ХХ ғасырдың басы — қазақ қоғамы үшін тек саяси өзгерістер кезеңі ғана емес, сананың сілкінісін бастан өткерген, ұлттың ішкі құрылымы қайта таразыланған уақыт еді. Бұл дәуірде әйел тағдыры — қоғамның ең осал, бірақ ең өткір мәселесіне айналды. Қыз баланың орны, оның білім алуы, еркіндігі мен құқығы туралы сөз айту тек әлеуметтік емес, азаматтық батылдықты талап ететін қадам болатын.
1911 жылы «Айқап» журналының №7 санында жарияланған журналист Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қыздарының аталарына!» атты мақаласы — қазақ баспасөзіндегі әйел үнінің алғашқыларының бірі ғана емес, ұлттық ойлау кеңістігін жарып шыққан жанайқай еді.
«Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз… Сол сиақты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абұйыр болмас па екен?».
Бұл жолдар — жеке адамның емес, тұтас бір ұрпақтың тағдырымен бетпе-бет келген әйел санасының сөзі. Сақыпжамал қыз тағдырын тек жеке мәселе ретінде емес, ұлт болашағымен тікелей байланыстырды. Оның ойынша, әйелдің надандығы — келешек ұрпақтың әлсіздігі.
«Баланың әдепсіз, жаман болып шығуы надан ананың дұрыстап баласын тәрбие қыла алмағандығынан болады».
Бұл — ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушылық ойының өзегі. Әйелді оқыту әйел үшін емес, ұлт үшін қажет деген тұжырым дәл осы кезеңде қалыптаса бастады. Алайда 1911 жылғы жағдай тым ауыр еді. Қазақ қыздарының басым көпшілігі мектеп тұрмақ, әріп танымайтын. Қыз балалардың оқығаны «бұзылу», «жат қылық» деп саналды. Қалыңмал, ерте неке, қызды малға сату — қалыпты әлеуметтік норма еді.
Сақыпжамал ашық айтады:
«Қыздарыңызды мал секілді сатасыз… 13–14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып бересіз».
Бұл — публицистикалық айыптау ғана емес, тарихи шындықтың қатал көрінісі.
Араға он үш жыл салып, 1924 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Әйелді мектепке алсаңдар» атты мақаласы жарық көрді. Бұны уақыт өткенімен, мәселе толық шешілмегенін көрсететін құжат деуге болады.
Жүсіпбек әйел мәселесін енді жеке адам тағдыры емес, мемлекеттік саясат деңгейінде көтереді:
«Әйелдің сауатсыздығын жою — әйел бөлімі ғана емес, бүкіл партияның мақсұты».
Сақыпжамал қыз аталарына жүрекпен тіл қатса, Аймауытов қоғамға жүйемен сөйледі. Кеңестік идеология әйел мен еркектің теңдігін жариялағанымен, іс жүзінде әйел әлі де көнешілдіктің құрсауында қалғанын ашық жазды.
«Әйелдер әлі де аузын ашалмайтын күң есебінде келе жатыр», – дейді Аймауытов.
Осындай Батыс көтерудің арқасында осы уақытта алғашқы қазақ қыздары білім жолына да түсе бастады.
Мысалы, 1910-1920 жылдары қазақтың саусақпен санарлық қыздары, негізінен, Орынбордағы Хұсайния медресесінде, Уфадағы Ғалия медресесінде, Троицкідегі әйелдер училищелерінде және Ташкенттегі орыс-түзем мектептерінде білім алды. Солардың қатарында кейін қазақ тарихында есімі қалған тұлғалар бар.
Атап айтар болсақ:
Гүлсім Асфендиярова — жоғары білім алған және алғаш кесір тілігін жасаған тұңғыш әйел дәрігер;
Нәзипа Құлжанова — тұңғыш әйел журналистің бірі, мектепке дейінгі педагогиканың негізін қалаған ағартушы;
Аққағаз Досжанова — қазақтан шыққан тұңғыш әйел дәрігердің бірі;
Алма Оразбаева — әйелдің білім алуы мен құқығы үшін күрескен қайраткер, қалыңмалға, бір неше әйел алуға қарсы декреттің бастамашысы;
Сара Есова — әйел теңдігі үшін күрескен белсенді, «Әйел теңдігі» журналының редакторы;
Шолпан Иманбаева — жаңа дәуірдің ақын қызы. Әрине тізбелей берсек оқыған қазақ қыздарының есімін 50-ден асырып, 100-ге әзер жеткізуге болады. Бірақ қазақ қоғамы үшін бұл да аздық ететін еді. Дегенмен олар Сақыпжамал армандаған «оқыған қазақ қыздарының» алғашқы толқыны болып қалды.
Жүсіпбек Аймауытов мақаласында әйел мектебінің тек әріп үйретіп қана қоймай, өмірмен байланысуы керектігін жазады. Сауда-саттық, есеп-қисап, күнделікті тіршілік — бәрі оқу мазмұнына айналуы тиіс екенін атап көрсетеді.
Бұл — прагматикалық, жаңашыл көзқарас болатын. Екі мақаланың түпкі мақсаты ортақ, яғни қазақ әйелін қараңғылықтан шығару болды. 1911 жылғы мақалада зар, өтініш, көз жасы бар. ал 1924 жылғы мақалада жоспар, жүйе, мемлекеттік жауапкершілік анық байқалады.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда мыңдаған, миллиондаған қыз білім алып, ғылым мен саясатта, мәдениет пен өнерде еңбек етіп жүрсе, сол жолдың бастауы осы бір батыл қаламгерлердің өткір үнінде, батыл бастауында жатса керек-ті. Олар көтерген мәселе тарихта қалды. Ал олардың арманы бүгінгі шындыққа айналды.
Төменде екі мақаланы оқырман назарына қаз-қалпында ұсынамыз:
1911 жыл. «Айқап» журналы. №7.
Қазақ қыздарының аталарына!
Мұхтарам аталарымыз! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса соншама сіздерге абұйыр емес пе? Сол сиақты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абұйыр болмас па екен? Шариғат бұйырығынша ер бала менен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп, тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп, тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһилеттік белгісі емес пе? Осы білгірсіз аталарға нық орнап қалған секілденеді. Неге десеңдер, біз қыздарыңызды тәрбиелеуде кем тұтынасыз. Кем тұтынғандығыңыз: ер балаларыңызды оқытасыз да, қыз балаларыңызды оқытпайсыз. Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де, біздерді оқудан мақұрым қалдырасыз. Бұрынғы әйелдердің бұзылғандары оқығаннан бұзылған мекен, мұны ақылыңызға салып неге қарамайсыз? Адамды оқу бұза ма екен? Біле білсеніздер, ең әууел жақсылап қыз баланы оқыту тиіс. Тиіс екендігі мынау; бұл қыздар түбінде балаларға ана болашақ, ана болған соң бала тәрбиелеу олардың жұмысы болады. Баланы тәрбиелеуші ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды. «Алып анадан» деген ғой. Баланың әдепсіз, жаман болып шығуы надан ананың дұрыстап баласын тәрбие қыла алмағандығынан болады. Болмаса бала іштен әдепсіз жаман болып тумайды.
Біздер әйел болған соң қала, далаға шығып оқи алмаймыз, соның үшін біздерді де адам болсын деп қайғырсаңыздар біздерді әууелден оқытуға тырыссаңыз. Тым болмаса жеті-сегізден он бес жасымызға шейін оқытсаңыздар қайтеді? Ер бала бөтен жерге шығып кетіп оқуға мүмкін. Біз сорлыларға бөтен жерге барып оқу қайда? Біздер надан қалсақ, түктеме білмесек, дүниадан кұр болып етсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай, кімге болады? Біздерді оқыту сіздердің мойныңызға борыш: Қиамет күнінде Алла тағаланың құзырында біз, қыз балалар, барлығымыз бір ауыздан шулап зарланармыз. Көз жасымызға қалмай оқытсаңыз, сіздерге алғыс берерміз.
Екінші бір кемге тұтынатұғын орныңыз: қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымызда-ақ біреуге қатындыққа сатып қойасыз. Соңғы уақытта екі жас біріне-бірі тең бола ма, болмай ма, оған қарамайсыз. Тек тұз дәмі жарасса жақсы, жараспаса қыз баланың бүкіл ғұмыры жәбір-жапада өтеді, немесе дау-жанжал шығуға себеп болып кетеді. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? 60-тағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіз?
Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы. Бірақ бейшара қазақ қыздары надан болып һеш нәрсе білмегендіктен мұң-мұқтажын айтып зарлана алмайды. Болмаса қарап жатпас еді. Көп үшін, айыпқа алсаңыз да мен айтып жатырмын. Өзім шаһарда бірнеше жыл тұрып оқығаннан жазарлық шамам болған соң, мұң-мұқтажымызды жазып жатырмын. Біз үшін сөз жазушы һеш кім жоқ. Хатта оқыған жастарымыз да біз турада бір ауыз сөз айтпайды. Бөтін жұрт ер бала, қыз баласын бірдей оқытады.
«Айқап» журналына һәр кім мұңын жазып жатқан соң, мен дағы басымыздағы кеңесті қозғап жаздым, журналға басылар деп үміт етемін. Егер басылмаса, ерлер үшін шығарылған екен деп, әйелдер үшін шығарылмаған екен деймін де бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін.
Сақыпжамал Тілеубай қызы
1924 жылы 26 желтоқсан. «Ақ жол» газеті. №518.
Әйелді мектепке алсаңдар
Әйелдің сауатсыздығын жою, әйелді мектепке алу әйеп бөлімі ғана емес бүкіл партияның мақсұты. Түркістанда халықтың 46 протсенті басқа сөзбен айтсақ 3 миллиондай адам әйел болады. Кеңес үкіметінің әсілі бір негізі әйел мен еркектің терезесін теңеу; қара танымау, мәдениетсіздік себебінен әйелдер әлеумет жұмысына қатынаса алмаса іс жүзінде кеңестің зор мақсұтын жойғаны болып танылады. Бұл күнде кеңес мемлекетінің зор мәшинесін жүргізуге еркектер бір тетігі болып қызмет етіп отырса, ондай тетік болуға әйелге де мүмкіндік бар. Мәшинені жүргізуге әйелді жібермей отырған не? Ол әйелдің қара танымаушылығы. Сондықтан Түркістан әйелдері еркекпен тізе қосып көмектесе алмай, әлі де аузын ашалмайтын күң есебінде келе жатыр.
Сондықтан әйелдер мектебін молайтуға өте-мөте назар салуымыз керек; әйелдер мектебін ашып ғана қою жетпейді.
Ол мектептер құлап қалмасқа қам қылып, дәйім бақылап отыруымыз керек. Жер-жердегі саяси ағарту бөлімі мен әйел бөлімі бірігіп істеуі керек. Әсіресе соңғы ұйым әйелдер арасында дәйім үгіт жүргізіп, 6 айлық сауат мектебін бітіруге жәрдем етсін.
Мектепте әйелдер көп оқысын десек, саяси ағарту бөлімдері әйелдерді оқытуға ең жақсы оқытушыларды жіберсін, мектепке қызықтырсын. Және оқуды өмірмен байланыстырып, әйелдердің тілегін орындап отырсын. Мысал үшін алдымен әйелге азаттық берген кеңестік декреттерін түсіндіруден бастау керек; қалың малдың, күйеуге жастай берудің зиянын ұқтыру керек. Осы декреттерді іске асыруға әйелдер қалай алу керек екенін көрсету керек. Әйелдердің базармен байланысы бар. Үй шаруасы базарға араластырады: Әйелдер қол өнермен кәсіп қылады, мата, жібек, кілем тоқиды, кесте тігеді, жіп иіреді бұл нәрселер базар нәрсесі. Әйелдер саудаға ысылмағандықтан алып сатарлардың алдауына түсіп нәрсесін күйдіріп сатады. Міне әйелге әуелі шаруа жағынан жем болып жүргенін айтып, екінші мектептің пайдасын ұқтырып пайдалана білсе сонда біздің әйелдеріміз мектептен кетпейді.
Одан басқа да әйелмен сөйлесетін күндегі уақ шаруалар көп. Мәселен малдың соммасы, егін шығымы, кіріс-шығыс есептеу тәрізді, бұларды да ескеріп отыру керек.
Әйелдерді оқыту керек, бірақ оқытушы кім болмақ, мәселен сонда: бұл күнге шейінгі оқытушылардың білімі тым жартымсыз болып жүр. Сондықтан саяси ағарту бөлімінің мықты кірісетін жұмысының бірі жергілікті халықтан оқытушы әйелдер даярлап шығару. Ондай жарамды оқытушыларды тауып беретін әйелдер бөлімі болуы керек. Ондай мектептердің қаражаты совет мектептерінің есебіне кіргізіліп, жергілікті қаржыдан берілуі керек.
Әйелге хат танытудың бір мақсұты көбінесе әйелдер құқығын жоқтай білетін адамдар болып шығуы. Жалаң өз басы емес бүкіл әйелдердің өжет қорғаушысы болып декреттердің өзіне дұрыс іске асыруын бақылау. Оқушы әйелдер бір жағынан хат танып көзі ашылса, екінші оқытушы әйел өздерінің мұңын жоқтайтын қорғаны екенін білсе, мектепке бұрынғыдан артық ықыласты болмақ, оқудан қашпақ емес.
Ж.