Астана жолы Ақмешіттен басталады

20.01.2026
6328
Астана жолы Ақмешіттен басталады - e-history.kz

ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси ахуалы күрделі еді. Ел аумағы әкімшілік жағынан бытыраңқы, шаруашылық жүйесі әркелкі, демографиялық құрылымы ала-құла болды. 1924 жылы «Ақжол» газетінің №474 санында «Тоқпақ» бүркеншік атымен жарияланған сараптамалық мақалада сол кезеңдегі Қазақстанның шынайы көрінісі нақты статистикалық деректермен көрсетілді. Онда Орал мен Ақтөбе губернияларынан өзге аймақтардың бір-бірінен жер шалғайлығы, шаруашылық ерекшелігі, халқының ұлттық құрамы жағынан бір орталыққа ұйысуға дайын еместігі ашық жазылды.

Мақалада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе губерниясында 406 мың 112 қазақ тұрып, ол барлық халықтың 75 пайызын құраса, Орал губерниясында 307 мың 813 қазақ (61 пайыз) болды. Семей губерниясында қазақ саны көп болғанымен (565 мың 972 адам), халқының жартысына жуығы өзге ұлттардан тұрды. Ақмола губерниясында қазақтар небәрі 37,5 пайызды ғана құрады. Ал Бөкей губерниясы мен Адай ауданында халықтың басым бөлігі қазақ болғанымен, көшпелі тұрмыс пен шөлейт аймақ жағдайы тұрақты мәдени-әкімшілік орталық қалыптастыруға мүмкіндік бермеді. Орынбор губерниясында қазақ халқы бар-жоғы 2 пайыз ғана еді.

Осы деректер Қазақстан аумағында этникалық, шаруашылық және мәдени тұрғыдан бір орталыққа бірігуді қиындатқан жағдайды анық көрсетеді. 1920-жылдардағы бүкіл Қазақстан халқының небәрі 46,5 пайызы ғана қазақтар болатын. Яғни, орталықта Бүкіл Қазақстанда 2 милион 229 мың 310 қазақ болды. Мұндай жағдайда ұлттық мемлекетті қалыптастыру үшін қазақ халқы тығыз орналасқан, географиялық тұрғыдан қолайлы, экономикалық әлеуеті бар орталық қажет еді. Бұл жайлы мақала авторы Сұлтанбек Қожанов «Қазақстан астанасы Орынбордан көшіп, тез арада орталық Сырдария облысына орнауы керек. Һәм әлгі айтылған жобаны тұтынып, қазақ ұлт мемлекетін жасауға тоқтаусыз кірісуі керек», деп жазады.  Сондықтан Қазақстан астанасын Орынбордан көшіру мәселесі күн тәртібіне шықты. 1925 жылғы 9 ақпанда Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару комитеті президиумының мәжілісінде жаңа астананы Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданды. Бұл шешімге 1924 жылдың 29 желтоқсанында Сұлтанбек Қожановтың И.Сталинге жолдаған хаты түрткі болғаны белгілі.

Ақмешіттің астана ретінде таңдалуы кездейсоқ емес еді. Бұл туралы Сұлтанбек Қожанұлы «Лениншіл жас» журналының 1925 жылғы санында берген сұхбатында жан-жақты түсіндіреді. Оның айтуынша, Ақмешіт Бөкей, Қостанай және Семей губернияларынан басқа барлық өңірлер үшін географиялық тұрғыдан ең қолайлы орталық болды. Қаланың айналасы қазақ халқы тығыз орналасқан аймақтар еді. Ақмешіт Ташкент темір жолының бойында, Сырдария өзенінің жағасында орналасып, болашақта су жолын дамытуға, суармалы егіншілікті өркендетуге, әсіресе мақта шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін табиғи-экономикалық әлеуетке ие болды.

Сұлтанбек Қожановтың айтуынша, Ақмешіттің өз маңында ғана 2 миллионнан астам қарақалпақ пен қазақ халқы шоғырланған. Сонымен қатар сол кезеңде қазақтың ішінде орталық болуға лайық жалғыз ірі қаланың өзі жоқ болатын. Осы жағдайлардың барлығы Ақмешітті қазақ мемлекетінің астанасы етуге негіз болды.

1925 жылдың 15 сәуірінде Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі ашылды. Бұл съезд Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңдердің бірі болды. Съезде халқымызға өзінің тарихи «қазақ» атауы қайтарылып, жаңа астананың Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгертілді.

Жаңа астананың атауын өзгерту мәселесі де кездейсоқ қабылданған шешім емес. Тарихи деректер Қызылорда атауын беру алаштық саяси элитаның ұжымдық ой-пікірінің жемісі екенін көрсетеді. Сәкен Сейфуллин 1925 жылғы 19 сәуірде И.Сталинге жазған хатында бұл мәселенің қалай талқыланғанын баяндайды. Оның айтуынша, съезд Алашорда Батыс бөлімшесінің жасыл туы астында өткен, ал алаш қайраткерлері үшін қызыл, жасыл немесе ақ түстің саяси мағынасы емес, «орда» ұғымының сақталуы маңызды болған. Яғни, Ақмешіттің Қызылорда атануы ұлттық мемлекеттілік дәстүрімен сабақтасқан символдық шешім болды.

Осылайша Ақмешіт – қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру дәуіріндегі алғашқы ұлттық астанаға айналды. Ол  кеңестік билік шеңберінде болса да, қазақтың мемлекеттік орталығы ретінде қалыптасқан, ұлттық басқару жүйесінің, зиялы қауымның, мәдени-ағартушылық ортаның шоғырланған қаласы болды.

Бүгінде Қызылорда  аймақтық орталық ретінде белгілі. Алайда оның тарихындағы Ақмешіт кезеңі қазақ елінің астана тағдырын шешкен, мемлекеттілік жолындағы жауапты таңдау жасалған ерекше белес болып қала береді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз