Қазақ даласының ән қазынасында тыңдаған сәттен бастап жүрекке сіңіп, адамды еріксіз өткенге жетелейтін әуендер аз емес. Сол тылсым саздардың бірі – «Балапан қаз». Мұң мен сағынышқа толы кең тынысты бұл ән ұзақ жылдар бойы халық жадында авторы беймәлім күйде сақталып, ел арасында ауыздан ауызға тарады. Тек кейінгі кезеңде ғана зерделі ізденістер нәтижесінде оның шығу төркініне қатысты нақты деректер айтыла бастады.
Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Желтоқсан желі»
«Балапан қаз» әні туралы ең сенімді дерек Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Пугачев ауылының тұрғыны, домбырашы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуымен жеткен. Көнекөз қарияның сөзіне сүйенсек, бұл әнді ертеде Найман еліне келін болып түскен керей қызы шығарған. Өз елінде сүйгенінен аяғы ауыр болып қалған қыз салтқа бағына отырып, жат жұртқа ұзатылады. Кейін перзентін дүниеге әкеліп, бесік тербете жүріп, ішіндегі шер мен сағынышты әнге қосады. Осылайша мұңнан туған әуен ел арасына тарайды. Уақыт өте келе әннің толық мәтіні ұмытылып, халық жадында тек қайырмасы ғана сақталып қалған. «Е-е-й, ахау сабаз, ұшырдым ұясынан балапан қаз» деген жолдар сол қасіретті тағдырдың, аналық мұңның белгісіндей бүгінге жетті. Әннің әуені сақталғанымен, сөзі көмескі тартып, халық әні ретінде өмір сүре берді.
Бұл туындының қайта жаңғыруына көрнекті ақын, драматург Арғынбай Жұмажанұлы ерекше үлес қосты. Моңғолияның Баян-Өлгей өңірінде туған ақын ел жадында сақталған әуенге жаңа мәтін жазып, әнге екінші өмір сыйлады. 1973 жылы Тұлба сұмынында өткен мәдени күндер барысында «Балапан қаз» осы жаңа мәтінмен алғаш рет кең сахнада орындалды. Ән сол сәттен бастап Өлгей өңірі жастарының сүйіп айтатын туындысына айналады. Арғынбай Жұмажанұлы жазған мәтін кейін «Бұл өлке» деген атаумен жарық көріп, «Халық әні “Балапан қаз” әуенімен» деп көрсетіледі. Бұл – автордың әннің түпкі халықтық табиғатын сақтауға деген ниетінің көрінісі. Ән мәтіні Моңғолия қазақтарының халық әндерін жинақтаған еңбектерде де жарияланып, ғылыми айналымға енді.
Қазақстанда бұл әннің кең танылуына әнші Жанар Айжанованың еңбегі зор. Ол 1991 жылы Моңғолияға сапары кезінде әнді естіп, елге алып келеді. Кейін «Балапан қаз» Қазақстан сахнасында да орындалып, түрлі әншілердің репертуарынан орын алады. Әннің табиғи мақамы сақталып, домбыра сүйемелдеуімен орындалуы оның халықтық болмысын айқындай түсті. 2005 жылы тарихи «Көшпенділер» фильмінде «Балапан қаз» әнінің қолданылуы туындының мәнін одан әрі тереңдетті. Фильмнің бас кеңесшілерінің бірі болған Ақселеу Сейдімбек бұл әнді қазақ халқының қилы кезеңдерде бытырап кеткен тағдырын, рухани тұтастығын бейнелейтін символ ретінде бағалаған. Кинода ән жетігеннің сүйемелдеуімен орындалып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
«Балапан қаз» – жай ғана ән емес, бір ананың мұңы арқылы тұтас бір дәуірдің қасіретін жеткізген рухани туынды. Оның әуенінің бүгінге дейін жетуі халық жады мен ауызша мәдениеттің өміршеңдігін дәлелдейді. Уақыт өте келе сөзі ұмытылып, қайта жазылғанымен, әннің өзегінде жатқан мұң, сағыныш және туған жерге деген іңкәрлік өзгермей сақталды. Сол себепті «Балапан қаз» қазақтың халықтық музыкалық мұрасының ең терең қабаттарын танытатын, уақыт пен тағдыр сынынан өткен, рухани салмағы ауыр ән ретінде бағаланады. Бұл – жеке бір адамның емес, тұтас халықтың жадында сақталған тарихтың әуенге айналған көрінісі.