Тасқа басылған тарих және астаналық басылымның көтерген жүгi

27.01.2026
6049
Тасқа басылған тарих және астаналық басылымның көтерген жүгi - e-history.kz

Астанада ел тарихымен тағдырлас қос басылым – «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттері өздерінің 35 жылдық мерейтойын айшықты іс-шарамен тағы да атап өтті. Әсілінде астаналық газеттердің мерейтойы былтыр дүркіреп өткен еді. Енді соның жалғасы ретінде  басылым тарихын ғана емес, елорда тарихын бедерлеген «Елорда шежіресі» және «В ритме столицы»  атты қос бірдей кітаптың тұсаукесері бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Мәдени-рухани жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер, газеттің ардагерлері, журналистика ардагерлері мен оқырмандар жиналды. 

Жинақтарда елорданың алғашқы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі қоғамдық-саяси, әлеуметтік һәм мәдени өмірін кең қамтыған басылымның шежіресі жазылып, сол арқылы Арқа төсіне астананың көшіп келгенге дейінгі және келгеннен кейінгі тынысы тартымды суреттермен, сол уақытта шыққан мақалалармен айшықталған. Астананың даму жолы, ондағы өткен елеулі оқиғалар, қаланың қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар мен маңызды кезеңдер – бәрі де қос кітап бетінде жылнама ретінде жүйеленіп берілген. Басылым беттеріндегі материалдарды хронологиялық тәртіппен топтастырған бұл кітаптар – астана тарихын ресми деректермен ғана емес, шынайы журналистік көзқараспен сөйлеткен деректі жылнама. Жиынға қатысушылардың пайымдауынша, мұндай еңбектер елорда тарихына, жалпы отандық журналистика мен тәуелсіз Қазақстан жылнамасына қызығушылық танытатын қалың оқырман үшін баға жетпес сый болмақ. 

Газеттердің тарихы да тұсаукесерде ой елегінен өтті. «Астана ақшамы» газеті алғаш рет 1990 жылы 13 қазанда «Ақмола ақиқаты» деген атаумен жарық көрді. Бұл сол кезеңдегі аймақтағы алғашқы қазақтілді басылымдардың бірі болатын. Кейін Ақмолаға астана мәртебесі берілген шақта газет атауы «Ақмола ақшамы» болып өзгерді, ал 1998 жылдан елорданың атауы Астана болып бекітілген соң басылым «Астана ақшамы» деген қазіргі атаумен шыға бастады. Содан бергі 35 жылда басылым елорданың тыныс-тіршілігін, өсіп-өркендеу жолын оқырманға баян етіп, елорда жылнамасын жасауды бір сәтке де тоқтатқан емес. 

«Вечерняя Астана» газеті де дәл осы 1990 жылы қазан айында ең алғаш «Вечерний Целиноград» деген атаумен шығып, кейін «Городские новости», «Вечерняя Акмола» атауларын алып, 1998 жылдан қазіргі атына тұрақтаған. Екі басылым да Астана қаласының қалыптасуы мен қарыштап дамуының куәгері болып, қаланың әлеуметтік, мәдени келбеті мен өзгерістерін бірдей жеткізіп отырды. Мәселен, елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі, қаланың атауын «Астана» деп өзгерту, жаңа құрылыс нысандарының бой түзеуі – осының бәрі қос газет бетінде айқын көрініс тапқан. Сол арқылы бұл басылымдар ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Астананың айнасына, рухани жылнамасына айналды. Шын мәнінде, елордалық қос басылымның тарихы – тәуелсіз Қазақстанның және бас қаланың тарихымен тағдырлас шежіре. 

Ел астанасының ақпарат айнасын жасаған ұжым

«Өздеріңіз білесіздер, 2025 жыл біздің Elorda Aqparat медиасеріктестігі үшін өте мерейлі жыл болды. “Астана ақшамы” мен “Вечерняя Астана” газеттерінің 35 жылдық мерейтойына орай біз арнайы кітаптар дайындадық», — деп сөз бастаған «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек екі газет тарихына тоқтала отырып, бұл басылымдар елордалық қана емес, отандық журналистиканың темірқазығы бола алғанын айтты. Басылымдар қалалық шеңберден шығып, елдік ауқымға ие болғанын да атап өтті. 

Медиа басшысы айтқандай, шынында да «Астана ақшамы» газеті еліміздегі белгілі публицист,  журналистердің нағыз ұстаханасына айналды. Бұл ұжымнан елге белгілі қаламгерлер, публицистер, бас редакторлар, медиа менеджерлер түлеп ұшты. 

Сондай-ақ, елдегі ірі оқиғалар – Президент шешімдері, мемлекеттік бағдарламалар, ауқымды шаралар дәл осы елордадан бастау алатындықтан сол ақпаратты жедел әрі сенімді жеткізу осы газеттердің міндеті болды.

«Президент те, Үкімет те осы қалада отыр. Мемлекеттік шешімдердің бәрі осы қалада қабылданады. Демек, ел тағдырындағы ең маңызды ақпараттар осы жерден таралады. Сол ақпаратты жұртқа жеткізу — біздің газеттер мен сайттарымыздың күнделікті миссиясы. Бұл жауапкершілік біз үшін мәртебе», — деді Олжас Дәуренұлы.

Сонымен қатар, Олжас Сыдықбек 35 жылдық мерейтой аясындағы ұжым жетістіктерін де атап өтті. Бұл – тек символикалық емес, нақты нәтижемен өлшенетін белес екенін айтты.

«Былтыр мерейтойымыз аясында біздің бірнеше әріптесіміз мемлекеттік марапатқа ие болды. Президенттің қолынан “Құрмет” ордені мен “Ерен еңбегі үшін” медальдарын алды. Сонымен қатар, бірқатар тілшіміз “Ақпарат саласының үздігі” атанды. Төрт журналисіміз баспаналы болды. Бұл біздің қалалық әкімдік тарапынан да зор қолдау көргеніміздің белгісі. Осы орайда қала әкімі Жеңіс Махмұдұлына ұжым атынан шексіз алғыс айтамыз», — деді ол.

Медиасеріктестік жетекшісі тұсаукесерге келген сала ардагерлеріне құрмет білдіріп, бұл кітаптар ел жадындағы тарихи миссияны атқаратынына сенім білдірді.

Елорда газеттері – Тәуелсіздік пен мемлекеттілік шежіресі

Тұсаукесер құттықтаулармен шектеліп қалған жоқ. Жиында сөз алған әрбір ел ағасы, қаламгер, қайраткерлер елорданың өткені мен бүгініне қатысты маңызды мәселелерді де ортаға салды. Олар қаланың тарихын түгендеудегі, бүгінгі келбетін кемелдендірудегі журналистиканың рухани жүгін жоғары бағалады.  Ал олар көтерген проблемалық ұсыныстар елорданың ертеңі үшін өте құнды пайымдар екені даусыз.

Модератор Бибігүл Жексенбай болса «Цифрлық дәуір, жасанды интеллект заманында аға буынның әрбір сөзі хатталып, жазылып қалуы керек» деп, осындай кездесулерде айтылған ойды хатқа түсірудің маңызын атап өтті. 

Жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл өз сөзін елорданың шежіресін жазуға сіңірген еңбегімен байланыстыра келіп, Ақмоланың тарихы туралы да толғанды. 

«Елорданың тарихын жасауға, оның арғы-бергі тынысын жазуға атсалысқан жандардың бірі ретінде, бұл мен үшін маңызды сәт. 2007 жылы Астанаға келгенімде жаңадан бой көтеріп жатқан сәулетті ғимараттарға таңырқай қарадық. Шынымды айтсам, бұрын-соңды дәл мұндай сәулетті нысандарды көрген жоқпыз. Сол әсермен, алғашқылардың бірі болып, «Елорда сәулеті» деген кітап шығардым. Онда жиырма үш маңызды ғимараттың архитектуралық ерекшеліктерін бердік. Тек сырттай тамсанып қоймай, әрбір ғимараттың авторларын тауып, солардың өзінен сұхбат алдық», — деді ол.

Алдан Смайыл ұлттық жадыны ұлықтауға қатысты нақты үш ұсынысын да ортаға салды. Біріншісі – Кенесары хан бастаған 1838 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған монумент орнату мәселесі.

«Бұл қала — бекерде-бекер астана атанған жоқ. Бұл — ұлт азаттығының киелі топырағы. 1838 жылы Ресей империясына қарсы Кенесары бастаған көтеріліс дәл осы жерде – Ақмоладағы бекіністі қиратумен басталды. Шабуыл кезінде үш жүздің батырлары түгел жиналды. Осында ұлы, орта, кіші жүздің сардарлары бас қосты. Сол бекініс тұрған жер – қазіргі ескі стадион. Осы оқиғаға арнап монумент орнату – бүгінгі ұрпақтың тарихи парызы», — деді ол.

Екінші ұсынысы – Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған үлкен ескерткіш орнату. Ол Қажымұқан есімі берілген көше бойында оның еңселі тұлғасына сай, көрнекі белгі орнату қажеттігін айтты.

«Қажымұқан — қазақты әлемге танытқан тұңғыш спорт саңлағы. Қажымұқан атындағы спорт мектебі бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Қажымұқан көшесінің бойында лайықты ескерткіш орнатылуы керек. Бұл — ұлттық мақтанышымызға көрсетілетін шынайы құрмет болар еді», — деді жазушы.

Сонымен қатар, ол осы өлкеде өмірге келген Үлебайдың «Дударай» әнінің тағдырын еске алып, ұлттық өнерді де ұлықтау қажеттігін қозғады. Бұл әннің Қытайдың қазіргі төрағасының жұбайы, Қытай армиясының солисі Пэн Лиюаньның сүйікті әні екеніне бірде бір іссапарда куә болғанын, ал  Димаш Құдайберген де осы ән арқылы танылғанын еске түсіріп, сол әннің авторы болған Үлебайға да бір ескерткіштің керек екенін тілге тиек етті.

«Қытайда ресми сапармен болған кезде, ҚХР төрағасының жұбайы “сіздердің ‘Дударай’ әндеріңізге ғашықпын” деді. Ол ән Үлебайдікі екенін ұмытпауымыз керек. Сол себепті бұл ән шыққан топырақта – Астанада Үлебайға ескерткіш орнатылуы тиіс. Себебі ұлттық өнер – ұлттың жүрегі», — деді А.Смайыл.

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі публицист Сауытбек Әбдірахманов сөз басында Астана идеясының өзі — Тәуелсіздіктің нақты көрінісі екенін баса айтып, елордалық басылымдардың өмірге келуі де осы тарихи бетбұрыспен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бұл екі газет туралы айтқанда алдымен ойлайтынымыз – Тәуелсіздік. Сол Тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттің бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы Арқа төсіне – Ақмолаға көшіру жөніндегі идеясы жүзеге асты. Назарбаевтың астананы Арқа төсіне алып келгені, Ақмолаға ту тіккені – қате емес. Және оны біздің айтуымыз әділдікке жатады», — деді ол.

Сауытбек Әбдірахманов елордалық басылымдардың, әсіресе «Астана ақшамы» газетінің рөлі қалалық шеңберден әлдеқайда асып түсетінін, оның мемлекеттілікті орнықтыруда үлесі зор болғанын ерекше атады.

«Қалалық газет дегеннің өзі шартты ұғым. Мысалы, Washington Post – қалалық газет, New York Times – қалалық газет. Кеңес дәуірінде қайта құру кезеңінің ең үлкен рупоры болған “Московские новости” де Мәскеу әкімдігіне қарасты газет еді. Сол сияқты, бұл елордалық басылымдар тек қаланың емес, жалпы мемлекеттіліктің  орнығуына үлкен үлес қосты деп басын ашып айтуға болады. Газет республикалық ауқымда тарауына мүмкіндік туғаннан кейін Қазақстанның қиыр-қиырынан жазылушылар пайда болды. Олар елорданың немен тыныстап отырғанын көріп отырды», — деді ол.

Сондай-ақ, Сауытбек Әбдірахманов газетті қалыптастырушы ұжым мүшелеріне – бас редакторлардан бастап, тілшілер, корректорлар, терімшілер мен жүргізушілерге дейін алғыс айтты.

Сөзінің екінші бөлігінде Сауытбек Әбдірахманов қаланың даму қарқынына, оның инфрақұрылымдық шектеулеріне қатысты терең мазмұнды, стратегиялық сипаттағы ой айтты. Ол мұндай мәселелерді басылым үнемі көтеріп отыруы керек екенін атап өтті.

«Мен де бір мәселені айтқым келеді. Ол – қаланың даму қарқыны. Бұған дейін қаланың өсуінен тек бірыңғай плюс көріп келдік. Ал қазір өсу қарқыны алаңдатып отыр. Қала халқы үш миллионға жетсе, оны сумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Айтылып жүрген Ертіс арқылы су тарту оңай шаруа емес. Ол су Қытайдан басталып, Ресейге өтеді. Бұл күрделі мәселе. Сондықтан, бұл жай ғана тактикалық емес, стратегиялық сұрақ. Ал қазір қаланың қарқынын мемлекет емес, құрылыс мекемелері айқындап жатыр. Олар мемлекеттің үлкен мәселелеріне алаңдап отырған жоқ. Бұл қарқын қайда алып барады? Инфраструктура қалай болады? Алғашқы жылдардағыдай емес, қазір үйлердің арасы ығы-жығы болып кетті. Жақын жерден үй салу оңай, суды, басқаны қоса қою арзан. Газет осындай үлкен-үлкен мәселелерді де назарда ұстаса дейміз», — деді ол.

Газет – күнделікті жазылатын тарих

Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай өз сөзін тарихи астармен сабақтап, журналистиканың шын мәніндегі миссиясына тоқталды. Ол баспасөздің мәнін терең пайымдап, журналистердің жазып жатқан дүниесі ертеңгі тарих екенін ерекше атап өтті.

«Баяғыда Аристотельдің: “Тарихты дәл бейнелеуде ғылымнан гөрі поэзия ыңғайлы” деген сөзі бар екен. Қазір сол тарихты бізде журналистер жазып жатыр. Күн сайын таңнан кешке дейін қалам тербеп жатқан дүниелер – жай еңбек емес, болашақ ұрпақ қайта оралып оқитын шежіре. Сол үшін жазып отырған әр мақалаларыңыз – тарихтың бір парағы екенін сезіне жүріңіздер», — деді Дархан Қамзабекұлы.

Ол елордалық басылымдардың ішіндегі «Астана ақшамының» рөлін айрықша атап, ең алдымен бұл газет мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қызмет етіп келе жатқанын нақты айтты.

«Бұл газет алдымен қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің жанашыры екенін айтуымыз керек. Тіл түзелсе – ой түзіледі. Ал бұл басылым сол бағытта көп еңбек етіп келеді. Сондықтан газеттің қалалық болуы – шартты ұғым ғана. Мысалы, кезінде студенттерге арналған “Горизонт” газеті бүкіл Қазақстанға таралып кеткен. Себебі ол жұртты толғандырған мәселелерді қозғады. Сол сияқты “Астана ақшамы” тек әкімшілік жаңалықты емес, ұлттық болмысты қозғап отырса – оның аудиториясы арта береді», — деді ол.

Дархан Мыңбай еліміздегі кейбір ұйымдардың газеттің қадірін білмеуіне қатысты сыни пікірін де бүкпей айтты.

«Газеттің міндетін қазір істеп жүрген азаматтар бізден гөрі жақсы біледі. Шын мәнінде газеттің жұмысы қазір оңай емес, бұрын да оңай болған жоқ. Газеттерді бағалау, тарату жағында көп мемлекеттік құрылым бар. Өзін “партиямыз” деп жариялап жүрген ұйымдар бар. Бірақ олардың газетке, баспасөзге келерде сырт айналып жүргені жасырын емес. Ал егер сіз солардың біріне сын айтсаңыз бәрі өре түрегеледі. Демек, баспасөзге қолдау тек журналистер тарапынан ғана емес, бүкіл қоғам тарапынан келуі керек. Оқырмансыз – газет жоқ. Осы жағынан “Астана ақшамы” елордалық оқырманмен ғана емес, бүкіл Қазақстан оқырманымен тығыз байланыс орнатуы қажет», — деген пікірін білдірді.

Сөзінің соңында Дархан Мыңбай бұрын өзі бастап қолға алған бастамаға қайта оралып, журналистердің өміріндегі есте қалған оқиғалар жинағын кітап түрінде жалғастыруды ұсынды.

«Біз кезінде “Солай болған” деген кітап бастаған едік. Әр журналистің өмірінде қаншама тағылымды, қызықты оқиға бар. Егер әр қаламгер осындай сәттерді жазып отырса, бұл – келер ұрпаққа үлкен мектеп болар еді. Сондықтан сол бастаманы министрлік немесе шығармашылық клубтар жалғастырса деймін», — деді ол.

Журналист, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанұлы газеттің рөлі туралы айта отырып, баспасөздің ұлт тарихындағы орны ерекше екенін алға тартты. Оның ойынша, Астананың жылнамасын жазуда күнделікті жаңалықтармен бірге газет материалдары – басты дереккөз. Сондай-ақ ол қазіргі газет жұмысының мазмұнына жоғары баға беріп, редакция көтеріп жүрген ұлттық мәселелер мен қоғамдық бастамалардың маңызын атап өтті.

«Газет тек әсем ғимараттарды мадақтап қана қоймай, нақты мәселелерді де көтеруі керек. Сонда ғана ол қоғаммен бірге тыныстай алады. Еркін Қыдыр басқарып отырған редакция бұл бағытта жақсы істер атқарып жатыр», – деді У.Қалижанұлы.

Ал Зулфухар Сұлтанұлы Ғайыпов қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде атқарып жүрген жұмыстары мен қаладағы маңызды мәселелерге тоқтала келе, газеттің соңғы жылдары қарқынды жаңарып, мазмұн мен сапа тұрғысынан айтарлықтай өскенін ерекше атады. Ол газеттің келешекте де өз оқырманынан айырылмай, аудиториясын кеңейтіп, өткір де өзекті мәселелерді көтеріп отыруы қажет екенін айтып, шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі.

Сенатор, ардагер журналист Нұртөре Жүсіп болса «Астана ақшамы» газетінің 35 жылдық мерейтойы – тек бір басылымның емес, тұтас бір қаланың рухани даму жолының көрсеткіші екенін атап өтті. Газеттің алғашқы редакторларынан бастап бүгінгі ұжымға дейінгі еңбекті саралай отырып, ол басылымның шынайы астаналық сипат алғанын айтты. Сондай-ақ, ол осы газетте қызмет еткен кезінде Бауыржан Омарұлы, Талғат Батырхан, Ғалым Қожабек секілді азаматтармен бірге газет таралымын көбейтуге, оның танымалдығын арттыруға атсалысқанын да тілге тиек етті.

Газеттің бүгінгі қарқыны мен маңызын сөз ете отырып, ол басылымның тек ақпарат көзі ғана емес, елорданың зиялы ортасын тоғыстыратын рухани алаңға айналғанын мысалдармен жеткізді.

«Газет тек жазып қана қоймайды. Ол жұртты біріктіреді. Мәселен, газет бастамасымен өткен бильярд турнирлері – елордалық зиялылардың бір шаңырақ астында бас қосатын игі шарасына айналды», – деді ол.

Қоғам қайраткері Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлі қазақ баспасөзі жай ғана ақпарат құралы емес, ұлттың рухани жүгін арқалап отырған тәрбие құралы екенін айта келіп, сөзін елімізде газет оқу мәдениетін көтеру қажеттігі туралы ойымен жалғады. Жастардың TikTok сияқты әлеуметтік желіге көбірек алаңдап, газет-журнал оқудан алшақтап бара жатқанына алаңдайтынын жеткізген ол кітап оқу мәдениеті газет оқудан басталатынын, сондай-ақ бұл үрдіске оқытушылар мен зиялы қауымның да үлгі болуы керектігін де айтты. 

Мәжіліс депутаты, ақын-журналист Жанарбек Әшімжан болса «қалалық газет – елдің тарихын күнделікті хаттап отыратын рухани шежіре» деген ойын айта келіп, қазіргі баспасөздің күйіне тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен жаңа медианың қысымына түсіп отырған дәстүрлі басылымдар қиын кезең кешуде. Бұл – әлемдік үрдіс. Алайда, мәселенің бір ұшы өзімізден екенін де жасырмаған ол:

«Кезінде іргелі басылымдардың тізгінін кәсіби емес, жолай жүріп қосылғандар ұстаған кезеңдер болды. Сол кезде газеттің бағыт-бағдары да бұзылып, беделі төмендеді», – деді.

Сондай-ақ, депутат бүгінде әлеуметтік желіде жазылған бір-екі жолға билік шұғыл реакция білдірсе де, газеттердің айтқаны елеусіз қалатын жағдайлардың жиілеп кеткенін жасырмады. Дегенмен қазір Мемлекет басшысы дәстүрлі БАҚ-ты қолдау жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл салаға оң көзқарас қайта қалыптасып келе жатқанын да айтты.

«Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Лариса Увалиева бұл басылымдардың еліміздің ең қиын кезеңінде — мемлекет қалыптасуының шешуші сәттерінде дүниеге келгенін айта келіп, кейін астананы көшіріп әкелу туралы тарихи шешім қабылданғанда, газет елорданың салыну барысын, оның әр сатысын күнделікті хаттап, болашаққа жеткізу дейтін жаңа миссияға ие болғанын атап өтті. Лариса ханым бұл еңбектердің ұмытылмай, арнайы жинаққа топтастырылып, баспасөздегі жарияланымдар негізінде кітап болып шыққанын зор қуанышпен айтты. Қазіргі кезде «газет өміршеңдігін жоғалтты» дейтін пікірлердің бары жасырын емес екенін жеткізген Лариса Увалиева Мемлекет басшысының «баспа БАҚ-тың қайта өрлеу кезеңі» басталды деген сөзіне сүйене отырып, бұл саланың болашағына сенім білдірді.

Ал «Астана ақшамының» ең алғашқы бас редакторы Кенже Жұмағұлов та ең соңында өз ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда мұрағат жұмысының нақты жүгін басылымдар, соның ішінде осы «Астана ақшамы» да көтеріп отыр. Газеттің болашағы осы ретте үлкен, себебі ертеңгі ұрпақтың ғылыми-зерттеу жұмыстары дәл осы басылымдарға сүйенеді. 1990–1995 жылдар аралығында елде қазақ газетінің халін ұстау оңай болмағанын еске түсірген Кенже Қақатайұлы солтүстік аймақтарға қазақтілді журналистердің мүлде келмейтінін, газетке жазылу үшін өз қаржыларын жұмсаған кездер де болғанын айтты.

Тұсаукесер барысында елордалық қос газеттің тарихи миссиясы тағы бір айшықтала түскен тәрізді. Астананың қос басылымы әуелден тек қалалық жаңалық таратушы ғана болып қойған жоқ, олар жас елорданың қалыптасуы мен өркендеуінің шынайы энциклопедиясына айналды. Газет – жай ғана жаңалық тасушы емес, ол –  тасқа қашалған тарих, ол – өшпейтін архив. Елордалық басылымдар алдағы уақытта да осы өміршең миссиясын адал атқара бермек. Оған негіз де жоқ емес: қоғам қайраткерлері атап өткендей, қазірдің өзінде «Астана ақшамы» – ел Президенті күнделікті қадағалап оқитын басылымдар қатарында, яғни билік пен бұқара арасындағы көпір іспетті ақпарат құралы. Газет көтерген мәселеге мемлекет назар аударатыны да сондықтан. Елордалық баспасөздің ұстанған осындай рухани мақсаты – қаланың ғана емес, тұтас елдің шежіресін түзуге үлес қоспақ. Заманалар ауысып, ұрпақтар алмасса да, баспасөзде қатталған елорда шежіресі келер күндерге аманат болып қала бермек.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз