Ахметсапа Жүсіпұлы – Алаш қозғалысына қатысқан, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ баспасөзі мен қоғамдық-саяси өмірінде қызмет атқарған публицист, аудармашы, қоғам қайраткері.
Мәскеу қаласындағы «Коммунарка» зиратында Сұлтанбек Қожанұлы, Тұрар Рысқұлұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Ғаббас Бірімжан сынды қазақ қайраткерлері жерленген, одан кейін Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Дінше Битілеуұлы, Дінмұхамед Әділұлы және Ахметсапа Жүсіпұлы Ваганьков зиратына көмілген. Тек Мәскеуде біз білетін Алаш қайраткерлерінің жиырма шақтысының есім-сойы осы қалада атылған, жерленгендермен тікелей байланысты. Осы аты аталған қайраткерлердің ішінде Ахметсапа Жүсіпұлы қазіргі қазақ ғылымында аз зерттелген тұлға. Оның публицистикалық еңбектері мен қоғамдық қызметі арнайы зерттеу нысанына толық айнала қойған жоқ. Ол «Ұшқын», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде қызмет атқарып, әлеуметтік, саяси және ұлттық мәселелерге арналған мақалалар жариялаған. Ахметсапа Жүсіпұлы Алаш Орда үкіметінің құрамында болып, шаруашылық бөлімінде қызмет істеген. 1921–1922 жылдары Торғай өңірінде болған аштық кезінде Жүсіпбек Аймауытұлы бастаған топпен бірге Торғай аймағына мал жеткізу ісін ұйымдастыруға қатысқан. Осы қызметіне байланысты кейін «Торғай ісі» деп аталған саяси сот процесі қозғалып, 1926 жылғы 24 наурызда екі жылға сотталған. Алайда 1926 жылғы 26 сәуірде Орталық Атқару Комитетінің араласуымен ақталған. 1929 жылғы 29 қаңтарда Ахметсапа Жүсіпұлы «контрреволюциялық ұйымдарға қатысы бар» және «антикеңестік үгіт-насихат жүргізді» деген айыптармен қайта тұтқындалды. 1930 жылғы 4 сәуірде ОГПУ алқасының шешімімен Жүсіпбек Аймауытұлы бастаған бірқатар қазақ зиялыларымен бірге ату жазасына кесіліп, үкім 1930 жылғы 21 сәуірде орындалды. Кейін олардың сүйектері Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленген. Ахметсапа Жүсіпұлы Міржақып Дулатұлының бажасы болған. Оның жұбайы – Гүлбахрам, әйгілі ақындар шығармаларына арқау болған Ғайнижамалдың сіңілісі. Ахметсапа Жүсіпұлы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерімен байланыста болған, қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік мәселелеріне белсенді араласқан тұлғалардың қатарында болды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен қызметін архив деректері негізінде жүйелі түрде зерттеу жұмыстар жүргізілуді қажет етеді. Алдағы уақытта Ахметсапа Жүсіпұлына қатысты деректер ғылыми айналымға енгізіліп, өмірбаяны мен публицистикалық мұрасы кеңірек қарастырылмақ.