдерінің ХХ ғасыр басындағы күрделі өмір жолының айқын көрінісі. Ол  медицина мен құқық саласында қатар еңбек еткен, әйел құқығын қорғауды өмірлік мұрат еткен, бірақ сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналған тарихи тұлға. Оның есімі қазақ әйелдерінің азаттық пен теңдік жолындағы күресінің символы ретінде лайықты бағасын алуға тиіс.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз