Қазақ халқының ұлттық музыка қорындағы ең көркем әрі мұңды туындылардың бірі – Ақан сері Қорамсаұлының «Балқадиша» әні. Бұл әнді тыңдаған жанның жүрегін толқытып, тағдырлы Қадиша есімді аруға деген сағыныш пен өкініш сезімі бойды билейді. Уақыт өте келе ән аңызға айналып, оның шығу тарихы ел аузында түрлі нұсқалармен сақталып қалды.
Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Күрең күз»
Ақан сері – XIX ғасырдағы қазақ өнерінің айрықша өкілі, сал-серілік дәстүрдің нағыз ажары. Оның сұлу үнi, жаратылыстан дарыған серілік мінезі елге қуаныш сыйлағанымен, еркін болмысы жөнінде ел ішінде түрлі қисынсыз қауесеттер де тараған. Кейбіреулер оны тылсыммен тілдеседі деп үрейленіп, әсіресе жас келіншектер мен бойжеткендер оның маңына көп жолауға батпайтын. Осындай сын көзқарастар өршіген кездің бірінде Ақан сері Көкше өңіріндегі елге сыйлы Ыбырай ақсақалдың ауылына келеді. Сол түні ауылда шілдехана қызып жатқан. Серінің келгенін естіген жұрт құрметпен қарсы алғанымен, салмен қатар отыруға жасқанған қыз-келіншектер төр жаққа бата алмай, алыстан ғана көз тастап отырады. Үй іші ығына жығыла алмай, біртүрлі күйге түседі. Дәл осы кезде үй іші тегіс назар аудартқан бір көрініс орын алады. Ыбырайдың сұлу да салиқалы қызы Қадиша орнынан ақырын тұрып: «Сері ағамның жанына мен отырайын», – дейді. Жұрт іштей таңырқап қалғанымен, бойжеткеннің батылдығына ешкім қарсы шыға қоймайды. Қадиша жібектей мінезімен Ақанның оң жағынан жайғасады. Сол сәтте серінің жүзіне бір жарық нұр үйіріліп, көңілі көтеріледі. Қадишаның осы бір қарапайым, бірақ жанға жылы қадамы оның жүрегіндегі күңгірт бұлтты сейілткендей әсер етеді. Түн бойы домбыраның күмбірі мен әсем әңгіме жараса өріліп, отырыстың сәні кіре түседі. Қадишаның ибалығы мен нәзіктігі, көркі мен мінезі Ақан серінің көңіл қылын шертпей қоймайды. Ол қыздың жанарынан ұяңдықты да, өрлікті де, сұлулықты да көріп, өзіне белгісіз бір жаралы сағыныш сезімін бастан өткереді. Бірақ бұл кештің де шегі бар еді. Қадишаның ағалары оның сері жанында отырғанын естіген бойда, екі жеңгесін жіберіп: «Қарындасты алып келіңдер», – деп бұйырады. Жеңгелері келгенімен, Қадиша ешқайда қозғалар емес. Ақан да қызды қимай, үнсіз күйде отыра береді. Үй ішіне таңғы салқын леп еніп, қарауылдаған бозторғайлар шырылдай бастағанда ғана Қадиша орнынан тұруға мәжбүр болады. Қадиша есікке беттегенде, Ақан сері домбырасын қолына алып, саусақтарын ішекке баяу тигізеді. Домбыраның қоңыр үні үй ішін толтырып, серінің жүрегінен туған шынайы қимастық әнге айнала бастайды. Осылайша кейін қазақ даласын шарлаған, ғасырлар бойы айтылып келе жатқан әйгілі «Балқадиша» әнінің алғашқы әуені дүниеге келеді.
Бұл туынды – Ақан серінің нәзік сезімінің, аруға деген іңкәр құрметінің көрінісі еді. Әннің алғашқы нұсқалары ұзақ толғау түрінде болған, тіпті 90 шумаққа жуық нұсқасы болғаны айтылады. Өкінішке қарай, оның көп бөлігі бізге жетпеген. Кейін бұл әннің «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деген жолдары кең тарағанымен, ол тарихи шындыққа сәйкес келмейді. Ел аузындағы нақты деректер бойынша Қадиша үлкен кісіге емес, өз теңі Масабай әулетінің Сүлеймен есімді ұлына тұрмысқа шыққан. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, бес перзент тәрбиелеп өсірген. Қадиша ана 1953 жылы дүниеден өткен.
«Балқадиша» әнін алғаш орындап, ел арасына кең таратып, кәсіби деңгейде жеткізгендер қатарында – Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков сияқты қазақтың дүлдүл әншілері бар. Әсіресе, қазақ өнерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубаевтың есімі бұл әннің тарихында айрықша аталады. 1925 жылы Париж қаласында өткен ЭКСПО–Халықаралық көрмеде Әміре Қашаубаев қазақ ән өнерін әлем алдында алғаш рет кәсіби биікте таныстырған болатын. Сол сахнада ол «Балқадиша» секілді халық шығармаларын асқақ үнмен орындап, Батыс тыңдарманын таңғалдырды. Әміренің дауыс диапазонын, далалық төкпе мәнерін және қазақ лирикасының нәзік иірімдерін еуропалық өнер мамандары зор қызығушылықпен қабылдап, ерекше бағалаған. Осы арқылы «Балқадиша» әні алғаш рет халықаралық деңгейде орындалып, қазақ музыкасының көркемдігін әлем жұртшылығына көрсеткен еді. Кейін бұл туындыны жаңа буын өнерпаздар түрлі өңдеулерде орындап, жас ұрпаққа қайта танытты. Әр орындаушы өз мәнерімен әуеннің бояуын қалыңдатып, жаңаша серпін бергенімен, әннің түпкі мұңы мен лирикалық сарыны өзгерген жоқ. 1988 жылы зерттеуші Қайролла Жүзбасовтың құрастыруымен «Өнер» баспасынан жарық көрген жинақта «Балқадиша» әнінің үш түрлі нұсқасы жарияланды. Бұл – әннің халық арасында қалай таралып, уақыт өте мазмұны өзгеріп отырғанын дәлелдейтін маңызды дерек. Бүгінде «Балқадиша» қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енген, ұлттық ән өнерінің көркем үлгісі саналады. Уақыт алмасса да, бұл туындының ғұмыры ұзарып, Ақан серінің нәзік лирикасы мен Қадиша арудың асыл бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.