Қазақстандағы тарих ғылымын дамыған елдердей дәрежеге көтеруге үлес қосқан еңбекқор, ізденімпаз ғалымдар аз емес. Солардың бірегейі академик Ақай Нүсіпбекұлы Нүсіпбеков. Оның қазақ академиялық тарих ғылымын қалыптасып дамуына сіңірген еңбегі айрықша.
Қоғамда ғылымның қалыптасуы өте күрделі және аса қызықты процесс. Әр ғылым саласы түрлі себептерге, талаптарға, мүдделерге сәйкес қалыптасып дамиды. Ғылымға қойылатын ортақ талап оның нәтижелерінің адамға, қоғамға, мемлекетке, қызметке жарамдылығы. Қандай ғылым болмасын оның озық өкілдері ұшқыр ойларымен, ізденістерімен, тәжірибелері арқылы жасайды. Тарих ғылымының адамзаттың саналы өмірімен қатарласып келе жатқандығы белгілі. Тіптен, адам есінің, жадының, құдайы Мнемозиноның қызы Клио тарихының музасы (қамқоршысы) деген әпсана ерте гректер заманынан келе жатыр.
Ал, қазақ халқының тарихы мен тарих ғылымының қалыптасуының өз ерекшеліктері бар. Көшпенді, жартылай отырықшы қазақ қоғамы Батыс елдеріндей, Қытай, Жапония сияқты жазылған тарихын бір орталықтан жасап, насихаттай алған жоқ. Тіптен, үш ғасырға жуық жеке мемлекет болып отырған Қазақ хандығының өз өкілдері арнайы жазып қалдырған тарихи шығармалары, жылнамалары жоқ. Қазақ хандығының тарихын тарихшылар Ресей, Қытай, Парсы, Батыс елдері архивтерінің тарихи деректеріне сүйеніп жазып жүр. Сондықтан Қазақстанда тарих ғылымының өсіп-өнуі көптеген объективті қиындықтарға тап болуда. Қазақстан тарихы аңыздарға, жырларға, эпостарға, дастандарға ерекше мән беруде. Айтылған тарихи үлгілер қазақ тарихының көне беттерін ашуға көмек беруде.
Барша қиындықтарға қарамастан Қазақстандағы тарих ғылымын дамыған елдердей дәрежеге көтеруге үлес қосқан еңбекқор, ізденімпаз ғалымдар аз емес. Солардың бірегейі академик Ақай Нүсіпбекұлы Нүсіпбеков. Оның қазақ академиялық тарих ғылымын қалыптасып дамуына сіңірген еңбегі айрықша.
Ақай Нүсіпбеков кеңестік кезеңде өмір сүрді, тарихқа қатысты шығармаларын жазды. Әрбір адам өз қоғамындағы саяси-идеологиялық, әлеуметтік-экономикалық қатынастар шеңберінде өмір сүріп, еңбек етеді. Сөз жоқ А. Нүсіпбеков өз зерттеулерін социалистік таптық қоғам, коммунистік идеология, евроцентристік марксистік-лениндік ойлау шеңберінде жазды. Бүткіл КСРО ғалымдарына қойылатын ортақ, қатаң тоталитарлық қоғам талаптарынан шыға алған жоқ. Алайда ойлай білетін, шындықты айтуды көксейтін, өз ұлтының мұң-мұқтажы мен келешегін ойлайтын ғалымдар осындай қатаң тәртіптер жағдайында да позитивті, озық, халықтың болашағы үшін қажетті дүниелерді айта білді. Нүсіпбеков ағамыз осындай ұлтжанды , шыншыл тарихшылардың қатарында болды деп батыл айта аламыз.
Ең бастысы Ақай Нүсіпбеков объективті тарихи шындықты марксистік методология принциптеріне сүйене отырып айтуға, жазуға қол жеткізген талантты да, жаңашыл ғалым болды. Оның зерттеулерінен барлық жақсылық пен игілік Батыстан келді, Шығыс халықтары әлемдік өркениеттік үрдістер көшінің соңынан ілесумен шектелді деген қате, зиянды евроцентристік танымға бас июді байқамаймыз. Ал ислам өркениетін, түркі өркениетін әлемдік тарихқа, адамзат соцумына ықпал жасаған феномендер ретінде ерекше, жекелеп көрсетпейді. Алайда, оның еңбектерінен осы өркениеттер жеткен жетістіктер, ойшылдарының еңбектері мен жаңалықтары ұдайы көрініс беріп отырды. Ғалым өз ой-пікірлерін марксистік-лениндік теорияны мансұқтамай-ақ, соның шеңберлерінің, принциптерінің ауқымында жаза береді. Ақай ағамыз, тарих ғылымының әлеуметтік функциясын, оның қоғамдық санаға ықпалын терең түсінеді. Тарих ғылымы қоғамдық қатынастардың ерекшеліктерін, заңдылықтарын зерттей отыра қоғамды жақсартуға, жаңартуға қуатты рухани күшке айналады деп есептеді. Тарихи шындықты білген, шындықтар негізінде тәрбиелеген халықтар ұлы жасампаздық харакеттерге барып, зор табыстарға жетеді деп сенеді.
Шағын мақала көлемінде Ақай Нүсіпбековтің көпқырлы, мазмұнды ғылыми мұрасын талдап беру мүмкін емес шаруа. Сондықтан ғалымның қалам тартқан шығармаларының негізгі бағыттары мен идеяларын ғана тоқталып өтейік. Оларды 2024 жылы желтоқсан айында жарық көрген, академик А. Нүсіпбековтың «Бес томдық шығармалар жинағынан» анық байқаймыз. Бес томдықты Ақай Нүсіпбеков 1956-1982 жылдары 26 жыл басқарған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжымы дайындап шығарды. Бұл еңбек Қазақстандағы тарих ғылымының дамуына айтарлықтай ықпал жасайды деген пікіріміз.
Ақай Нүсіпбеков Тарих институтын басқаруға келуі И. Сталиннің жеке табынушылық үдерісі аяқталып Н. Хрущевтің «жылымық» аталған кезеңдеріне сәйкес келді. Осындай қолайлы сәтті пайдаланып А. Нүсіпбеков бастаған ұжым «Қазақ ССР тарихының» қысқаша 2 томдығын және «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақ ССР тарихының» 5 томдығын дайындады. Басқа да көптеген іргелі зерттеулер жарық көрді. А. Нүсіпбеков кеңес халықтарының, соның ішінде қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы ерліктері жайындағы тарауларды жазды. Кеңестік кезеңде «Екінші дүние жүзілік соғыс» деген атаудан бұрын «Ұлы Отан соғысы» деген атау басым тұратын. Сондықтан 1949 жылы жазған еңбектерінде Ақай Нүсіпбеков «Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысында» деген тақырыпты таңдады. Ғалымның еңбектерінде фашистік Германияның жеңілуі тек ортақ күш, біріккен халық жанпидалығы арқасында ғана мүмкін болды деген парагдигма айқын көрінеді. Бір ғана халық күшімен фашисзмді мүмкін еместігіне ұйытады. Қазақ жауынгерлерінің ерліктің ерен үлгілерін көрсеткендігі жайында мақтанышпен жазады. Себебі, Ақай ағаның өзі осы қанды соғысқа ерліктер көрсеткен, қатысқан әскери офицер болатын. Сондықтан тарихшы ретінде ол өзі көрген соғыстың шындықтарын айтуға және жазуға мүдделі болды. Тек бір ғана өзі 398 жау әскерінің көзін жойған, Панфилов дивизиясының мергені Төлеуғали Әбдібековтың есімін ұлықтауы қаншалықты маңызды екендігін тарихшылар жақсы түсінеді.

Ғалым қалам тартқан маңызды тақырып азаттық күрес мәселесі. Ақаң осы тақырыпты зерттеу барысында таптық күрес принципін жақсы қолдана отыра, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін жақсылап марапаттап кетеді. 1979 жылы жазылған Қазақстан тарихы басылымында ол Ресейдің Шығыс Сібір аумағында басталған Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне Кіші жүз қазақтарының қатысуын көрсетеді. Қазақ халқы Ресей империясының отарлық саясатына ашық қарсы, бостандық пен егемендікке жетуді аңсайды деген қағидатты ұсынады. Қанау, езгі, бағыныштылық, өз жеріне ие бола алмау сияқты ауыртпашылықтар халықты кері кетіретін, оның арман-мақсаттарын жоққа шығаратын құбылыстар екендігі ашық айтылады. Ұлттық болмыс, ұлттық тіл мен құндылықтар қазақ этносының ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруін қамтамассыз ететін факторлар екендігін сенімді дәлелдейді.
А. Нүсіпбековтың ұлтжандылығы оның 1783-1797 жылдарында болған Сырым Датов бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалысының тарихын зерттеуінен де нақты көрінеді. Ғалым көтерілістің себептері ретінде Ресей патшалығының отарлық саясатының қатаңдауы, қазақ шаруаларының жайылым жерлерінен айырылуы, Орсы казачествосының қазақ ауылдарына үздіксіз шабуылдары, қазақ сұлтандарының орыс чиновниктерімен ауыз жаласын қазақ шаруаларының мал-мүлкін тонауы сияқты негативті құбылыстарды көрсетеді. Қорлық пен әділетсіздіктен зығыр болған халық С. Датовтың басшылығымен азаттық күресіне шықты деп дәлелдейді. Ғалымның ойларынан қазақ халқының тәуелсіздік жолында перманентті күрес жүргізді деген қағиданы байқаймыз.
Ақай Нүсіпбековтың осы маңызды тақырыптар ретінде көтерген қазақ халқының төл территориясы және мемлекеттілігі мәселесі қазіргі Қазақстан билігімен халқы үшін өзекті. Нүсіпбеков 1948 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясында «Қазақ жерлерінің біртұтас кеңестік қазақ мемлекетінде жинақталуы» сынды бүгінгі күнге дейін маңызды мәселені зерттейді. Бұл еңбегінде Нүсіпбеков Орта Азиядағы ұлттық – мемлекеттік бөлініс және қазақ жерлерінің біріктірілуі мәселесі зерттелмей келді. Менің мақсатым осындай «ақтаңдақтарды» толтыру деп көрсетеді. Автор қазақ халқының көп жерлерін Қытай, Ресей және ортаазиялық халықтар басып алғандығын жазады. 1873 жылы Хиуа, Бұқар хандықтарымен Ресей империясының шекарасы, 1881 жылы Ресей мен Қытай шекарасы бекітіліп қазақ жерінің біршама бөлігі Қытай шекарасының құрамында қалуы «Қазақ жері осылайша төрт мемлекеттердің талауына түсті, тіптен Ресейдің өз ішінде қазақ жері жекелеген аймақтар мен облыстар құрамына бөлшектенді», - деп жазды А. Нүсіпбеков. Қазақ халқының өркениет көшінен кенже қалуының себептері ретінде отарлық езгінің күшейуін, жерінің бөлшектенуін, патшалықтың езгісін, қазақ байларының қара халықты тонауын көрсетеді. Әрине ол кезеңде коммунистік партияның интернационализм саясатының ұлттық өмірді талқандап, құртып жатқандығын қазақ тарихшылары айта алмайтын. Десек те, А. Нүсіпбеков Қазақстанда бірнеше мәрте қайталанған алапат отаршылдықтың әлеуметтік-экономикалық, демографиялық салдарлары туралы да жазады.
Академиктің еңбектерінде қазақ жерінде мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуына да назар аударады. Ол 1953 жылы жарияланған «Қазақ социалистік ұлтының қалыптасу мен дамуы» деген еңбегінде қазақ мемлекеттілігінің терең тарихы бар екендігін дәлелдейді. Қазақтың ортақ экономикасы, тілі мен мәдениеті ғасырлар қойнауынан басталған деген ойды айшықтайды. Нүсіпбеков қазақ тілі оны алып жүруші қазақ халқымен бірге терең ғасырлар бойы дамудың барлық сатыларынан өтіп келе жатыр, - деп есептейді. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында-ақ Нүсіпбеков сынды ғалымдар қазақтың арғы атасы протоқазақтар: сақтар, скифтер, массагеттер болғандығын жақсы білген. олардың негізінде көптеген мемлекеттер құрылып, тарап, қайта жаңғырып ХХ ғасырда Қазақ хандығының құрылуына әкелгендігін дәлелдеушілер қатарында А. Нүсіпбеков те бар.
1909 жылы 9-шы желтоқсанда Кеген ауданының Жалаңаш ауылында өмірге келіп 1983 жылы 29 шілдеде 74 жасында өмірден өткен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтын 26 жыл басқарған Ақай Нүсіпбековтың шығармашылық жолынағ оның ғылыми жаңашылдықтарына қысқаша тоқталып өттік. Оқырман қауым «қазақ білімдісінен шыққан сөздің» қаншалықты маңызды, қаншалықты пайдалы екендігін түсінсін деген ниетіміз бар.
Академик Ақай Нүсіпбековтың өмір деректерін «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия», «Қазақстан тарихы. Энциклопедия» басылымдарынан табасыздар. Ақай Нүсіпбековтыңсапалы қызметі өткен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жыл сайын «Нүсіпбеков оқуларын» өткізу дәстүрі қалыптасқан. 2024 жылы Тарих институты ұжымы «Ақай Нүсіпбеков шығармалары» 5 томдығын шығарды. Ғылыми конференциялар деңгейіндегі «Нүсіпбеков оқуларында» ғалымның шығармашылық лабораториясы жан-жақты зерттелуде, талдануда.
Сайын Борбасов
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
Бас ғылыми қызметкері,
с.ғ.д., профессор