Бір әннің тарихы: «Есіңе мені алғайсың»

Автор:
02.12.2025
6794
Бір әннің тарихы: «Есіңе мені алғайсың» - e-history.kz

Қазақ поэзиясы мен ән өнерінің тоғысқан тұсында туған қастерлі туындылардың бірі – «Есіңе мені алғайсың» әні. Бұл шығарманың тарихы – ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиялық қуаты, Нұрғиса Тілендиев пен Елена Әбдіхалықованың сазгерлік дарыны, сондай-ақ Мәдина Ералиеваның мәңгілік дауысымен сабақтасқан үлкен мәдени құбылыс.

Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Балқадиша»

Мұқағали Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» өлеңі – ақын лирикасының биік шыңы, адам жанының ең терең иірімдерін табиғат суреттері арқылы жеткізген көркем туынды. Мұнда ақын көктемнің дүркірей оянған сәтін, жаздың маужыраған әуесін, күздің қоңыр мұңын, қыстың бозғыл қары мен тыныштығын бір-біріне өріп, адамның бүкіл өмір жолымен шендестіре бейнелейді. Ақын осы төрт мезгілдің әрқайсысын жүрек күйімен байланыстырып, қай уақытта да сүйген жанның жүректе қалған ізі өшпейтінін меңзейді. Өлең жолдары тек еске алу туралы өтініш емес, бұл — адам өмірінің әр белесін, әр тынысын жауапкершілікпен сезініп, өткенді қимастықпен бағалауға шақырған сырлы үндеу. Сондықтан да «Есіңе мені алғайсың» Мұқағалидың өмірден озар шағында жазылған, оның соңғы лирикалық аманаты секілді қабылданады.

Бұл әнді алғаш нотаға түсірген – Нұрғиса Тілендиев. Ақын мен композитордың шығармашылық үндестігі – қазақ музыка өнеріндегі ең жарқын құбылыстардың бірі. Екі алыптың өнерге деген адалдығы, сезімталдығы мен ізденісі бір арнаға тоғысып, халқымызға отызға жуық жауһар ән сыйлады. 1975 жылы Мұқағали ақын бір ай бойы Нұрғисаның шаңырағында қонақтап, күн сайынғы шығармашылық әңгіме, түнгі ойтолғаулар, домбыра мен сырнайдың әуені көптеген туындылардың жарыққа шығуына жол ашты.  Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаев арасындағы рухани байланыс тым терең болатын. Ақынның ішкі әлемін дәл сезінетін, оның өлеңіндегі ырғағын, мұңын, отын түсінетін санаулы жандардың бірі Нұрғиса еді. Сол себепті де композитор Мұқағали жырларын ерекше бағалап, әр шумағына әуен іздегенде оның жан сырына бойлай тыңдайтын. Осы шығармашылық одақтың ең соңғы жемісі – «Есіңе мені алғайсың» әнінің Нұрғиса жазған нұсқасы. Мұқағали өмірден өткеннен кейін Нұрғиса ақын қалдырып кеткен қағаздарды реттеп отырып, осы өлеңді тауып алады. Ақынның нәзік үндеуін оқыған сәтте-ақ композитор қатты толқып, ұзақ уақыт өзіне келе алмай, өксіп жылағаны айтылады. Өлеңдегі сағыныш пен мұң оған ерекше әсер етіп, дәл сол күні-ақ әннің әуені өмірге келіп, жүректен жарып шыққан. Бұл нұсқа – екі ұлы тұлғаның арасындағы соңғы шығармашылық аманат іспетті. Кейін бұл әнді «Отырар сазы» оркестрі орындап, көпшілікке кеңінен таратты. 

Алайда бұл әннің көпшілікке кеңінен тараған, халықтың жүрегінде терең орын алған талантты ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықованың нұсқасы. Ол бұл туындыны дүниеге әкелгенде жасы небәрі жиырмада еді. Қызылорда педагогикалық институтының екінші курсынан кейінгі жазғы демалыста ауылға оралған сәтте, Елена Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын парақтап отырып, «Есіңе мені алғайсың» өлеңін кезіктіреді. Бұрын да бірнеше мәрте оқыған өлең дәл сол күні өзгеше әсер етіп, жас жүрекке бірден жол табады. Ақынның төрт мезгілді суреттей отырып жеткізген сағынышы, лирикалық аңсары Еленаның ішкі күйімен дәл қабысып, шабытын оятып, оның жүрегінен әуен болып төгіледі. Композитордың айтуынша, ән ешбір қиындықсыз, табиғи түрде «өздігінен туғандай» болып, сол сәтте-ақ домбыра шанағынан төгіліп шыққан. Елена Әбдіхалықова бұл әнді алғаш жазғанда «міндетті түрде елге тарату» ниеті болмағанын айтады. Ол әнді айтысқа барған жерінде, шағын отырыстарда, шығармашылық басқосуларда ғана домбырамен айтып жүрді. 

1994 жылы сондай отырыстардың бірінде әнші Мәдина Ералиева Елена Әбдіхалықовамен алғаш рет жүздеседі. Сол кезде композитор домбырамен «Есіңе мені алғайсыңды» орындап береді. Әнді ести сала Мәдинаның жанары жылтырап, жүрегі дір ете түседі. Ол көптен бері ел ішінде жиі айтылып жүрген бұл әуеннің авторын таппай жүргенін жасырмай: «Қандай әдемі ән! Авторын іздеп жүр едім, өз сіңлімдікі екенін енді білдім. Маған орындауға рұқсат берші», – деп өтініш жасайды. Елена да үлкен құрметпен келісімін береді. Біраз уақыттан соң Алматыда кездескен екі өнерпаз бір түн бойы домбыра мен сырнайдың әуеніне қосылып, әннің әр бұралаңын, әр тынысын, әр иірімін бірге пысықтайды. Көп ұзамай «Есіңе мені алғайсың» Мәдина Ералиеваның орындауында радиодан, теледидардан, концерт залдарынан естіліп, бүкіл қазақ даласына тарап кетті. Мәдинаның қоңыр дауысы мен Мұқағали жырының терең мұңы бірігіп, тыңдарманның жүрегіне жетті. Әнді тыңдағанда көз жасына ерік беретіндер көп, себебі Мәдинаның орындауында бұл ән жай ғана туынды емес, сағыныштың, өткен күнге деген іңкәрліктің, өмірге қалдырылған лирикалық аманаттың бейнесіне айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз