Бір әннің тарихы: «Желтоқсан желі»

Автор:
17.12.2025
7718
Бір әннің тарихы: «Желтоқсан желі» - e-history.kz

Азаттыққа деген арман – қазақтың жүрегінен өшпеген мәңгілік ұшқын. 1986 жылдың қаһарлы желтоқсанында сол ұшқын алау болып жанып, мыңдаған жас Алматының қақ ортасына жиналды. Сондай суық та ызғарлы күндер халықтың тағдырына өшпес із қалдырды. Желтоқсан – ұлт санасын оятқан, намыс отын маздатқан, еркіндік жырына айналған ай болды. Сол күндердің жан жарасын, мұңын, өр рухын бейнелеген ең шоқтығы биік туындының бірі – «Желтоқсан желі» әні.

Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Есіңе мені алғайсың»

Бұл әннің авторы – белгілі композитор Әбиірбек Тінәлі. Ол Желтоқсан оқиғасын сырттай бақылағанымен, жүрегімен, жанымен сол күндердің қасіретін бірге өткерген куәгерлердің бірі. 1986 жылдың қаһарлы желтоқсанында Әбиірбек Жамбыл қаласында актерлік қызмет атқарып жүрген. Алматыдағы дүрбелең туралы алғашқы хабарды теледидар мен газеттерден естігенде, оның жүрегін сөзбен айтып жеткізе алмайтын күй басады. Бейбіт ниетпен алаңға шыққан жастарды «тәртіпсіз», «мас», «бұзақы» деп көрсеткен жалған ақпарат композитордың жанын күйдірді.

«Сол күндері көз жасымды тежей алмадым. Радио мен газеттен оқыған жалған айыптаулар ішті өртеп жіберді. Өз еліне адал, намысшыл қазақ жастарының үстінен жабылған жала жүректі ауыртты. Сол сәтте ішімдегі барлық мұң, ыза, өкініш өз бетімен әуенге айналып жатты», – деп еске алады автор.

Алғашқы әуен тым баяу, өз-өзінен туа бастаған ыңыл ғана еді. Бірақ ол жай әуен емес, ішкі ащы өксіктің, арман мен қайғының біріккен үні болатын. Кейінірек бұл күйді аяқтап шығуға ақын Әбдірахман Асылбектің сөзі дем берді. Ақын мен композитор арасындағы үндестік сол күндердің рухын дәл жеткізді. Әбдірахманның жүректен шыққан шумақтары Әбиірбектің жан күйін толықтырып, әннің шынайы мәнін ашты. Осылайша, мұңнан басталған әуен мен шындыққа негізделген сөз бір-бірімен қабысып, қазақ музыкасына мәңгілік мұра болып қалатын «Желтоқсан желі» дүниеге келді. 

Әннің алғашқы жолдары-ақ жүректі шымырлатады: 

«Желтоқсан бірде, 

Ел тосқан түрде, 

Келетін мүлде жайдарлы. 

Сол жылы бірақ, 

Әдеттен жырақ, 

Көрінді шын-ақ айбарлы...» 

Бұл шумақтар – 1986 жылғы ызғарлы күндердің дәл бейнесі. Алаңды жапқан аяз, қатыгездік, қорқыныш, сонымен бірге намыс пен рухтың араласқан сәті. Әннің ырғағында да, сөзінде де қарсылық пен қайсарлық қатар өрілген. «Желтоқсан желі» – тек мұң емес, ол еркіндіктің әнұраны. Әрбір нотасында әділеттілікті аңсаған жастардың үні жатыр. Әбиірбектің өз даусымен орындаған нұсқасында ерекше діріл, жүрек түбінен шыққан шынайы күй бар. Тыңдаған жан сол дәуірдің қасіретін сезбей қалмайды.

Кеңес дәуірінде «Желтоқсан» тақырыбының өзі тыйым салынған түсінікке айналды. Ол жайлы ашық айту, әнмен өрнектеу өзіңді қауіп астына қоюмен тең болатын. 1986 жылғы оқиға билік тарапынан «ұлтшылдық бүлік», «тәртіпсіз жастардың әрекеті» деп бұрмаланып бағаланып, оған қатысты кез келген дүние қатаң бақылауға түсті. Цензураның сойылы алдымен өнер адамдарына тиді. Желтоқсанға ишара жасайтын шығармалар, өлеңдер, әндер эфирге жіберілмеді, сахнаға шығарылмады, тіпті халық арасына таралуы да тосқауылға ұшырады. Осылайша, тереңнен шыққан шындықты айтқан «Желтоқсан желі» де ұзақ жылдар бойы үнсіздікке қамалды. Әнді қоғам естігенмен, ресми сахналарда орындалмайтын, радио мен теледидар эфиріне жіберілмейтін. Халықтың жүрегінде орны бар туынды мәдени кеңістіктен күштеп шеттетіліп, тек ауыздан ауызға тарау арқылы ғана өмірін жалғастырып тұрды. Композитор Әбиірбек Тінәлі бұл туралы:

«Бұл әнді мен арнайы тапсырыспен жазған жоқпын. Ол – жүректің жарасынан, елге деген шексіз сүйіспеншіліктен туған дүние. Сол күндердің қасіреті-ақ өз жолын көрсетті. Бірақ әлі күнге дейін республикалық деңгейдегі концерттерге шақырмайды, бұл әнді орындауға мүмкіндік бермейді. Неге екенін өзім де түсінбеймін. Бірақ бір нәрсеге сенімдімін. Бұл – менің емес, бүкіл қазақтың жүрегінен туған ән», – деп еске алады.

Осы сөздердің өзінен-ақ «Желтоқсан желінің» қандай ауыр жағдайда өмірге келгенін, әрі қандай қиындықпен сақталып қалғанын аңғаруға болады. «Желтоқсан желі» – ұлт жадында мәңгі жаңғырып тұратын ән. Ол – қазақ халқының намысын оятқан, рухын асқақтатқан сәттердің музыкалық көрінісі. Әбиірбек Тінәлі мен Әбдірахман Асылбек сынды шығармашыл жандардың жүрегінен туған бұл туынды тәуелсіздіктің шынайы гимніне айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз